Кәдімгі кітаптардың бірі ме?
“Киелі жазбалардың бәрі Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі... тиімді. Осылай Құдай адамы барынша жарамды, яғни кез келген игі іске толықтай даяр болады” (ТІМӨТЕГЕ 2-ХАТ 3:16, 17).
КЕЙБІР адамдар Киелі кітаптағы осы сөздермен келісе бермейді. Ал сіз ше? Киелі кітапқа қандай анықтама берер едіңіз?
• Керемет әдеби шығарма
• Қасиетті кітаптардың бірі
• Өнегелік тәлім-тәрбие беретін аңыздар жиынтығы
• Құдай Сөзі
Осы ретте сізде келесідей сұрақ туындайтын шығар: “Бұған қатысты не ойлайтыным маңызды ма?” Киелі кітап өзі жайлы не дейтініне назар аударыңызшы: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4). Демек, Киелі кітаптың мақсаты — бізге тәлім мен жұбаныш беру әрі үміт сыйлау.
Егер Киелі кітап небәрі әдеби шығарма не қасиетті кітаптардың бірі болса, сіз оның өзіңізге және отбасыңызға басшылық бере алатынына сенімді болар ма едіңіз? Бұған қоса, ондағы жазылғандар сіздің дұрыс пен бұрысқа қатысты көзқарасыңызға сәйкес келмесе, оның кеңестеріне жүгінер ме едіңіз? Ал егер бұл кітап аңыздар жиынтығы болса, сіз ондағы уәделерден үміт пен жұбаныш ала алар ма едіңіз?
Алайда Киелі кітапты зерттейтін миллиондаған адамдар оның Құдай Сөзі болып табылатын бірден-бір кітап екеніне сенімді. Не себепті? Киелі кітапты басқа кітаптардан ерекше ететін не? Келесі мақалалардағы оны ерекшелендіретін бес жайтты қарастыруға шақырамыз.