Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w15 1.11. 12—15 бет.
  • “Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам”
  • 2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • “НӘРЕСТЕ КЕЗІҢНЕН-АҚ”
  • “ТАЛАЙ АЗАП ШЕГУ АРҚЫЛЫ”
  • “БАУЫРЛАСТАР ОЛ ТУРАЛЫ ЖАҚСЫ ПІКІРДЕ БОЛАТЫН”
  • “МАҒАН ТЕЗІРЕК КЕЛУ ҮШІН ҚОЛЫҢНАН КЕЛГЕННІҢ БӘРІН ІСТЕ”
  • Пауыл мен Тімөте
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Тімөте адамдарға көмектескісі келді
    Кел, балақай, оқиық!
  • “Қауымдарды нығайтты”
    “Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік береміз”
  • Жастар, Құдайға даңқ әкелетін мақсаттарға ұмтылыңдар
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w15 1.11. 12—15 бет.
Жас Тімөте

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕРДІҢ ІЗІМЕН | ТІМӨТЕ

“Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам”

ТІМӨТЕ өз үйінен жыраққа жетелейтін жолмен адымдап барады. Бар назары алда. Өзіне сондай таныс дала арқылы серіктері жол бастап келеді. Олар аңғардағы қыр басында орналасқан Листра қаласынан жаймен алыстап барады. Анасы мен әжесінің өзіне мақтанышпен қарап, көз жастарын жасыруға тырысып тұрғанын ойлаған Тімөте езу тартты. Ол: “Кері бұрылып, соңғы рет қол бұлғасам ба екен?”— деп ойлады.

Елші Пауыл Тімөтеге жалтақ-жалтақ қарап, ниеттестігін білдіріп жымиып қояды. Ол Тімөтеге әлі де ұяңдығымен күресу керек екенін білетін. Әйтсе де осы бір жас жігіттің ынта-жігеріне риза болатын. Жиырмаға да толмаған не енді ғана толған осы балаң жігіт Пауылды қатты сыйлайтын, әрі жақсы көретін. Міне, енді ол үйін тастап, сол жігерлі әрі Құдайға адал кісіге еріп, жыраққа кетіп барады. Бұл сапарда олар жаяу да, кемемен де жүреді, талай қиындыққа да кезігеді. Тімөте туған үйін қайтып көрер ме екен?

Осындай өмір жолын таңдауға Тімөтені не талпындырды? Ол құрбандыққа барғанының қарымтасын алды ма? Сенімін серік еткен Тімөтеден қандай үлгі алуға болады?

“НӘРЕСТЕ КЕЗІҢНЕН-АҚ”

Екі-үш жылға кері шегініп, Тімөте тұрған Листра қаласына оралайықшы. Бұл суы мол аңғардағы өз алдына оқшау жатқан шағын қалашық еді. Қала тұрғындары грек тілін түсінген шығар, бірақ олар негізінен жергілікті ликаон тілінде сөйлейтін. Бір күні жайбарақат жатқан қала абыр-сабыр бола қалды. Бұған себеп болған жақын маңдағы үлкенірек қаладан елші Пауыл мен оның сапарлас серігі Барнабаның келуі еді. Екеуі уағыздап тұрғанда, Пауылдың көзі бір кемтар кісіге түседі. Ол әлгі кісінің сенімі зор екенін көріп, оны керемет түрде сауықтырады! (Елшілердің істері 14:5—10).

Листра аймағында құдайлардың адам кейпінде келгені туралы аңыздар танымал болатын. Қала тұрғындарының көбі соларға сенген болса керек. Сондықтан жұрт Пауылды Гермес, ал Барнабаны Зевс деп қабылдап, екеуіне арнап құрбандық шалмақ болады. Ал кішіпейілділігімен танымал бұл екеуі жұртты әзер тоқтатады (Елшілердің істері 14:11—18).

Әйтсе де оларды құдай емес, керемет хабар әкелген кәдімгі адам деп қабылдағандар да болды. Солардың арасында грек кісігеa тұрмысқа шыққан Әунике деген яһуди әйел мен оның анасы Лойда бар еді. Олар Пауыл мен Барнабаны мұқият әрі зор қуанышпен тыңдады. Олардың әкелгені Құдайға адал әрбір яһуди зарыға күткен хабар еді. Бұл Мәсіхтің келгені, сондай-ақ ол туралы Жазбалардағы көптеген пайғамбарлықтардың орындалғаны туралы хабар болатын.

Пауылды көргені Тімөтеге қатты әсер еткені сөзсіз. Анасы мен әжесінің тәрбиесін көрген ол нәресте күнінен Еврей жазбаларымен таныс болатын (Тімөтеге 2-хат 3:15). Сондықтан сол екеуі сияқты, ол да Пауыл мен Барнабаның Мәсіхке қатысты шындықты айтып жатқанын айыра білді. Ал Пауылдың жүре алмайтын кісіні сауықтырғаны оған қалай әсер етті? Тімөте Листра көшелерінен ол кісіні бала күнінен бері мың-сан рет көрген шығар. Ал енді алғаш рет оның жүргенін көріп тұр! Иә, Әунике мен Лойда сияқты, Тімөтенің де мәсіхшілік жолды таңдағаны таңғалдырмайды. Осы ретте бүгіндегі ата-әжелер мен ата-аналардың Әунике мен Лойдадан үйренері көп. Сіздер де жас балаға Әунике мен Лойда сияқты әсер ете аласыздар ма?

“ТАЛАЙ АЗАП ШЕГУ АРҚЫЛЫ”

Листралық мәсіхшілер өздерін күтіп тұрған баталар жайлы естігенде, шат-шадыман болған шығар. Бірақ олар Мәсіхтің шәкірті болу үшін азап шегетіндерін де түсінді. Бұған мына жайт себеп болды: Иқония мен Антиохиядан келген яһуди дінінің фанаттары Листраға келіп, сондағы құбылмалы адамдарды Пауыл мен Барнабаға қарсы арандатады. Сол-ақ екен ашулы тобыр Пауылды таспен атқылай бастайды. Қайта-қайта тас тигендіктен, Пауыл жерге сұлық құлағанда, қарсыластары оны қаланың сыртына сүйреп шығарып, өлімші күйде тастап кетеді (Елшілердің істері 14:19).

Бірақ Листрадағы шәкірттер Пауылдың қасына барып, қаумалап тұрады. Ол қимылдап, сосын орнынан тұрғанда, олардың көңілдері орнықса керек. Бұдан кейін Пауыл еш қаймықпастан, қайтадан Листраға бет алады. Ал келесі күні уағыздарын жалғастыру үшін Барнаба екеуі Дербеге жол тартады. Дербеде де шәкірттер дайындағаннан кейін, күтіп тұрған қауіпті елемей, қайтадан Листраға оралады. Не үшін? Олардың мақсаты “шәкірттерді нығайтып, сенімдерінде берік тұруға шақыру” еді. Пауыл мен Барнаба Листрадағы мәсіхшілерге баталарға ие болу үшін азап шегулері керек екенін түсіндіріп жатқанда, Тімөтенің көзі алақандай болып тыңдап отырғанын елестетіп көріңізші. Олар былай деді: “Біз Құдай Патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек” (Елшілердің істері 14:20—22).

Тімөте, анасы Әунике мен әжесі Лойда Пауылды тыңдап отыр

Тімөте елші Пауылдың тәлімін шын көңілмен қабылдаған

Тімөте Пауылдың ізгі хабар үшін талай қиындықты бастан өткеріп, осы айтқан сөздеріне сай өмір сүретінін көрді. Сондықтан оның соңынан ерсе, листралықтардың тарапынан қарсылық көретінін, тіпті өз әкесі де қарсы шығуы мүмкін екенін білді. Бірақ ол мұндай қысымның Құдайға қызмет етуге деген шешіміне кедергі жасауына жол бермеді. Бүгінде арамызда Тімөте сияқты жастар көп. Олар досты сенімі берік, өздеріне сүйеніш әрі демеу бола алатын адамдардың арасынан іздейді. Мұндай жастарымыз қысымға беріліп, шындық жолынан тайып кетуден аулақ!

“БАУЫРЛАСТАР ОЛ ТУРАЛЫ ЖАҚСЫ ПІКІРДЕ БОЛАТЫН”

Жоғарыда айтылғандай, Пауыл шамамен екі-үш жылдан кейін қайтадан Листраға келді. Бұл жолы оның сапарлас серігі Сыйлас еді. Тімөтенің үй ішінің қуанышында шек болмады. Пауыл да қуанды, өйткені Листрада еккен шындық тұқымының жемісін өз көзімен көрді. Солардың бірі Лойда мен қызы Әунике еді. Енді бұл әйелдер “шынайы сенімі” бар адал мәсіхшілер болатын. Осындай сенімі үшін Пауыл оларды қатты құрметтеді (Тімөтеге 2-хат 1:5). Ал Тімөте жөнінде не деуге болады?

