Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 15.10. 27—31 бет.
  • Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Ізгі хабар бүкіл жер бетінде уағыздалып жатыр
  • Бауырластарды жұбату
  • Құдай Сөзінен жұбаныш табу
  • Өзгелерді жұбатудың тағы басқа жолдары
  • Құдай бізге қалай тірек болады?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (көпшілікке арналған). 2016
  • “Жұбаныш атаулының” Құдайы Ехобаға сенім артыңдар
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Жұбаныштың қайнар көзі Ехобадан үйреніңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
Көбірек мәлімет
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 15.10. 27—31 бет.

Қайғырып жүргендерді жұбатыңдар

“Жаратушы Тәңір Ие мені қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға жіберді” (ИШАЯ 61:1, 2).

1. Иса қайғырып жүргендер үшін не істеді және неге?

ИСА МӘСІХ былай деді: “Менің тамағым — өзімді жібергеннің еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау” (Жох. 4:34). Әкесінің тапсырмасын орындаумен қатар Иса оның керемет қасиеттерін де танытты. Солардың бірі — Ехобаның адам баласына деген зор сүйіспеншілігі (Жох. 1-х. 4:7—10). Құдай осы қасиетін қалай танытатынына назар аударып, елші Пауыл Ехобаны “жұбаныш атаулының қайнар көзі” деп атады (Қор. 2-х. 1:3). Ишая пайғамбар алдын ала айтып кеткендей, Иса да жердегі қызметі кезінде адамдарға осылай сүйіспеншілік танытқан (Ишая 61:1, 2 оқы). Назареттегі мәжілісханада болғанда, ол Ишаяның жазбасын дауыстап оқып, сол пайғамбарлықтың өзіне қатысты екенін айтты (Лұқа 4:16—21). Қызметі кезінде Иса қайғырып жүрген адамдарды жұбатып, оларға қуаныш пен жантыныштығын сыйлаған.

2, 3. Неге Исаның ізбасарлары өзгелерді жұбатуда оған еліктеулері қажет?

2 Исаның барлық ізбасарлары оған еліктеп, қайғырып жүргендерді жұбатулары қажет (Қор. 1-х. 11:1). Елші Пауыл: “Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер”,— деді (Сал. 1-х. 5:11). Әсіресе қазір “ерекше қиын уақытта” біз адамдарды жұбатуымыз керек (Тім. 2-х. 3:1). Бүгінде сөзімен және ісімен ақжүрек жандардың жанын жаралап, оларға қасірет әкелетін қатыгез адамдар көбейіп барады.

3 Киелі кітапта ақыр заман жайлы былай деп пайғамбарлық етілген: “Адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, балағатшыл, ата-анасына мойынсұнбайтын, алғысты білмейтін, опасыз, бауырмалдықтан жұрдай, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін, сатқын, қиқар, өркөкірек, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті жақсы көретін болады”. Оның үстіне, “зұлымдар мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасауда” (Тім. 2-х. 3:2—4, 13).

4. Бүгінгі дүниенің халі не себепті мүшкіл?

4 Мұның бәрі бізді таңғалдырмайды, өйткені Құдай Сөзінде “бүкіл дүние Шайтанның билігінде” деп анық айтылған (Жох. 1-х. 5:19). Мұндағы “бүкіл дүниеге” саясат, дін, сауда-саттық жүйесі және Шайтанның үгіт-насихат жүргізу арналары жатады. Шайтан Ібіліс “осы дүниенің билеушісі” және “құдайы” екенінде дау жоқ (Жох. 14:30; Қор. 2-х. 4:4). Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы, сондықтан да жер бетіндегі жағдай нашарлаған үстіне нашарлай түсуде (Аян 12:12). Шайтан мен оның зұлым дүниесі жақында жойылатынын және Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты дау біржола шешілетінін білгеніміз қандай жұбаныш береді десеңші! (Жаратылыс 3-тарау; Әйүп 2-тарау).

Ізгі хабар бүкіл жер бетінде уағыздалып жатыр

5. Уағыз ісі туралы пайғамбарлық бүгінде қалай орындалып жатыр?

