Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.6. 25—29 бет.
  • Оларды киелі рух жетелеген

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Оларды киелі рух жетелеген
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • КИЕЛІ РУХ АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ “ЖЕТЕЛЕГЕН”?
  • АЙҒАҚТАРДЫ ЕСТЕ ҰСТА
  • КӨПТІ СЕНДІРГЕН АЙҒАҚТАР
  • “СЕНІҢ СӨЗДЕРІҢ ҚАДАМДАРЫМДЫ ЖАРҚЫРАТАДЫ”
  • Киелі кітап шынымен Құдай рухының жетелеуімен жазылған ба?
    Ояныңдар! 2017
  • Киелі кітап — Құдайдың бізге жолдаған хабары
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Киелі кітап — Құдайдың берген сыйы
    Киелі жазбалардан не білеміз?
  • ‘Құдай сөзіндегі’ даналық
    Ехобаға жақында
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.6. 25—29 бет.

Оларды киелі рух жетелеген

“Пайғамбарлық ешқашан адам баласының қалауымен айтылған емес, қайта, оны адамдар Құдайдың киелі рухының жетелеуімен айтқан” (ПЕТ. 2-Х. 1:21).

МЫНА СҰРАҚТАРДЫҢ ҮСТІНЕН ОЙ ЖҮГІРТ:

Құдай өзінің хабарын Киелі кітап жазушыларына қалай жеткізді?

Киелі кітаптың Құдай рухының жетелеуімен жазылғанының қандай дәлелдері бар?

Құдай Сөзіне деген ризашылығыңды арттыру үшін күн сайын не істей аласың?

1. Неліктен біз Киелі кітапқа мұқтажбыз?

АДАМ БАЛАСЫ дүниеге не үшін келеді? Бізді болашақта не күтіп тұр? Өлген соң адаммен не болады? Бұл сұрақтар жердің төрт бұрышындағы адамдарды толғандырады. Құдай Сөзі болмағанда, осы және басқа да маңызды сұрақтардың жауаптарын қайдан білер едік? Киелі кітап болмағанда, біз тек өз ақылымыз бен тәжірибемізге сүйеніп өмір сүрер едік. Ондай болған күнде бізде “Жаратқанның тағылымдары” туралы жазған забур жыршысынікі сияқты сезімдер болмас еді (Забур 18:8 оқы).

2. Киелі кітапқа деген ризашылығымызды арттыруға не көмектеседі?

2 Өкінішке қарай, кейбіреулер Құдай Сөзіне деген алғашқы сүйіспеншілігін жоғалтып алған (Аян 2:4 салыстыр). Олар Ехобаға ұнамды түрде өмір сүруді доғарды (Ишая 30:21). Алайда біз мұндай күйге ұшыраудан аулақ бола аламыз. Бұл үшін Киелі кітап пен ондағы ілімдерге деген ризашылығымызды арттырып отыруымыз керек. Киелі кітап — сүюші Әкеміздің бізге тарту еткен құнды сыйы (Жақ. 1:17). Ендеше “Құдайдың сөзі” үшін ризашылығымызды қалай арттыра аламыз? Ол үшін Киелі кітаптың қалай жазылғанын және оның Құдай Сөзі екенін дәлелдейтін көптеген айғақтардың кейбірін еске түсірейік. Бұл бізді Киелі кітапты күнде оқып, оның ақыл-кеңесін іс жүзінде қолдануға талпындырады (Евр. 4:12).

КИЕЛІ РУХ АДАМДАРДЫ ҚАЛАЙ “ЖЕТЕЛЕГЕН”?

3. Пайғамбарлар мен Киелі кітап жазушыларын киелі рух қалай “жетелеген”?

3 Киелі кітапты б. з. б. 1513 жылдан б. з. 98 жылына дейін 1610 жыл бойы 40-қа жуық адам жазған. Олардың кейбірі “киелі рухтың жетелеуімен” сөйлеген пайғамбарлар болған (Петірдің 2-хаты 1:20, 21 оқы). Гректің “жетелеу” деп аударылған сөзінің қозғау салу, бір жерден басқа жерге апару не алып жүру деген де мағынасы бар. Елшілердің істері 27:15-те бұл сөз желдің ырқына тапсырылып, белгілі бір бағытта кеткен кемеге қатысты қолданылған. Пайғамбарлар мен Киелі кітап жазушыларын “киелі рух жетелеген”, яғни Құдай оларға қозғау салды және әрекет етуші күшімен басшылық етіп отырды. Сондықтан олар өздерінің емес, Құдайдың ойларын жазды. Кей жағдайда пайғамбарлар мен жазушылар не айтып, не жазып жатқанын өздері де түсінбеген (Дан. 12:8, 9). Расында да, “Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған” және онда адам баласының ой-пікірлері жоқ (Тім. 2-х. 3:16).

4—6. Ехоба Киелі кітап жазушыларына не жазу керектігін қалай білдіріп отырған? Мысалмен түсіндір.

4 Құдай өз ойларын адамдарға жаздыру үшін киелі рухын қалай қолданған? Оларға не жазу керектігін сөзбе-сөз айтып отырды ма, жоқ әлде жалпы не туралы жазатынын айтып, мұны өз сөздерімен жазуға рұқсат етті ме? Мекеме бастығы қалай хат жазатыны туралы ойлап көрейік. Егер хаттың құрылымы, не ойды жеткізу жолы маңызды болса, бастық оны өзі жазады немесе хатшыға сөзбе-сөз жаздырады. Хатшы мәтінді тереді де, бастық оған өз қолын қояды. Ал өзге жағдайда бастық хатшыға негізгі ойларды айтады да, хатшы оны өз сөзімен жазады. Кейін бастық дайын хатты тексеріп, хатшыға қажетті өзгерістер енгізуді тапсыруы мүмкін. Ал соңында бастық хатқа өз қолын қояды. Сөйтіп, хатты алған кісі оны мекеме бастығынан келген хат деп қабылдайды.

5 Сол сияқты Киелі кітаптың кей тұстарын Құдай “өз қолымен” жазған (Мыс. ш. 31:18). Ал кейде Ехоба нақты не жазу керектігін сөзбе-сөз айтып отырған. Мысалы, Мысырдан шығу 34:27-де біз былай деп оқимыз: “Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға: — Осы сөздерді жазып қой. Мен сенімен және бүкіл Исраил халқымен келісімімді солардың [“сол сөздердің” ЖД] негізінде жасаймын,— деп бұйырды”. Сондай-ақ Ехоба Еремия пайғамбарға былай деген: “Өзіңе айтқан сөздерімнің бәрін шиыршық кітапқа жазып қой!” (Ерм. 30:2).

6 Алайда көп жағдайда Құдай өз ойларын Киелі кітап жазушыларының санасы мен жүрегіне салып, оларды өз сөздерімен жеткізуге рұқсат еткен. Уағыздаушы 12:10-да: “Даналықты уағыздаушы бәрін де орынды сөздермен айтып жеткізуге ұмтылды және оның жазғандары шынайы әрі нағыз ақиқат”,— делінген. Ал Інжіл жазушысы Лұқа “бәрін басынан бастап мұқият зерттеп... рет-ретімен жазған” (Лұқа 1:3). Құдай рухы Киелі кітаптың хабарына адам кемелсіздігінің әсер етуіне жол бермеді.

7. Киелі кітапты адамдарға жаздырғанынан Құдайдың даналығы қалай көрінеді?

7 Киелі кітапты адамдарға жаздыру арқылы да Ехоба өзінің зор даналығын паш етті. Біз сөздерді тек мәлімет беру үшін емес, сонымен қатар сезімімізді білдіру үшін қолданамыз. Ал егер Ехоба Киелі кітапты періштелерге жаздырғанда не болар еді? Олар қорқыныш, уайым-қайғы және көңілдің қалуы сияқты адамға тән сезімдерді сипаттай алар ма еді? Құдай өзінің Сөзін кемелсіз адамдарға жаздырғанының арқасында ондағы хабар жүрекке жетеді.

