Неге Ехобаның еркін басты орынға қою керек?
“Сенің әділдігің мен құтқаруың Туралы мен күн ұзаққа айтудамын” (ЗАБ. 70:15).
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?
Нұх, Мұса, Еремия және Пауылдың өмірінде басты орында не тұрды және неге?
Уақытыңды қалай қолданып жүргеніңді қалай тексеруіңе болады?
Неліктен сен Ехобаға деген қызметті өмірде басты орынға қойғың келеді?
1, 2. а) Адамның Ехобаға бағышталғаны нені білдіреді? ә) Нұхтың, Мұсаның, Еремияның және Пауылдың мысалдары бізге несімен пайдалы?
ЕХОБАҒА бағышталып, Исаның шомылдыру рәсімінен өткен ізбасары болғанда, сен өміріңдегі ең маңызды қадамды жасадың. Басқаша айтқанда сен Құдайға былай дедің: “Ехоба, менің Қожайыным болшы. Мен сенің қызметшіңмін. Бұдан былай уақытты қалай жұмсайтынымды, өмірімде басты орында не тұратынын, сондай-ақ қабілеттерім мен қолымда бардың бәрін қалай қолданатынымды сенің шешкеніңді қалаймын”.
2 Егер бағышталған мәсіхші болсаң, сен де Ехобаға осындай уәде бердің. Осындай шешім қабылдағаның үшін сен мақтауға лайықсың және де бұл өміріңдегі ең дұрыс та дана шешім. Егер сен Ехобаны Қожайыным деп санасаң, уақытыңды қалай қолдануың керек? Осы орайда Нұхтың, Мұсаның, Еремияның және елші Пауылдың мысалдарын қарастырғанымыз пайдалы. Олардың әрқайсысы Ехобаға шын жүректен қызмет еткен. Бұл адамдардың жағдайлары біздікіне ұқсас болған. Олар өмірде нені басты орынға қойғанын білгеніміз уақытымызды қалай қолданып жүргенімізді тексеруге талпындырады (Мат. 28:19, 20; Тім. 2-х. 3:1).
ТОПАН СУДЫҢ ҚАРСАҢЫНДА
3. Нұхтың заманы біздің заманымызға қай жағынан ұқсас болды?
3 Иса біздің заманымыз бен Нұхтың заманын салыстырып: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қандай болған болса, Адам Ұлы осында болған кезде де сондай болады”,— деді. “Нұх кемеге кірген күнге дейін, адамдар ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір кешіп жатты. Топан су басып, бәрін алып кеткенше, олар еш ойланбады” (Мат. 24:37—39). Бүгінде адамзаттың басым көпшілігі қандай уақытта өмір сүріп жатқанын түсінбейді. Көбісі Нұхтың замандастары сияқты Құдай зұлымдарды жояды деген ескертуді елемейді не тіпті күлкі қылады (Пет. 2-х. 3:3—7). Ал осындай адамдардың арасында өмір сүрген Нұх уақытын қалай қолданды?
4. Ехобадан тапсырма алған соң Нұх уақытын қалай қолданды және неге?
4 Зұлымдарға үкім шығарғанын айтқан соң, Құдай Нұхқа адам баласы мен жан-жануарларды аман алып қалу үшін кеме соғуды тапсырды (Жар. 6:13, 14, 22). Осы тапсырманы орындаумен қатар, Нұх адамдарға Ехобаның соты туралы ескерткен. Елші Петірдің оны “әділдікті уағыздаушы” деп атағанына қарағанда, Нұх замандастарына өмірлері қыл үстінде тұрғанын түсіндіру үшін көп күш салған көрінеді (Петірдің 2-хаты 2:5 оқы). Қалай ойлайсың, Нұх пен оның отбасының бизнес жасауға, жұрттан асып түсуге не жайлы өмір сүруге жан сала тырысқандары дұрыс болар ма еді? Әлбетте, жоқ! Алда не күтіп тұрғанын білгендіктен, олар Ехоба тапсырған істен алаңдатуы мүмкін нәрселердің бәрінен аулақ болды.
МЫСЫР ХАНЗАДАСЫНЫҢ ТАҢДАУЫ
5, 6. а) Мұсаның алған білімі оны не нәрсеге дайындады? ә) Неліктен Мұса мысырлық ханзада ретінде өмір сүруден бас тартты?