5 Адамзат тарихының осы қиын-қыстау кезеңінде Исаның келесі пайғамбарлығы орындалып жатыр: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:14). Құдай патшалығы туралы куәлік беру ісі бүгінде бұрын-соңды болмаған көлемде атқарылуда. Құдай патшалығы Исаның уағызы мен тәлімінің басты тақырыбы болған. Дүниежүзі бойынша 107 000 қауымдағы 7 500 000-нан астам Ехоба куәгері Исаға еліктеп, Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауда (Мат. 4:17). Нәтижесінде қайғыға батқан көп адам жұбаныш табуда. Мысалы, соңғы екі жылдың ішінде 570 601 адам шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгерлерінің қатарына қосылды.

6. Уағыздау ісінің кең көлемде атқарылып жатқаны жайлы не ойлайсың?

6 Ехоба куәгерлері бүгінде 500-ден астам тілге Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді аударуда. Бұдан уағыздау ісінің қаншалықты кең көлемде атқарылып жатқанын көруге болады. Адамзат тарихында бұған тең келетін ешнәрсе болмаған. Жер бетінде Ехобаның ұйымының бар болуы, оның атқарып жатқан ісі және өсімі шын мәнінде ғажап жайт емес пе?! Құдайдың басшылығынсыз және киелі рухының көмегінсіз Шайтан билігін жүргізіп отырған осы дүниеде бұл мүмкін болмас еді. Ізгі хабар жержүзі бойынша уағыздалғандықтан, Жазбаларға негізделген жұбанышқа тек бауырластар ғана емес, Патшалық хабарын қабыл алған басқа да адамдар ие болуда.

Бауырластарды жұбату

7. а) Неге Ехоба қиын жайттардың бәрінен қазір арылтады деп күтпеуіміз керек? ә) Қуғын-сүргін мен қиыншылықтарға төтеп бере алатынымызды қайдан білеміз?

7 Зұлымдық пен азапқа толы осы дүниеде біз қиын жағдайларға кезігетініміз сөзсіз. Құдай осы дүниенің ақыры келмей тұрып бізді бақытсыз ететін және қайғыға батыратын жайттардың бәрінен арылтады деп күтпеуіміз керек. Оның үстіне, қуғын-сүргінге кезігетініміз алдын ала айтылған болатын. Бұл бізге мінсіздігімізді сақтау арқылы Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдайтынымызды көрсетуге мүмкіндік береді (Тім. 2-х. 3:12). Бірақ біз Салоникадағы майланған мәсіхшілер сияқты көктегі Әкеміздің көмегі мен жұбанышының арқасында қудалау мен қиыншылықтарда табандылық пен сенім таныта аламыз (Салоникалықтарға 2-хат 1:3—5 оқы).

8. Жазбалардағы қандай мысалдар Ехоба өз қызметшілерін жұбататынын көрсетеді?

8 Ехоба қиыншылық көріп жүрген қызметшілерін жұбататыны шүбәсіз. Мысалы, зұлым патшайым Езабел Ілиясты өлтіргісі келгенде, пайғамбар қорқынышқа бой алдырып, қашып кетеді, тіпті өзіне өлім тілейді. Бірақ Ехоба Ілиясты бұл үшін жазғырмайды, қайта, қызметін әрі қарай атқара алуы үшін оған батылдық пен жұбаныш береді (Пат. 3-ж. 19:1—21). Ехоба қызметшілеріне жұбаныш беретінін бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің мысалынан да көруге болады. Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Бүкіл Яһудея, Ғалилея мен Самария өңіріндегі қауымдар тыныш күндерді бастан кешіріп, сенімдері нығая түсті. Барлығы Ехобаны қастерлегендіктен әрі киелі рух беретін жұбанышқа сай өмір сүргендіктен қатарлары көбейе берді” (Ел. іс. 9:31). Бізде де “киелі рух беретін жұбаныш” үшін дән риза болуға себептер көп.

9. Исаны жақыннан танығанымыз бізге қалай жұбаныш әкеледі?

9 Біз Исаны жақыннан танып, оның ізімен жүргендіктен нағыз жұбанышқа ие болдық. Иса былай деді: “Бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандар — барлығың да маған келіңдер, мен жандарыңды сергітемін. Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін. Сонда жандарың сергиді. Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл” (Мат. 11:28—30). Исаның адамдарға қалай қарағанын білгеніміздің және оған еліктегеніміздің өзі бізге біраз жеңілдік әкеледі.

10, 11. Қауымда кім-кімге жұбаныш бере алады?

10 Қауымдағы бауырластар да бір-бірін жұбата алады. Мысалы, рухани әлсірей бастағандарға ақсақалдар қалай көмектесетініне назар аударайық. Жақып былай деп жазды: “Араларыңдағы біреу ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын. Олар Ехобаның атынан оған май жағып, дұға етсін”. Мұның қандай пайдасы бар? “Сеніммен айтылған дұға науқасты сауықтырып, Ехоба оны аяққа тұрғызады. Егер күнә жасаған болса, онысы кешіріледі” (Жақ. 5:14, 15). Бірақ ақсақалдар ғана емес, қауым мүшелері де басқаларды жұбата алады.

11 Әйел адам әдетте әйелге мұңын шағуға бейім келеді. Сондықтан жасы үлкендеу әйел бауырластар қыз бауырластарға пайдалы кеңес бере алады. Рухани толысқан бұл әйел бауырластардың өмірлік тәжірибесі көп. Олар әйел затына тән қасиеттер таныта отырып, жасы кішілерге жақсы көмек көрсете алады (Титке 2:3—5 оқы). Иә, ақсақалдар мен басқа бауырластар “жаны күйзелгендерді жұбата” алады әрі осылай етуге тиіс (Сал. 1-х. 5:14, 15). Ендеше “Құдай өзімізді қалай жұбатса, біз де әртүрлі қиындық көріп жүргендерді солай жұбата алатынымызды” әрдайым есте ұстайық (Қор. 2-х. 1:4).

12. Қауым кездесулеріне қатысу неге маңызды?

12 Жұбанышқа ие болудың маңызды жолдарының бірі — қауым кездесулеріне қатысу. Ол жерде Киелі кітаптағы жігер беретін ойлар талқыланады. Елшілердің істері кітабында Яһуда мен Сыйластың “көптеген жігерлендіретін баяндамалар айтып”, бауырластарды нығайтқаны айтылған (Ел. іс. 15:32). Кездесуге дейін және кейін бауырластармен жігерлендірерлік әңгіме-дүкен құрып араласудың мүмкіндігі бар. Олай болса, ауыр жағдайлардың кесірінен қасірет шегіп жүрген болсақ, оқшауланғанымыз проблемамызды шешпейтінін ұмытпайық (Нақ. с. 18:1). Ондай кезде елші Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған келесі кеңесіне құлақ асқанымыз жөн: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік” (Евр. 10:24, 25).

Құдай Сөзінен жұбаныш табу

13, 14. Жазбалар бізді қалай жұбата алады?

13 Шомылдыру рәсімінен өткен қызметші болайық не Құдай мен оның ниеттері туралы енді білім алып жүрген болайық, бәріміз де Құдай Сөзінен жұбаныш ала аламыз. Пауыл былай деп жазған: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Рим. 15:4). Киелі жазбалар бізге жұбаныш беріп, “кез келген игі іске толықтай даяр” ете алады (Тім. 2-х. 3:16, 17). Құдайдың ниеті жайлы шындықты білгеніміз және жарқын болашаққа деген берік үмітіміздің болғаны бізге зор жұбаныш сыйлайды. Сондықтан Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттердің барынша пайдасын көруге бел буалық.

14 Иса адамдарға Жазбалардан тәлім мен жұбаныш берудің жақсы үлгісін көрсетті. Қайта тірілген соң Иса екі шәкіртіне көрініп, оларға “Жазбалардың мәнін толығымен ашып берді”. Бұл шәкірттердің көңіліне жай берді (Лұқа 24:32). Исаның тамаша үлгісіне еліктеген Пауыл адамдармен “Жазбалардың негізінде пікір алысты”. Ол береялықтарға уағыздағанда, олар “естіген нәрселерінің растығына көздерін жеткізу үшін Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеп, Құдай сөзін зор ықыласпен қабыл алды” (Ел. іс. 17:2, 10, 11). Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді күнделікті оқығанымыз қаншалықты маңызды десеңші. Олар осы қиын заманда бізге нағыз жұбаныш пен үміт сыйлайды.

Өзгелерді жұбатудың тағы басқа жолдары

15, 16. Бауырластарымызға көмек көрсетіп, жұбату үшін не істей аламыз?

15 Бауырластарымызға қол ұшын беру арқылы да оларды жұбата аламыз. Мысалы, жасы келген не төсек тартып жатқан бауырласқа қажетті азық-түлігін сатып алып берсек болады. Үй шаруасында қолғабыс ету арқылы да олардың мүддесін ойлайтынымызды көрсетеміз (Філіп. 2:4). Сондай-ақ бауырластарымызды танытып жүрген құлшынысы, сүйіспеншілігі, батылдығы және сенімі үшін мақтап қояйық.

16 Жасы үлкендерді жұбатудың тағы бір жолы — бастан кешірген оқиғалары мен Ехобадан алған баталары туралы әңгімелерін тыңдау. Бұл тіпті өзімізді де жігерлендіріп, жұбатуы мүмкін. Сондай-ақ бірге Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді оқуға болады. Мысалы, “Күзет мұнарасының” сол аптада талқыланатын мақаласын немесе қауыммен Киелі кітап зерттеу кездесуінде оқитын мәліметті қарастырарсыңдар. Бәлкім, Жазбаларға негізделген бейнефильм көрерсіңдер. Сонымен қатар әдебиеттердегі жігерлендірерлік оқиғаларды оқып не айтып берсеңдер болады.

17, 18. Ехоба адал қызметшілерін жұбатып, нығайту үшін әрдайым жандарынан табылатынына неліктен сенімді бола аламыз?

17 Бауырласымыздың жұбанышқа мұқтаж екенін байқасақ, ол туралы дұға етуге болады (Рим. 15:30; Қол. 4:12). Өз қиыншылықтарымызбен күресе жүріп басқаларды жұбатудың жолын іздей берейік. Сонда біз келесі сөздерді жазған забур жыршысынікідей сенімділікке ие боламыз: “Жаратқан Иеге арт уайымыңды, Ол сені қолдап, ойлайды қамыңды, Мәңгілік құлатпайды әділ жанды” (Заб. 54:23). Иә, Ехоба бізді жұбатып, нығайту үшін әрдайым жанымыздан табылады.

18 Құдай ежелдегі қызметшілеріне: “Мен Өзім сені жұбатып, сүйенішің боламын”,— деген (Ишая 51:12). Ехоба бізді де жұбатады, сондай-ақ қайғырғандарды жұбату үшін айтқан игі сөздеріміз бен істерімізге оң батасын береді. Көкте не жерде өмір сүруге үміттенейік, әрқайсымыз Пауылдың киелі рухпен майланған бауырластарына айтқан келесі сөздерінен жұбаныш ала аламыз: “Бізді сүйіп, рақымымен мәңгілік жұбаныш әрі берік үміт берген Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхтің өзі сендерді жұбатып, әрбір игі істерің мен сөздеріңде нығайтсын” (Сал. 2-х. 2:16, 17).

Естеріңде ме?

• Қайғырып жүргендерді жұбату ісі қандай көлемде атқарылуда?

• Өзгелерді жұбатудың кейбір жолдары қандай?

• Ехоба өз қызметшілерін жұбататыны Жазбалардан қалай көрінеді?

[28-беттегі сурет]

Қайғырған жандарды жұбатып жүрсің бе?

[30-беттегі сурет]

Жастар да, қарттар да жігерлендіре алады

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу