НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП: ИСА ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚАЙТА ТІРІЛУІ.
Бұл шынымен болған ба?
ОСЫДАН 2500 жыл бұрын өмір сүрген грек тарихшысы Геродот өз заманындағы мысырлықтар жайлы мынадай бір оқиға айтып берген екен: “Бай кісілер жиналған бір тойда астан кейін біреу қонақтардың алдына ұзындығы бір-екі шынтақтай табыт көтеріп кіреді. Оның ішіне ағаштан айнытпай жасалған адам мәйітінің мүсіні салынған еді. Әлгі адам мұны қонақтардың әрқайсысына көрсетіп: — Ішіп-жеп, мәз бол. Бірақ мынаған қара, өлген соң осы мәйіт сияқты боласың,— деп айтып шығыпты”.
Өмір мен өлімге қатысты осындай көзқарас тек мысырлықтарда ғана болмаған. Бүгін де “ішіп-жеп, мәз бол” деген сөздер кең тараған. Ақыры өлетін болсақ, неліктен өмірдің рақатын барынша көріп қалмасқа? Тура жүріп-тұрудың не қажеті бар? Расында да, бәрі өліммен бітетін болса, бүгінгі күнмен өмір сүру керек емес пе?! Иса пайғамбардың шәкірті Пауыл да осыны айтқан. Ол қайта тірілуге сенбейтін замандастарының көзқарасын сипаттап: “Өлгендер тірілмейтін болса, “бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 15:32).
Пауылдың өзі бәрі өліммен бітеді деп ойламаған. Ол өлгендердің қайта тіріліп, ешқашан өлмей өмір сүру мүмкіндігі бар екеніне кәміл сенген. Мұндай сенімділік аса маңызды бір жайтқа — Иса Мәсіхтің қайта тірілуінеa — негізделген еді. Ол бұл оқиғаның болғанына еш күмәнданбаған. Исаның қайта тірілгені ертедегі шәкірттерінің сенімін нығайтқан ең маңызды да басты жайт болды.
Исаның қайта тірілгенінің бізге қандай қатысы бар? Оның шынымен болғанын қайдан білеміз? Пауылдың Қорынт қаласындағы Исаның ізбасарларына, яғни мәсіхшілерге, жазған хатында осы мәселе жайлы қалай ой түзгенін қарастырайық.
МӘСІХ ҚАЙТА ТІРІЛМЕГЕН БОЛСА ШЕ?
Ежелгі Қорынт қаласындағы мәсіхшілердің кейбірі бұл мәселені толық түсінбеген болса, өзгелері тура мағынадағы қайта тірілудің болатынына мүлде сенбеген. Сондықтан Пауыл оларға жазған бірінші хатында қайта тірілу шын мәнінде орын алмаса, мұның қандай салдары болатынын жазған: “Егер өлгендер қайта тірілмейтін болса, онда Мәсіхтің де қайта тірілмегені. Ал Мәсіх қайта тірілмесе, уағызымыздың да, сеніміміздің де бекер болғаны. Оның үстіне, біз Құдай туралы жалған куәлік берген боламыз... Мәсіх тірілмеген болса, сенімдерің еш пайдасыз: күнәларың кешірілген жоқ. Онда Мәсіхтің шәкірті ретінде өлім ұйқысына кеткендердің де біржола жоқ болғаны” (Қорынттықтарға 1-хат 15:13—18).
“Ол бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінді... Сонан соң Жақыпқа, сосын, елшілердің бәріне көрінді. Соңынан,.. маған да көрінді” (Қорынттықтарға 1-хат 15:6—8)
Пауыл сөзін дау тудырмайтын қисынды ойдан бастады: өлгендер қайта тірілмейтін болса, Мәсіхтің де қайта тірілмегені. Мәсіх қайта тірілмеді делік, онда мұның қандай салдары бар? Мұндай жағдайда ізгі хабар нағыз өтірік, ал уағыз ісі бекер болар еді. Өйткені Мәсіхтің қайта тірілуі — мәсіхшілер сенімінің негізгі ілімі. Сондай-ақ бұл — Құдайдың бүкіләлемдік билігінің ақталуы, оның есімінің қастерленуі мен Патшалығының орнауы және біздің құтқарылуымыз сияқты Киелі кітаптағы негізгі ілімдердің ажырамас бөлігі. Егер қайта тірілу орын алмаса, Пауыл мен басқа да шәкірттердің жариялаған хабары пайдасы жоқ бос сөз болар еді.
Мұның басқа да салдары бар. Мәсіх өлімнен қайта тірілмесе, мәсіхшінің сенімі де бекер, пайдасыз әрі жалған. Оның үстіне, Пауыл мен басқа мәсіхшілердің Иса қайта тірілді дегені ғана емес, оны тірілткен Ехоба Құдай деген сөздері де жалған. Сондай-ақ Мәсіх “біздің күнәларымыз үшін өлді” деген сөз де өтірік. Себебі Құтқарушы Мәсіхтің өзі өлімнен құтқарылмаса, өзгелерді ол қалай құтқармақ?! (Қорынттықтарға 1-хат 15:3). Демек, мәсіхшілер — ал олардың кейбірі сенімі үшін азапталып өлтірілген — қайта тірілеміз деген жалған нәрсеге үміттеніп, тіршіліктен біржола ғайып болғаны.
Пауыл мынадай тұжырым жасады: “Егер Мәсіхке осы өмірде ғана үміт артсақ, онда барша адамдардың ішіндегі ең бейшарасы болар едік” (Қорынттықтарға 1-хат 15:19). Қайта тірілуге және соның арқасында ашылатын мүмкіндіктерге сенгені үшін, Пауыл да басқа мәсіхшілер сияқты көп нәрседен айырылған, қудалау көріп, азап шеккен, өліммен бетпе-бет кезіккен. Егер қайта тірілу жалған болса, мұның бәрі бекер емес пе еді?!
