Олар Құдай сөзін батыл жариялады!
Шынайы мәсіхшілер қарсылықтарға тап болғанда зор батылдық танытады. Мұны біз “Құдай патшалығы туралы түбегейлі куәлік етеміз” және “Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” басылымдарынан анық білеміз. Бірінші ғасырдағы бауырластарымыз сияқты біз де сөзін батыл жариялауымыз үшін Ехобадан рухы мен қолдауын сұраймыз (Ел. іс. 4:23—31).
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі уағыз ісі жайлы бір ер бауырлас былай деген: “Құдайдың қызметшілері “Жазбаларды зерттеу” кітабының “Аяқталған құпия” атты жетінші томын құлшына таратты. Ешбір әдебиет бұрын-соңды мұндай көлемде таратылмаған еді. № 1 “Патшалық туралы хабар” трактаты 1918 жылы жарық көрді. № 2 “Патшалық туралы хабар” трактатында билік басындағылардың “Аяқталған құпия” кітабына не себепті тыйым салғаны түсіндірілді. Содан соң № 3 “Патшалық туралы хабар” шықты. Бұл басылымдарды адал майланғандардың табы кеңінен таратты. “Патшалық туралы хабарды” тарату ісін атқару үшін сенім мен батылдық қажет болды”.
Қазіргі таңда жаңа жариялаушыларға қалай уағыздау керектігін үйрететін шаралар өткізіледі. Бірақ барлық кезде бұлай бола бермеген. Құрама Штаттарында тұратын бір поляк бауырлас 1922 жылы уағыз ісіне бірінші рет кіріскенін еске алып, былай деді: “Әдебиетті қалай ұсыну керектігін білмейтін, қала берсе, ағылшынша нашар сөйлейтін мына мен бір күні дәрігердің жұмыс бөлмесінің есігін тоқылдаттым. Есікті медбике ашты. Бұған дейін бірде-бір рет уағыздап көрмегендіктен, мен қатты қобалжып, толқу үстінде тұрдым. Сөйтіп, сөмкемді ашып қалғанымда, кітаптарымның бәрі әлгі келіншектің аяғына түсіп кетсе бола ма?! Не деп, не қойғанымды білмеймін, әйтсе де бір әдебиет қалдырып кеттім. Сол сәтте бойыма батылдық дарып, Ехобаның жарылқағанын сезіндім. Сол күні іскерлік аймақта көп әдебиет тараттым”.
“Шамамен 1933 жылы Патшалық хабарды жариялау үшін көптеген бауырластар дауысзорайтқыш орнатылған көліктерді қолданды”,— дейді бір әйел бауырлас. Бірде ол және ерлі-зайыпты Куәгерлер Калифорнияның (АҚШ) таулы аймақтарында уағыздаған. “Ер бауырлас көлікпен таудың биік жағына көтерілді, ал біз төмен жағына түстік,— деп есіне алады ол.— Күйтабақ ойнай бастағанда, дыбысы көктен шығып жатқандай естілді. Қала тұрғындары дауыс шығып жатқан жерді табуға тырысып бақты, бірақ таба алмады. Күйтабақтағы хабар аяқталған соң, біз адамдарға жолығып, куәлік еттік. Мен дауысзорайтқыш орнатылған екі көлікпен жүріп қызмет еттім. Көпшілік бұл хабарды тыңдағысы келмеді. Алайда ол үйлерінде де естіліп жатты, сондықтан қаламаса да тыңдауға тура келді. Біз Ехобаның әр кезеңге сай түрлі әдістер қолданғанының куәсі болдық. Аталмыш әдісті қолдану үшін батылдық қажет еді. Дегенмен ол әрдайым мақсатына жетіп отырды, яғни Ехобаның есіміне даңқ әкелді”.
1930 жылдары және 1940 жылдардың басында қызметте патефондар мен күйтабаққа жазылған баяндамалар қолданылды. Бір бауырлас сол кезді былай деп есіне алды: “Қыз бауырлас патефонды қолданып үйме-үй уағыздап жүрді. Бір есіктің алдында патефонды қоса бергенде, үй иесі ашуланғаны соншалық, патефонды теуіп кеп жіберді. Бірақ бір де бір күйтабақ сынбады. Бұл жағдайды жақын маңдағы көліктің ішінде тамақтанып отырған үш кісі көрді. Сонда олар әлгі бауырласты шақырып алып, баяндаманы тыңдауға ықылас білдірді. Соңында олар әдебиет алып қалды. Осылайша қарсылықтың орны толды”. Мұндай қиыншылықтарға төзу үшін батылдық қажет болғаны сөзсіз.
Жоғарыдағы әйел бауырлас сөзін жалғап былай деді: “1940 жылы көшеде журнал тарата бастадық. Бұдан бұрын ақпараттық шерулер өткізілген еді. Бауырластар көше бойымен қатар жүріп, “Дін — тор және алдау”, “Құдай мен Мәсіх Патшаға қызмет етіңдер” деген жазуы бар плакаттарды киіп жүрді. Сондай-ақ адамдарға трактаттарды тегін таратты. Бұл істі атқару үшін де үлкен батылдық қажет еді, десе де осы әдістің арқасында Ехобаның есімі мен халқы үнемі жұрттың көз алдында болды”.
“Кішігірім қалашықтарда журнал тарату өте қиын болды”,— дейді басқа бір әйел бауырлас. “Сол кездері Куәгерлер қатты қарсылық көріп жатқан еді. Көше бұрышында журнал ұстап тұру үшін және Қоғам ұсынған сөздерді ұрандап айту үшін шынымен де ержүрек болу керек еді. Десе де біз әр жексенбі осылай ететінбіз. Кей адамдар достық шырай танытатын. Ал басқа кездері ашынған топ бізді айнала қоршап алатын, сондықтан аман қалу үшін сытылып шығып, табанымызды жалтыратуға тура келетін”.
Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде қуғын-сүргінге қарамастан, Ехоба куәгерлері қызметтерін батыл жалғастыра берді. 1940 жылдың 1 желтоқсанынан 1941 жылдың 12 қаңтары аралығында өткен 43-күндік науқанның барысында Құрама Штаттардағы 50 000-ға жуық жариялаушы сегіз миллион кітапша таратты.
Сол бір батылдық қажет болған ауыр кезең Құдай ұйымындағы көптеген егде тартқан бауырластардың естерінен кетер емес. Бауырластардың айтуынша, олар уағызды соңғы демі біткенше жалғастыруға дайын болған. Осы дүниенің ақыры келгенше Құдай бізге қандай хабар айтуды тапсыратынын алда көре жатармыз. Бір білетініміз — оның қолдауымен шындық хабарын сеніммен әрі батылдықпен жариялауды доғармаймыз!
[9-беттегі сөздер]
Патшалық хабарын уағыздау үшін Құдай халқына әрдайым батылдық қажет болған