“Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме”
“Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе” (НАҚ. С. 3:5).
1, 2. а) Біз қандай жағдайларға кезігуіміз мүмкін? ә) Қиындықтарға тап болғанда, шешім қабылдарда не күнә жасауға азғырылғанда, кімге сенім артқанымыз жөн және неге?
СИНТИЯa жұмыстан айырылып қаламын ба деп уайымдауда. Ол жұмыс істейтін компанияның көп бөлімшелері жабылып, көптеген жұмысшылар қысқартылды. Егер Синтия да жұмыстан шығарылса, көретін күні қандай болмақ? Төлемақыларын қалай төлейді? Памела есімді қыз бауырлас жариялаушылар жетіспейтін жерге бару-бармауды шеше алмай дал болып жүр. Ал Сэмюэл деген жігіттің уайымы басқа. Ол бала кезінде порнографияны көп көрген. Қазір жасы жиырмаға келген Сэмюэл бұрынғы әдетіне оралуға қатты азғырылуда. Ол бұған қалай төтеп бере алады?
2 Қиындықтарға тап болғанда, маңызды шешім қабылдарда не күнә жасауға азғырылғанда қалай әрекет етесің? Өзіңе арқа сүйейсің бе, әлде “уайымыңды Жаратқан Иеге артасың” ба? (Заб. 54:23). Киелі кітапта: “Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады”,— делінген (Заб. 33:16). Олай болса, Ехобаға шын жүректен сенім артып, өз ақыл-санамызға сүйенуден аулақ болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! (Нақ. с. 3:5).
3. а) Ехобаға сенім арту дегеніміз не? ә) Неге кейбіреулер өздерінің ақыл-саналарына сүйенуге бейім болуы мүмкін?
3 Адам Ехобаға шын жүректен сенім артатынын оның еркіне сай әрекет ету арқылы көрсетеді. Бұның бірден-бір жолы — Құдайдан шын ықыласпен басшылық сұрап, үнемі дұға ету. Алайда көп адам үшін бар уайымын Ехобаға тапсыру оңайға соқпайды. Мысалы, Линн есімді қыз бауырлас былай деді: “Ехобаға толықтай арқа сүйеуді үйрену мен үшін өте қиын болды”. Неліктен? “Әкем екеуміз араласпаймыз. Анам да менің эмоциялық не тәндік қажеттіліктерімді еш ойлаған емес,— дейді Линн. —Сондықтан ерте жастан өзіме ғана арқа сүйеуге тура келді”. Осының кесірінен Линн үшін біреуге толықтай сенім арту оңай болмады. Қабілетті не өмірде табысқа жеткен адамдар да өздеріне ғана сенуге бейім келеді. Мәсіхші ақсақалдың өз тәжірибесіне сүйенгені қауымға қатысты мәселені Құдайға дұға етпей шеше салуға түрткі болуы мүмкін.
4. Осы мақалада не туралы сөз қозғаймыз?
4 Ехоба өзінен көмек сұраған қызметшілері дұғаларына сай әрекет етеді және оның басшылығын мықтап ұстанады деп күтеді. Ехобаға қиындықтарымызды арта отырып, қалай олардың шешілуіне өзіміз де күш сала аламыз? Қандай да бір шешім қабылдау қажет болғанда, неден сақ болуымыз керек? Азғыруларға қарсы тұруға тырысқанда неге дұға етудің маңызы зор? Киелі кітаптағы мысалдарды қарастыра отырып, осы сұрақтардың жауаптарын табуға тырысайық.
Қиындыққа тап болғанда
5, 6. Ассур патшасы қоқан-лоқы көрсеткенде, Езекия қалай әрекет етті?
5 Киелі кітапта Яһуда патшасы Езекия жайында былай делінген: “Ол Ехобаға етене жабысты және одан бас тартпады. Қайта, Ехоба Мұсаға берген өсиеттерді орындап жүрді”. Иә, Езекия “Исраил Құдайы Ехобаға үміт артты” (Пат. 4-ж. 18:5, 6 ЖД). Ассур патшасы Сеннахиримнің күшті әскері Яһуданың бірнеше қаласын жаулап алған соң, Иерусалимді нысанаға алған болатын. Рабшақ және патшаның басқа да өкілдері қоқан-лоқы көрсеткенде, Езекия қалай әрекет етті? Ол Ехобаның киелі үйіне барып, былай деп дұға етті: “Жаратушы Ие, біздің Құдайымыз бізді оның қолынан құтқар, сонда жер бетіндегі бүкіл патшалық бір ғана Сені, Жаратушы Ие, Құдай деп біледі” (Пат. 4-ж. 19:14—19).