БҰҒАН НЕГЕ СЕНУІМІЗ КЕРЕК?
Пауыл мәсіхшілердің сенімі жалған нәрсеге негізделген деп ойламаған. Ол Исаның өлімнен қайта тірілгенін білген әрі мұның дәлелдерін қорытындылай келе, қорынттықтарға былай деп жазған: “Жазбаларда айтылғанға сай, Мәсіх біздің күнәларымыз үшін өлді. Сондай-ақ, Жазбаларда айтылғандай, жерленді, ал үшінші күні қайта тірілді. Сосын, Кефаға, кейін он екі елшігеb көрінді”. Әрі қарай былай деді: “Бұдан соң бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінді. Олардың көбі әлі арамызда, ал кейбірі өлім ұйқысында жатыр. Сонан соң Жақыпқа, сосын, елшілердің бәріне көрінді. Соңынан,.. маған да көрінді” (Қорынттықтарға 1-хат 15:3—8).
Мәсіх біздің күнәміз үшін өліп, жерленді, кейін қайта тірілді деп Пауыл нақты айтты. Ол неге соншалықты сенімді болды? Мұның бір себебі — қайта тірілген Исаны көп адам өз көзімен көрген. Ол жеке адамдарға (солардың ішінде Пауылға да), сондай-ақ шағын топқа, ал кейін тіпті 500 адамға көрінген. Осы адамдардың көбісі алғашында Исаның қайта тірілгеніне күмәнданған еді (Лұқа 24:1—11). Пауылдың күнінде осы куәлардың көпшілігінің көзі тірі еді, сондықтан кез келген адам бұл туралы олардың өз аузынан ести алар еді (Қорынттықтарға 1-хат 15:6). Бір-екі адамның куәлігін елемеуге болар, бірақ 500 не одан да көп адамдікін қалай елемейсің?!
Тағы бір көңіл қоятын жайт, Пауыл Исаның өліп, жерленуі, кейін қайта тірілуі “Жазбаларда айтылғанға сай” дегенді екі рет айтқан. Демек, бұл оқиғалар Еврей жазбаларындағы Мәсіх жайлы пайғамбарлықтардың орындалып, Исаның шын мәнінде уәде етілген Мәсіх екенін дәлелдейді.
Көптеген адамның куәлігі мен Жазбалардағы дәлелдерге қарамастан, Исаның қайта тірілгеніне сенбейтіндер бұрынғы кезде де болған, қазір де бар. Кейбіреулердің ойынша, шәкірттері Исаның мәйітін ұрлап әкетіп, кейін оның қайта тірілгенін көрдік деп жүріпті. Алайда шәкірттердің қабір аузын күзетіп тұрған рим сақшыларына күші де жетпес еді, билігі де жүрмес еді. Ал басқа біреулер қайта тірілген Исаның көрінуі жай елес деп есептейді. Бірақ мұны жоққа шығаратын жайт: қайта тірілген Исаны көп адам әртүрлі уақытта көрген. Бұған қоса, елес тамақ пісіре ала ма? Ал қайта тірілген Иса балық пісіріп, шәкірттеріне берген (Жохан 21: 9—14). Сондай-ақ елесті қолмен ұстап көруге бола ма? Ал қайта тірілген Исаны адамдар ұстап көрген (Лұқа 24:36—39).
Қайта тірілуді Исаның шәкірттері ойлап тапқан нағыз өтірік дейтіндер де бар. Бірақ бұдан шәкірттер не ұтар еді? Олар қайта тірілу туралы куәлік еткендері үшін жұртқа келеке-мазақ болып, небір қорлықты көріп, тіпті өмірлерінен айырылды. Қайдағы бір өтірік үшін олар бастарын соншама қауіп-қатерге тігер ме еді? Бұл аздай, шәкірттер Исаның қайта тірілгені туралы куәлікті алғаш рет Иерусалимде — өздерін ұстап алып, өлім жазасына кесуге дайын тұрған қарсыластарының көз алдында — берді ғой.
Қайта тірілуге деген сенімділік шәкірттерге, қатты қарсылықтарға қарамастан, Иса Мәсіх туралы куәлік етуге батылдық берген. Қайта тірілудің шынымен орын алғаны — мәсіхшілер сенімінің өзегі. Ертедегі мәсіхшілер өліп кеткен дана ұстаздары жайлы куәлік беру үшін емес, Исаның қайта тірілгенін жариялау үшін өмірлерін қатерге тіккен. Өйткені қайта тірілу оның Мәсіх екеніне әрі шәкірттеріне қолдау көрсетіп, басшылық беріп жатқан құдіретті де тірі тұлға екеніне дәлел еді. Мәсіхтің қайта тірілгені шәкірттердің де қайта тірілетініне кепілдік берді. Шынында да, егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, тарихта мәсіхшілік деген атымен болмас еді. Егер Мәсіх тірілмегенде, ол жайлы ешқашан естімес те едік.
Олай болса, Мәсіхтің қайта тірілгенінің бізге қандай қатысы бар?
a Киелі кітапта “қайта тірілу” деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “қайтадан тұру” дегенді білдіреді. Бұл сөз адамның өзіне ғана тән ерекшеліктерімен, қасиеттері және жадында сақталған нәрселерімен өмірге қайта оралуына нұсқайды.
b Исаға сатқындық жасаған Яһуда Исқариот өлген соң 11 елші қалса да, оларды топ ретінде “он екі елші” деп атай берген.