Өмірбаян
“Оң жағыңда мәңгі игілік бересің”
Айтып берген: Лойес Дидер
“Бұлай етпеуім керек еді”,— деп, өкінген кездеріңіз жиі болған ба? Өзіме келер болсам, толық уақытты қызметте өткізген 50 жыл аралығында Ехобаның оң жағында жүріп, сан соққан кездерім болған емес. Қазір осы жайлы айтып берейін.
МЕН 1939 жылы туылып, бес бауырыммен бірге Канададағы Саскачеван ауылында өстім. Фермамыздың көк шалғын даласында өміріміз қызықты өтті. Күндердің бір күнінде Ехоба куәгерлері келіп, әкеммен сөйлесті. Ал мен олардан: “Құдайдың есімі кім?”— деп сұрағанымда, олар Забур 82:19-дағы Ехоба деген есімді көрсетті. Бұл мені Құдай мен оның Сөзі жайлы көбірек білуге талпындырды.
Сол жылдары ферманың балалары бір бөлмелі мектепте сегізінші сыныпқа дейін оқитын. Олар мектепке атпен не жаяу көп шақырым жүріп баратын. Мектеп мұғалімінің қажеттіліктерін сол аймақта тұратын отбасылары қамтамасыз етуші еді. Біздің кезегіміз келгенде ата-анам жаңадан келген Джон Дидур есімді мұғалімді қамқорына алды.
Бұл жас мұғалімнің де Құдай Сөзін білуге деген зор құштарлығы бар екен. Бірде әкем жақтап жүрген коммунизм мен социализмді мадақтағанымда, Джон ізетпен: “Ешбір адамның өзгенің үстінен билік жүргізуге құқы жоқ. Бұған Құдай ғана құқылы”,— деген еді. Оның бұл сөздері бірталай қызықты әңгімеге ұласты.
1931 жылы туылған Джонға соғыстың азабы таңсық емес еді. 1950 жылы Корей соғысы басталғанда, ол түрлі шіркеу қызметкерлерінің соғысқа араласқанын көріп, олардан бұл жөнінде сұрастыра бастады. Барлығы да мәсіхшілерге қару ұстауға болатынын айтты. Кейіннен ол Ехоба куәгерлерінен де осыны сұрағанда, олар Исаның алғашқы ізбасарлары ұстанған Жазбалардағы принципті көрсетті. Джон 1955 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Ал мен келесі жылы өттім. Екеуіміз де Ехобаға бар күш-қуатымыз бен бүкіл өмірімізді арнағымыз келген еді (Заб. 36:3, 4). 1957 жылдың шілде айында Джон екеуіміз үйлендік.
Үйленген күніміз жиі облыстық конгрестің уақытына сай келіп қалатын. Бірақ біз сол күні некеге құрметпен қарайтын мыңдаған бауырластың арасында болуға қуанышты едік. 1958 жылы алғаш рет халықаралық конгреске бардық. Саскачеваннан Нью-Йоркке көлікпен бес адам болып аттандық. Бір апта бойы күндіз жол жүріп, түнде шатырда ұйықтадық. Ал Бетлехемге (Пенсильвания) жеткенде, бір бауырласты кездестірдік. Ол бізді сол күні-ақ үйіне түнеп шығуға шақырды. Біздің қуанышымызда шек болмады. Оның қонақжайлылығының арқасында Нью-Йоркке мұнтаздай таза болып бардық. Сол халықаралық конгресте Ехобаға қызмет етудің зор қуаныш әкелетініне көзіміз жете түсті. Забур жыршысы айтқандай, ол өзінің “оң жағында мәңгі игілік беретіні” сөзсіз (Заб. 15:11).
ІЗАШАРЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
Бір жылдан кейін, 1959 жылы, ізашарлық қызметті бастадық. Ол кезде Саскачевандағы бір төбешікте көліктің артына тіркелетін жылжымалы үйшікте тұратынбыз. Бізге бірнеше шақырымға дейін құлаш жайған шалғын жерлер көрініп тұратын. Оның біраз бөлігі біздің учаскеміз еді.
