“Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен”
“Жақыптың халқы сиынған Құдай... Тәңір Иеміз біздерге Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік, Әділетті еркін орындай берейік!” (ИШАЯ 2:3).
1, 2. Киелі кітапта жазылған мысалдардың бізге қандай пайдасы бар?
КИЕЛІ КІТАПТА біз үшін пайдалы болатын көп мәліметтің бар екеніне көзің жеткен болар. Мысалы, онда жақсы үлгі қалдырған адал ерлер мен әйелдер туралы жазылған. Біз олардың өмір салттары мен қасиеттеріне еліктегіміз келетіні шүбәсіз (Евр. 11:32—34). Сондай-ақ Жазбалардан жаман істер жасап, жағымсыз қасиеттер танытқан адамдар жайлы да оқыған шығармыз.
2 Алайда Киелі кітаптың кейбір кейіпкерлерінен үйренетін де, жиренетін де нәрселер бар. Мысалы, кішіпейіл қойшы, ал кейін мықты патша болған Дәуітті алайық. Ол шындықты жақсы көрген әрі Ехобаға арқа сүйеген. Десе де Дәуіт келесідей ауыр күнәлар жасаған: Барсабиямен зинақорлыққа барды, Ұрияны өлтіртті және халықты санақтан өткізді. Бірақ бұл мақалада біз Дәуіттің ұлы әрі Киелі кітаптың жазушысы болған Сүлеймен патша туралы сөз қозғаймыз. Алдымен, одан қандай екі нәрсеге үйрене алатынымызды көрейік.
Сүлейменнің даналығы
3. Неліктен Сүлеймен біз үшін жақсы үлгі қалдырды дей аламыз?
3 Иса Мәсіх өзінің бейнесі болған Сүлеймен патша туралы жақсы сөздер айтып, еліктеуге тұрарлық үлгі қалдырғанына назар аударды. Мәсіх екендігіне күмән келтірген яһудилерге Иса былай деген: “Сот күні оңтүстік патшайымы осы ұрпақпен бірге қайта тіріліп, оны айыптайды. Өйткені ол Сүлейменнің дана сөздерін тыңдау үшін жердің қиыр шетінен келген еді. Бірақ мұнда Сүлейменнен де зор біреу бар” (Мат. 12:42). Иә, Сүлеймен данышпандығымен танымал болған әрі бізді де даналыққа ие болуға шақырған.
4, 5. Сүлеймен даналыққа қалай ие болды, ал біз қалай ие бола аламыз?
4 Сүлеймен патша тағына отырғанда, Құдай оған аян беріп, не қалайтынын сұрады. Тәжірибесі аз екенін мойындаған Сүлеймен Құдайдан даналық беруді өтінді (Шежірелер 2-жазба 1:7—10 оқы). Байлық, атақ-даңқ емес, даналық сұраған Сүлейменге Құдай “даналық пен білікке” қоса асқан байлық та сыйлады (Шеж. 2-ж. 1:11, 12). Иса айтқандай, Сүлейменнің даналығы мол болғаны сонша, Сәба елінің патшайымы бұл туралы естігенде, оны өз көзімен көру үшін тіпті жердің қиыр шетінен келді (Шеж. 2-ж. 9:1—8).
5 Біз даналыққа керемет түрде ие боламыз деп ойламаймыз. Сүлейменнің “Жаратқан Ие даналық сыйлайды” дегені рас. Десе де оның “Құлағың даналыққа лайым түрік болса, Жан дүниең парасатқа дайын тұрса” деген сөздерінен көрінетіндей, даналыққа ие болу үшін күш салуымыз керек. Сондай-ақ ол даналықты “шақыруға” және оны “іздеуге” талпындырған (Нақ. с. 2:1—6). Иә, біз де даналыққа ие бола аламыз.
6. Сүлейменнен үлгі алып, даналықты бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?