АЙҒАҚТАРДЫ ЕСТЕ ҰСТА

8. Неліктен Киелі кітап басқа діни кітаптардан ерекше деп айтуға болады?

8 Киелі кітаптың Құдай Сөзі екенін дәлелдейтін жайттар жетіп артылады. Мысалы, Киелі кітап бізге Құдайды жақыннан тануға көмектеседі. Ал басқа діни кітаптар туралы не деуге болады? Мысалы, индуизмнің кітаптары Ведалардан, яғни әнұрандар мен діни салт-жоралардан, Упанишадтар деп аталған пәлсапалық мәтіндерден, “Рамаяна” және “Махабхарата” деген атпен белгілі аңыздардан тұрады. “Махабхаратаның” бір бөлігі болып табылатын Бхагавад-гита кітабында жүріс-тұрысқа қатысты басшылық беріледі. Ал буддизмнің “Типитакасының” (“Үш кәрзеңке”) бірінші бөлімі сопылардың өмірлерін реттейтін тәртіп пен ережелер жиынтығы болып табылады. Екіншісінде Будданың ілімдері баяндалған. Ал үшінші бөлімде бұл ілімдердің түсіндірмесі беріледі. Будда өзін Құдаймын демеген және ол Құдай туралы өте аз айтқан. Конфуций кітаптарында болса бұрын болған оқиғалар жайлы айтылған және онда моральдық ережелер, сиқыршылық пен өлең жолдары бар. Исламның қасиетті кітабы Құранда бәрін білетін және адамдардың тағдырын белгілейтін бір ғана Құдай бар делінгенімен, Киелі кітапта мыңдаған рет кездесетін Құдайдың есімі Ехоба туралы ештеңе айтылмайды.

9, 10. Киелі кітаптан Құдай жайында не білеміз?

9 Дүниедегі діни кітаптардың басым көпшілігі Құдай туралы аз айтады не мүлде айтпайды. Ал Киелі кітап болса бізді Ехоба Құдаймен және оның істерімен таныстырады. Бұл кітап Құдай болмысының қыр-сырын түсінуге көмектеседі. Киелі кітап Құдайдың құдіреті шексіз, дана әрі әділ екенін ғана емес, бізді сүйетінін де айтады (Жохан 3:16; Жоханның 1-хаты 4:19 оқы). Оның үстіне, Киелі кітапта былай делінген: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Ел. іс. 10:34, 35). Киелі кітаптың кең таралуы да осының дәлелі болып табылады. Тіл мамандарының айтуынша, дүниеде шамамен 6700 тіл бар. Адамзаттың 90 пайызы солардың 100 шақтысында ғана сөйлейді. Сөйтсе де Киелі кітап не оның кейбір бөліктері 2400-ден астам тілге аударылған. Ендеше адам баласының барлығы дерлік Киелі кітапты ана тілінде оқи алады.

10 “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ, мен де еңбек етудемін”,— деді Иса (Жох. 5:17). Ехоба әрдайым бар, мәңгі болып келген Құдай. Ендеше, ол осы уақытқа дейін қаншама іс атқарды десеңші! (Заб. 89:3). Тек Киелі кітап қана Құдайдың бұрын істеген істерін, қазір не істеп жатқанын және болашақта не істейтінін ашады. Сондай-ақ Жазбалардан оған не ұнап, не ұнамайтынын және оған жақындау үшін не істеу керектігін біле аламыз (Жақ. 4:8). Олай болса, уайымға салынып не тек өз қара басымызды ойлап кетіп, Құдайдан алыстап кетпеу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік.

11. Киелі кітап беттерінде қандай дана кеңестер бар?

