“Осы керемет айдар үшін көп рақмет!”
Осы мақаладағы өмірбаяндарды оқу сізге ұнады ма? “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарының “Күзет мұнарасы” журналында шығып тұрғанына біраз уақыт болды. Бұл — кейбір оқырмандарымыздың сүйіп оқитын айдары. Ондағы өмірбаяндар несімен қызықты?
Өмірбаяны келтірілген адамдар түрлі ортадан шыққан. Ехоба Құдай жайлы білмей тұрғанда, кейбіреулері табысқа қол жеткізгенімен, өмірлері мән-мағынасыз еді. Ал басқаларына болса ашу-ызаға берілу, есірткі қабылдау, ішкілікке салыну сияқты жаман әдеттерден арылу үшін үлкен өзгерістер жасауға тура келді. Арасында бірен-сараны Ехобаны біліп өскенімен, кейін біраз уақытқа таза ғибадаттан кетіп қалған. Осындай оқиғалардың бәрі Құдайға ұнамды болу үшін адам өз өмірін өзгерте алатынын айқын көрсетеді. Мұндай өзгеріс тек жақсылық әкеледі. Осындай өмірбаяндар оқырмандарымызға қалай әсер етуде екен?
Бір оқырман 2009 жылдың сәуір—маусымында жарық көрген айдардағы оқиғалардың түрмеде отырған әйелдерге қалай әсер еткені жайлы былай деді:
◼ “Осы айдардағы адамдардың бастан кешкендері түрмедегі әйелдерге өте таныс жағдай еді. Әсіресе оларға әрқайсысының өткен өмірі, бұрынғы және кейінгі кездегі суреттері қатты әсер етті. Өйткені көбісінің өмірі солардікіне ұқсас еді. Сол айдарды оқығаннан кейін, түрмеде отырған екі әйел Киелі кітапты зерттеуді бастады” (С. У.).
Көптеген оқырманымыздың жанын тебіренткен тағы бір оқиға 2011 жылдың қазан—желтоқсан айдарында жазылған Виктория Тонгтің өмірбаяны еді. Виктория өзінің көп қиындық көріп өскенін айтқан. Ол Ехоба Құдайға қызмет етіп жүргеніне көп жыл өтсе де, Құдай өзін жақсы көрмейді деген сезіммен күрескен болатын. Әрі қарай ол Ехобаның сүйіспеншілігін қабыл алуына не көмектескенін баяндайды. Викторияның өмірбаяны жайлы кейбір оқырмандар былай деді:
◼ “Викторияның өмірбаяны маған қатты әсер етті. Мен де өмірде көп қиындық көрдім. Ехоба куәгері болғаныма біраз жыл өтсе де, жағымсыз ойлармен әлі де күресіп келемін. Ал Викторияның мысалы Ехоба менің бойымнан не тапқанын көре алуым үшін бұрынғыдан да көп күш салуға талпындырды” (М. М.).
◼ “Жас кезімде порнография көру әдетім болған еді. Жақында өзімді ұстай алмай, тағы да көріп қойдым. Содан қауым ақсақалдарының көмегіне жүгініп, әлсіздігімді жеңуде айтарлықтай жетістіктер жасадым. Ақсақалдар Ехобаның мені жақсы көретініне және мейіріммен қарайтынына сендірді. Сонда да кейде өзімді түкке тұрғысыз сезініп, мені Ехобаның жақсы көруі мүмкін еместей көрінеді. Викторияның өмірбаяны маған зор көмек болды. Құдайдың мені кешіруі мүмкін емес деп ойлағаным — Исаның құрбандығы менің күнәмді өтеуге жеткіліксіз дегенмен парапар екенін түсіндім. Өзімді түкке тұрғысыз сезіне бастаған кезде оқып, ой жүгірту үшін, сол мақаланы қырқып алып қойдым. Осы керемет айдар үшін көп рақмет!” (Л. К.).