Бір күні филиалдан хат алдық. Мен оны бірден тракторды жөндеп жатқан Джонға алып бардым. Бауырластар бізді Онтарионың Қызыл көл қалашығында арнайы ізашарлар ретінде қызмет етуге шақырып жатыр екен. Біз оның қайда екенін білмегендіктен, картаны ала сала, сол жерді іздей бастадық.
Алдымыздан табиғаты мүлдем өзгеше көрініс ашылды! Мұнда ну ормандар мен алтын қазатын шахталардың маңында бой көтерген қалашықтар көп екен. Келген күні бір кішкентай қыз көршісінен тұрақтайтын жер сұрастырып жатқанымызды көріп, мұны анасына айтып барды. Содан оның мейірбан анасы бізге түнеп шығатын орын ұсынды. Біз бірінші қабаттың астындағы лас жерде жаттық. Келесі күні су құбыры мен жиһазы жоқ, ағаштан соғылған екі бөлмелі үй таптық. Ондағы жалғыз дүние ағаш жағатын кішігірім пеш еді. Біз ұсталған заттар сатылатын дүкеннен біраз керек-жарағымызды алып, барға қанағат еттік.
200-дей шақырым қашықтықта ешқандай қауым жоқ еді. Шахтада істейтіндердің көбісі Еуропадан келген екен. Олар Киелі кітаптың өз тілдеріндегі аудармасын тауып беруімізді өтінді. Көп ұзамай 30 ынталы адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізе бастадық. Ал алты ай өтер-өтпестен кішігірім қауым пайда болды.
Бірде бір ер кісі бізбен Киелі кітапты зерттеп жүрген әйелінің бетін қайтару үшін шіркеу қызметкерін шақыртып алды. Қызу әңгіме барысында әлгі қызметкер басқа нәрселермен қатар, біздің үштік ілімін де үйретуіміз керектігін айтты. Зерттеуші әйел оған католиктердің Киелі кітабын ұстатып, айтқандарына дәлел келтіруін сұрады. Ол Киелі кітапты үстелдің үстіне лақтырып жіберіп, еш нәрсені дәлелдеуге міндетті емес екенін айтты. Ал кетіп бара жатқанда үй иелеріне украин тілінде сөйлеп, бізді қуып шығару керектігін және ешқашан қайта кіргізбеу керектігін айтты. Алайда ол Джонның украин тілін түсінетінін білмеген еді.
Джон аудандық бақылаушыларға арналған мектепке бару керек болғандықтан, біз көп ұзамай Қызыл көл қалашығынан кетіп қалдық. Алайда бір жылдан кейін Джон облыстық конгресте шомылдыру рәсімінен өтушілерге арналған баяндама айтып жатып, кандидаттардың арасында әлгі әйелдің күйеуін көріп қалды. Бұл біз үшін күтпеген қуаныш болды! Сол бір шіркеу қызметкерімен болған оқиғадан кейін бұл кісі Киелі кітапты өзі үшін зерттеуді шешіпті.
АРАЛАУШЫ БАҚЫЛАУШЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Осы қызмет барысында біз әртүрлі отбасыларымен бірге тұрып, қуанышты да қызықты күндерді бастан өткердік. Біз оларға қатты бауыр басып қалатынбыз. Бір кездері қыста жылуы жоқ жоғарғы бөлмеде тұрдық. Таң атпастан егде тартқан бір әйел бауырлас бөлмемізге жайлап кіріп, құртақандай пешке от жағып кететін. Көп ұзамай қайтып келіп, жуынатын жылы су мен ыдыс алып келетін. Оның сабырлы да мейірімді болмысы мені көп нәрсеге үйретті.
Аралаушы бақылаушы болып жүрген кезімізде Ехобаға қатты жақындай түскенімді сездім. Альбертаның бір ауданындағы шахтасы бар қалада бір ғана әйел бауырлас тұратын. Ехобаның ұйымы оған қалай қарады екен? Біз әр алты ай сайын сонда ұшақпен барып, бір апта бойы бұл бауырласпен бірге қызмет етіп, қауым кездесулерін өткізетінбіз. Бұл Ехобаның өзінің әрбір қошақанын емірене қамқорлайтынын көрсетеді емес пе?
Біз бірге тұрған бауырластармен хабарласып тұратынбыз. Бұл үшін мен Джонның берген алғашқы сыйлықтарының бірі — түрлі-түсті қораптың ішіндегі парақтарды қолданып хат жазатынмын. Бауырластармен осылай араласқанымыз бізге көп қуаныш әкелетін. Хат жазуға арналған сол қорап мен үшін әлі күнге дейін бағалы.
Торонтодағы ауданда жүрген кезімізде Канададағы Бетелден бір бауырлас телефон шалып, Бетелде қызмет етуге қалай қарайтынымызды сұрады. Ол бізді асықтырып, мүмкін болса, жауабымызды ертесіне айтуымызды өтінді. Біз бұл ұсынысты қабыл алдық.
БЕТЕЛДІК ҚЫЗМЕТ
Қызметіміз өзгерген сайын, Ехобаның оң жағында болудан келетін түрлі игіліктерді көріп жүрдік. 1977 жылы бетелдік қызметті бастағанымызда да солай болды. Мысалы, майланғандардың кейбірімен араласқанымыздың арқасында олардың болмыстарын танып қана қоймай, Құдай Сөзіне зор құрметпен қарайтындарын да аңғардық.
Бетелдегі өмір ыңғайлырақ еді. Мысалы, киімдеріміз шабаданда емес, шкафта тұратын, сондай-ақ біз бір ғана қауымда қызмет ететінбіз. Тағайындалған қызметіме қоса, экскурсия жүргізу маған әрдайым қуаныш әкелетін. Бетелге келушілерге онда қандай жұмыс атқарылатынын айтып, олардың жылы лебіздерін естіп, сұрақтарына жауап беретінмін.
Жылдар қас қағымда өте шықты. Джон 1997 жылы Паттерсондағы (Нью-Йорк) филиал комитетінің мүшелеріне арналған мектепке шақырылды. Содан кейін біз Украина Бетелінде қызмет етуге ұсыныс алдық. Бауырластар бұл ұсынысты дұға ете отырып мұқият қарастыруымызды өтінді. Сол күні кешке қарай біз Украинаға көшіп баруды шештік.
ТАҒЫ БІР ӨЗГЕРІС
1992 жылы Санкт-Петербургтағы үлкен халықаралық конгреске, ал 1993 жылы Украинаның Киев қаласындағы конгреске бардық. Осының арқасында Шығыс Еуропадағы бауырластарға жақын болып кеттік. Біз Украинаның Львов қаласындағы ескі үйдің екінші қабатында тұрдық. Оның ауласы дәл Саскачевандағы ферма сияқты еді: терезеден кішкентай бақша, бір үлкен қызыл қораз бен бір қора тауықтың жүгіріп жүргені көрініп тұратын. Біз сол үйде он екі адам болып тұрдық. Бетелге жету үшін күнде таңертең ерте тұрып, қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін көлікпен жүретінбіз.
Украинадағы қызмет жүрегімізде терең із қалдырды. Түрлі сынақтар, шектеулер мен түрме азабына төзген бауырластардың әңгімесін естіп, берік сенімдеріне қайран қалатынбыз. Мақтау алғанда, олар кішіпейілділікпен: “Біз мұны Ехоба үшін істедік”,— дейтін. Олар ешқашан өздерін жалғыз қалғандай сезінбеген. Тіпті қазірдің өзінде жақсылығы үшін алғыс айтсаң, олар: “Ехобаға шүкір”,— деп, игілік атаулының Қайнарын ауыздарына алып отырады.
