Ехобаға қызмет еткен қандай рақат!
Айтып берген: Фред Раск
Мен Дәуіттің Забур 26:10-дағы: “Бас тартса менен тіпті әке-шешем, қабылдайды мені Жаратқан Ием” деген сөздерінің растығына бала кезімде көз жеткіздім. Мұның қалай болғанын сіздерге айтып берейін.
МЕН атамның Джорджия штатындағы (АҚШ) мақта фермасында 1930 жылдары орын алған “ұлы депрессия” кезінде өстім. Анамның және жаңа туылған інімнің өліміне қатты қайғырған әкем мені атамның қолына тастап, жұмыс істеу үшін алыс қалаға көшіп кетті. Кейінірек ол мені өзімен бірге әкеткісі келгенімен, мұнысы ешқашан жүзеге аспады.
Үй ішін атамның үлкен қыздары басқарды. Атам құдайшыл болмаса да, қыздары баптистер еді. Олар мені жексенбі сайын шіркеуге баруға күштейтін, тілдерін алмасам, сабаймыз деп қорқытатын. Сондықтан бала кезімнен дін атаулыны жақтырмай өстім. Бірақ сабақ оқып, спортпен шұғылдануды қатты жақсы көретінмін.
Өмірімді өзгерткен қонақтар
1941 жыл еді. Жасым он бесте болатын. Бір күні түс қайта жасы келген ер кісі әйелімен бірге үйге қонаққа келді. Ол өзін: “Мен сенің Талмидж Раск деген көкең боламын”,— деп таныстырды. Оны бірінші рет көруім еді, кейін олардың Ехоба куәгерлері екенін білдім. Ол бізге Құдай адамзаттың жерде мәңгі өмір сүргенін ниет ететінін айтып берді. Ал шіркеу мүлдем басқа нәрсеге үйрететін. Үйдегілердің көбісі оның айтқанын қабылдамады, тіпті жақтырмай қарай бастады. Содан кейін оларды мүлдем үйге келтірмей қойды. Алайда әкемнің кіші қарындасы Мэри, ол менен үш жасқа үлкен болатын, Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді алып қалды.
Көп ұзамай Мэри шындықты тапқанына көзі жетіп, Ехоба куәгері болу үшін 1942 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Исаның: “Адамға өз үй ішіндегілері дұшпан болады”,— деп, алдын ала айтқан сөздері оның да басынан өтті (Мат. 10:34—36). Сол кездері туысқандардың қарсылығы үдей түскен болатын. Қоғамдық істерге белсене араласатын үлкен әпкем жергілікті әкімге шағымданып, Талмидж көкем рұқсатсыз сауда-саттық жасады деген айыппен қамауға алынды.
Кейін әлгі әкімнің, ол сот болып та жұмыс істеген, соттың басқа мүшелеріне айтқан сөздері жергілікті газетте жарияланды. Ол: “Бұл кісінің таратып жүрген әдебиеттері... у сияқты қауіпті”,— деді. Көкем ақырында ақталып шықса да, түрмеде он күн отыруына тура келді.
Мэри әпкемнің көмегі
Мэри әпкем өзінің жаңа сенімі жайлы маған ғана емес, көрші-қолаңға да айта бастады. Бірде ол мені “Жаңа дүние”a деп аталатын кітапты алған кісімен зерттеу сабағына ертіп апарды. Сол кісінің әйелі күйеуінің кітапты түні бойы оқығанын айтты. Дінмен байланысы бар нәрселерден аулақ жүргім келгенмен, алған білімдерім мені қызықтыра бастады. Алайда Куәгерлердің Құдай халқы екеніне көзімді жеткізгені Киелі кітап ілімдері емес, жұрттың оларға қалай қарағаны еді.
Мысалы, бір күні Мэри әпкем екеуміз қызанақ жинап, бақшадан үйге келгенде, үлкен әпкелеріміз әдебиеттерді, фонографты және Киелі кітап хабарының аудио жазбаларын өртеп жібергенін білдік. Мен бұған қатты ашуландым, сонда үлкен әпкеміз кекшиіп: “Ертеңгі күні осы үшін маған әлі рақмет айтатын боласың”,— деді.
1943 жылы Мэридің үйден кетуіне тура келді. Себебі үйдегілер одан жаңадан қабыл алған сенімін қоюын және көрші-қолаңға уағыздауды тоқтатуын талап етті. Ал мен болсам Құдайдың есімі Ехоба екенін ғана емес, оның сүюші, жанашыр және адамдарды тозақта азаптамайтынын біліп үлгерген едім. Қауым кездесулеріне әлі бірде-бір рет бармасам да, Құдайдың сүйіспеншілікке толы ұйымы бар екенін білетінмін.
Бірде шөп орып жүргенімде, қасыма бір көлік келіп тоқтады да, ішінде отырған екі кісінің бірі: “Сен Фред емессің бе?”— деп сұрады. Олардың Куәгер екендерін білгенде, мен: “Көлігіңізге отырып, әңгімелесуге ыңғайлы жерге барайық”,— дедім. Олардың маған жолығуын Мэри өтінген екен. Біреуінің есімі Шелд Туджен еді. Ол аралаушы қызметші болатын. Бұл бауырлас маған уақтылы рухани басшылық пен жігер берді. Көп ұзамай мен де Ехоба куәгерлерінің нанымдарын қорғағаным үшін үй ішіндегілердің қарсылығына кезіктім.
Виргинияға қоныс тепкен Мэри әпкемнен бір күні хат алдым. Ол Ехобаға қызмет етуді шешкен болсам, өзімен бірге тұруға шақырды. Мен көп ойланбастан шақыруын қабыл алдым. 1943 жылдың қазан айында, жұма күні кешке қажетті заттарымды бір сөмкеге салдым да, үйден алысырақ жердегі ағашқа іліп кеттім. Ал сенбі күні сөмкемді алып, ешкімге көрінбеу үшін көршілердің ауласымен өтіп, қалаға жүріп кеттім. Роанок қаласына келгенде, Мэри әпкеммен Эдна Фоулс бауырластың үйінде кездестім.
Рухани өсуім, шомылдыру рәсімі және Бетелдегі қызмет
Эдна Киелі кітаптағы Лүдия сияқты жанашыр майланған бауырлас болатын. Ол үлкен үйді жалға алып, қасына Мэри әпкемді шақырды, сондай-ақ онымен бірге ағасының әйелі және екі қызы тұратын. Осы екі қыз, Глэдис пен Грэйс Грегори, кейін миссионер болып қызмет етті. Қазір жасы 90-нан асқан Глэдис Жапониядағы Бетелде адал қызмет етіп жатыр.
Эднаның үйінде тұрғанымда, қауым кездесулеріне үзбей бардым және уағыздауды үйрендім. Құдай Сөзін зерттеуге және кездесулерге қатысуға ешкім кедергі жасамағандықтан, рухани өстім. Сөйтіп, 1944 жылы 14 маусымда шомылдыру рәсімінен өттім. Мэри мен Грегори апалы-сіңлілер ізашарлық қызметті бастап, солтүстік Виргинияға тағайындалды. Олар Лисберг қаласында қауымның құрылуына көп үлес қосты. 1946 жылдың басында мен де ізашарлық қызметті бастап, олардан алыс емес жерге тағайындалдым. Сол жазда бәріміз бірге Кливлендте (Огайо) тамыздың 4—11 аралығында өткен естен кетпес халықаралық конгреске бардық.
Осы кезде ұйымды басқарған Нейтан Норр бауырлас конгрестегі баяндамасында Бруклин Бетелін кеңейтуге қатысты жоспармен бөлісті. Қоғам жаңа тұрғын үй салып, баспахананы кеңейткісі келді. Сол үшін көптеген жас ер бауырластар қажет болды. Сонда мен Ехобаға осы жерде қызмет еткім келеді деп ойладым. Мен өтініш қағазын толтырып бердім де, бірнеше айдан соң 1946 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Бетелде қызмет етуге шақырылдым.
Шамамен бір жылдан кейін баспахананың бақылаушысы Макс Ларсон әдебиет бөліміндегі жұмыс орныма келді. Ол маған қызмет бөліміне тағайындалғанымды мәлімдеді. Сол бөлімнің бақылаушысы Т. Дж. Салливанмен қызметтескеннің арқасында мен Киелі кітап принциптерін және Құдай ұйымының қалай жұмыс істейтінін жақсырақ түсіндім.
Әкем бірнеше рет Бетелге қонаққа келді. Өмірінің кейінгі жылдары ол діндар бола бастаған еді. 1965 жылы соңғы рет қыдырып келгенінде, ол: “Маған келіп тұрсаң болады, бірақ мен мұнда енді қайтып келмеймін”,— деді. Бұдан кейін мен оған тағы бірнеше рет барып-келіп тұрдым. Сосын, ол қайтыс болды. Ол көкке баратынына сенетін. Ал мен болсам әкем Ехобаның жадында болса, өзі ойлағандай көкте емес, жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүру үшін тіріледі деп үміттенемін.
Есте қалған конгрестер мен құрылыс
Конгрестерде рухани алға басудың мүмкіндіктері туып отырды. Әсіресе 1950-ші жылдары Нью-Йорктегі Янки стадионында өткен халықаралық конгрестер туралы солай деуге болады. Мысалы, 1958 жылы Янки мен Поло Граундс стадиондарында 123 елден келген 253 922 адам жиналды. Сол конгресте естен кетпес бір жағдай болды. Конгресс бөліміне көмек көрсетіп жүргенімде, Норр бауырлас шапшаң басып қасыма келді. “Фред,— деді ол.— Мен жақын жердегі жалға алынған мейрамханада ізашарларға баяндама айтатын бауырласты тағайындауды ұмытып кетіппін. Сол жерге тезірек барып, не айтуға болатынын жолшыбай ойластырып, оларға бір жақсы баяндама айта аласың ба?” Мен екі өкпемді қолыма алып мейрамханаға тарттым. Сол жерге жеткенше дұға еттім.
1950-ші және 1960-шы жылдары Нью-Йорк қаласында қауымдар саны күрт өсті де, кездесулер өткізетін жерлер жетіспейтін болды. Сондықтан 1970—1990 жылдары Манхэттенде үш ғимарат сатып алынып, кездесулер өткізуге болатындай етіп жөнделді. Мен осы жобаларды іске асырған комитеттердің төрағасы болып қызмет еттім. Құрылыс жұмыстарына қолғабыс еткен және қаржылай көмектескен қауымдардың Ехобаның көл-көсір батасына ие болғанын көрдім. Сол ғимараттар әлі де шынайы ғибадаттың орталықтары болып келеді.
Өмірдегі өзгерістер
1957 жыл болатын. Бір күні жатақханадан баспаханаға бара жатқанымда жаңбыр жауа бастады. Алдымда Бетелге жаңадан келген әдемі бір қыз бауырластың кетіп бара жатқанын байқап қалдым. Оның қолшатыры болмағандықтан бірге қолшатырымның астында жүруді ұсындым. Әйелім Марджери екеуміз осылай таныстық. 1960 жылы үйленгеннен бері өмірдің ыстығы мен суығына төзіп Ехобаға бірге қуанышпен қызмет етіп келе жатырмыз. Осы 2010 жылдың қыркүйек айында шаңырақ көтергенімізге 50 жыл болғанын тойладық.
Бал айынан келгеніміз сол еді, Норр бауырлас Ғалақад мектебінің оқытушысы болып тағайындалғанымды айтты. Мен мұны ерекше мәртебе деп қабылдадым. Түрлі филиалдарда жауапты қызмет атқаратын бауырластарға басқару ісіне қатысты арнайы білім беру үшін 1961—1965 жылдары бес сынып ұйымдастырылды. Ал 1965 жылдың күзінде қайтадан миссионерлерге арналған бес айлық курстар жүргізіле бастады.
1972 жылы Ғалақад мектебінің оқытушысы ретіндегі қызметімнен хат алысу бөліміне ауыстырылдым. Ол жерде бақылаушы болып қызмет еттім. Сан алуан сұрақтардың жауабын және қиындықтарды шешу жолдарын табу үшін көп зерттеу жүргізгеннің арқасында Құдай Сөзінің ілімдері мен жоғары принциптерінің қолданылуын жақсы түсіндім, осылайша басқаларға көмектесуге мүмкіндігім болды.
1987 жылы мен медициналық мәлімет беру бөліміне тағайындалдым. Біз ауруханалармен байланыс комитеттерінде қызмет ететін ақсақалдарға дәрігерлер, соттар және әлеуметтік салада жұмыс істейтін адамдарға қанға қатысты көзқарасымызды қалай түсіндіруге болатынын үйрету үшін семинарлар ұйымдастыратынбыз. Ол кезде дәрігерлер жиі соттың рұқсатымен балаларымызға қан құйдыратын.
Дәрігерлерге қан құймай емдеу жолдары туралы айтқанда, олар мұндай әдістердің қолданылмайтынын немесе тым қымбат екенін сылтау қылатын. Осылай айтқан дәрігерге мен көбінесе: “Қолыңызды көрсетіңізші”,— деп өтінетінмін. Дәрігер қолын созғанда мен: “Білесіз бе, сізде қан құймай емдеудің ең жақсы әдісі бар”,— дейтінмін. Бұл мақтау сөздер дәрігерге өзі де білетін нәрсені, яғни скальпельді абайлап қолдану қанның аз кетуіне септігін тигізетінін еске салатын.
Соңғы жиырма жылда дәрігерлер мен соттарға мәлімет беруге қатысты ісімізге Ехоба батасын төгуде. Олар біздің ұстанымымызды түсінгенде, бізге оң көзбен қарай бастады. Сондай-ақ ізденістің арқасында олар қан құймай емдеу тәсілдері әлдеқайда тиімді екенін түсінді және бұлай емдеуге дайын дәрігерлер мен ауруханалар көп болғандықтан, науқасты соларға ауыстыруға болатынын білді.
Марджери екеуміз 1996 жылдан бері Бруклиннен солтүстікке қарай 110 шақырым қашықтықта орналасқан Паттерсондағы (Нью-Йорк) Күзет мұнарасының білім орталығында қызмет етіп келеміз. Бұл жердегі қызмет бөлімінде аз уақыт болып, сосын, біраз уақыт филиал бақылаушылары мен аралаушы бақылаушыларға оқытушы қызметін атқардым. Соңғы 12 жыл бойы мен қайтадан хат алысу бөлімінің бақылаушысы болып қызмет етудемін. Бұл бөлім Бруклиннен Паттерсонға ауыстырылған болатын.
Қартайған шақтың қиындықтары
Жасым сексеннен асты, сондықтан Бетелдегі міндеттерімді атқару күннен-күнге ауырлап бара жатыр. Он жылдан бері қатерлі ісікпен күресіп келемін. Өзімді Ехоба өмірін ұзартқан Езекия сияқты сезінемін (Ишая 38:5). Әйелімнің де денсаулығы нашар. Оның Альцгеймер ауруымен бірге күресіп жатырмыз. Менің адал көмекшім әрі жан серігім Марджери Ехобаға деген қызметінде көп еңбек сіңірді, сондай-ақ жастардың жақсы кеңесшісі болды. Ол әрқашан Киелі кітапты терең зерттеп, жақсы тәлім беретін. Қазір көптеген рухани балаларымыз бізбен жиі хабарласып тұрады.
Әпкем Мэри 2010 жылдың наурыз айында 87 жасында дүние салды. Құдай Сөзінің шебер тәлімгері болған ол көп адамға шынайы ғибадаттың жағына шығуға көмектесті. Әпкем көп жыл бойы толық уақыт қызметті атқарды. Маған Құдай Сөзіндегі шындықты тануыма және сүйіспеншілігі мол Ехоба Құдайдың өзі сияқты қызметшісі болуыма көмектескені үшін алғысым шексіз. Мэридің сүйегі күйеуінің қасына қойылды. Оның күйеуі бұрын Исраилде миссионер болып қызмет еткен еді. Олар екеуі Ехобаның жадында болып, қайта тірілетін уақыттарын күтіп жатқандарына сенімдімін.
Ехобаға қызмет еткен батаға толы 67 жыл туралы ойланғанда, жүрегімді ризашылық кернейді. Ехобаға қызмет ету қандай рақат деп айта аламын! Оның рақымына сенім арта отырып, Ұлының мына уәдесінің орындалуын күтудемін: “Менің есіміме бола үй-жайын, бауырларын, әпке-қарындастарын, әкесін не шешесін, бала-шағасын не танабын қалдырған әркім бұрынғысынан да көп есе алады және мәңгілік өмірді мұра етеді” (Мат. 19:29).
[Сілтеме]
a 1942 жылы басылып шыққан, бірақ қазір шығарылмайды.
[19-беттегі сурет]
1928 жылы атамның Джорджиядағы (АҚШ) мақта фермасында
[19-беттегі сурет]
Мэри әпкем мен Талмидж көкем
[20-беттегі сурет]
Мэри, Глэдис және Грэйс
[20-беттегі сурет]
1944 жыл, 14 маусым. Шомылдыру рәсімінен өткен күнім
[20-беттегі сурет]
Бетелдегі қызмет бөлімінде
[21-беттегі сурет]
1958 жылы Мэри әпкеммен бірге Янки стадионындағы халықаралық конгресте
[21-беттегі сурет]
Марджери екеуміздің үйленген күніміз
[21-беттегі сурет]
Екеуміз 2008 жылы