Шынайы ғибадаттың құлшынысты қорғаушысы бол!
“Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз” (МАТ. 9:37).
1. Шұғыл іс туындағанда қалай әрекет етеміз?
КҮН аяқталғанша әлдебіреу құжатыңды қарастырып беру керек болса, сен не істейсің? Құжаттың сыртына “ШҰҒЫЛ” деген мөр басып, әлгі кісіге тапсырасың. Немесе маңызды кездесуге кешігіп бара жатсаң, әрекетің қандай болмақ? Көлік жүргізушісіне: “Аға, мен асығыспын. ШҰҒЫЛ шаруам бар”,— дерсің. Иә, қандай да бір тапсырманы орындау керек болып, ал оған уақытың жетпей жатса, абдырап қалатының түсінікті. Жүрек соғуың жиілеп, аласұрып, істі мүмкіндігінше тезірек тындыруға бар күшіңді жұмылдыратының сөзсіз. Шұғыл іс туындағанда, адамның осылай әрекет ететіні анық.
2. Бүгінде шынайы мәсіхшілер қандай шұғыл істі атқару керек?
2 Бүгінде шынайы мәсіхшілер үшін Патшалық туралы хабарды уағыздау мен барлық ұлт адамдарынан шәкірт дайындау ең шұғыл іс болып табылады (Мат. 24:14; 28:19, 20). Шәкірт Марқа Исаның сөзін келтіре отырып, осы істің “заманның ақыры болмас бұрын” атқарылуы керектігін айтқан (Мар. 13:10). Бұл солай болуы керек те. Өйткені Иса: “Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз”,— деген болатын. Егін жинау — күттірмейтін іс, сондықтан оны орақ кезі бітпей тұрып жинап алу қажет (Мат. 9:37).
3. Уағыздау ісі күттірмейтінін түсінген бауырластар қалай әрекет етуде?
3 Уағыз ісі біз үшін өте маңызды болғандықтан, оған бар назарымызды аударып, мүмкіндігінше көп уақыт пен күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бауырластардың көбісі осылай етіп жүргенін мақтанышпен ауыз толтырып айта аламыз. Олардың кейбірі қарапайым өмір сүру үшін жағдайларын жайғастырып, ізашар, миссионер ретінде немесе Бетел үйлерінде толық уақытты қызметті атқаруда. Қазір олар жарғақ құлақтары жастыққа тимей қызмет етіп жүр. Осы қызмет үшін көп құрбандықтарға барып, түрлі қиындықтарға кезігіп те жатыр. Бірақ Ехоба оларға батасын молынан төгуде. Біз олар үшін шын жүректен қуаныштымыз (Лұқа 18:28—30 оқы). Басқа бауырластар толық уақытты қызметті атқара алмаса да, адамдарды құтқару ісіне мүмкіндігінше қатысуда, бұған балаларының құтқарылуларына қам жасау да кіреді (Заң. қ. 6:6, 7).
4. Неліктен кейбіреулер тапсырманы шұғыл түрде орындау керек деген сезімді жоғалтып алуы мүмкін?
4 Көріп отырғанымыздай, қандай да бір істі уақыт шектеулі болғандықтан не аяқтайтын мерзімі жақындап қалғандықтан шұғыл атқару керек болып жатады. Біз соңғы күндері өмір сүріп жатырмыз. Мұны дәлелдейтін тарихи әрі Жазбаларға негізделген айғақтар көп (Мат. 24:3, 33; Тім. 2-х. 3:1—5). Сөйтсе де осы дүниенің дәл қашан жойылатынын ешкім білмейді. Ақыр заманның белгісіне жататын оқиғаларды айта келіп, Иса нақты былай деді: “Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге не Құдайдың рухани Ұлына емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі” (Мат. 24:36). Сол себептен кейбіреулерге шұғыл әрекет ету керектігін есте ұстау жылдан жылға қиын болу мүмкін, әсіресе олар ұзақ уақыттан бері солай етіп келе жатса (Нақ. с. 13:12). Сенде де осыған ұқсас сезімдер бола ма? Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің тапсырған ісін шұғыл түрде орындау керек деген сезімді жоғалтпауға не көмектеседі?
Исаның үлгісіне еліктейік
5. Иса қызметті шұғыл деп есептегенін қалай көрсетті?
