БАЛАЛАРЫҢЫЗҒА ТӘЛІМ БЕРІҢІЗ
Петір мен Анани өтірік айтқан. Бұдан біз қандай сабақ аламыз?
Өзің жақсы білетіндей, өтірік деген — шындықты бұрмалап айту. Өтірік айтқан кезің болды ма? ~a Тіпті Құдайды жақсы көретін ересек адамдар да өтірік айтқан. Бәлкім, сен кімнің өтірік айтқанын Киелі кітаптан білетін шығарсың. Бұл — Петір деген кісі. Ол Исаның 12 шәкіртінің бірі болған. Қазір оның неге өтірік айтқанын көрейік.
Қарсыластары Исаны тұтқындап, бас діни қызметкердің үйіне алып барды. Түн ортасы болатын. Петір өзінің кім екенін білдіртпей, діни қызметкердің үйінің ауласына кірді. Оттың жанында тұрғанда, Петірді ішке кіргізген қызметші қыздардың бірі танып қойып: “Сен де Исамен жүретін едің ғой!” — деді. Сонда қорқып кеткен Петір мұны мойындамады.
Кейін оны басқа бір қыз танып қойып: “Мынау Исамен бірге жүретін”,— деді. Петір тағы да мойындамады. Шамалы уақыттан кейін, адамдар Петірді қоршап алып: “Сен шынымен солардың бірісің!”— деді.
Петірдің зәре-құты қалмады. Сондықтан ол үшінші рет: “Мен ол кісіні танымаймын”,— деп өтірік айтты. Сол сәтте әтеш шақырды. Иса бұрылып Петірге қарады. Сонда Исаның бірнеше сағат бұрын: “Әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың”,— деген сөздері оның есіне түсті. Петір сыртқа шығып, қатты жылап жіберді. Иә, ол өз ісіне қатты өкінген еді!
Сенде де осындай жағдай болуы мүмкін бе? ~ Мектепте оқушылардың Ехоба куәгерлері жайлы сөйлесіп тұрғанын естіп қалуың мүмкін. Біреуі: “Олар Жаңа жыл тойламайды”,— десе, басқасы: “Олар секта”,— дейтін шығар. Ал тағы біреуі: “Олар туған күн тойламайды”,— дер. Сонда олардың бірі саған бұрылып: “Сен де Ехоба куәгері емессің бе?”— десе, не деп жауап бересің? ~
Осындай жағдайда дұрыс жауап беру үшін, алдын ала дайындалуың керек. Петір дайын емес еді, сондықтан да қысымға беріліп қалып, өтірік айтты. Кейін ол мұнысына қатты өкінгендіктен, Құдай оны кешірді.
Өтірік айтқан тағы бір кісі — Анани, ол да Исаның ертедегі шәкірті еді. Бірақ Құдай оны да, оның әйелі Зәпираны да кешірмеді. Әйелі күйеуімен ақылдасып өтірік айтқан болатын. Қазір Құдай неліктен Анани мен Зәпираны кешірмегенін көрейік.
Иса елшілерінен кетіп, көктегі Құдайдың жанына оралғанынан он күн өткеннен кейін, Иерусалимде шамамен 3000 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Олардың көбісі Алғашқы өнім мейрамын тойлау үшін алыс жерлерден келген болатын. Исаның жаңадан шәкірттері болғандықтан, олар шындық жайлы көбірек білгісі келіп, қалада қалып қойды. Сонда Исаның кейбір шәкірттері өз ақшаларын жұмсап, оларды қажеттерімен қамтамасыз етіп тұрды.
Анани мен оның әйелі де жаңадан шомылдыру рәсімінен өткендерге көмектесу үшін шамалы мүлкін сатты. Анани ақшаны елшілерге алып келгенде, оларға сатылғаннан түскен ақшаның бәрін әкелгенін айтты. Бірақ бұл өтірік еді! Ол ақшаның біразын жасырып қалған болатын. Құдай мұны Петірге білдіргенде, ол Ананиге: “Сен адамдарға емес, Құдайдың өзіне өтірік айттың”,— деді. Сонда Анани құлап түсіп, өліп қалды. Шамамен үш сағаттан кейін оның әйелі келді. Күйеуімен не болғанын білмеген ол да өтірік айтты. Сөйтіп, әйел де өмірінен айырылды.
Бұл — біз үшін үлкен сабақ. Шындықты айту маңызды! Бәріміз де бұған үйренуіміз керек. Барлығымыз да қателіктер жасаймыз, әсіресе жас шағымызда. Сондықтан Ехобаның сені жақсы көретініне және Петірді кешіргеніндей, сені де кешіретініне қуаныштысың ба? ~ Алайда есіңде болсын, біз әрқашан шындықты айтуға тиіспіз. Егер өтірік айтып үлкен қателік жасап қойсақ, Ехобадан кешірім сұрауымыз қажет, тіпті жалынуымыз керек. Петір осылай еткенге ұқсайды, сондықтан Ехоба оны кешірді. Егер біз өтірік айтпауға барынша тырысатын болсақ, Ехоба бізді де кешіреді.
Киелі кітаптан оқу:
a Егер балаңызбен бірге оқып отырсаңыз, сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.