Бұл жолы Пауыл әбден рухани толысқан жігітті көріп, таңғалса керек. Тімөте жөнінде Листрадан 32 шақырым жерде орналасқан Иқониядағы бауырластар да жақсы пікірде еді (Елшілердің істері 16:2). Мұндай жақсатқа Тімөте қалай ие болды?

Тімөтенің анасы мен әжесі оған “нәресте кезінен” бастап Киелі жазбалардан тәлім берген. Сол Жазбаларда жастарға да арналған тиімді кеңестер бар (Тімөтеге 2-хат 3:15). Сондағы кеңестердің бірі мынадай: “Жастық шағыңда Ұлы Жаратушыңды есте ұста!” (Уағыздаушы 12:1). Мәсіхшілік жолды таңдаған соң, Тімөте үшін бұл сөздердің мәні бұрынғыдан да арта түсті. Ол Ұлы Жаратушысын есте ұстаудың маңызды жолы Мәсіх жайлы ізгі хабарды уағыздау екенін түсінді. Осылай бірте-бірте ұяңдығын тастап, батыл уағыздайтын болды.

Тімөтенің жетістіктерін қауымдарда жетекшілік ететін ер бауырластар байқады. Оның рухани толысып, басқалар үшін жігер бола білгені оларға қатты әсер етті. Ал, ең бастысы, бұл Ехобаның назарынан тыс қалмады: ол жайлы рухтың жетелеуімен пайғамбарлық сөздер айтылды. Бұл пайғамбарлықтар Тімөтенің болашақта қандай қызмет атқаратынына қатысты айтылса керек. Ал Пауыл келгенде, оның жақсы сапарлас серік болатынын көрді. Бұнымен Листрадағы бауырластар да келісіп, Тімөтенің үстіне қолдарын қойды. Бұл оған қызметте ерекше мәртебе берілгенінің белгісі еді (Тімөтеге 1-хат 1:18; 4:14).

Осындай аса жауапты қызметке тағайындалғанын естігенде, толқып кеткен Тімөте өз құлағына өзі сенбесе керек. Содан жолға дайындық басталдыb. Бірақ баласының жер-жерді аралап, уағыз айтатынына әкесі қалай қарады? Баласының болашағына қатысты оның ойы мүлдем басқа болған болу керек. Ал анасы мен әжесі ше? Мақтаныштан жүздері бал-бұл жайнағанмен, олар Тімөтенің амандығын ойлап уайымдаған шығар. Бұл аналар мен әжелерге тән жайт қой.

Үй іші не ойлап, не сезінбесін — Тімөте өз шешімінен таймады. Мақаланың басында айтылғандай, ол таң сәріде Пауылға еріп жолға шықты. Листрадан шыққан соң, әрбір қадамы оны жылы ұясынан алыстатып, беймәлім әлемге жетеледі. Осылай күні бойы жаяу жүрген үш кісі Иқонияға жетеді. Сол жерде Тімөте Пауыл мен Сыйластың ерен еңбегінің куәсі болды. Олар Иқониядағы бауырластардың сенімін нығайту үшін, Иерусалимдегі басқарушы кеңестің соңғы шешімдерін жеткізді (Елшілердің істері 16:4, 5). Бірақ бұл бастамасы ғана еді.

Ғалатиядағы қауымдарға барғаннан кейін, олар римдіктердің тас төселген кең жолымен жүрмей, Фригияның қыратты өлкесі арқылы солтүстік-батысқа қарай жүздеген шақырым жаяу жүреді. Сосын Құдайдың киелі рухының жетелеуімен Трояға қарай беттеп, сол жерде кемеге отырады да, Македонияға жол тартады (Елшілердің істері 16:6—12). Бұл кезде Тімөтеге сенім артуға болатынына Пауылдың көзі жеткен еді. Сондықтан оны Сыйласпен бірге Береяда қалдырып кетеді (Елшілердің істері 17:14). Кейінірек, тіпті жалғыз өзін Салоникаға жібереді. Тімөте болса Пауыл мен Сыйластың үлгісіне еліктеп, Салоникадағы адал бауырластардың сенімін нығайтады (Салоникалықтарға 1-хат 3:1—3).

Арада біраз уақыт өткен соң Пауыл Тімөте жайлы: “Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа ешкімім жоқ”,— деген (Філіпіліктерге 2:20). Мұндай жылы сөздер жайдан жай айтыла бермейді. Пауылдың бұл сөздерінің астарында Тімөтенің маңдай тері жатты. Ол аянбай еңбек етті, қызметін кішіпейілділікпен атқарды, қиындықтарға кезіккенде, төзімділік танытты. Бүгінгі жастарымыз үшін неткен керемет үлгі десеңші! Жақсатты болу өз қолымызда екенін ұмытпалық. Жастар, сендердің мұндай мүмкіндіктерің көп: Ехоба Құдайды өмірлеріңде басты орынға қойыңдар, өзгелерді сыйлаңдар, мейірімді болыңдар.