11 Оның үстіне, Киелі кітап — орасан зор даналықтың қайнар бұлағы. Елші Пауыл былай деп жазды: “Ехобаға нұсқау беретіндей, оның ой-санасын кім танып білген? Ал бізде Мәсіхтің ой-санасы бар” (Қор. 1-х. 2:16). Бұл жазба орны Ишая пайғамбардың өз замандастарына айтқан келесі сөздеріне негізделген: “Кім Тәңірдің ақыл-парасатын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған?” (Ишая 40:13). Әрине, ешкім. Ендеше Киелі жазбалардағы некеге, бала тәрбиесіне, көңіл көтеруге, араласатын ортаны таңдауға, еңбекқор әрі шыншыл болуға, сондай-ақ өнегелі өмір кешуге қатысты кеңестерін қолдану жақсы нәтиже беретіні таңғалдырмайды. Киелі кітапта жаман кеңес жоқ. Ал тиімділігін жоғалтпайтын кеңес беруге адамдардың даналығы жетпейді (Ерм. 10:23). Олардың кеңестері үнемі өңделіп не өзгеріп отырады. Киелі кітапта “пенденің ойлары бекерлік” екені тура айтылған (Заб. 93:11).

12. Киелі кітап қандай қарсылықтарға қарамастан сақталып келді?

12 Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне тарих та куә. Көп адам Құдай хабарын жоюға әрекеттенді. Б. з. 168 жылы Сирияның IV Антиох патшасы Таурат заңының барлық кітаптарын тауып алып өртеп жіберуді тапсырған. Ал б. з. 303 жылы Рим императоры Диоклетиан мәсіхшілердің кездесулері өтетін орындарды қиратып, Жазбаларын отқа тастауды бұйырған. Бұл шамамен он жылға созылды. XI ғасырдан бастап дін қызметкерлері Киелі кітап білімі таралып кетпеу үшін оның қарапайым халықтың тіліне аударылуына бөгет жасады. Бірақ Шайтан мен оның нөкерлерінің қастандығына қарамастан, Киелі кітап бүгінгі күнге дейін сақталды. Ехоба өзінің адамзатқа тарту еткен сыйын ешкімнің жойып жіберуіне жол бермеді.

КӨПТІ СЕНДІРГЕН АЙҒАҚТАР

13. Киелі кітаптың рухтың жетелеуімен жазылғанына қандай дәлелдер бар?

13 Киелі кітаптың рухтың жетелеуімен жазылғанын көрсететін тағы басқа айғақтар бар. Бұлар: оның ішкі үйлесімділігі, ғылыми тұрғыдан туралығы, пайғамбарлықтардың орындалуы, жазушылардың шыншылдығы мен адам өмірін өзгертетін күші, тарихи деректерге сай келуі және маңызды сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап беруі. Кейбір адамдар Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне не себепті сене бастағанын көрейік.

14—16. а) Әртүрлі дінде болған үш адамды Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне не сендірді? ә) Киелі кітап Құдай Сөзі екеніне адамдардың көзін жеткізу үшін қызметте қандай айғақтарды қолданғың келер еді?

14 Анварa Таяу шығыстағы бір мұсылман елінде өсті. Кейін ол уақытша Солтүстік Америкада тұрып жатқанда, оған Ехоба куәгерлері жолығады. “Сол кезде,— деп есіне алады Анвар,— мен христиан діндерін Крест жорықтары мен инквизицияның кезіндегі қантөгісі үшін жек көретінмін. Алайда табиғатымнан әуесқой болғандықтан, мен Киелі кітап зерттеуге келістім”. Көп ұзамай Анвар өз еліне оралды, алайда мұнда Куәгерлерді таба алмады. Жылдар өте ол Еуропаға көшіп кетеді де, қайтадан Киелі кітап зерттей бастайды. Кейін ол былай деді: “Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалуы, ішкі үйлесімділігі, өзіне-өзі қайшы келмейтіні және Ехобаның қызметшілерінің бір-біріне деген сүйіспеншілігі Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне көзімді жеткізді”. 1998 жылы Анвар шомылдыру рәсімінен өтті.