6 Өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: Сүлейменнен үлгі алып, көктен келген даналықты асыл қазынадай бағалаймын ба? Бүгінде экономикалық тұрақсыздықтың кесірінен көп адам жұмыс пен қаражатты көбірек ойлайды не белгілі бір білім алуға тырысады. Ал сен және отбасың жайлы не деуге болады? Өмір салттарыңнан көктен келген даналықты бағалайтындарың көріне ме? Алдарыңа қойған мақсаттарыңды өзгертіп, даналықты іздеуге көбірек күш сала аласыңдар ма? Сүлеймен: “Осылай әділ, тура, ақ дегеннің мәнін ұғарсың, Ізгі жолдың қайсы екенін таба аларсың”,— деп жазды (Нақ. с. 2:9). Расында да, даналықты іздейтін болсақ, ертеңгі күні мол жемісін көреміз.
Шынайы ғибадатты асқақтатқаны нағыз тыныштық әкелді
7. Құдайға арналған зәулім ғибадатхана қалай соғылды?
7 Билігінің басында Сүлеймен Мұсаның күндерінен бері келе жатқан киелі шатырдың орнына зәулім ғибадатхана соқты (Шеж. 2-ж. 3:1, 2). Ғибадатхана оның атымен аталса да, Сүлеймен оны өз атын шығару үшін соқпаған. Негізінен, ғибадатхана соғуды Дәуіт ұсынған. Сосын Құдай ғибадатхананың жобасын беріп, оны қалай жабдықтау керектігін айтты. Дәуіт осы іске қомақты соманы садақа етті (Пат. 2-ж. 7:2, 12, 13; Шеж. 1-ж. 22:14—16). Десе де жеті жарым жылға созылған жобаны іске асыру Сүлейменнің еншісіне тиді (Пат. 3-ж. 6:37, 38; 7:51).
8, 9. а) Құдай ісінде аянбай еңбек етуге қатысты Сүлеймен қандай үлгі қалдырды? ә) Сүлейменнің шынайы ғибадатты асқақтатқанының нәтижесі қандай болды?
8 Сүлеймен аянбай еңбек етті әрі рухани нәрселерді назарында ұстады. Осылайша бізге жақсы үлгі қалдырды. Ғибадатхана соғылып біткен соң, ішіне келісім сандығы қойылды. Сонда Сүлеймен көпшілік алдында былай деп дұға етті: “Мына киелі үйді өз атыммен атаймын” деп сөз бергендіктен, оған күні-түні қамқор бола гөр... меншікті Исраил халқың бұл жерге қарай Саған сиынып мінажат еткен кезде көктегі мекеніңнен өтінішімізге құлақ салып, күнәларымызды кешіре гөр” (Шеж. 2-ж. 5:7; 6:20). Исраилдіктер және жатжерлік адамдар Ехобаның атымен аталған бұл ғимаратқа қарай бет бұрып, дұға ете алар еді (Шеж. 2-ж. 6:21, 32, 33).
9 Сүлейменнің шынайы ғибадатты асқақтатқанының нәтижесі қандай болды? Ғибадатхананың бағышталуын тойлап болған соң, “бәрі Жаратқан Иенің Дәуіт пен Сүлейменге және халқы Исраилге жасаған игіліктеріне қуанғаннан жүректері лүпілдеп қатты риза болды” (Шеж. 2-ж. 7:8—10). Сүлейменнің 40 жылдық билігінің кезінде исраилдіктер тыныштық пен молшылықта өмір сүрді (Шежірелер 2-жазба 9:26 оқы). Ал 71-ші забур жырында Ұлы Сүлеймен Иса Мәсіхтің билігінің тұсында біз кенелетін баталар жайлы айтылады (Заб. 71:6—8, 16).
Сүлейменнің жаман істерінен жирен
10. Сүлейменнің қандай бұрыс әрекеті бірден ойыңа келеді?
10 Сүлейменнің өмірі біз үшін, бір жағынан, ескерту де болып табылады. Оның көптеген жатжерлік әйелдер мен күңдерге ие болғаны есіңде шығар. Киелі кітапта біз былай оқимыз: “Сүлейменді құштарлық билеген сәтінде оның әйелдері оның жүрегін өздерінің құдайларына қарай еліктірді және оның жүрегі Жаратушы Иесіне, өзінің Құдайына толықтай адал болмады” (Пат. 3-ж. 11:1—6). Әрине, біздің оған бұл жағынан еліктегіміз келмейтіні анық. Алайда бізді сескендіретін тек осы жайт қана ма? Сүлейменнің өміріндегі бірден көзге түспейтін кейбір жайттарды қарастырып, өзімізге қандай сабақ алуға болатынын көрейік.
11. Сүлейменнің алғашқы некесінің салдары қандай болды?
11 Сүлеймен 40 жыл бойы билік еткен (Шеж. 2-ж. 9:30). Ал Шежірелер 2-жазба 12:13-тен ол туралы не білеміз? (Оқы). Бұл тармаққа сай, Сүлеймен қайтыс болған соң, оның ұлы Рохабоғам 41 жасында патша тағына отырды. Ал “оның шешесі аммондық Нағима болатын”. Демек, Сүлеймен патша тағына отырмай тұрып пұтқа табынған дұшпан халықтың қызына үйленген (Би. 10:6; Пат. 2-ж. 10:6). Бұл әйел де пұтқа табынған ба? Тіпті бір кездері табынған болса да, кейін Рахаб пен Рут сияқты шынайы ғибадатқа бет бұрған болуы мүмкін (Рут 1:16; 4:13—17; Мат. 1:5, 6). Қандай болған күнде де, Сүлейменнің Ехобаға ғибадат етпейтін аммондық қайын жұрты болды.
12, 13. Сүлеймен билік ете бастағанда қандай бұрыс шешім қабылдады, әрі бұлай етуіне не себеп болды?
12 Сүлеймен таққа отырғанда, жағдайы насырға шапты. Ол “Мысыр патшасымен туыстас болды және перғауынның қызын өзіне алып, оны Дәуіт қаласына алып келді” (Пат. 3-ж. 3:1). Бұл мысырлық әйел Рут сияқты шынайы ғибадатты қабылдады ма? Киелі кітапта бұл жөнінде ештеңе айтылмаған. Қайта, уақыт өте келе Сүлеймен бұл әйеліне (және оның мысырлық күңдеріне) Дәуіттің қаласынан тыс жерде үй соғып бергенін білеміз. Неге? Жазбаларға сай, ол мұны пұтқа табынатын адамға Ехобаның келісім сандығы тұрған жерде өмір сүруге болмайтындықтан істеген (Шеж. 2-ж. 8:11).
13 Мысыр ханшайымына үйленуімен Сүлеймен саяси мақсаттарға жетуді көздеген болса керек, алайда бұл келелі себеп болды ма? Бұдан көп уақыт бұрын Құдай Қанахан жеріндегі жалған тәңірлерге табынушы белгілі бір халықтармен некелесуге тыйым салған болатын (Заң. қ. 7:1—4). Сүлеймен бұл тізімге мысырлықтар енбегендіктен, олармен некелесуге болады деп ойлады ма? Тіпті солай болған күнде де, бұлай ой түзгені дұрыс болған жоқ. Бұл шешімді қабылдағанда ол басқа халықтардың исраилдіктерді шынайы ғибадаттан бұрып әкететіні туралы Ехобаның анық ескертуін елемеді (Мысырдан шығу 34:11—16 оқы).
14. Сүлейменнің жағдайынан қандай сабақ аламыз?
14 Біз Сүлейменнің қателігін қайталамауға тырысамыз ба? Қыз бауырлас “тек Иеміздің ізбасарына шығу керек” деген басшылыққа қайшы келетін романтикалық қарым-қатынас дамытуын ақтауы мүмкін (Қор. 1-х. 7:39). Әлдебіреу сабақтан тыс уақытта мектепте спорттық не басқа үйірмелерге қатысудың, азырақ салық төлеу үшін кірісін жасырудың не ұятқа қалдыратын жайттарға қатысты шындықты айтпаудың “келелі” себебін іздеуі мүмкін. Сүлеймен кемелсіз ақылына сүйеніп, Құдайдың заңдарын айналып өтудің жолын іздеген, біз үшін де мұндай қауіп бар.
15. Ехоба Сүлейменге қалай мейірімділік танытты, бірақ біз нені есте ұстауымыз керек?
15 Бір қызығы, Киелі кітапта Сүлейменнің басқа халықтың ханшайымына үйленгені туралы сөз етілген соң, Құдай оның даналық туралы өтінішін орындағаны және байлық қосып бергені айтылады (Пат. 3-ж. 3:10—13). Сүлеймен Құдайдың нақты нұсқауын бұзған соң, Ехоба одан бірден бас тартқаны не қатаң сөгіс бергені туралы мәлімет жоқ. Бұл жайт Құдайдың біздің топырақтан жаратылған пенде екенімізді ескеретінін көрсетеді (Заб. 102:10, 13, 14). Алайда мына жайтты ескерейік: біз ертелі-кеш істеріміздің нәтижесін көреміз.
Сонша көп әйел!
16. Көп әйел алуымен Сүлеймен қандай нұсқауға немкетті қарады?
16 Таңдаулы әндер кітабында патша 60 патшайым мен 80 күңнен де сұлу пәк қыз жайлы жырлайды (Таң. ә. 6:1, 8—10). Егер бұл жерде Сүлеймен өзі жайында айтып тұрса, билігінің сол кезеңінің өзінде оның осыншама әйелі болған болса керек. Олардың көбісі не тіпті барлығы шынайы ғибадатты қабылдаған күнде де, Исраилдің патшасы Құдайдың Мұса арқылы берген нұсқауына сай, “жүрегін әзәзіл сезім жайламасын десе, көп әйел алмау” керек еді (Заң. қ. 17:17). Сүлеймен көп әйел алғанына қарамастан, Ехоба одан теріс айналып кетпеді. Қайта, оған батасын беріп, Таңдаулы әндер кітабын жаздырды.
17. Біз не нәрсені ұмытпауымыз керек?
17 Сүлеймен Құдай нұсқауын елемегені үшін жазаға тартылмағаны бізге де солай етуге болады дегенді білдіре ме? Жоқ. Қайта, Сүлейменнің жағдайынан Құдай олқылық жасап жүрген адамға біраз уақыт шыдамдылық танытуы мүмкін екенін көреміз. Алайда адамның Құдай нұсқауын елемегені үшін бірден жазаға тартылмағаны ешқашан оның салдарын көрмейді дегенді білдірмейді. Сүлейменнің сөздеріне көңіл бөлші: “Қиянат істерді соттау тез арада бітетін шаруа емес, міне, осыдан барып адамзат әулетінің жүректері жауыздық іс жасаудан сескенбейді”. Сосын ол былай деп қосты: “Бірақ мен Құдай нұрының алдында қайырымдылыққа бет бұрған, Құдайдан қорқатын адамға жақсылықтың келетіндігін білемін” (Екк. 8:11, 12).
18. Сүлейменнің жағдайы Ғалаттықтарға 6:7-дегі шындықты қалай растайды?
18 Сүлеймен өз сөздеріне сай өмір сүргенде ғой, шіркін! Иә, ол көп жақсылық жасады және мол батаға кенелді. Алайда ол шалыс қадамдарды да бірінен соң бірін жасады. Ауру қалса да әдет қалмайды демекші, мұнысы дағдыға айналды. Елші Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған келесі сөздері қалай дөп айтылған десеңші: “Алданбаңдар! Құдай өзін мазақтатып қоймайды. Адам не ексе, соны орады” (Ғал. 6:7). Күндердің күнінде Сүлеймен Құдайдың басшылығына құлақ аспағанының зардабын тартты. Осы жайында біз былай деп оқимыз: “Сүлеймен патша перғауын қызынан басқа көптеген шетелдік әйелдерді — моабтық, аммондық, едомдық, сидондық және хеттік — әйелдерді сүйді” (Пат. 3-ж. 11:1 ЖД). Олардың көбісі жалған құдайларына ғибадат етуді жалғастырған болса керек және бұл Сүлейменге әсер етпей қоймады. Ол жолдан тайды да, шыдамы мол Құдайымыздың ықыласынан айырылды (Патшалықтар 3-жазба 11:4—8 оқыa).