6 Езекия ғибадатханаға барып дұға еткен соң қол қусырып отырмады. Ол тіпті дұға етердің алдында халыққа Рабшақтың сөзін елемеуді бұйырды. Сондай-ақ Ишая пайғамбардан кеңес сұрауға адам жіберді (Пат. 4-ж. 18:36; 19:1, 2). Езекия қолынан келгеннің бәрін істеді. Ол Мысырдан не көрші халықтардан көмек іздеп Ехобаның еркіне қайшы әрекет еткен жоқ. Ол өз ақыл-санасына емес, Ехобаға жүгінді. Нәтижесінде Құдайдың періштесі 185 000 әскерді қырып салды, ал Сеннахирим патша артқа шегініп, Ниневияға қайтты (Пат. 4-ж. 19:35, 36).
7. Ханна мен Жүністің дұғасы бізге қалай жұбаныш береді?
7 Елқана есімді леуіліктің әйелі Ханна бала көтере алмағанына қатты қынжылғанда, Ехобаға үміт артты (Пат. 1-ж. 1:9—11, 18). Ал Жүніс пайғамбарды үлкен балық жұтып қойғанда, ол: “Қиын-қыстау кезімде, Құдай Ием, Саған сиындым, жауап бердің де Сен. Мен тұңғиықтың терең түкпірінен Саған көмек сұрап жалбарынған ем. Шақырған даусыма құлақ салдың Сен”,— деп дұға етті. Осыдан кейін балық Жүністі жағалауға құсып тастады (Жүніс 2:1, 2, 10). Жағдайымыз қандай қиын болмасын, Ехобаға “өтініштерімізді” айтып, көмекке шақыра алатынымызды білгеніміз жанымызға жай береді емес пе?! (Забур 54:2, 17 оқы).
8, 9. Езекия, Ханна және Жүніс дұғаларында қандай жайттар туралы айтты және біз бұдан қандай сабақ аламыз?
8 Езекия, Ханна және Жүністің мысалынан қиындықтарымыз туралы дұға еткенде, нені еш ұмытпауымыз керектігіне қатысты маңызды сабақ аламыз. Үшеуінің де жаны қатты қиналған. Алайда дұғаларынан көрінетіндей, олар тек қара бастарын ойлап, қиыншылықтарынан арылтуды ғана сұрамаған. Олар үшін Құдай есімі, шынайы ғибадат және оның еркінің орындалуы өте маңызды болған. Езекия Ехобаның атына кір келеді деп уайым жеді. Ханна болса дүниеге ұл әкелсе, оны Шилодағы киелі шатырда қызмет етуге беретінін уәде етті. Ал Жүніс сөзінде тұрып, Құдайдың тапсырмасын орындайтынын айтты (Жүніс 2:9).
9 Басымызға қиындық түскен шақта Құдайдан көмекті қандай ниетпен сұрайтынымызды тексергеніміз жөн. Біз қиындықтан құтылуды ғана қалаймыз ба, жоқ әлде Ехоба мен оның еркінің орындалуын ойлаймыз ба? Жеке бастың қайғысы өз жағдайымызды ғана ойлап, рухани нәрселерді шетке ысырып тастауға түрткі болуы мүмкін. Олай болса, Құдайдан көмек сұрап дұға еткенде, ең алдымен, Ехобаны, оның есімінің қастерленуін және билігінің ақталуын ойлайық. Сонда өтінішіміз біз күткендей орындалмаса да, салымыз суға кетпейді. Бәлкім, Құдай қиыншылықтарға төзгенімізді қалап, қажетті күш беру арқылы дұғамызға жауап берер (Ишая 40:29; Філіпіліктерге 4:13 оқы).
Шешім қабылдағанда
10, 11. Қалай әрекет етуді білмегенде Жосафат не істеді?
10 Маңызды шешімдерді қалай қабылдайсың? Шешім қабылдаған соң барып Ехобаның батасын сұрайсың ба? Аммондықтар мен моабтықтардың біріккен әскерлері Яһуда патшасы Жосафатқа қарсы соғыс ашқанда, оның қалай әрекет еткеніне назар аударайық. Яһуда әскері бұл қалың қолға қарсы тұра алмас еді. Сонда Жосафат не істеді екен?