15 Индуизм дінін ұстанатын отбасында туып өскен он алты жасар Аиша былай дейді: “Мен дұғаны ғибадатханаға барғанда, я болмаса қиындықтар болған кезде ғана айтатынмын. Ал бәрі жақсы болған кезде Құдайды еске алмайтынмын. Бірде Ехоба куәгерлері есігімізді қақты. Содан бастап менің өмірім 180 градусқа өзгеріп кетті”. Аиша Киелі кітапты зерттей бастады. Ол Құдайды жақыннан таныған сайын онымен достық қарым-қатынасқа ие болды. Оған Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне көз жеткізуге не көмектесті? Ол былай дейді: “Киелі кітап менің барлық сұрағыма жауап берді. Оның көмегімен мен көзге көрінбейтін Құдайға сеніп, пұттарға табынбайтын болдым”.

16 Паула католиктер жанұясында тәрбиеленді. Алайда бойжеткенде ол Құдайдың барына күмән келтіре бастайды. Бірақ бір жайт оның ойын өзгертті. “Бірде мен біраз уақыт бойы көрмеген досыма кез болдым. Ол уақытта шаш өсіру және есірткі қабылдау үрдісі кең етек алған болатын. Ал ол болса қырынған, шашын қиған және жүзінен қуаныштың лебі есіп тұрды. Мен оның өзгеріп кеткенін көріп: “Саған не болған? Қайдан келдің?”— деп сұрадым. Ол Ехоба куәгерлерімен Киелі кітап зерттегенін айтып, маған уағыздай бастады”. Жазбалардағы шындықтар бұрын Құдайдың барына күмән келтірген досына қалай әсер еткенін көріп, Пауланың Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне көзі жетті.

“СЕНІҢ СӨЗДЕРІҢ ҚАДАМДАРЫМДЫ ЖАРҚЫРАТАДЫ”

17. Киелі кітапты күнделікті оқу мен ой жүгіртудің саған қандай пайдасы бар?

17 Киелі кітап — Ехобаның киелі рухы арқылы берген баға жетпес сыйы. Оны күн сайын оқудан қуаныш тап, сонда Киелі кітапқа және оның Авторына деген сүйіспеншілігің артады (Заб. 1:1, 2). Киелі кітап оқымас бұрын әрдайым дұға етіп, Құдайдан киелі рухы арқылы оқығаныңды түсінуге көмектесуін сұра (Лұқа 11:13). Киелі кітапта Құдайдың ойлары бар, сондықтан оның сөздері жайлы ой жүгіртетін болсаң, сенің ойың Құдайдікіндей болады.

18. Неге Киелі кітаптан білім ала бергің келеді?

18 Киелі кітаптан тура білім алуды жалғастыра отырып, алған біліміңе сай өмір сүр (Забур 118:105 оқы). Жазбаларды айнаға теңеуге болады. Киелі кітапты оқу барысында, өміріңде өзгерістер жасау керектігін байқасаң, кідірместен әрекет ет (Жақ. 1:23—25). Сондай-ақ Құдай Сөзі біздің рухани семсеріміз. Оның көмегімен сеніміңді қорғап, момын адамдардың жүректерінде тамыр жайған жалған ілімдерді шаба аласың (Ефес. 6:17). Олай болса, Киелі кітапты қолданған кезде оны жазған пайғамбарлар мен басқа да адамдарды “киелі рух жетелегені” үшін риза болайық.

[Сілтеме]

a Кейбір есімдер өзгертілген.

[29-беттегі сөздер]

Киелі кітапты күнде оқы, сонда оның Авторына деген сүйіспеншілігің артады

[26-беттегі сурет]

Хатқа кім қолын қойса, ол сонікі болып есептеледі

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу