Құдай бізді жазалап жатыр ма?
“Апаттың құрбандарына жаным ашиды-ақ, бірақ бұл “тембатсу” (Құдайдың жазасы) деп ойлаймын”. 2011 жылдың наурыз айында Жапонияда болған 9 балдық жерсілкінісі мен цунамиден кейін бір жапондық саяси қайраткер осылай деген еді.
2010 жылдың қаңтарында Гаитиде болған жерсілкінісінің кесірінен 220 000-нан астам адам көз жұмды. Бір әйгілі телеевангелистің айтуынша, олар “шайтанмен келісім жасасқандықтан” осындай жағдайға тап болған және олардың “Құдайға бет бұрулары қажет” еді.
Бір католик дін қызметкері Филиппиннің Манила қаласында апаттан жаппай қашқандардың арасында тапталып кеткен 79 адамға нұсқап: “Құдай біздің өлі, сезімсіз ар-ұжданымызды оятқысы келеді”— деген. Жергілікті газеттің мәлімдеуінше, “ересек адамдардың 21 пайызы сол елде жиі болатын көшкіндер, тайфундар мен басқа да апаттар арқылы Құдай өз қаһарын төгіп жатыр деп ойлайды”.
ҚҰДАЙ зұлым адамдарды апаттар арқылы жазалайды деген сенім жақында ғана пайда болған жоқ. 1755 жылы Португалияның Лиссабон қаласында жерсілкінісінен, өрттен және цунамиден 60 000-дай адам қайтыс болғанда, танымал пәлсапашы Вольтер: “Сонда жолдан тайған Лиссабонның ойын-сауық қуып жүрген Парижге қарағанда күнәсі көбірек болғаны ма?”— деп толғанған еді. Иә, “Құдай табиғи апаттарды бізді жазалау үшін қолдана ма?” деген сұрақ миллиондаған адамды мазалап келеді. Көп адамның ойынша, бұндай апаттар Құдайдың ісі болып табылады.
Осы орайда мынадай сұрақтар туындайды: Құдай адамдарды жазалау үшін шынымен де табиғи апаттарды қолдана ма? Соңғы уақыттары жиі болып жатқан апаттар осының дәлелі ме?
Кейбіреулер Құдайдың табиғат күштері арқылы адамдарды жойғаны туралы Киелі кітап оқиғаларына нұсқап, оны қаралап жатады (Жаратылыс 7:17—22; 18:20; 19:24, 25; Руларды санау 16:31—35). Алайда осы оқиғаларды мұқият қарастырсақ, әр жағдайдан үш маңызды жайтты аңғаруға болады. Біріншіден, Құдай адамдарға апаттың болатынын алдын ала ескерткен. Екіншіден, бүгінде табиғи апаттар жақсы мен жаманды қатар жалмаса, Құдай қиқарлық танытқан зұлымдарды не ескертуге құлақ аспайтындарды ғана жойған. Үшіншіден, Құдай жазықсыз адамдарды аман алып қалудың қамын жасап отырған (Жаратылыс 7:1, 23; 19:15—17; Руларды санау 16:23—27).
Сансыз апаттар миллиондаған адамға көп зардабын тигізгенмен, оларды Құдайдың ісі деуге еш негіз жоқ. Ендеше табиғи апаттар бүгінде не себепті жиілеп кетті? Төтенше жағдай туғанда не істеу керек? Табиғи апаттар болмайтын кез келе ме? Бұл сұрақтардың жауабын келесі мақалалардан біле аласыз.