11 Киелі кітапта былай делінген: “Сонда Жосафат үрейленді, сөйтіп жүзін Жаратқан Иеге жалбарынуға бұрды”. Ол бүкіл Яһудада ораза жариялап, халықты Ехобадан көмек сұрауға жинады. Сосын ол Яһуда мен Иерусалим тұрғындарының ортасында тұрып дұға етті. Сол дұғада мынадай сөздер бар: “Құдайымыз біздің! Сен сотта оларды. Өйткені бізге қарсы келген осынау қисапсыз көпшілікке қолданар күшіміз жоқ, сөйтіп біз не істерімізді білмей тұрмыз, бірақ Саған қарап жаутаңдаймыз!” Шынайы Құдай Жосафаттың дұғасын естіді де, керемет жасап Яһуданы құтқарды (Шеж. 2-ж. 20:3—12, 17). Шешім қабылдағанда, әсіресе ол Құдаймен қарым-қатынасымызға әсер етуі мүмкін болса, біз ақыл-санамызға емес, Ехобаға сенім артуымыз керек емес пе?!
12, 13. Дәуіт патша шешім қабылдауға қатысты қандай үлгі қалдырды?
12 Басымызға түскен қиындыққа бұрын да кезіккендіктен оның шешімі оңай болып көрінсе, не істеуіміз керек? Дәуіт патшамен болған жағдай осы сұрақтың жауабын білуге көмектеседі. Бірде амалектіктер Секеләг қаласына шабуыл жасап, Дәуіттің және оның адамдарының әйелдері мен балаларын тұтқындап алып кетеді. Сонда Дәуіт Ехобадан: “Осы шапқыншы әскердің соңына түсейін бе?”— деп сұрайды. Ехобаның жауабы мынау болды: “Соңына түс, қуып жетесің, құтқарып та аласың!” Дәуіт Ехобаның айтқанын тыңдады, соның арқасында “амалектіктердің алып кеткендерінің бәрін құтқарып алды” (Пат. 1-ж. 30:7—9, 18—20).
13 Осы оқиғадан біраз уақыт өткен соң, Исраилге філістірлер шабуыл жасайды. Сонда Дәуіт қайтадан Ехобаның басшылығын сұрағанда, Құдай оған: “Аттан! Філістірлерді жеңіп шығуыңа ешбір шүбәң болмасын. Оған қолыңды Өзім жеткіземін”,— деп анық жауап береді (Пат. 2-ж. 5:18, 19). Көп ұзамай філістірлер қайтадан Исраилге қарсы шығады. Бұл жолы Дәуіт қалай әрекет етпек? Ол: “Мұндай жағдайға екі рет кезіккенмін. Қазір де барып Құдайдың жауларының быт-шытын шығарайын” деп ойлай ма, әлде Ехобадан басшылық іздей ме? Дәуіт өз тәжірибесіне сүйенген жоқ. Ол қайтадан Ехобаға дұға етіп, көмегіне жүгінді. Кейін бұлай еткеніне Дәуіт қатты қуанса керек! Өйткені бұл жолы Құдай оған басқа нұсқау берген болатын (Пат. 2-ж. 5:22, 23). Иә, басымызға түскен қиындық бізге таныс болса да, өз тәжірибемізге ғана сүйенуден аулақ болуымыз керек (Еремия 10:23 оқыb).
14. Ешуа мен Исраил ақсақалдарының әрекетінен қандай сабақ аламыз?
14 Бәріміз, тіпті тәжірибелі ақсақалдар да, кемелсіз болғандықтан, шешім қабылдаған кезде Ехобаның басшылығына әрдайым жүгіну керектігін ұмытпауымыз керек. Мұсаның орынбасары Ешуа және Исраил ақсақалдары өзінің кім екенін жасырған гибеондықтармен қалай әрекет еткенін қарастырайық. Ешуа мен ақсақалдар Ехобаның басшылығына жүгінбестен гибеондықтармен бейбіт келісім жасасады. Ехоба бұл келісімді кейін құптағанымен, олардың өзінің басшылығын іздемегені жайлы мәліметті біздің пайдамыз үшін жазылып қалдырылуына қам жасады (Ешуа 9:3—6, 14, 15).
Азғыруларға қарсы күрескенде
15. Азғырылуға қарсы тұру үшін неліктен дұға ету маңызды?
15 Бойымызда “күнә заңы” болғандықтан, бәріміз де күнәкар болмысымыздың құмарлықтарына қарсы күресуіміз керек (Рим. 7:21—25). Біз бұл күресте қалай жеңіп шыға аламыз? Иса өз шәкірттеріне айтқандай, азғыруларға қарсы тұру үшін дұға етуіміз қажет (Лұқа 22:40 оқы). Тіпті Құдайға дұға еткен соң бұрыс қалаулар мен ойлардан бірден арылмасақ та, “жомарттықпен әрі еш жазғырмай-ақ бере салатын Құдайдан” даналық сұрай берейік (Жақ. 1:5). Сондай-ақ Жақып былай деп жазды: “Араларыңдағы біреу [рухани] ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын. Олар Ехобаның атынан оған май жағып, дұға етсін. Сеніммен айтылған дұға науқасты сауықтырып, Ехоба оны аяққа тұрғызады. Егер күнә жасаған болса, онысы кешіріледі” (Жақ. 5:14, 15).
16, 17. Азғыруларға қарсы тұру үшін қай уақытта дұға еткен дұрыс?
16 Сонымен, азғырылуға қарсы тұру үшін дұға ету қажет. Алайда қай уақытта дұға ететініміз де маңызды. Нақыл сөздер 7:6—23 тармақтарда әңгімеленген жігіттің мысалын қарастырайық. Күн батып, ымырт түскен кезде бұл жігіт опасыз әйел тұрған көшемен жүреді. Әйел майда тілімен оны арбап алады да, жігіт сойылуға бара жатқан өгіздей оған еріп жүре береді. Ол әлгі көшемен не себепті жүрді? Әлі “ақылы толмаған” бұл жігіт тән құмарлығына берілген болса керек (Нақ. с. 7:7). Оның қай кезде дұға еткені жөн болар еді? Әрине, азғырылуға төтеп беру үшін кез келген уақытта дұға еткені пайдалы. Бірақ сол көшемен жүру ойына келген сәтте дұға еткені ол үшін ең жақсы қорғаныш болар еді.
17 Мәселен, қандай да бір ер адам порнография көруден аулақ болуға барынша тырысып жүрген шығар. Алайда ол өнегесіз суреттер мен бейнероликтері бар Интернет сайтқа кірмекші делік. Олай болса, оның жағдайы Нақыл сөздер 7-тараудағы жігіттің жағдайына ұқсас емес пе? Сайтқа кірсе, қандай қауіпті жолға түспек десеңші?! Порнографияны көруге азғырылып жүрген адамның сондай сайттарға кірмес бұрын Ехобадан көмек сұрап дұға еткені абзал.
18, 19. а) Неліктен азғыруларға қарсы тұру оңай болмауы мүмкін, бірақ бұл қиындықты жеңуге не көмектеседі? ә) Сен не істеуді шештің?
18 Азғыруларға қарсы тұру не жаман әдетті жеңу оңай емес. “Өйткені тәннің қалауы рухтікіне, ал рухтікі тәндікіне қарсы”,— деп жазды елші Пауыл. Сондықтан біз “істегіміз келгенді істемейміз” (Ғал. 5:17). Күнәкар құмарлықтарымызға қарсы тұру үшін санамызға бұрыс ой келген сәтте-ақ ынты-шынтымызбен дұға етіп, соған сәйкес әрекет етуіміз қажет. Біз “жұрттың бәріне тән азғырылуларға кезігіп жатырмыз”, демек, біз Ехобаның көмегімен адал болып қала аламыз (Қор. 1-х. 10:13).
19 Қиын жағдайға кезіккенде, маңызды шешімдер қабылдағанда не азғыруларға қарсы күрескенде, біз Ехобадан көмек сұрап дұға ете аламыз. Осылайша Құдайға сенім артатынымызды көрсетеміз. Сондай-ақ Құдайдың киелі рухын сұрай беруіміз керек. Өйткені киелі рух бізге бағыт-бағдар көрсетіп, күш береді (Лұқа 11:9—13). Ең бастысы, өз ақыл-санамызға сүйенуден аулақ болып, Ехобаға барынша сенім артайық.
[Сілтемелер]
a Есімдер өзгертілген.
b Еремия 10:23: “Жаратушы Ие, өз бағыт-бағдарын белгілеудің адам құзырында емес екенін, жол жүріп бара жатқан пенденің табан тірер бағытты өзінің айқындауға шамасының жетпейтінін білемін”.
Естеріңде ме?
• Езекия, Ханна және Жүністен Ехобаға сенім артуға қатысты не үйрендің?
• Шешім қабылдағанда ақыл-санамызға сүйенуден сақ болу керектігі Дәуіт пен Ешуаның мысалынан қалай көрінеді?
• Азғыруларға қарсы тұру үшін, әсіресе қашан дұға етуіміз керек?
[9-беттегі сурет]
Азғыруларға қарсы тұру үшін қай сәтте дұға еткен дұрыс?