5 Құдайға қызмет етіп, шұғыл әрекет еткендердің арасында ең керемет үлгі қалдырған Иса Мәсіх екенінде дау жоқ. Оның шұғыл әрекет етуінің бір себебі қызметінің үш жарым жылға ғана созылатынында еді. Исаның осы уақыт аралығында шынайы ғибадат үшін атқарған ісін ешкім қайталай алмас. Ол Әкесінің есімі мен ниетін жариялады, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздады, дінбасылардың екіжүзділігі мен жалған ілімдерін әшкереледі және соңғы демі біткенше Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдады. Өзін еш аямай бүкіл елді аралап адамдарға тәлім берді, жәрдемдесті және сауықтырды (Мат. 9:35). Ешбір адам мұншалықты қысқа мерзімде соншама істі атқарған емес. Иса қолынан келгенше аянбай еңбек етті (Жох. 18:37).
6. Иса басты назарын не нәрсеге аударды?
6 Исаны аянбай қызмет етуге не талпындырды? Ол Даниялдың пайғамбарлығынан Ехобаның белгілеген мерзімі бойынша тапсырмасын орындауына қанша уақыты бар екенін түсінсе керек (Дан. 9:27). Демек, Иса өзінің жердегі қызметін “жетіліктің орта шенінде”, яғни үш жарым жылда бітіруге тиіс еді. Б. з. 33 жылының көктемінде Иерусалимге салтанатты түрде кіруінен көп ұзамай Иса былай деген болатын: “Көктен келген Менің ұлылыққа жететін уақытым келді” (Жох. 12:23). Ол өзінің жақын арада өлетінін білді, бірақ бұл өмірінің басты мақсаты әрі аянбай еңбек етуінің негізгі себебі болған жоқ. Қайта, ол бар назарын кез келген жағдайда Әкесінің еркін орындауға және маңайындағы адамдарға сүйіспеншілік танытуға аударды. Осы сүйіспеншілік Исаны шәкірттер жинап, оларға уағыздауды үйретуге және танапқа жіберуге талпындырды. Осылайша өзі бастаған істі шәкірттері жалғастырып, оныкінен де көп атқара алар еді (Жохан 14:12 оқы).
7, 8. Исаның ғибадатхананы тазартқанын шәкірттері қалай қабылдады және неге Иса солай әрекет етті?
7 Исаның өмірінде орын алған бір жағдай оның бойындағы құлшыныстың қандай болғанын керемет түрде көрсетті. Бұл оқиға қызметінің басында б. з. 30 жылы Құтқарылу мейрамында орын алды. Иса шәкірттерімен Иерусалимге келіп, ғибадатханада “өгіз, қой, көгершін сатушыларды және шетелдік ақшаны айырбастаушыларды” көрді. Сонда Иса не істеді және оның әрекеті шәкірттеріне қалай әсер етті? (Жохан 2:13—17 оқы).
8 Сол жағдайдағы Исаның әрекеті мен сөздері Дәуіттің: “Сенің үйіңнің қамы үшін менің бойымды құлшыныс кернейді”,— деген пайғамбарлық мәні бар сөздерін шәкірттерінің есіне салды (Заб. 69:9 ЖД). Неге? Өйткені бойында осындай құлшынысы бар адам ғана басын қатерге тігер еді. Ол жердегі сауда-саттыққа ғибадатхана басшылары, яғни діни қызметкерлер, дін мұғалімдері және тағы басқалар мұрындық болған. Олардың опасыз істерін әшкерелеп, тоқтатуға тырысуымен Иса діни басшылардың жауына айналды. Шәкірттері тура байқағандай, сол жағдайда Исаның бойын Құдай үйі үшін, яғни шынайы ғибадат үшін, құлшыныс кернегені анық еді. Сонда құлшыныс деген не? Оның шұғыл әрекет етуден айырмашылығы бар ма?
Шұғыл әрекет пен құлшыныстың арасындағы айырмашылық
9. Құлшынысты қалай сипаттауға болады?
9 Бір сөздікте “құлшыныс” сөзі “қандай да бір іске ыстық ықыласпен ұмтылу, оны жан сала атқару” деп түсіндіріледі, сондай-ақ онда құштар болу, жалындау деген синонимдері де келтіріледі. Исаның қызметін осындай сөздермен сипаттауға болатыны даусыз. Сондықтан Киелі кітаптың бір аудармасында Забур 69:9-дағы сөздер “Уа, Құдайым, сенің үйіңе деген құлшыныс бойымда оттай жанып тұр!” деп аударылған (“Today’s English Version”). Бір қызығы, кейбір шығыс тілдерде құлшыныс сөзі екі бөліктен тұрып, сөзбе-сөз “ыстық жүрек”, яғни оттай жанған жүрек дегенді білдіреді. Сондықтан Исаның ғибадатханадағы әрекеттерін көрген шәкірттер Дәуіттің сөздерін еске түсіргені таңғалдырмайды. Олай болса, Исаның жүрегінің оттай жануына, яғни ғибадатханада таза ғибадатты қызғыштай қорғап әрекет етуіне не себеп болды?
10. Киелі кітапта “құлшыныс” деген сөз қандай мағынада қолданылады?
10 Дәуіттің жырында “құлшыныс” деп берілген еврей сөзі Киелі кітаптың басқа тармақтарында жиі “қызғану” немесе “қызғаныш” деп аударылады. Сондай-ақ кейде Киелі кітапта бұл сөз “түгелдей бағышталуды талап ету” деп те тәржімеленеді (Мысырдан шығу 20:5; 34:14 оқы). Бір Киелі кітап сөздігінде былай жазылған: “Бұл еврей сөзі жиі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынастарына қатысты қолданылады. Ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы мағынада қызғануымен тек өзіне ғана адал болуды талап етуге қалай құқылы болса, Ехоба да өзіне бағышталған адамдардан толықтай берілгендікті солай талап етуге құқылы, әрі ол сол құқығын қорғайды”. Демек, Киелі кітаптағы құлшыныс сөзі жанкүйерлердің сүйікті спорт түріне танытатын құлшынысты немесе қандай да бір мақсатқа жетуге талпынуды ғана білдірмейді. Бойын кернеген құлшыныс, яғни жақсы мағынадағы қызғаныш, Дәуітті Ехобаға қарсы шыққандардың әрекетіне төзбей, оның есімін қорғауға талпындырды.
11. Исаны құлшына әрекет етуге не талпындырды?
11 Шәкірттер Исаның ғибадатханадағы әрекеттерін Дәуіттің сөздерімен байланыстырғанда, қателескен жоқ еді. Оның жан сала қызмет етуіне уақытының аз қалғандығы ғана емес, бойын Әкесінің есімі мен таза ғибадат үшін құлшыныстың немесе қызғаныштың кернегені де себеп болған. Құдайдың есіміне кір келтіретін істерді көргенде, Иса орынды қызғаныш танытып, жағдайды өзгертуге тырысты. Мысалы, дінбасыларының қарапайым адамдарды қанап, өз мүдделері үшін пайдаланып жатқанын көргенде, Исаның бойын кернеген құлшыныс сол адамдарға жеңілдік әкелуге, ал дінбасыларына лайықты үкім шығаруға талпындырды (Мат. 9:36; 23:2, 4, 27, 28, 33).
Шынайы ғибадаттың құлшынысты қорғаушысы бол!
12, 13. Бүгінде мәсіхшілер әлеміндегі дінбасылар а) Құдайдың есіміне; ә) Құдай Патшалығына қатысты қалай әрекет етуде?
12 Біздің күндерімізде Құдайға қызмет етіп жүрміз дейтін адамдардың ой-ниеті мен әрекеттері Исаның күндерінен нашарлай түспесе, жақсармағаны анық. Мысалы, Иса ізбасарларын дұға етуге үйреткенде: “Сенің киелі есімің қастерлене берсін”,— деп, алдымен Құдай есіміне назар аударғанын есімізге алайық (Мат. 6:9). Дінбасылардың, әсіресе мәсіхшілер әлеміндегілердің, адамдарға Құдайдың есімін айтып, оны қастерлеуге үйретіп жатқанын көріп жүрміз бе? Керісінше, олар Үштік, жанның өлместігі және тозақ оты сияқты ілімдерімен Құдайды құпияға толы, түсінуге қиын, қатыгез, тіпті жауыз етіп жалған кейіпте көрсетеді. Сондай-ақ олардың опасыз әрекеттері мен екіжүзділігі Құдайға кір келтіреді (Римдіктерге 2:21—24 оқы). Мұнымен шектелмеген олар Құдайдың жеке есімін мүмкіндігінше жасырып қалуға тырысады, тіпті өздерінің Киелі кітап аудармаларынан оны алып тастады. Осылайша адамдардың Құдайға жақындауларына және онымен жеке қарым-қатынас дамытуларына кедергі жасауда (Жақ. 4:7, 8).
13 Иса шәкірттеріне: “Патшалығың осында орнасын! Сенің еркің көкте орындалғандай, жер бетінде де орындала берсін!”— деп, Құдай Патшалығы туралы да дұға етуді үйретті (Мат. 6:10). Мәсіхшілер әлеміндегі дінбасылар бұл дұғаны көп қайталай бергенімен, сенушілерді саясатқа және адамдар орнатқан басқа да ұйымдарға қолдау көрсетуге талпындыруда. Бұған қоса осы Патшалық туралы уағыздап, куәлік беруге тырысатындарды кемсітеді. Нәтижесінде, өздерін мәсіхшіміз дейтіндердің көбісі Құдай Патшалығы туралы бір ауыз сөз қозғамақ түгілі, тіпті оған сенуден қалған.
14. Мәсіхшілер әлемінің дінбасылары Құдай Сөзін қалай көмескілеп тастады?
