Пайғамбарлықтардың дәл орындалуы
“Құдай Иелеріңнің өздеріңе берген барлық игілікті уәделерінің біреуі қалмастан бәрі жүзеге асты” (ЕШУА 23:14).
КИЕЛІ КІТАП ҚАЙ ЖАҒЫНАН ЕРЕКШЕ? Ежелгі көріпкелдердің болжамдары бұлыңғыр әрі күмәнді болған. Қазіргі жұлдызнама туралы да солай деуге болады. Ал футурология саласындағы ғалымдар қазіргі оқиғалардың дамуына негізделе отырып, бірнеше ғасырлардан кейін нақты не болатынын сирек болжайды. Ал Киелі кітаптың пайғамбарлықтары болса, тіпті әлі орындалмаған істерді “баяғыдан-ақ алдын ала” айтса да, егжей-тегжейлі әрі әрдайым жүзеге асады (Ишая 46:10).
КИЕЛІ КІТАПТАН МЫСАЛ: Б. з. б. VI ғасырда Даниял пайғамбар Грекияның аз уақыттың ішінде Мидия мен Парсы мемлекетін жаулап алатыны жайлы аян көрген. Бұған қоса, жеңіске жеткен Грекияның патшасы “әбден күшейді деген кезде” оның патшалығы күйрейтіні де пайғамбарлық етілді. Оны патшалық тағында кім алмастырмақ? Даниял пайғамбардың жазуы бойынша, бұл патшаның орнына өз халқынан пайда болатын төрт патшалық келеді, “бірақ солардың күштері онікімен тең келмейтін болады” (Даниял 8:5—8, 20—22).
ТАРИХШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ? Даниялдың өлімінен кейін арада 200 жыл өткен соң, Ескендір Зұлқарнайын Грекияның патшасы болады. Он жыл өтер-өтпес Ескендір Мидия мен Парсы империясын жаулап алады да, Грекия империясының көлемін Инд өзеніне (қазіргі Пәкістан) дейін кеңейтеді. Алайда 32 жасында ол күтпеген жерден көз жұмады. Ақырында Кіші Азиядағы Ипс маңында болған шайқаста оның империясы ыдырап кетеді. Сол шайқаста жеңіске жеткен оның төрт қолбасшысы Грекия империясын өзара бөліп алады. Бірақ олардың ешбірі де Ескендір Зұлқарнайынның күшіне тең келе алмады.
СІЗ ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ? Пайғамбарлықтары әрдайым дәл осылай орындалып отыратын басқа бір кітап бар ма? Жоқ әлде бұл тек Киелі кітаптың ерекшелігі ме?
[4-беттегі сөздер]
“Киелі кітап пайғамбарлықтарының... көптігі сонша, олардың орындалуын кездейсоқтыққа жатқыза алмайсың”. (И. ЛИНТОН, “A LAWYER EXAMINES THE BIBLE”)
[4-беттегі түпдерек]
© Robert Harding Picture Library/SuperStock