5 Ал енді Мұсаның өмірін қарастырайық. Перғауын қызының асырап алған баласы болған ол Мысыр патшасының сарайында өсті. Жас ханзада ретінде Мұса “мысырлықтардың бүкіл даналығын меңгерді” (Ел. іс. 7:22; Мыс. ш. 2:9, 10). Бұл білім оған перғауынның сарайында мәртебелі қызмет атқаруға мүмкіндік берер еді. Мұса сол кездегі ең ірі мемлекеттің сыйлы азаматы болып, үлде мен бүлдеге оранып, жалғанды жалпағынан баса алар еді. Бірақ Мұса үшін бұл маңызды болды ма?
6 Туған ата-анасы кішкентай кезінде Мұсаға Ехоба жайлы тәлім бергендіктен, ол Құдайдың Ыбырайым, Ысқақ және Жақып деген ата-бабаларына берген уәделерін білген болса керек. Мұса осы уәделерге сенді. Ол өзінің болашағы мен Ехобаға қалай адал бола алатыны туралы көп ойланған көрінеді. Ал Мысыр ханзадасы болу мен исраилдік құл болудың арасында таңдау жасау керек болғанда, ол нені таңдады? Мұса “күнәдан уақытша рақат алудан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады” (Еврейлерге 11:24—26 оқы). Кейін ол Ехоба қалай айтса, солай өмір сүрді (Мыс. ш. 3:2, 6—10). Не себепті? Өйткені ол Құдайдың уәделеріне сенді. Оның үстіне, Мұса Мысырда дәулетке қол жеткізген күнде де, бақыты ұзаққа созылмайтынын түсінді. Көп ұзамай Құдай бұл елге он жаза жіберіп, оны ойран етті. Бүгінде Ехобаға бағышталған адамдар Мұсадан қандай сабақ ала алады? Иә, біз де мансап қуып, осы дүние ұсынып отырған материалдық игіліктерді иемденуге тырысудың орнына, Ехобаға және ол тапсырған қызметті атқаруға бар назарымызды тіккеніміз жөн.
ЕРЕМИЯ АЛДА НЕ БОЛАТЫНЫН БІЛДІ
7. Еремияның жағдайы біздікіне қай жағынан ұқсайды?
7 Ехобаға деген қызметін өмірінде басты орынға қойған тағы бір адам — Еремия пайғамбар. Ехоба Еремияға Иерусалим мен Яһуданың жолдан тайған тұрғындарына шығарған үкімі туралы айтуды тапсырды. Еремия былайша айтқанда, өз заманының “соңғы күндерінде” өмір сүрді (Ерм. 23:19, 20 ЖД). Сол кездегі дүниенің ұзаққа бармайтыны Еремия үшін айдан анық болды.
8, 9. а) Неліктен Барухтың көзқарасын өзгерту қажет болды? ә) Жоспар құрғанда біз нені ойда тұтуымыз керек?
8 Сенімі болғандықтан Еремия не істемеді? Ол құрдымға бара жатқан дүниеде болашағын құруға тырыспады. Бұлай ету ақымақтық болар еді. Алайда Еремияның хатшысы Барух басқаша ойлай бастады. Сондықтан Құдай Еремияны хатшысына былай деуге талпындырды: “Мен бүкіл ел бойынша Өзімнің салғанымды қиратып бұзып, сеуіп отырғызғанымды түп-тамырымен жұлып ойсыратамын. Осылай бола тұра, сен өзің үшін ұлы нәрселерге қол жеткізуге ұмтыласың ба? Солай істеме! Мен бүкіл адамзатқа апат жіберемін. Алайда Мен сені қайда барсаң да, тірі қалдырып, өз жаныңды өзіңе олжа етемін. Мен, Жаратқан Ие осыған уәде беремін!” (Ерм. 45:4, 5).
9 Біз Барухтың қандай “ұлы нәрселерге” қол жеткізуге ұмтылғанын білмеймізa. Бірақ ол қандай нәрселер болмасын, олардың болашағы жоқ-тын, себебі б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалим мен ондағының бәрін жойды. Біз бұдан қандай сабақ аламыз? Өмірге қажетті нәрселеріміз болу үшін біз болашағымызға қатысты қандай да бір жоспар құруымыз керек (Нақ. с. 6:6—11). Алайда ұзаққа бармайтын нәрселерге қол жеткізу үшін көп уақыт пен күш жұмсағанымыз даналық бола ма? Бүгінде Ехобаның ұйымы жаңа Патшалық сарайлары мен филиал ғимараттарын соғуды және тағы басқа теократиялық істерді жоспарлайтыны рас. Алайда бұл жоспарлардың болашағы бар, өйткені олардың мақсаты — Патшалықтың ісін алға жылжыту. Ехобаға бағышталған қызметшілердің бәрі жоспар құрғанда, ең бастысы Патшалықтың қамын ойлағандары жөн. Ал сен “Құдай патшалығы мен [Ехобаның] әділдігін әрдайым бірінші орынға қойып” жүрсің бе? (Мат. 6:33).
“ОЛАРДЫ ТҮККЕ ТҰРҒЫСЫЗ ҚОҚЫС САНАЙМЫН”
10, 11. а) Мәсіхші болмаған кезінде Пауыл үшін не маңызды еді? ә) Пауылдың құндылықтары не себепті түбегейлі өзгерді?
10 Ал енді елші Пауылдың мысалына ден қояйық. Мәсіхші емес кезінде осы дүниеде оны жарқын болашақ күтіп тұрғандай көрінді. Ол сол кездегі ең әйгілі ұстаздардан яһуди заңы жайында тәлім алды. Яһуди бас діни қызметкері оның қолына өкілеттік берді. Сондай-ақ ол яһуди дінінде үлкен жетістікке жетіп, өз қатарының алдында жүрді (Ел. іс. 9:1, 2; 22:3; 26:10; Ғал. 1:13, 14). Бірақ Ехобаның яһуди халқынан бас тартқанын білгенде, Пауылдың өмірі түбегейлі өзгерді.
11 Пауыл яһудилердің арасында беделді орынға ие болғаны Ехобаның көзінде түкке тұрмайтынын әрі мұның болашағы жоқ екенін түсінді (Мат. 24:2). Ол Құдайдың ниетін білді және уағыздау ісін мәртебе санады. Пауыл тіпті бұрын болған мүмкіндіктерін “түкке тұрғысыз қоқыс” деп қарастыратынын айтқан. Ол яһуди дінін тастап, қалған өмірін ізгі хабарды жариялауға арнады (Філіпіліктерге 3:4—8, 15 оқы; Ел. іс. 9:15).
ӨМІРІҢДЕ БАСТЫ ОРЫНДА НЕ ТҰРҒАНЫН ТЕКСЕР
12. Шомылдыру рәсімінен өткен соң Иса өмірін не нәрсеге арнады?
12 Нұх, Мұса, Еремия, Пауыл және Ехобаның басқа да қызметшілері рухани істерге уақыты мен күшін аямаған. Олар біз үшін жақсы үлгі болып табылады. Әрине, Ехобаның адал қызметшілерінің ең ұлысы — Иса Мәсіх (Пет. 1-х. 2:21). Шомылдыру рәсімінен өткен соң Иса өмірін ізгі хабарды жариялап, Ехобаны ұлықтауға арнады. Ендеше Ехобаны Қожайыным деп санайтын әрбір мәсіхші де оған деген қызметті өмірінде басты орынға қою керек. Сен солай етесің бе? Қызметімізді өмірімізде басты орынға қоя отырып, басқа да міндеттерімізді қалай атқара аламыз? (Забур 70:15; 144:2 оқы).
13, 14. а) Мәсіхшілердің бәрі не туралы ойлануға шақырылады? ә) Құдайдың қызметшілерін не нәрсе бақытты етеді?
13 Ехобаның ұйымы көптеген жылдар бойы мәсіхшілерді ізашарлық қызмет туралы дұға ете отырып ойлануға талпындырып келді. Жағдайы болмағандықтан, Ехобаның адал қызметшілерінің кейбірі айына 70 сағат уағыздай алмайды. Бірақ бұған бола олардың ұнжырғалары түспеу керек (Тім. 1-х. 5:8). Ал сен туралы не деуге болады? Сен ізашар бола аласың ба?
14 Биыл наурыз айында Құдай қызметшілерінің бәрінде қандай мүмкіндік болғанын есіңе алшы. Еске алу кешінің қарсаңында жариялаушыларға 30 не 50 сағат уағыздап, қосалқы ізашар болуға мүмкіндік берілді (Заб. 109:3). Сол кезде миллиондаған бауырластар қосалқы ізашар болып қызмет етті, ал олардың қауымдары зор қуанышқа бөленіп, бір сергіп қалды. Қосалқы ізашар ретінде осындай қуанышты жиірек сезіну үшін күнделікті істеріңе өзгерістер енгізе аласың ба? Құдайға бағышталған мәсіхші ізашар болып қызмет етсе, әр күннің соңында өзін бақытты сезінеді әрі Ехобаға: “Мен саған деген қызметімде қолымнан келгеннің бәрін істедім”,— деп айта алады.
15. Мектепте оқитын жас мәсіхшінің қандай мақсаты болу керек?