14 Құдайға дұға еткенде Иса: “Сенің сөзің — шындық”,— деп нақты айтқан болатын (Жох. 17:17). Көкке көтерілердің алдында Иса өз халқына рухани ас-су беріп отыратын “адал да ақылды құлды” тағайындайтынын айтты (Мат. 24:45 ЖД). Мәсіхшілер әлеміндегі дінбасылар өздерін Құдай Сөзін үйретушілері деп санағанмен, Қожайынның сеніп тапсырған ісін адалдықпен орындады ма? Жоқ. Керісінше, олар Киелі кітаптағы мәліметті аңыз деп қарастыруға бейім. Отарды рухани ас-сумен қамтамасыз етіп, жұбаныш беру мен сергітудің орнына, олар сенушілердің көңілінен шығу үшін адам ойынан шыққан пәлсапаға үйретуде. Бұған қоса осы заманның көзқарасына сай болу үшін, Құдайдың құлықтылық нормаларын көмескілеп тастады (Тім. 2-х. 4:3, 4).
15. Дінбасылардың Құдайдың атынан жасаған істері жайында не ойлайсың?
15 Көпшіліктің пікірінше, жоғарыда аталған істер Құдайдың атынан жасалып жатыр. Соларды көрген көптеген ақжүректі адамдардың діннен көңілдері қалған, я болмаса Құдайға және Киелі кітапқа деген сенімдері шайқалып, мүлдем жоғалған. Осылайша олар Шайтанның және оның зұлым дүниесінің құрбаны болды. Күннен күнге осындай жайттардың орын алғанын естіп-көргенің жеке сенде қандай сезім оятады? Әлдекім Құдайдың атына кір келтіріп жатқанда, Ехобаның қызметшісі ретінде оның есімін ақтағың келеді емес пе? Қарапайым және ақжүрек адамдардың әлдебіреулерге алданып, өз мақсаттарында қолданылып жатқандарын көргенде, оларға жұбаныш бергің келмей ме? Иса адамдардың “бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара” күйлерін көргенде, жаны ашып қана қоймай, оларға “көп тәлім берген” (Мат. 9:36; Мар. 6:34). Иса сияқты, шынайы ғибадаттың құлшынысты қорғаушысы болуға бізде де себептер жетіп артылады.
16, 17. а) Қызметке бар күшімізді арнауға бізді не талпындыру керек? ә) Келесі мақалада не қарастырамыз?
16 Қызметімізге осындай көзқарас танытсақ, елші Пауылдың Тімотеге жазған 1-хаты 2:3, 4-тармақтарда айтқан сөздері біз үшін ерекше мағынаға толы болады (оқы). Біз соңғы күндері өмір сүріп жатқанымызды білгендіктен ғана аянбай қызмет етіп жүрген жоқпыз. Қайта, бұл Құдайдың еркі екенін түсінгендіктен солай етеміз. Ол адамдардың өзіне ғибадат етуді және қызмет етуді үйреніп, батаға кенелу үшін шындықты біліп алғандарын қалайды. Қызметке бар күшімізді арнауымыздың басты себебі — уақыттың аз қалғаны емес, Құдайдың есімін мадақтап, адамдарға оның еркін білдіргіміз келгені. Иә, біз — шынайы ғибадаттың құлшынысты қорғаушыларымыз (Тім. 1-х. 4:16).
17 Ехобаның қызметшілері ретінде Құдайдың адамзатқа және жерге қатысты ниетін білгеніміз біз үшін зор бата. Сондай-ақ адамдарға бақытқа қол жеткізуге, болашаққа сенімділікпен қарауға және Шайтанның дүниесі жойылғанда аман қалудың жолын табуға көмектесе аламыз (Сал. 2-х. 1:7—9). Ехобаның күні кешігіп жатқандай көрінгендіктен, ұнжырғамыздың түсуіне жол бермей, қайта, шынайы ғибадатты құлшыныспен қорғауға тамаша мүмкіндігіміздің барына қуануымыз керек (Миха 7:7; Абб. 2:3). Мұндай құлшынысты қалай дамытуға болады? Бұл сұрақты келесі мақалада қарастырамыз.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Исаны қызметін аянбай атқаруға не талпындырды?
• Киелі кітапта “құлшыныс” деген сөз қандай мағынада қолданылады?
• Бүгінде орын алып жатқан қандай жайттар бізді шынайы ғибадатты құлшыныспен қорғауға талпындырады?
[8-беттегі сурет]
Иса бар назарын Әкесінің еркін орындауға және маңайындағы адамдарға сүйіспеншілік танытуға аударды
[10-беттегі сурет]
Шынайы ғибадаттың құлшынысты қорғаушысы болуға бізде себептер жетіп артылады