ОҚЫРМАН САУАЛДАРЫ
Ежелгі Иерихон қаласы ұзақ уақыт қоршауда болмағанына қандай айғақ бар?
Ешуа 6:10—15 дейінгі және 20-тармаққа сәйкес, исраилдік сарбаздар алты күн бойы Иерихонды бір реттен айналып шыққан. Ал жетінші күні олар қаланы жеті рет айналып шықты. Содан соң Құдай Иерихонның алынбас қамалын қиратты. Сонда исраилдіктер қалаға басып кіріп, оны жаулап алды. Иерихонның қоршауда аз ғана уақыт болғаны туралы Киелі кітаптағы мәліметті археологиялық айғақтар растай ма?
Ежелгі уақытта шабуылдаушылар бекіністі қаланы әдетте қоршауға алатын болған. Қоршау қанша уақытқа созылмасын, оны жаулап алушылар қаланың дүние-мүлкін, қалған ас-ауқатымен қоса тонайтын. Алайда археологтар Иерихонның үйінділерінен мол азық қорын тапқан. “Киелі кітапқа археологиялық шолу жасау” деген еңбекте былай делінген: “Қираған қаладан қыш ыдыстардан бөлек, өте көп мөлшерде астық табылды... Бұл — Палестина археологиясының тарихындағы ерекше жайт. Әдетте бір-екі құмыра астық табылар, алайда мұншалықты көлемде астықтың табылуы бұрын-соңды болмаған”.
Жазбаларға сай, исраилдіктердің Иерихонның астығын тонамауына келелі себеп бар еді: Ехоба оларға қаладан ештеңе алмауды бұйырған (Ешуа 6:17, 18). Исраилдіктер қалаға көктемде, орақ кезі енді аяқталып, мол астық жиналған кезде шабуыл жасаған (Ешуа 3:15—17; 5:10). Олай болса, Иерихонда мол астықтың табылғаны исраилдіктердің қаланы, Киелі кітапта айтылғандай, қоршауда қысқа уақыт ұстағанын дәлелдейді.