15 Сен мектепті бітіргелі жатқан жас мәсіхші болсаң, онда денсаулығың жақсы әрі жауапкершіліктерің аз шығар. Олай болса, жалпы ізашарлық қызмет жайлы шындап ойланып көргенсің бе? Бәлкім, мектептегі мұғалімдерің өмірде жетістікке жету үшін саған міндетті түрде жоғары білім алу керек деп ойлайтын шығар. Алайда олар адамдардың ұйымдары мен қаржы жүйесіне сенім артады. Бірақ бұл нәрселердің болашағы жоқ. Егер Ехобаға деген қызметті өмірлік ісің етсең, уақытыңды дұрыс пайдаланасың және мәңгілік болашаққа апаратын жолмен жүресің. Сондай-ақ сен Исаның кемелді үлгісіне еліктейсің. Дана шешім қабылдағандықтан өзіңді бақытты сезінесің және бұл саған қорғаныш болады. Және де бұл сенің Ехобаға берген уәдеңде тұрғаныңды дәлелдейді (Мат. 6:19—21; Тім. 1-х. 6:9—12).
16, 17. Жұмысқа және тағы басқа істерге қатысты қандай сұрақтар туындайды?
16 Бүгіндегі Құдай қызметшілерінің көбісі отбасыларын ең қажетті нәрселермен қамтамасыз ету үшін көп еңбек етеді. Алайда кейбіреулер қажетінен артық жұмыс істеп жүрген болуы мүмкін (Тім. 1-х. 6:8). Сауда-саттық әлемі біз олардың әрбір жаңа затынсыз бақытты бола алмаймыз дегенге сендіруге тырысады. Бірақ шынайы мәсіхшілер Шайтан мен оның дүниесінің өздеріне әмір жүргізуіне жол бергісі келмейді (Жох. 1-х. 2:15—17). Ал зейнетке шыққан бауырластар туралы не деуге болады? Ізашар болып қызмет ететін болса, олар да уақыттарын тиімді түрде қолданатын болады.
17 Ехобаға бағышталған адамдардың бәрі өздерінен былай деп сұраса болады: Менің өмірімде басты орында не тұр? Мен ең алдымен Патшалықтың мүддесін ойлаймын ба? Исаның жанқиярлығына еліктеймін бе? Исаға құлақ асып, оның соңынан еріп келемін бе? Уағыз бен басқа да теократиялық істерге көбірек атсалысу үшін күнделікті кестемде өзгерістер жасай аламын ба? Қазір қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндігім болмаса да, жанқиярлық рух танытып жүрмін бе?
“ЫҚЫЛАС ОЯТЫП, ӘРІ КҮШ БЕРЕДІ”
18, 19. Не туралы дұға етсең болады және не себепті осындай дұғалар Ехобаны қуантады?
18 Құдай қызметшілерінің құлшынысын көру неткен ғанибет! Алайда кейбір бауырластардың ізашар болуға мүмкіндігі бар болғанымен, олардың Ехобаға көбірек қызмет етуге ықыласы жоқ, я болмаса олар ізашар болу қолымнан келмейді деп ойлайды (Мыс. ш. 4:10; Ерм. 1:6). Ондай кезде не істеуге болады? Ехобадан көмек сұрап дұға ету керек. Пауыл бауырластарға былай деді: “Өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып әрі күш беріп отыр” (Філіп. 2:13). Егер қызмет аясын кеңейтуге зауқың соқпаса, Ехобадан өзіңе ықылас пен қабілет беруін сұра (Пет. 2-х. 3:9, 11).
19 Нұх, Мұса, Еремия, Пауыл және Иса Ехобаға шын берілген адамдар болған. Олар Ехобаның ескертулерін жариялау үшін уақыты мен күшін аямады әрі еш нәрсенің өздерін бұл істен алаңдатуына жол бермеді. Бұл дүниенің соңы өте жақын. Олай болса, Ехобаға бағышталғандардың бәрі де Киелі кітаптағы осы керемет мысалдардан барынша үлгі алып жүргендеріне көз жеткізгендері маңызды (Мат. 24:42; Тім. 2-х. 2:15). Осылайша біз Ехобаның жүрегін қуантамыз және көл-көсір батаға кенелеміз (Малахи 3:10 оқы).
[Сілтеме]
a “Құдайдың Еремия арқылы айтқан хабары” (ор.) кітабының 104—106 беттерін қара.
[21-беттегі сурет]
Адамдар Нұхтың ескертуін елемеді
[24-беттегі сурет]
Сен жалпы ізашарлық қызмет жайлы шындап ойланып көргенсің бе?