Апаттар болмайтын кез келеді!
ЕГЕР әлдебіреу сізге: “Жақында апаттар болмайтын кез келеді”,— десе, бұған не дер едіңіз? Бәлкім: “Бұл мүмкін емес. Апаттар атам заманнан бері болып келеді ғой”,— дерсіз. Я болмаса: “Мынау мені мазақ етіп тұр ма?”— деп ойларсыз.
Табиғи апаттардың тоқтайтын кезі келмейтіндей көрінгенмен, шындығына келгенде, жақында жер бетінде үлкен өзгерістер болмақ әрі бұған сенуге барлық негіз бар. Алайда бұл өзгерістерді адам баласы жасамайды, өйткені адамдар табиғат құбылыстарының қыр-сырын толық түсіне алмайды. Ал оларды тізгіндеуге не өзгертуге тіптен дәрменсіз. Даналығы мен байқампаздығымен танымал болған ежелгі Исраил патшасы Сүлеймен былай деп жазды: “Адам баласы аспан астында істелініп жатқан шаруалардың барлығының шегіне жете алмайтындығын ұғындым. Адам баласы осыны білуге қаншама талпынып тырысса да, ол мұны біліп болмайды және қандай да болмасын кемеңгер адам мұны білемін десе де, ол осылардың барлығын жете меңгеруі мүмкін емес” (Екклесиаст 8:17).
Адам баласы табиғи апаттарға тосқауыл бола алмаса, сонда бұл кімнің қолынан келеді? Киелі кітапта аталмыш өзгерістерді біздің Жаратушы Құдайымыздың жасай алатыны айтылған. Ол су айналымы сияқты табиғат заңдылықтарын орнатқан (Екклесиаст 1:7). Адамдардан ерекшелігі — Құдай шексіз күшке ие. Еремия пайғамбар осыны растап, былай деген: “О, Жаратушы Құдай! Сен өзіңнің ерен күшіңмен... аспан мен жерді жараттың. Сенің қолыңнан келмейтін ештеңе жоқ” (Еремия 32:17). Құдай жер мен ондағының барлығын жаратқандықтан, адамдардың тыныштық пен қауіпсіздікте тұруы үшін мәселені қалай шешу керектігін білетіні шүбәсіз (Забур 36:11; 113:24).
Сонда Құдай мәселені қалай шешпек? Екінші мақалада айтылып кеткендей, бүгінде кең етек алған жантүршігерлік оқиғалар “осы заманның аяқталып қалғанының” “белгісі” болып табылады. Иса пайғамбар: “Осылардың болып жатқанын көргенде, Құдай патшалығының таяп қалғанын білесіңдер”,— деген (Матай 24:3; Лұқа 21:31). Құдай патшалығы, яғни көктегі үкіметі, жер бетінде үлкен өзгерістер жасап, табиғат құбылыстарын өзіне бағындырмақ. Ехоба Құдайдың мұны істеуге құдіреті жетсе де, бұл тапсырманы ол өзінің рухани Ұлы Исаға тапсырған. Даниял пайғамбар ол туралы былай деген: “Оған билік, даңқ пен патшалық берілді, барлық халықтар, ұлттар мен жұрттар Соған қарасын делінді” (Даниял 7:14).
Иә, Иса Мәсіхке жер бетін керемет тұраққа айналдыруға құдірет берілді. Ол екі мың жыл бұрын жерде өмір сүрген кезінде табиғат күштеріне әмір жүргізе алатынын көрсеткен. Бірде Иса шәкірттерімен бірге Ғалилея теңізінде қайықпен жүзіп бара жатқанда, “сұрапыл дауыл көтерілді де, толқындар қайықты соққылап, оның іші суға толуға шақ қалды”. Зәре-құты қалмаған шәкірттер өмірлері үшін қорқып кетіп, Исадан көмек сұрады. Сонда Иса не істеді? Ол жай ғана “желге тыйым салды да, теңізге: — Тына қал, басыл!— деп бұйырды. Сонда жел басылып, жым-жырт тыныштық орнады”. Шәкірттері таңғалып: “Жел де, теңіз де бағынатын бұл кім өзі?”— десті (Марқа 4:37—41).
Иса рухани тұлға ретінде көкке көтерілген соң, оған одан да зор билік пен құдірет берілді. Құдай патшалығының билеушісі болғандықтан, оның жер бетінде тыныштық пен қауіпсіздік орнатуға жауапкершілігі де, күші де бар.
Алдыңғы мақалалардан білгеніміздей, қиындықтар мен апаттардың болуына көп жағдайда табиғатты өз мақсатына пайдаланатын өзімшіл, ашкөз адамдардың іс-әрекеттері себепші болады. Алған бетінен қайтпайтын осындай қыңыр адамдармен Құдай патшалығы не істемек? Киелі кітапта олардың жойылатыны айтылған. Бұл Иса Мәсіх “құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен ашық көрінгенде болады. Сол кезде Құдайды білмейтіндерден және Иеміз Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнбайтындардан кек алынады”. Иә, билеушіміз “жерді бүлдіргендерді құртады” (Салоникалықтарға 2-хат 1:7, 8; Аян 11:18).
Сосын “Патшалардың Патшасы” Иса Мәсіх жердегі табиғат күштерін толығымен өз бақылауына алады (Аян 19:16). Ол Патшалықтың азаматтарына ешқандай апаттардың зиян келтірмеуін жіті қадағалайтын болады. Өзіне берілген күші арқылы Иса Мәсіх ауа райы мен табиғат құбылыстарын реттейді де, олар адамдарға тек пайда әкелетін болады. Нәтижесінде Ехоба Құдайдың адамдарға ежелде уәде еткен келесі сөздері орындалады: “Мен сендерге өз кезінде жаңбыр жіберемін, сөйтіп, жер өз өркендерін жайып салады да, алқаптардағы ағаштар өз жемістерін беретін болады” (Леуіліктер 26:4). Сондай-ақ адамдар өздеріне үй соққанда, апаттан қирап қалады деп қорықпайды. Киелі кітапта былай делінген: “Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады” (Ишая 65:21).
Не істеуіңіз керек?
Көптеген басқа адамдар сияқты, сіздің де жойқын апаттар болмайтын дүниеде өмір сүргіңіз келетіні шүбәсіз. Алайда бұл үшін не істеу керек? “Құдайды білмейтіндер” және “ізгі хабарға мойынсұнбайтындар” апаттар болмайтын дүниеде өмір сүруге лайықсыз деп табылатындықтан, біздің Құдай жайлы білім алып, оның жер бетіне жүргізетін билігін қолдауымыз керектігі анық. Құдайдың талабына сай, біздің оны жақыннан танығанымыз және өзінің рухани Ұлы арқылы орнатқан Патшалығы туралы ізгі хабарға мойынсұнғанымыз маңызды.
Мұны істеудің ең жақсы жолы — Киелі кітапты мұқият зерттеу. Ол жерде Құдай патшалығы билік ететін қауіпсіз дүниеде өмір сүретіндерге қойылатын талаптар бар. Ендеше, неге Ехоба куәгерлерінен Киелі кітап ілімдерін үйретуді сұрамасқа? Олар сізге көмектесуге дайын. Мынаған еш күмәнданбасаңыз болады: егер сіз Құдай жайлы білім алып, ізгі хабарға мойынсұнсаңыз, Нақыл сөздер 1:33-тегі сөздердің өз өміріңізде орындалғанын көресіз. Ол жерде былай делінген: “Мені тыңдаған қауіпсіз тұрады, еш пәледен қорықпай, алаңсыз болады”.