Жақсысынан үйрен, жаманынан жирен
19. Неге біз Киелі кітапта жақсы үлгі қалдырған адамдардың мысалдары бар дей аламыз?
19 Ехоба Пауылды былай деп жазуға талпындырды: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Рим. 15:4). Киелі кітапта сенімнің жақсы үлгісін қалдырған көптеген ер және әйел адамдар туралы айтылған. Сондықтан Пауыл былай деп қосты: “Тағы кімдер жайында айтайын? Гедеон, Барақ, Самсон, Ефта, Дәуіт, Самуил және басқа да пайғамбарлар жайында айтуға уақытым жетпес еді. Олар сенімдерінің арқасында патшаларды жеңді, әділ әрекет етті, Құдайдан уәделер алды... әлсіз кезінде құдіретке ие болды” (Евр. 11:32—34). Иә, Жазбаларда жақсы үлгі қалдырған адамдардың мысалдары көп, әрі біз оларға еліктеуге тиіспіз.
20, 21. Неге Құдай Сөзіндегі мысалдардан сабақ алғың келеді?
20 Алайда Киелі кітаптағы кейбір оқиғалар біз үшін ескерту ретінде жазылған. Ондай оқиғалар кезінде Ехобаға адал қызмет еткен адамдардың өмірінде орын алған. Киелі кітапты оқу барысында бұл адамдардың қашан және қалай шалыс қадам басқандарын аңғарып, мұнысын қайталамауға тырысайық. Мысалы, олардың кейбірі бұрыс қалаулар мен ойларға бірте-бірте бой алдырып, ақырында қатты опық жеді. Мұндай оқиғалардан қалай сабақ ала аламыз? Өзімізге келесідей сұрақтарды қойсақ болады: Бұл шалыс қадам неден бастау алды? Мұндай нәрсе менімен де болуы мүмкін бе? Одан аулақ болу үшін бұл оқиғадан нендей нәрсеге үйрене аламын?
21 Біз бұл мысалдарды мұқият қарастыруымыз керек, өйткені Пауыл рухтың жетелеуімен былай деп жазды: “Солардың бастарынан өткізгендері басқаларға сабақ болды және замандардың соңы келген уақытта өмір сүріп жатқан біздерге ескерту ретінде жазылып қалдырылды” (Қор. 1-х. 10:11).
[Сілтеме]
a Патшалықтар 3-жазба 11:4—8: “Сүлейменді құштарлық билеген сәтінде оның әйелдері оның жүрегін өздерінің құдайларына қарай еліктірді және оның жүрегі Дәуіттің, өзінің әкесінің жүрегіндей Жаратушы Иесіне, өзінің Құдайына толықтай адал болмады. Сөйтіп, Сүлеймен Астартке, Сидон, Милхом құдайларына, Аммонит жексұрынды ісіне құлшылық етті. Сөйтіп, Сүлеймен Жаратушы Иенің көз алдында лайықсыз істер істеді және оның әкесі, Дәуіт сияқты Жаратушы Иенің жолын толық ұстанбады. Сол кезде Сүлеймен Хамоске, Иерусалим қарсы алдындағы тауға, Моавит жексұрындық ісіне, және Молохке, Аммонит жексұрындық ісіне арнап ғибадат орнын салдырды. Ол өзінің барлық жат елдік әйелдері үшін осындай істер жасады, ол әйелдер өзінің құдайларына бағыштап хош иісті түтін түтетті және құрбандық берді”.
Не білдіңдер?
• Неге Киелі кітаптан үйренетін де, жиренетін де мысалдарды табуға болады?
• Сүлеймен бойында бұрыс қалаулардың пайда болуына қалай жол берді?
• Сүлейменнің жағдайынан қандай сабақ алуға болады?
[9-беттегі сурет]
Сүлеймен Құдайдан келген даналықты танытты
[12-беттегі суреттер]
Сүлейменнің жағдайынан сабақ аласың ба?