Украинада көп бауырластар қауымға жаяу барады. Жолға бір не одан да көп сағат кетуі мүмкін. Бұл оларға әңгіме-дүкен құрып, бір-бірін жігерлендіруге керемет мүмкіндік береді. Львовта 50-ден астам қауым бар. Олардың 21-і бір үлкен Патшалық сарайында жиналады. Жексенбі күні бауырластардың сонда ағылып келуін көру неткен ғанибет!
Мұндағы жұмсақ әрі көмектесуге дайын бауырластардың арасында біз өзімізді жайлы сезіндік. Сөздерін түсінбей қалған кездері олар маған шыдаммен қарайды. Мұны олардың мейірімді көздері аңғартатын.
2003 жылы Киевте болған халықаралық конгресте бауырластардың бір-біріне деген сенімін көрсететін оқиға болды. Адамға лық толы метро бекетіне жете бергенімізде, бір кішкентай қыз қасымызға жақындап, ақырын ғана: “Мен адасып кеттім. Апамды таба алмай жатырмын”,— деді. Ол біздің Куәгер екенімізді плакеткамыздан білген екен. Бұл қыз көзіне бір тал жас алмай, батылдық танытты. Бізбен бірге келе жатқан бір аудандық бақылаушының әйелі қызды стадиондағы жоғалған заттар бөліміне жетелеп алып барды. Көп ұзамай қыз апасымен қауышты. Мыңдаған адамның арасында қалып қойған бұл кішкентай қыздың Ехобаға деген сенімі мені қатты таңғалдырды.
2001 жылдың мамыр айында Украинадағы Бетелдің бағышталу күніне әртүрлі елден бауырластар келе бастады. Жексенбі күні таңертең айтылған арнайы баяндамадан кейін барлығы жаңа Бетелге қарай ағылды. Көше бойымен бір адамдай әдеппен жүрген бұл жамағат естен кетпес әсер қалдырды! Бұл менің Құдайға қызмет етуден келетін игіліктерге деген ризашылығымды арттырды.
ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС
Өкінішке қарай, 2004 жылы Джонның қатерлі ісікке шалдыққаны анықталды. Ем-шара қабылдау үшін біз Канадаға аттандық. Химиялық терапияның алғашқы курсы оған тым ауыр тигендіктен, ол бірнеше апта бойы дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Қуанышқа орай, ол өз-өзіне келді. Көп сөйлей алмағанмен, барлық бауырластарға келгендері үшін риза екені көздерінен көрініп тұратын.
Алайда Джонның денсаулығы жақсармады. Ол сол жылдың күзінде көз жұмды. Мен үшін оның орны ойсырайып бос қалды. Джон екеуміз Ехобаға бірге қызмет етуден көп қуаныш алушы едік. Ал енді әрі қарай қалай өмір сүрмек едім? Мен Украинаға қайтуды шештім. Ол жердегі Бетел отбасы мен қауымымдағы бауырластардың зор сүйіспеншілігі жаныма нағыз сая болды.
Қабылдаған шешімдерімізге өкініп, бармақ тістеген кездеріміз болған емес. Игілікке толы өмірімізде достарымыз көп болды. Ехобаның ізгілігі жайлы әлі көп білуім керектігіне сенімдімін. Мен оған мәңгілік бойы қызмет еткім келеді, өйткені ол өзінің “оң жағында мәңгі игілік береді”.
[6-беттегі сөздер]
“Қабылдаған шешімдерімізге өкініп, бармақ тістеген кездеріміз болған емес”
[3-беттегі сурет]
Джонға тұрмысқа шыққан кезім
[4-беттегі сурет]
Қызыл көл қалашығында (Онтарио) арнайы ізашар болып қызмет еткен кезім
[5-беттегі сурет]
Джон екеуіміз Украинада, 2002 жыл