Ыбырайым (Ибраһим) пайғамбар кім болған?
БҮКІЛ дүниежүзіндегі діндерге әсер етіп, тарихта із қалдырған адамдар көп емес. Сондай адамдардың бірі — Ыбырайымa пайғамбар. Иудаизм дінін ұстанатын адамдар, мұсылмандар, христиандар Ыбырайым пайғамбарды иманы мықты адам деп біледі. Киелі кітапта Ыбырайым “әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы” делінген (Римдіктерге 4:11).
Неліктен Ыбырайымды көп адам біледі және ұлықтайды? Мұның бір себебі Киелі кітапта Құдайдың досы деп Ыбырайым пайғамбар ғана аталған. Әрі осылай бір емес үш рет жазылған (Шежірелер 2-жазба 20:7; Ишая 41:8; Жақып 2:23).
Ыбырайым пайғамбар біз сияқты қарапайым пенде болған. Біз кезігетін қиындықтарға кезігіп, олардан сүрінбей өткен. Ыбырайымның өмірі жайлы көбірек білгіңіз келе ме? Киелі кітапта ол жайлы не айтылғанын көрейік.
Шыққан тегі мен ортасы
Ыбырайым б.з.б. 2018 жылы дүниеге келіп, Ур қаласында өсіп ер жеткен (Мұсаның 1-жазбасы 11:27—31). Ур қаласы өте үлкен, өркендеген қала болған. Бірақ ол жердің тұрғындары жалған құдайлар мен пұттарға табынатын. Ыбырайымның әкесі Тарах та сол пұттарға табынған көрінеді (Ешуа 24:2). Ал Ыбырайым болса, жалғыз шынайы Құдай Ехобағаb құлшылық еткен.
Ыбырайым не үшін Ехобаға сиынуды шешті? Ол Нұхтың ұлы Шам қайтыс болардан 150 жыл бұрын туылған. Ыбырайым өзінен анағұрлым үлкен осы кісімен жақсы араласқан болуы мүмкін. Ол Шамнан дүниежүзілік Топан су жайлы көп естіген шығар. Шам Ехобаға құлшылық еткендерінің арқасында отбасымен Топан судан аман қалған. Сондықтан Шам Ыбырайымға тек Ехобаға ғибадат етудің маңыздылығын түсіндіріп берген шығар.
Шамнан не басқа біреуден естіген болсын, Ыбырайым шынайы Құдай Ехоба жайлы естіп-білгендеріне сенді. Ал жүректі тексеретін Ехоба Ыбырайымның бойынан бір жақсы нәрсені байқап, оны одан сайын жақсартты (Нақыл сөздер 17:3; Шежірелер 2-жазба 16:9).
Өмірі
Ыбырайым өмірінде талай қиындықтарға кезіксе де, мән-мағынаға толы ғұмыр кешті. Оның өмірінде болған кейбір оқиғаларға қысқаша тоқталып кетейік.
▪Ыбырайым Ур қаласында тұрып жатқан кезде Құдай оған туған еліңді тастап, мен көрсететін елге көшіп бар дейді. Қайда бара жатқандарын, Құдай неліктен осындай нұсқау бергенін түсінбесе де — Ыбырайым мен Сара мойынсұнды. Ыбырайым мен Сара әртүрлі жерлерде көшіп қонып, соңында Қанахан елінде шатырда тұра бастады. Сөйтіп, өмірлерінің соңына дейін сол жерде уақытша тұрғындар ретінде өмір сүрді (Елшілердің істері 7:2, 3; Еврейлерге 11:8, 9, 13).
▪Ыбырайым мен Сараның балалары болмады, бірақ Ехоба Ыбырайымға “сенен ұлы халық таратамын” деп уәде берді. Сондай-ақ сен арқылы барлық халықтарға батам қонады деді (Мұсаның 1-жазбасы 11:30; 12:1—3). Ехоба кейінірек осы уәдесін қайтадан шегелеп кетті. Ол Ыбырайымның ұрпағы аспандағы жұлдыздардай көп болатынын айтты (Мұсаның 1-жазбасы 15:5, 6).
▪Ыбырайым 99 жаста, ал Сара 90 жасқа таяп қалғанда, Ехоба оларға ұлды болатынын уәде етті. Адамдар үшін бұл мүмкін еместей көрінгенімен, “Ехоба үшін мүмкін емес нәрсе” жоқ еді (Мұсаның 1-жазбасы 18:14). Сөйтіп, бір жылдан соң Ыбырайым 100 жасында ұлды болып, атын Ысқақ деп қойды (Мұсаның 1-жазбасы 17:21; 21:1—5). Ехоба Ыбырайымға осы ұлы Ысқақ арқылы халықтарға батасы қонатынын айтты.
▪Бірнеше жылдан кейін, Ехоба Ыбырайымға бір ерекше өтініш айтты. Ол Ыбырайымнан сүйікті ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуды сұрады. Ал Ысқақ жас, әлі үйленбегендіктен баласы да жоқ еді. Сүйікті ұлы Ысқақтан айырылатыны жанына қатты батса да, Ыбырайым Ехобаға мойынсұнып, баласын құрбандыққа шалуға дайын болды. Өйткені Ыбырайым Құдайдың құдіреті зор екеніне, өзінің уәдесін орындау үшін, қажет болса, тіпті Ысқақты қайта тірілтіп алатынына сенді (Еврейлерге 11:19). Ыбырайым ұлын құрбандыққа шалғалы жатқанда Құдай оны тоқтатып, Ысқақты аман алып қалды. Сөйтіп, Ехоба Ыбырайымды мойынсұнғаны үшін мақтап, бұрын берген уәдесін қайтадан қайталап айтты (Мұсаның 1-жазбасы 22:1—18).
▪Ыбырайым 175 жыл жасап көз жұмды. Киелі кітапта ол “мағыналы да ұзақ ғұмыр кешкен” деп айтылған (Мұсаның 1-жазбасы 25:7, 8). Осылайша Ыбырайым Ехобаның тағы бір айтқан уәдесінің орындалғанын көрді. Ехоба оған “сен ұзақ ғұмыр кешкен соң, тыныштықта көз жұмасың” деп айтқан болатын (Мұсаның 1-жазбасы 15:15).
Қалдырған мұрасы
Ыбырайым ел жадында қалған жай ғана діни не тарихи тұлға емес. Бүгінгі күнге дейін оның ғибратты ғұмыры баршамызға үлгі болып келеді (Еврейлерге 11:8—10, 17—19).
[Сілтемелер]
a О баста Ыбырайымның аты Ыбырам, ал әйелінің аты Сарай болған. Бірақ кейін Алла Тағала Ыбырамның есімін Ыбырайым деп өзгерткен, мағынасы — “көптің атасы”. Ал Сарайдың есімін Сара деп өзгерткен, мағынасы — “ханшайым” (Мұсаның 1-жазбасы 17:5, 15). Бұл мақалада біз оларды Ыбырайым мен Сара деп атаймыз.
b Киелі кітапқа сай Ехоба Құдайдың есімі.