Иса пайғамбардың қайта тірілуі мәңгілік өмірге жол ашты!
ИСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ қайта тірілуі — бүгінде ешкімге қатысы жоқ ертедегі оқиға емес. Исаның шәкірті болған Пауыл бұл оқиғаның маңыздылығына назар аударып, келесідей сөздер жазған: “Бірақ, шындығында, Мәсіх өлім ұйқысындағылардың алғашқысы болып тірілді. Өлім адам арқылы келді, қайта тірілу де адам арқылы болады. Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі” (Қорынттықтарға 1-хат 15:20—22).
Иса пайғамбар б. з. 33 жылы, еврей күнтізбесі бойынша 16 нисанда қайта тірілтілген. Бұл күні яһудилер алғашқы жинаған астықтарын Иерусалимдегі ғибадатханаға әкеліп, Ехоба Құдайға алғашқы өнім тартуын ұсынатын. Сондықтан Пауыл Исаны өлім ұйқысындағылардың “алғашқысы”, яғни түпнұсқаға сай “алғашқы өнімі” деуімен, одан кейін де өлімнен қайта тірілетіндер болатындығын айтқысы келген.
Пауылдың келесі сөздерінен Исаның қайта тірілуінің арқасында не нәрсеге жол ашылғанын көруге болады: “Өлім адам арқылы келді, қайта тірілу де адам арқылы болады”. Біз Адам атадан күнә мен кемелсіздікті мұра еткендіктен, барлығымыз ертелі-кеш өлеміз. Алайда Иса өзінің кемелді адами өмірін төлем ретінде берді, осылайша адамзатқа қайта тірілу арқылы күнә мен өлімнің құлдығынан босау мүмкіндігін сыйлады. Пауыл тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, Римдіктерге арнаған хатының 6-тарауының 23-тармағында былай деген: “Өйткені күнәнің беретіні — өлім, ал Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір”.
Иса пайғамбардың өзі де қайта тірілуінің бізге қандай қатысы барын түсіндіріп кеткен. Ол өз-өзіне нұсқап былай деген: “Адам Ұлы жоғары көтеріліп қойылуы тиіс. Сонда оған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болады. Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді” (Жохан 3:14—16).
Ауру, уайым мен қайғы-қасірет болмайтын мәңгілік өмірді елестетіп көріңізші! (Аян 21:3, 4) Қандай тамаша болашақ! Бір ғалым бұл жайында былай деген: “Қабірлер өмірдің қысқалығын еске салса, ал қайта тірілу өлімнің қысқалығын көрсетеді”. Расында да, Иса пайғамбардың қайта тірілуі мәңгілік өмірге жол ашты!