“МАҒАН ТЕЗІРЕК КЕЛУ ҮШІН ҚОЛЫҢНАН КЕЛГЕННІҢ БӘРІН ІСТЕ”

Елші Пауыл мен Тімөте бірге кетіп бара жатыр

Тімөте жастайынан бар өмірін қызметке арнаған

Тімөте бақандай 14 жыл бойы досы Пауылмен қызметтес болып, ащыны да, тұщыны да бірге татты (Қорынттықтарға 2-хат 11:24—27). Шындық жолында жүргені үшін түрмеге де қамалды (Еврейлерге 13:23). Пауыл сияқты ол да бауырластарын қатты жақсы көрді, қамдарын ойлады. Пауыл оған: “Көз жасың есімде”,— деп жазды (Тімөтеге 2-хат 1:4). Соған қарағанда Тімөте де жылағандармен бірге жылап, қайғырғандарға сүйеніш әрі жұбаныш болуды үйренгенге ұқсайды (Римдіктерге 12:15). Бұны біз де үйренейік.

Уақыт өте келе Тімөтенің керемет бақылаушы болғаны таңғалдырмайды. Пауыл оған қауымдарды аралап, бауырластарды нығайтуды ғана емес, талаптарға сай келетін ер кісілерді ақсақал және қызмет көмекші етіп тағайындау ісін де сеніп тапсырды (Тімөтеге 1-хат 5:22).

Пауыл Тімөтені баласындай жақсы көріп, ақыл-кеңесін беріп отырған. Өзіне берілген сыйды бағалауға, рухани алға басып, жетістіктерге жете беруге талпындырған (Тімөтеге 1-хат 4:15, 16). Сондай-ақ Пауыл оған: “Ешкімнің өзіңді жассынып, менсінбей жүруіне жол берме”,— деп ескерткен. Мұндай нұсқауды ол Тімөтенің ұяңдығы шындық жағында берік тұруына кедергі етпесін деп берген шығар (Тімөтеге 1-хат 1:3; 4:6, 7, 11, 12). Пауыл тіпті оның жиі ауыратынына қатысты да кеңес берген. Ол Тімөтенің асқазаны ауыратынына қатысты айтса керек (Тімөтеге 1-хат 5:23).

Пауылдың өмірі үзілгелі тұрған шақ та келіп жетті. Бұл оның өзіне шығарылған үкімнің жүзеге асуын күтіп отырған кезі болса керек. Осындай сын сағатында Тімөтеге жазған соңғы хатында ол: “Маған тезірек келу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе”,— деген жан тебірентерлік сөздер айтты (Тімөтеге 2-хат 4:9). Пауылдың Тімөтені қатты жақсы көргені оны “Иемізбен бірліктегі сүйікті әрі адал балам” деп атағанынан көрінеді (Қорынттықтарға 1-хат 4:17). Олай болса, өмірінің соңғы сәттерінде Пауылдың дәл осы досының жанында болғанын қалағаны таңғалдырмайды. Ендеше бәріміз де: “Өзгелер қиындыққа кезіккенде, жұбаныш табу үшін мені іздей ме?”— деп ойланып көрейікші.

Тімөте Пауылға дер кезінде жете алды ма? Біз мұны нақты білмейміз. Бір білеріміз — ол Пауылды да, өзгелерді де жұбату үшін әрдайым қолынан келгеннің бәрін істеген. Тімөтенің аты “Құдайды құрмет тұтушы” дегенді білдіреді, әрі ол атының мағынасына сай өмір сүрген. Осылайша сенімін серік еткен Тімөте бәрімізге керемет үлгі қалдырды.

a Осы сандағы “Сіз білгенсіз бе?” айдарын қараңыз.

b Тімөте Пауылдың кеңесі бойынша сүндеттелуге де дайын болған. Әрине, мәсіхшілерге мұндай талап қойылмайтын, бірақ Пауыл яһудилерге уағыздамақ еді. Сондықтан ол қасында әкесі яһуди емес жігіттің болғаны оларға ұнамауы мүмкін екенін ескеріп, Тімөтенің сүндеттелгенін дұрыс көрді (Елшілердің істері 16:3).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу