Салтбастылық пен некеге қатысты дана басшылық
“Мұны сендерге... дұрыс жүріп-тұруға және ештеңеге алаңдамай, әрдайым Иемізге берілгендік танытуға талпындыру үшін айтып отырмын” (ҚОР. 1-Х. 7:35).
1, 2. Неге салтбастылық пен некеге қатысты мәселеде Киелі кітаптың басшылығына жүгінуіміз керек?
ЕРЛЕР мен әйелдердің қарым-қатынасында қуаныш қана емес, қайғы-мұң, уайым тәрізді сезімдер де қатар жүреді. Сондықтан да біздерге Құдайдың басшылығын іздеу аса қажет. Десе де басшылық іздеуге басқа да себептер бар. Мысалы, салтбасты бауырласты туған-туыстары мен дос-жарандары некеге тұруға итермелейтін шығар. Ал отбасы құрғысы келетіндер әлі теңін таппай жүрген болар. Тағы біреулер болашақтағы некелік міндеттерін атқаруға қатысты басшылық тапқысы келеді. Оның үстіне, бәріміз де — салтбасты я некеде болайық — тән құмарлықтарына байланысты сынақтарға кезігіп жатамыз.
2 Осы жайттар жеке өмірімізге ғана емес, Ехобамен қарым-қатынасымызға да әсер етеді. Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 7-тарауында Пауыл салтбастылық пен некеге қатысты кеңестер берген. Оның мақсаты бауырластарын “ештеңеге алаңдамай, әрдайым Иемізге берілгендік танытуға талпындыру” еді (Қор. 1-х. 7:35). Осындай екі маңызды мәселеге қатысты кеңестерді қарастыру барысында өз жағдайыңда Ехобаға толықтай қызмет ету үшін не істей алатыныңды бағамдап көр.
Өзге емес, өзі қабылдайтын маңызды шешім
3, 4. а) Егер неке құрмаған адамға достары мен туыстары қысым көрсететін болса, қандай қиындықтар туындауы мүмкін? ә) Пауылдың кеңесі неке құруға қатысты байсалды көзқарас сақтауға қалай көмектеседі?
3 Бірінші ғасырдағы яһудилер неке құруды маңызды санаған. Бүгінде де көптеген халық осындай көзқарасты ұстанады. Егер ер жігіт не бойжеткен белгілі жасқа келіп, бірақ әлі неке құрмаған болса, мұнысын жөн көрмеген достары мен туыстары ақыл айтуға тиіспіз деп ойлайды. Әңгіменің арасында оған теңін іздеуге кеңес беруі ықтимал. Я болмаса қандай да бір адам туралы айтып, емеурін тастауы не тіпті жеңгетайлық жасап, екеуін кездестіруі мүмкін. Ал мұндай істер көбінесе ыңғайсыз жағдайға қалдырады, достық қарым-қатынасты бұзады және жанды жаралайды.
4 Пауыл ешқашан басқаларды салтбасты болып қалуға не отау құруға итермелемеген (Қор. 1-х. 7:7). Өзі Ехобаға жалғызбасты болып қызмет етсе де, басқалардың неке құруға деген құқықтарына құрметпен қараған. Бүгіндегі мәсіхшілер де салтбасты болып қала ма, не отау құра ма — мұны өздері шешеді. Осы мәселеде басқалар оларға қысым жасамауы керек.
Салтбасты өмірдің игілігін көр
5, 6. Неге Пауыл бауырластарды салтбасты болып қалуға шақырған?
5 Пауылдың қорынттықтарға жазған хатынан салтбасты бауырластардың Құдайға қуанышпен қызмет ете алатындарын көреміз (Қорынттықтарға 1-хат 7:8 оқы). Христиан әлеміндегі кейбір діни қызметшілер некеге тұрмайды, сол себепті өздерін басқалардан артық санайды. Ал салтбасты болған Пауыл бұлай етпеген. Ол бойдақ бауырластардың некедегілерге қарағанда көбірек қызмет ете алатындарына назар аударған. Қалайша?
6 Жиі салтбасты бауырластар үйленгендер атқара алмайтын жауапкершіліктерді атқарып жатады. Мысалы, Пауыл “басқа ұлттарға елші” ретінде қызмет ету мәртебесіне ие болған (Рим. 11:13). Елшілердің істері 13—20 тарауларда елшінің бастан өткерген оқиғаларын оқи аламыз. Пауыл басқа да миссионерлермен бірге ізгі хабардың дәні себілмеген аймақтарда уағыздаған және жаңа қауымдардың іргесін қалаған. Қызметінің барысында біз кезікпеген қиындықтарды бастан кешірген (Қор. 2-х. 11:23—27, 32, 33). Алайда басқаларға шәкірт болуға көмектескеннен алған қуанышы қиыншылықтарының орнын толтырды (Сал. 1-х. 1:2—7, 9; 2:19). Егер Пауыл салтбасты болмағанда, осылай қызмет ете алар ма еді? Сірә, бұлай ете алмас еді.
7. Патшалық ісін құлшына атқарып жүрген салтбасты бауырластардың мысалын келтір.
7 Көптеген салтбасты бауырластар өздерінің жағдайын пайдаланып, көбірек қызмет етіп жүр. Мысалы, Боливияда тұратын Сара мен Лимбана есімді қыз бауырластар ізашар болып қызмет етеді. Олар біраз жыл бойы ізгі хабар уағыздалмаған ауылға барады. Сол ауылда электр жарығының жоқтығы оларға қиындық тудырды ма? Бауырластар былай деп жазды: “Мұнда радио да, теледидар да жоқ, сондықтан адамдар бос уақыттарын оқумен өткізеді”. Ауылдың кейбір тұрғындарында Ехоба куәгерлерінің қазір басып шығарылмайтын әдебиеттері бар болып шықты. Ізашарлар бүкіл ауылға ізгі хабарды айту үшін көп уақыт жұмсады, өйткені әрбір үйдің адамдары қызығушылық танытқан еді. Бір әже оларға: “Ехоба куәгерлері бізге де жетсе, ақыр заманның келгені ғой онда”,— деген екен. Сол ауылдың кейбір тұрғындары көп ұзамай қауым кездесулеріне келе бастады.
8, 9. а) Пауыл салтбастылыққа қалай қарады? ә) Басы бос мәсіхшілердің қандай мүмкіндіктері бар?
8 Әрине, ерлі-зайыпты мәсіхшілер де уағыздау қиын аумақтарда жемісті қызмет атқарып жүр. Бірақ оларға, әсіресе баласы барларға, салтбасты ізашарлар атқарып жүрген кейбір тапсырмаларды орындау қиын болуы мүмкін. Пауыл жергілікті қауымдардың аумағында ізгі хабарды уағыздау ісінің кең етек алуына қалай үлес қоса алатынын көп ойлаған. Ол басқалардың да шәкірт дайындау ісінен келетін қуанышқа ие болғанын қалады. Сол себепті ол Ехобаға салтбасты болып қызмет етуді жақсы мүмкіндік деп санады.
9 Құрама Штаттарда тұратын салтбасты қыз бауырлас былай деп жазды: “Кейбіреулер тұрмыс құрмасаң, бақытты бола алмайсың деп ойлайды. Алайда шынайы бақыт адамның Ехобамен достық қарым-қатынасына байланысты екеніне көзім жетті. Салтбасты болу оңай емес, десе де жағдайыңды дұрыс қолдансаң, көл-көсір батаға кенелетін боласың”. Салтбастылық бақытты өмір кешуге кедергі бола алмайтынын айта келе, ол былай деп қосты: “Адам жалғыз не басы екеу болсын, Ехоба бәрін бірдей жақсы көретінін білемін”. Қазір ол жариялаушылар жетіспейтін аумақта қызмет етеді. Егер басың бос болса, ізгі хабарды жариялау ісіне көбірек атсалысу үшін қызметіңнің аясын кеңейте аласың ба?
Отау құруды қалайтын мәсіхшілер
10, 11. Қалай Ехоба отау құрғысы келетін, бірақ әлі теңін таппаған қызметшілерін қолдайды?
10 Уақыт өте келе салтбасты адал қызметшілердің көбісі өмірлік жар іздей бастайды. Басшылыққа мұқтаж екендерін мойындайтын олар Ехобадан теңін табуға көмектесуін сұрайды (Қорынттықтарға 1-хат 7:36 оқы).
11 Өзіңмен бірге Ехобаға жан-тәнімен қызмет ететін жар тапқың келсе, неге Құдайға бұл туралы дұға етпеске? (Філіп. 4:6, 7). Қанша уақыт күтуге тура келсе де, салың суға кетпесін. Бәрін сүйіспеншілігі мол Әкемізге тапсыр, сонда ол сені эмоциялық жағынан қамсыз етеді (Евр. 13:6).
12. Мәсіхшіге неке құруға ұсыныс жасалса, не туралы жақсылап ойлануы керек?
12 Рухани күйі күмән тудыратын не тіпті Куәгер емес адам мәсіхшіге отау құруды ұсынуы мүмкін. Егер мұндай жағдайға тап болсаң, жарды дұрыс таңдамаудың салдары жалғыздық сезімінен де ауыр болып, жүрегіңді жаралайтынын есіңде ұста. Оның үстіне, неке өмірлік одақ болуға тиіс екенін ұмытпа (Қор. 1-х. 7:27). Ендеше артынан бармақ тістеп қалмау үшін неке құруға асықпа (Қорынттықтарға 1-хат 7:39 оқы).
Отбасын құруға дайындал
13—15. Некеде қиындық тудыратын қандай мәселелерді екі жастың алдын ала шешіп алғандары дұрыс?
13 Пауыл Ехобаға салтбасты болып қызмет етудің артықшылықтарына назар аударғанымен, неке құруды шешкендерді сөкпеген. Қайта, оның рухтың жетелеуімен жазған кеңестері ерлі-зайыптыларға некенің ащысы мен тұщысын бірге көріп, бірлігі жарасқан қос аққудай өмір сүруге көмектеседі.
14 Кейбір жастарға алдағы некелік өмірге деген көзқарасты өзгерту қажет. Кездесіп жүрген олар іңкәр махаббаттарын, армандай әсем сезімдерін бақытты некенің кепілдігі деп санайды. Арман-қиялға берілген қос жүрек ештеңе де бақытымыздан айыра алмайды деген оймен неке құрады. Бірақ шындыққа тура қарайтын болсақ, өмірде бұлай бола бермейді. Әрине, некеде романтикалық реңнің болғаны жақсы, бірақ бұл отбасылық өмірдің дүлей толқындарына қарсы тұру үшін жеткіліксіз (Қорынттықтарға 1-хат 7:28 оқы)a.
15 Көптеген жас жұбайлар маңызды мәселелерге келгенде ойлары бір жерден шықпайтынына таңғалып, тіпті көңілдері қалып жатады. Екеуінің арасында ақша жұмсауға, көңіл көтеруге, қайда тұратындарына және қайын жұрттарымен қаншалықты жиі көрісетіндеріне қатысты келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Я болмаса біреуінің қандай да бір кемшілігі екіншісінің ашуына тиетін шығар. Иә, кездесіп жүргенде осындай мәселелерді елеусіз қалдыру оңай, алайда некеге тұрғаннан кейін мұның бәрі біршама қиындық тудырады. Сондықтан қыз бен жігіттің үйленбей тұрып осы мәселелердің басын ашып алғандары жөн болар еді.
16. Қиындықтарды шешуге келгенде жұбайлар неліктен бір мәмілеге келулері керек?
16 Жас отаудың түтіні түзу болу үшін жұбайлар туындаған қиындықтарды бірлесе отырып шешкендері дұрыс. Олар балаларды тәрбиелеуге және қартайған ата-аналарына қамқорлық жасауға қатысты мәселелерде бір мәмілеге келу керек. Әрине, үй болған соң ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды. Бірақ бұл жағдайлар жұбайлардың бір-біріне деген көңілдерінің суып кетуіне себеп болмауы керек. Киелі кітаптың кеңестерін ұстанып қана олар көптеген келіспеушіліктерді шешіп, қиындықтарға төзе алады. Осылайша домбыраның қос шегіндей үндесіп, бақытты өмір сүреді (Қор. 1-х. 7:10, 11)
17. Ерлі-зайыптылар қандай “осы дүниелік нәрселерді” ойлайтын болады?
17 Пауыл Қорынттықтарға 1-хат 7:32—34 тармақтарында некелік өмірдің тағы бір қырына назар аударды (оқы). Кез келген ерлі-зайыптылар ішер ас, киер киім және баспана сияқты “осы дүниелік нәрселерді ойлайды”. Неліктен? Бойдақ кезінде ер бауырлас өзін толықтай қызметке арнаған шығар. Алайда отағасы болған соң оған әйелін қамсыздандыру үшін біраз уақыты мен күш-қуатын жұмсап, оның ықыласына ие болу керек. Әйелге де күйеуінің ықыласына ие болуға тырысу қажет. Даналықтың бастауы болып табылатын Ехоба Құдай мұны ескереді. Ол неке құрған қызметшілерінің бұрын қызметке арнаған уақыттарының біразын енді бір-біріне арнаулары қажет екенін жақсы түсінеді.
18. Отау құрған соң жұбайлар демалуға қатысты қандай өзгерістер жасаулары керек?
18 Ал екі жастың көңіл көтеруге және басқа істерге арнаған уақыттары туралы не деуге болады? Бұрын Құдайға арнаған уақытының біршамасын некесін бекемдей түсуге арнайтын адамның достарымен бұрынғыдай көп уақыт өткізгені жөн болар ма еді? Егер күйеуі бойдақ күніндегідей көп уақыт жолдастарымен бірге спортпен шұғылданса, келіншегі өзін қалай сезінеді? Ал келіншегі қыз кезіндегідей құрбыларымен көп уақыт өткізетін болса, күйеуі не ойлайды? Елеусіз қалған жұбайы өзін жалғыз, бақытсыз әрі керексіз сезінуі мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін екі жақ некелерін барынша нығайтулары керек (Ефес. 5:31).
Ехобаның құлықтылық тазалыққа қатысты талабы
19, 20. а) Неге ерлі-зайыптылар өздерін азғындықтан қорғауы керек? ә) Жұбайлар көп уақыт бойы бір-бірін көрмейтін болса, қандай қауіп төнуі мүмкін?
19 Ехобаның қызметшілері құлықтылық тазалық сақтауға бел буған. Кейбіреулер тән құмарлығына беріліп қалмау үшін үйленуді шешеді. Алайда неке құру өздігінен қорған бола алмайды. Бұрыңғы заманда адамдар қабырғамен қоршалған қаланың ішінде жүрсе ғана оларға қауіп төнбейтін. Ал егер кімде-кім қаланың сыртына шығып кетсе, оны қарақшылар тонауы не тіпті өлтіруі мүмкін еді. Сол сияқты үйленгендер некеге бастау берген Құдайдың жыныстық қатынасқа қатысты талаптарын орындайтын болса ғана азғындықтан қорғана алады.
20 Пауыл жыныстық қарым-қатынасқа қатысты осы талаптарды Қорынттықтарға 1-хат 7:2—5 тармақтарда жазған. Ол жерде әйел тек күйеуімен ғана, ал күйеу тек әйелімен ғана жақындасуға құқылы екені айтылған. Құдайдың талабы бойынша, олар бір-бірінің алдындағы “борышын” атқаруға, яғни екеуі жыныстық қатынаста болуға міндетті. Алайда кейбір күйеулер мен әйелдер бөлек демалғандықтан не ұзақ іс-сапарға кеткендіктен, жұбайының алдындағы “борышын” атқармайды. Шайтан осындай жағдайларды қолданып, некені ойран етуге тырысады. Егер ерлі-зайыпты бір-бірінің жыныстық қажеттіліктерін елеусіз қалдыратын болса, олар неке адалдығын бұзуға азғырылуы мүмкін. Некесін қатерге тікпей отбасын асырайтын отағаларды Ехоба жарылқайды (Заб. 36:25).
Киелі кітаптың кеңесіне құлақ асқанның пайдасы
21. а) Неге салтбасты және некелік өмірге қатысты шешімдер қабылдау қиынға соғып жатады? ә) Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 7-тарауындағы кеңестердің қандай пайдасы бар?
21 Адамдарға салтбасты және некелік өмірге қатысты шешімдер қабылдау қиынға соғып жатады. Мейлі салтбасты болып қалуды не отау құруды таңдайық, қиындықтарды айналып өте алмаймыз, өйткені бәріміз де кемелсізбіз. Сондықтан Ехобаның ықыласына ие болған адамдар да өмірлерінде орын алып жатқан жағдайлардың кесірінен мұңаюы мүмкін. Бірақ Пауылдың Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 7-тарауындағы кеңестерді іс-жүзінде қолданатын болсаңдар, мұндай қиындықтардың көбісін жеңе аласыңдар. Салтбасты болуды я неке құруды шешсеңдер де, Ехобаның көз алдында дұрыс әрекет жасайсыңдар (Қорынттықтарға 1-хат 7:37, 38 оқы). Құдайдың ықыласына ие болу — адам қол жеткізе алатын ең биік мақсат. Оның ықыласына қазір және келешектегі жаңа дүниеде мәңгі өмір сүргенде ие бола аламыз. Сол уақытта ер адамдар мен әйелдердің арасындағы бүгіндегідей түсініспеушіліктердің нышаны да болмайды.
[Сілтеме]
a “Отбасы бақытының сыры”, 2-тарау, 16—19 абзацтарды қараңдар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Біреуді отау құруға итермелеу неге дұрыс емес?
• Қалай салтбасты бауырлас өз уақытын дұрыс пайдалана алады?
• Кездесіп жүрген қыз бен жігіт некеде болатын қиындықтарға қалай дайындала алады?
• Неге отау құру өздігінен азғындықтан қорған бола алмайды?
[14-беттегі суреттер]
Салтбасты бауырластар қызметтерінің аясын кеңейтуден қуаныш алады
[16-беттегі сурет]
Некеге тұрғаннан кейін кейбіреулер қандай өзгерістер жасау керек?