Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.2. 3—7 бет.
  • Исаға еліктеп сергек бол

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Исаға еліктеп сергек бол
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • НЕГЕ ИСА СЕРГЕК БОЛҒАНЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙДЫ?
  • ДҰҒАДА ҚАЛАЙ СЕРГЕК БОЛА АЛАМЫЗ?
  • УАҒЫЗДА ҚАЛАЙ СЕРГЕК БОЛА АЛАМЫЗ?
  • ҚИЫНДЫҚ КЕЗІНДЕ ҚАЛАЙ СЕРГЕК БОЛА АЛАМЫЗ?
  • “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Исаның елшілерінен сергек болуды үйрен
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Шәкіртім болып соңымнан ер!”
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • ”Сендерді достарым деп атаймын”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.2. 3—7 бет.

Исаға еліктеп сергек бол

“Сергек болып, ұдайы дұға етіңдер” (МАТ. 26:41).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢДЕР?

Сергек жүргеніміз дұғаларымыздан қалай көрінеді?

Қызметімізде сергек екенімізді қалай көрсете аламыз?

Қиындықтарға тап болғанда қалай сергек бола аламыз және неге бұл маңызды?

1, 2. а) Исаның сергек болғанына қатысты қандай сұрақтар туындайды? ә) Кемелсіз адамдар Исаның кемелді үлгісін кәдесіне жарата ала ма? Мысалмен түсіндір.

БӘЛКІМ, сен: “Мен Иса сияқты сергек бола аламын ба? Ол кемелді адам болған ғой!”— деп ойлайтын шығарсың. Я болмаса: “Иса алдағы уақытта, тіпті мыңдаған жылдардан кейін де не болатынын біліп отырды ғой! Олай болса, оған сергек болудың қажеті болды ма?”— дерсің (Мат. 24:37—39; Евр. 4:15). Бұл сұрақтарды қарастырғанымыз қазір сергек болу қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектеседі.

2 Исаның кемелді үлгісін күнәкар адамдар кәдесіне жарата ала ма? Әрине! Мұны келесідей мысалмен түсіндіруге болады. Садақ атуды меңгергісі келген бір адам жаттықтырушының көмегіне жүгінді делік. Бастапқыда оның жебелері көздеген нысанасынан мүлдем қисық кетіп жатады. Десе де ол шебер садақшы болып табылатын ұстазының садақ атқандағы тұрысы мен садақты қалай ұстайтынын мұқият бақылап, үйренуді талмай жалғастырады. Уақыт өте келе оның икемі арта түседі әрі желді де ескере бастайды. Ұстазына еліктегені ақырында өз жемісін береді: оның жебелері нысанаға өте жақын тие бастайды. Кемелсіз адамдардың да жағдайы осындай. Біз Исаның кемелді үлгісіне еліктеу арқылы мәсіхші ретінде жақсара аламыз.

3. а) Иса өзіне сергек болу қажет екенін қалай білдірді? ә) Осы мақалада нені қарастырамыз?

3 Ал Исаға сергек болудың қажеті болды ма? Иә, әрине! Мәселен, жерде өткізген соңғы түні ол адал елшілеріне: “Менімен бірге ұйықтамай сергек болыңдар”,— деді. Сосын былай деп қосты: “Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер” (Мат. 26:38, 41). Әрине, Иса әрдайым сергек болған, бірақ ол әсіресе осы сын сағаттарында қалғымай, көктегі Әкесіне мейлінше жақын болғысы келді. Шәкірттерінің де тек сол кезде ғана емес, болашақта да сергек болулары қажет екендерін білді. Олай болса, неге Иса біздің сергек болғанымызды қалайтынын қарастырайық. Сосын күнделікті өміріміздің қай үш саласында Иса сияқты сергек болуымыз керектігін көреміз.

НЕГЕ ИСА СЕРГЕК БОЛҒАНЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙДЫ?

4. Болашаққа қатысты біліміміздің шектеулі болғаны мен сергек болуымыздың арасында қандай байланыс бар?

4 Не себепті Иса сергек болғанымызды қалайды? Мұның екі себебі бар. Біріншіден, біз болашақ жайлы көп жайттарды білмейміз. Жерде болғанда, Иса да болашаққа қатысты бәрін білмеген. Ол кішіпейілділікпен: “Сол күн мен сағатты ешкім — көк періштелері де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі”,— деп мойындаған (Мат. 24:36). Сол уақытта “Ұл”, яғни Иса, зұлым дүниенің ақыры нақты қашан келетінінен бейхабар болған. Ал біз ше? Алдағы күндерде не болатынын түгел білеміз бе? Әрине, жоқ! Біз Ехоба осы зұлым дүниені жою үшін Исаны қашан жіберетінін білмейміз. Білген жағдайда, бізге сергек болудың қажеті болмас еді. Иса түсіндіргендей, заманның ақыры аяқастынан, күтпеген жерден келеді. Сондықтан біз әрдайым рухани ояу болуымыз қажет (Матай 24:43 оқы).

5, 6. а) Болашақты және Құдайдың ниетін білетініміз бізді сергек болуға қалай талпындырады? ә) Неліктен Шайтан жайлы білгеніміз сергек болуға деген шешімімізді нығайтады?

5 Екіншіден, біздің болашақ жайлы білетініміз де аз емес. Жерде болған кезінде Иса болашаққа қатысты көптеген керемет жайттарды білген. Айналасындағы адамдардың басым көпшілігі бұл шындықтардан мүлдем бейхабар болатын. Біздің біліміміз Исанікінен әлдеқайда аз болғанымен, оның арқасында біз Құдай Патшалығы мен оның таяуда не істейтіні туралы көп нәрсе білеміз. Мектепте, жұмыста немесе уағызда кездестіретін адамдар осы керемет шындықтардан мүлде бейхабар екенін байқаймыз. Бұл — сергек болудың тағы бір себебі. Иса секілді әрдайым сергек болып, Құдай Патшалығы туралы айтудың мүмкіндіктерін қалт жібермейік. Мұндай мүмкіндіктер өте бағалы болғандықтан, оларды ысырап еткіміз келмейтіні шүбәсіз. Адамдардың өмірі осы хабарға байланысты (Тім. 1-х. 4:16).

6 Исаны сергек болуға тағы бір нәрсе талпындырды. Ол Шайтанның күнәға еліктіру, қудалау және мінсіздігінен айыру үшін қолынан келгеннің бәрін істейтінін білді. Ата жауы Исаны тура жолдан тайдыру үшін “қолайлы уақытты” аңдып отырды (Лұқа 4:13). Сол себепті Иса әрдайым қырағы болды. Ол кез келген сынаққа, азғыруға, қарсылықтар мен қудалауға сақадай сай болғысы келді. Біздің жағдайымыз да Исанікіне ұқсайды емес пе? Біз Ібілістің әлі де “ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүргенін” жақсы білеміз. Сол себепті Құдай Сөзі барлық мәсіхшілерді: “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар!”— деп шақырады (Пет. 1-х. 5:8). Біз мұны қалай істей аламыз?

ДҰҒАДА ҚАЛАЙ СЕРГЕК БОЛА АЛАМЫЗ?

7, 8. Иса дұғаға қатысты қандай кеңес берді және қандай үлгі қалдырды?

7 Киелі кітапта рухани сергектікке дұғаның тікелей қатысы бар екені көрсетілген (Қол. 4:2; Пет. 1-х. 4:7). Шәкірттерінен өзімен бірге сергек болуларын өтінген соң, Иса: “Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер”,— деді (Мат. 26:41). Ол бұл кеңесті сол қиын сәтке ғана қатыстырып айтты ма? Жоқ, бұл сөздер қазіргі кезде де әр мәсіхшінің өмірлік қағидасы болу керек.

8 Иса дұға етуге қатысты керемет үлгі қалдырды. Бірде оның түні бойы Әкесіне сиынғаны естеріңде болар. Сол бір көріністі көз алдымызға елестетіп көрейікші (Лұқа 6:12, 13 оқы). Көктем мезгілі еді. Иса Ғалилея өңіріндегі Қапарнаум қаласының маңында. Бұл балық аулау кәсібі кеңінен тараған қала. Кеш түскен соң Иса тауға көтерілді. Төменде керіліп жатқан Ғалилея теңізі көрінеді. Айналаның көмескіленген көрінісіне көз жіберіп қарағанда, қала мен жақын жатқан ауылдардың жалт-жұлт еткен жарығы көзіне ілінсе керек. Алайда Ехобаға дұға ете бастағанда, бұл жайттар оның назарынан тыс қалды. Арада минуттар, сағаттар жылжып жатты. Бір-бірлеп үйлердің шамдары сөніп жатыр. Аспан айдынында ай жүзіп барады. Аңдардың түрлі дыбыстары естіледі. Алайда Исаның бар назары дұғада. Ол өзіне он екі елші таңдау керек. Осы бір маңызды шешім қабылдарда Исаның Әкесіне әр шәкірті туралы ой-толғамдарын айтып, басшылық пен даналық беруін сұрап жатқанын елестету қиын емес, сірә.

9. Исаның түні бойы дұға еткенінен не үйренуге болады?

9 Біз Исадан неге үйрене аламыз? Бізге де сағаттап дұға ету керек пе? Бұл шарт емес, өйткені Иса шәкірттерінің “рухы дайын, бірақ тәні әлсіз” екенін түсінген (Мат. 26:41). Десе де біз Исадан көп нәрсеге үйрене аламыз. Мысалы, өзіміздің, отбасымыздың немесе бауырластарымыздың рухани күйіне әсер ететін шешімдер қабылдамас бұрын көктегі Әкемізбен ақылдасамыз ба? Бір сенімдегі бауырластарымыз жайлы дұға етеміз бе? Жаттанды сөздерді қайталамай, шын жүректен сиынамыз ба? Иса Әкесімен жеке әңгімелесуді ұнатқан әрі дұға ету мүмкіндігін бағалаған. Бүгінгі күйбелектеген, ығы-жығы дүниеде маңызды нәрселерді ұмытып кету оп-оңай. Егер шын жүректен дұға етуге жеткілікті уақыт бөлетін болсақ, рухани ояу жүретін боламыз (Мат. 6:6, 7). Сондай-ақ Ехобаға жақындай түсеміз әрі онымен қарым-қатынасымызға сызат түсіруі мүмкін кез келген нәрседен аулақ болуға деген ықыласымыз артады (Заб. 24:14).

УАҒЫЗДА ҚАЛАЙ СЕРГЕК БОЛА АЛАМЫЗ?

10. Исаның уағыз ісінде сергек болғанын қандай мысал көрсетеді?

10 Ехобаның тапсырған жұмысын атқарғанда Иса сергек болған. Кейбір жұмыс түрлері адамнан аса мұқияттылықты талап етпейді. Бірақ өте мұқият әрі қырағы болу керек жұмыстар да бар. Әрине, уағыздау ісіне де осылай қарау керек. Иса бұл істі тиянақты атқарған әрі ізгі хабармен бөлісуге мүмкіндіктерді қалт жібермеген. Бірде Иса мен оның шәкірттері таңертеңгі ұзақ сапардан кейін Сихар қаласына келгенде, шәкірттер азық-түлік сатып әкелуге кетеді. Иса қала сыртындағы құдық басында біраз тынығу үшін отырады. Бір кезде самариялық бір әйел құдықтан су алуға келеді. Сонда сергектігін жоғалтпаған Исаның куәлік етуіне мүмкіндігі туады. Әрине, іздеп жатса, әлгі әйелмен әңгімелеспеуге сылтау табылар еді. Мәселен, мызғып алуына да болар еді. Бірақ Иса әйелді әңгімеге тартып, керемет куәлік берді. Нәтижесінде көптеген қала тұрғындары Исаға сенді (Жох. 4:4—26, 39—42). Біз де уағыз ісінде Иса сияқты сергек болып, күнделікті кездестіретін адамдарға куәлік етудің мүмкіндіктерін қалт жібермеуге тырысып жүрміз бе?

11, 12. а) Адамдар өзін алаңдатуға тырысқанда Иса не істеген? ә) Иса қызметте қалай тепе-теңдік сақтаған?

11 Кей кездері адамдар арам ойсыз Исаны уағыздау тапсырмасынан алаңдатқысы келген. Мысалы, бірде Қапарнаум қаласының тұрғындары Исаның ауруларды сауықтырғанын көріп, оны қастарынан жібергісі келмеді. Бұлары түсінікті де еді. Бірақ Исаның мақсаты тек бір қалаға ғана емес, “Исраил үйінің жоғалған қойларының” бәріне уағыздау болған (Мат. 15:24). Сондықтан Иса сол адамдарға: “Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек”,— деді (Лұқа 4:40—44). Иә, Исаның бар назары қызметте болғаны шүбәсіз. Ол қызметінен ешқашан алаңдамаған.

12 Сонда Иса өмірдегі барлық игіліктерден бас тартқан фанатик болған ба? Есіл-дерті қызметте болып, адамдардың қажеттіліктеріне бейжай қараған ба? Жоқ, ол барлық жағдайда таразы басын тең ұстаған. Ол өмірді сүйген, әрі достарымен жақсы уақыт өткізген. Сондай-ақ ол отбасылардың қиындықтарына мұқият әрі балажан болған (Марқа 10:13—16 оқы).

13. Иса сияқты қызметте сергек бола отырып, қалай тепе-теңдік сақтай аламыз?

13 Мәсіхшілер Иса сияқты сергек бола отырып, таразы басын тең ұстауға тырысады. Біз осы дүние қызметімізден алаңдатуына жол бермейміз. Достарымыз не туыстарымыз ізгі ниетпен қызметіміздегі құлшынысымызды бәсеңдетуге не кәдімгі өмір салтын қууға талпындыруы мүмкін. Бірақ егер Исаға еліктесек, қызмет біз үшін нәр болады (Жох. 4:34). Уағыз ісі бізді рухани нығайтады әрі көңілімізді көншітеді. Сөйте тұра біз өзімізді өзгелерден артық санағымыз не қуаныштан жұрдай болғымыз келмейді. Біз “бақытты Құдайымызға” Иса сияқты таразы басын тең ұстап, қуана қызмет еткіміз келеді (Тім. 1-х. 1:11).

ҚИЫНДЫҚ КЕЗІНДЕ ҚАЛАЙ СЕРГЕК БОЛА АЛАМЫЗ?

14. Қиын шақтарда қандай бейімділікпен күресуіміз керек және неге?

14 Жоғарыда көргеніміздей, сергек болуға қатысты өсиеттерінің көбісін Иса басына үлкен қиыншылықтар түскен кезде айтқан (Марқа 14:37 оқы). Қиындықтарға тап болғанда бізге Исаның үлгісі аса қажет. Өйткені жаны қысылған шақта адам бір маңызды шындықты ұмытуға бейім. Бұл туралы Нақыл сөздер кітабында екі мәрте айтылған: “Адамға түзу болып көрінген жолдар да бар, Ақырында олар ажалға бастар” (Нақ. с. 14:12; 16:25). Егер маңызды мәселені шешерде өз ақылымызға арқа сүйейтін болсақ, өзіміз бен сүйікті адамдарымыздың басын қатерге тігеміз.

15. Отбасы қаржы жағынан қиналғанда, отағасы қалай азғырылуы мүмкін?

15 Мәселен, отағасына үй ішін асырау оңайға соқпауы мүмкін (Тім. 1-х. 5:8). Бәлкім, ол қауымға үзбей баруға, отбасының ғибадатына басшылық етуге немесе уағыздауға кедергі болатын жұмыс істеуге азғырылатын шығар. Егер ол тек өз ақылына сүйенетін болса, бұл өз көзінде дұрыс не тіпті Құдайға ұнамды болып көрінуі ықтимал. Дегенмен бұл оның рухани ауруына не тіпті өлімге апаруы мүмкін. Оның орнына Нақыл сөздер 3:5, 6-дағы кеңеске құлақ асқаны жөн болар еді. Сүлеймен патша: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені”,— деді.

16. а) Өзінің емес, Ехобаның даналығына сүйенуге қатысты Иса қандай үлгі қалдырды? ә) Қиын шақтарда Ехобаға арқа сүйеу арқылы отағалары қалайша Исаға еліктеп жүр?

16 Иса сынақтардың астында қалғанда, дүниедегі ең дана адам бола тұра, өз ақылына сүйенбеген. Мысалы, Шайтан Исаны азғырмақ болғанда, Иса оған бірнеше рет “жазылған ғой” деп жауап берді (Мат. 4:4, 7, 10). Ол азғырылуға қарсы тұру үшін Әкесінің даналығына жүгінді. Осылайша Иса Шайтан жек көретін әрі мүлдем танытпайтын кішіпейілділік қасиетін танытты. Ал біз қалай әрекет етеміз? Иса сияқты сергектік танытып жатқан отағалары әсіресе қиын шақтарда Құдай Сөзін басшылыққа алады. Жержүзіндегі мұндай отағалар мыңдап саналады. Олар материалдық қажеттіліктерін емес, Құдай Патшалығы мен шынайы ғибадатты мызғымастай етіп бірінші орынға қойған. Осылайша олар отбасыларын керемет түрде қамқорлап жатыр. Ехоба олардың үй ішін қаржылай қамтамасыз ету үшін жасап жатқан талпыныстарына, өз уәдесіне сай, батасын береді (Мат. 6:33).

17. Иса сияқты сергек болуға сені не талпындырады?

17 Иә, Иса сергек болуға қатысты ең керемет үлгі қалдырды. Оның үлгісі пайдалы, тіпті өмірді сақтап қалуға дәрменді. Шайтан сені әлдилете отырып, рухани ұйықтатуға, яғни сеніміңді әлсіретуге, ғибадатқа селқос қаратуға және мінсіздігіңнен тайдыруға құштар (Сал. 1-х. 5:6). Оған жол берме! Иса секілді дұғада, қызметіңде және қиындықтарға кезіккенде сергек бол. Осы бағыттан таймасаң, тіпті мына қараңғылық басқан дүниеде бақытты да қуанышты және мағыналы ғұмыр кешесің. Сондай-ақ Иеміз дүниені жоюға келгенде, Әкесінің еркін орындап жүрген сені сергек те белсенді қызметші деп табады. Сонда Ехоба адалдығыңнан айнымағаның үшін сені қуана-қуана жарылқайтын болады! (Аян 16:15).

[6-беттегі сурет]

Иса құдық басында әйелге уағыздаған. Ал сен күнде куәлік беру үшін қандай мүмкіндіктерді қолданып жүрсің?

[7-беттегі сурет]

Отбасыңның рухани күйін қадағалағаның сергек жүргеніңді көрсетеді

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу