СІЗ БІЛГЕНСІЗ БЕ?
Бірінші ғасырдағы яһудилер мәйітті жерлеуге қалай дайындаған?
Яһудилер қайтыс болған адамды әдетте өлген күні-ақ, жерлеген. Бұлай етулерінің екі себебі болған. Біріншіден, Таяу Шығыстың аптап ыстығында мәйіт тез бүлініп кететін. Екіншіден, сол заманда қалыптасқан пікірге сай, мәйітті бірнеше күн бойы жерлемеу марқұм мен оның отбасына құрмет көрсетпеу болатын.
“Ізгі хабарлардан” және Елшілердің істері кітабынан адамның өлген күні-ақ жерленгені туралы кемінде төрт оқиғаны оқуға болады (Матай 27:57—60; Елшілердің істері 5:5—10; 7:60—8:2). Бірнеше ғасыр бұрын, Жақыптың сүйікті әйелі Рахила көз жұмғанда, ол отбасымен жол жүріп келе жатқан еді. Жақып әйелінің мәйітін өз әулеті жерленетін орынға апармаған, Бетлехемге “бара жатқан жолда” жерлеген (Жаратылыс 35:19, 20, 27—29).
Киелі жазбадағы жерлеу салтына қатысты оқиғалардан яһудилердің мәйітті жерлеуге өте мұқият дайындағаны көрінеді. Отбасы мүшелері мен достары мәйітті жуып, түрлі хош иісті заттар және сапалы маймен сылап, матаға орайтын (Жохан 19:39, 40; Елшілердің істері 9:36—41). Көршілері мен басқалар марқұмның үйіне келіп, қайғыларына ортақтасып, жұбатуға тырысатын (Марқа 5:38, 39).
Иса пайғамбар яһудилердің салты бойынша жерленген бе?
Яһудилердің көбі қайтыс болған жақындарын Исраилде жиі кездесетін жұмсақ жартастан ойылған үңгірлер мен қабірлерге қойған. Осылай олар ата дәстүрді ұстанған. Ыбырайым, Сара, Ысқақ, Жақып және тағы басқалардың сүйегі Хебронның жанындағы Махпела үңгіріне қойылған-ды (Жаратылыс 23:19; 25:8, 9; 49:29—31; 50:13).
Иса пайғамбардың мәйіті де осындай қабірге қойылған (Марқа 15:46). Қабірдің әдетте шағын аузы болған. Ал ішінде сөре тәрізді орындар ойылып жасалып, оларға отбасы мүшелерінің мәйіттері қойылатын. Исаның кезіндегі салт бойынша, мәйіттің еті шіріп біткен соң, құрғап қалған сүйектер жинап алынып, арнайы тас сандыққа салынып қойылатын. Осылайша қабірдің ішінен келесі марқұмға арнап орын босатылатын.
Мұса заңы бойынша, діни Демалыс күні яһудилерге жерлеу рәсімдерін жасауға болмайтын. Иса Демалыс күнінің басталуына үш сағат қалғанда қайтыс болғандықтан, Ариматеядан келген Жүсіп пен оның қасындағылар мәйітті барлық дайындықтан өткізбей жерлеген (Лұқа 23:50—56). Міне, сондықтан Демалыс күні өткен соң, бірнеше әйел жерлеу рәсімін аяқтамақ болып, Исаның қабіріне барған (Марқа 16:1; Лұқа 24:1).