Өзгерістер жасағанымыздың арқасында мол батаға кенелдік
Айтып берген: Джеймс Э. Томсон
Мен 1928 жылы Құрама Штаттардың оңтүстігінде дүниеге келдім. Сол кезде заң бойынша ақ және қара түстілер бөлек жүрулері керек еді. Бұл заңды бұзған адам түрмеге жабылатын не одан да ауыр жазаға тартылатын.
СОЛ кезде Құрама Штаттарының кейбір аймақтарында Ехоба куәгерлерінің қауымдары, аудандары және облыстары ақ пен қараларға бөліну керек болды. 1937 жылы әкем Чаттануга қаласындағы (Теннеси штаты) қара нәсілді қауымның серіктестік қызметшісі (қазір ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі) болып тағайындалды. Ал Генри Николс бауырлас ақ нәсілді қауымның серіктестік қызметшісі еді.
Бала кезімде әкем мен Николс бауырластың үйіміздің ауласында отырып, айтқан әңгімелерін ұйып тыңдайтыным есімде. Кейде әңгімелерін толық түсінбейтінмін. Десе де екеуі сол күндері орнаған қиын жағдайда уағыз ісін қалай тиімді атқаруға болатынын талқылағанда, мен әкемді қолдаудан қуаныш алатынмын.
Бұдан бұрын 1930 жылы отбасымызға қаралы күн туды. Анам бар жоғы 20 жасқа келіп, көз жұмды. Төрт жасар әпкем Дорис пен екі жасар мен әкеміздің қолында қалдық. Әкем жақында ғана шомылдыру рәсімінен өтсе де, рухани өсіп қалған болатын.
Ата-анамның үлгісі
1933 жылы әкем Лили Мэй Гвендолин Томас есімді керемет мәсіхші қызбен танысып, көп ұзамай үйленді. Әкем мен шешем Дорис екеумізге Ехобаға адалдықпен қызмет етудің жақсы үлгісін көрсетті.
1938 жылы Ехоба куәгерлерінің қауымдарына бұдан былай ақсақалдарды өздері сайламай, бұл істі Бруклиндегі (Нью-Йорк) Бас басқармаға қалдыру туралы қаулы қабылдауға нұсқау берілді. Чаттанугадағы бауырластардың кейбірі бұл өзгеріске қарсы болды, ал әкем болса ұйымның нұсқауына бірден құлақ асты. Әкемнің адалдығы және анамның оны шын жүректен қолдағаны мен үшін осы күнге дейін үлгі болып табылады.
Шомылдыру рәсімі мен толық уақытты қызмет
1940 жылы біздің қауымның бауырластары автобус жалдап, Детройттағы (Мичиган штаты) конгреске барды. Олардың кейбірі сол кезде шомылдыру рәсімінен өтті. Бес жасымнан белсенді жариялаушы болғандықтан, бауырластар менің сол конгресте шомылдыру рәсімінен өтпегеніме таңғалды.
Олар бұл туралы сұрағанда, мен шомылдыру рәсімінің мәнін толық түсінбейтінімді айттым. Әкем бұны естіп, аң-таң болды. Сол күннен бастап ол маған бұл рәсімінің мағынасы мен маңыздылығын түсіндіруді қолға алды. Төрт айдан соң, 1940 жылдың 1 қазанында, мен қара суықта қала сыртындағы көлшікте шомылдыру рәсімінен өттім.
14 жастан бастап жазғы демалыс мезгілдерінде ізашар болып қызмет еттім. Мен Теннесидің қалашықтарында және көршілес Джорджия штатында уағыздайтынмын. Таң атпай ерте тұрамын да, түскі асымды алып, сағат 6-да жүретін пойызға не автобусқа мініп кетемін. Ал үйге кешкі 6-да бір-ақ қайтамын. Алған тамағым түске дейін жетпейтін. Алайда қалтамда ақша болса да, қара нәсілді болғандықтан, дүкенге кіріп тамақ сатып ала алмайтынмын. Бірде мен балмұздақ сатып алу үшін дүкенге кіре қойған ем, сатушы мені бірден қуып шықты. Алайда маған жаны ашыған бір ақ әйел біреуін ала шықты.
Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде Оңтүстікте әлеуметтік құқықтар үшін күрес басталды. Түрлі ұйымдар студенттерді өз жағына тартып, мүшесі болуға талпындырды. Қара нәсілділер оқитын бірнеше мектеп, біздікін қоса алғанда, оқушылардың барлығын сондай ұйымдарға қосуды мақсат етті. Мені де “нәсілімізді қорғауға” итермеледі. Бірақ мен Құдайдың бір нәсілді басқасынан жоғары қойматынын түсіндіріп, мұндай ұйымға қосылмайтынымды айттым. Өйткені мұндай әділетсіздікті тек Құдай ғана жоя алады (Жох. 17:14; Ел. іс. 10:34, 35).
Мектепті бітірген соң Нью-Йорк қаласына көшуді ұйғардым. Жол-жөнекей конгресте танысқан Филадельфиядағы (Пенсильвания штаты) достарыма соқтым. Ол жақта ақ пен қара нәсілді бауырластар бірге жиналатын қауымды өмірімде бірінші рет көрдім. Бір күні аудандық бақылаушы мені былай алып шығып, келесі қауым кездесуінде тапсырмамен шығатынымды айтты. Бұл жағдай менің сол жерде қалуыма себеп болды.
Филадельфияда танысқан достарымның арасында Джералдин Уайт есімді қыз бауырлас болатын. Кейін мен оны Джерри деп атай бастадым. Ол Киелі кітапты жақсы білетін, сондай-ақ қызметте үй иелерімен тез тіл табысатын. Бірақ, ең бастысы, ол да мен сияқты ізашар болуды мақсат етіп қойған болатын. 1949 жылдың 23 сәуірінде біз үйлендік.
Ғалақадқа шақырылу
Біздің мақсатымыз Ғалақад мектебінде оқып, шет елде миссионер ретінде қызмет ету еді. Сондықтан осы мектепте оқуға лайық болу үшін жағдайымызды өзгертуге қуанышты болдық. Көп ұзамай бізді Нью-Джерсидегі Лаунсайдқа көшіп баруымызды өтінді. Сосын біз Пенсильваниядағы Честерде қызмет еттік, ал ақырында Нью-Джерсидегі Атлантик Ситиге тағайындалдық. Үйленгенімізге екі жыл толған соң, біз Ғалақад мектебіне өтініш жазып жібердік. Алайда бір кедергіге тап болдық.
1950 жылдардың басында жас жігіттердің көбісі Кореядағы соғысқа қатысу үшін әскерге шақырылды. Филадельфиядағы әскерге шақыру бөлімі мені әскери қызметтен босатқысы келмеді. Олар Ехоба куәгерлерін бейтараптық сақтағандары үшін жақтырмайтындай көрінетін. Кейінірек сот өкілінен білгенімдей, ФБР мен туралы деректер жинап, бейтараптық сақтауға негізім бар екеніне көз жеткізіпті. Сөйтіп, 1952 жылдың 11 қаңтарында мен діни қызметкер ретінде әскерден босатылдым.
Сол жылдың тамызында Джерри екеуміз қыркүйек айында басталатын Ғалақад мектебінің 20-сыныбына шақырылдық. Оқу кезінде шетелде қызмет етеміз деп армандап жүрдік. Әпкем Дорис Ғалақад мектебінің 13-сыныбын бітіріп, Бразилияға тағайындалған болатын. Ал біз оңтүстіктегі Алабама штатындағы қара нәсілді аумаққа аралаушы бақылаушы қызметіне тағайындалдық. Бұл біз үшін күтпеген жайт болды. Шетелде қызмет етуді қалағандықтан, көңіліміз біршама түсіп қалды.
Бірінші барған қауымымыз Хантсвилл қаласында еді. Біз бір әйел бауырласымыздың үйіне тоқтадық. Жүктерімізді үйге кіргізіп жатқанда, оның телефонмен “балалар келіп жетті” деп айтқанын естіп қалдық. Біз бар болғаны 24 жаста едік, алайда жастау көрінетінбіз. Сол ауданда қызмет еткен кезімізде бауырластар бізді “балалар” деп атап кетті.
Оңтүстікті “Киелі кітап белдеуі” деп атайтын, өйткені мұндағы адамдардың көбісі Киелі кітапқа құрметпен қарайтын болған. Сол себепті қызметте ұсыныс айтқанда біз келесідей үш жайтқа назар аударатынбыз:
1) Дүниедегі жағдай туралы қысқаша алғы сөз;
2) Киелі кітаптың беретін үміті;
3) Киелі кітаптың бізге беретін басшылығы.
Содан соң адамға Киелі кітапты зерттеуге арналған әдебиет беретінбіз. Мұндай ұсыныс жақсы нәтиже бергендіктен, мен 1953 жылы Нью-Йорктегі “Жаңа дүние қоғамы” деп аталған конгресте осы ұсынысты көрсеттім.
Кейін 1953 жылдың жаз айында мен оңтүстіктегі қара нәсілді аудандарға облыстық бақылаушы болып тағайындалдым. Аралайтын аумағымызға Вирджиниядан Флоридаға дейінгі жерлер және сонау батыста жатқан Теннеси мен Алабама штаттары кіретін. Аралаушы бақылаушылар бейімделгіш болулары қажет еді. Мысалы, канализациясы жоқ үйлерде тұрып, ас үйдегі ошақтың артында орналасқан кішкентай қалайы ваннада жуынуға тура келетін. Қуанышқа орай, ол бөлме үйдің ең жылы жері болатын.
Нәсілге бөлінудің әкелген қиындықтары
Оңтүстікте қызмет ете алу үшін бәрін ойланып істеу және пысық болу қажет еді. Мысалы, афро-американдықтарға қоғамдық кір жуу қызметін пайдалануға болмайтын. Сондықтан Джерри сол жерге барғанда, бұл “миссис Томсонның” киім-кешегі деп түсіндіретін. Кейбіреулер әйелімді сол кісінің қызметкері, ал “миссис Томсон” үйдің қожайыны деп ойлайтын. Сол уақытта облыстық бақылаушылар “Жаңа дүние қоғамы әрекет етуде” атты бейнефильмді үлкен экранда көрсету керек болатын. Мен дүкенге телефон соғып, “мистер Томсон” үшін экран сұрайтынмын. Кейін барып оны алып кететінмін. Біз әрдайым ілтипатты болғандықтан, қызметімізді еш қиындықсыз атқарып жүрдік.
Сондай-ақ ол жердің адамдары Солтүстіктегілерді жақтырмайтын. Бірде жергілікті газетте Нью-Йорктегі Күзет мұнарасы және Трактаттар қоғамының өкілі Джеймс Э. Томсонның, яғни менің баяндама айтатыным хабарланды. Сол себепті кейбіреулер мені Нью-Йорктен келді деп ойлап қалды. Мектеп басшылығы келісім-шартымызды бұзып, ғимараттарында конгресс өткізуге тыйым салды. Сондықтан мен оларға барып, Нью-Йоркте емес, Чаттанугада өсіп, сол қаладағы мектепте оқығанымды түсіндірдім. Сонда олар райларынан қайтып, залды пайдалануға рұқсат берді.
Нәсілге бөлінушілік 1950 жылдарының ортасында үдейе түсті, кейде адамдар бір-біріне тіпті қол жұмсайтын. 1954 жылғы облыстық конгрестердің кейбірінде қара бауырластардың баяндама айтпағаны кей Куәгерлерге ұнамапты. Бірақ біз қара нәсілді бауырластарымызды сабырлық сақтауға шақырдық. Келесі жазда маған конгресте баяндама айту тапсырылды. Кейінгі уақыттары Оңтүстікте көбірек қара нәсілді баяндамашылар шыға бастады.
Уақыт өте келе Оңтүстіктегі нәсіл аралық қақтығыстар азая бастады да, қара мен ақ түстілердің қауымдарын біріктіру үрдісі бастау алды. Бұл үшін жариялаушыларды басқа қауымдарға ауыстырып, қауым аймақтарын және тағайындалған бауырластардың жауапкершіліктерін өзгерту керек болды. Бұл өзгеріске көңілдері толмағандардың арасында ақ та, қара да бауырластар болды. Алайда басым көпшілігі көктегі Әкемізге еліктеп, алалаушылық танытпады. Көбісі нәсілдері бөлек болғанына қарамастан, жақын дос болып кетті. 1930—1940 жылдары менің жасөспірім кезімде отбасымызбен осы жайттарды өз басымыздан өткердік.
Жаңа қызмет
1969 жылғы қаңтарда Джерри екеуміз Оңтүстік Америкадағы Гайана елінде қызмет етуге шақырылдық. Біз жерден жеті қоян тапқандай қуандық! Алдымен, біз Бруклинге (Нью-Йорк) барып, Гайанадағы уағыздау ісінде басшылықты қолға алу үшін арнайы дайындықтан өттік. Ал 1969 жылдың шілде айында Гайанаға келіп жеттік. 16 жыл бойы аралаушылық қызметте болған бізге бір жерде тұрақталу қиынға соқты. Джерри күн ұзағына уағыздап, миссионерлік қызметін атқарды, ал мен Бетелде жұмыс істедім.
Мен шөп ордым, 28 қауымның әдебиетке берген тапсырыстарымен айналыстым және Бруклиндегі Бас басқармамен хат алысып тұратынмын. Күніне 14 не 15 сағат жұмыс істейтінмін. Екеумізге де жаңа қызмет түрлері оңайға соқпады, бірақ біз оны қуанышпен атқара бердік. Біз келгенде, Гайанада 950 жариялаушы болатын. Ал қазір олардың саны 2500 үстінде.
Біз Гайанадағы жылы ауа-райының рақатын көріп, экзотикалық жеміс-жидектер мен көкөністер жедік. Десе де бізді қуанышқа бөлеген басты нәрсе — шындықты сусаған момын адамдардың Құдай Патшалығы туралы біліп жатқаны еді. Джерри аптасына 20 зерттеу сабағын өткізетін. Олардың көбісі кейін шомылдыру рәсімінен өтті. Кейбірі уақыт өте келе ізашар, қауым ақсақалдары және тіпті Ғалақад мектебінен өтіп, біз сияқты миссионер болды.
Денсаулықтың нашарлауы
1983 жылы Құрама Штаттарда тұратын ата-анама көмек керек болды. Джерри екеуміз Дориспен отбасылық кеңес құрдық. Бразилияда миссионер болып 35 жыл қызмет еткен Дорис қайта оралып, ата-анамызға қарайтын болды. “Екеуден гөрі бір миссионердің қызметін қалдырғаны дұрыс емес пе?”— деді Дорис. Ата-анамыз көз жұмғанша Дорис Чаттанугада тұрып, арнайы ізашарлық қызметін атқарып жүрді.
1995 жылы менде қуық асты безінің ісігі бар екені анықталған соң, АҚШ-қа қайта оралуға тура келді. Біз оңтүстік Каролинадағы Голдсбороға көшіп бардық. Өйткені бұл менің отбасым тұратын Теннеси мен Джерридің жанұясы тұратын Пенсильванияның ортасында орналасқан қала еді. Менің ауруым аса мазаламайтындықтан, біз Голдсборо қауымында мүмкіндігі шектеулі арнайы ізашарлар ретінде қызмет етудеміз.
Артта қалған 65 жылдық толық уақытты қызметім жайлы ойласам, Джерри екеуміз Ехобаның мол батасына кенелдік деп сеніммен айта аламын! Мұның бәрі өзгерістер жасауға дайын болғанымыздың арқасында мүмкін болды. “Адал жанға адалдықпен қарайсың”,— деген Дәуіттің сөздері қаншалықты рас десеңші! (Заб. 17:26).
[3-беттегі суреттер]
Әкем мен Николс бауырлас мен үшін керемет үлгі болды
[4-беттегі суреттер]
1952 жылы Джерримен бірге Ғалақадқа баруға дайындалып жүрміз
[5-беттегі суреттер]
Ғалақадтан кейін Оңтүстікке аралаушы бақылаушы болып тағайындалдым
[6-беттегі сурет]
1966 жылы аралаушы бақылаушылар мен әйелдері облыстық конгреске дайындық кезінде
[7-беттегі сурет]
Қуанышқа толы Гайанадағы миссионерлік қызмет