Оқырман сауалдары
Киелі кітаптан оқыған нәрсем сұрақ тудырғанда немесе жеке мәселеме қатысты кеңес қажет болғанда не істеуім керек?
Нақыл сөздер 2:1—5 тармақтар бізді “білім мен парасатты көмілген қазынадай” іздей беруге шақырады. Демек, біз Киелі кітапқа қатысты сұрақтардың жауаптары мен жеке мәселемізге қатысты кеңестерді табуға бар күшімізді салуымыз керек. Мұны қалай істей аламыз?
“Адал да ақылды құлдың” құралдарын пайдалана отырып қалай ізденіс жасауға болатыны “Теократиялық қызмет мектебінде білім аламыз” кітабының 33—38 беттерінде көрсетілген (Мат. 24:45). Ал 36-бетте белгілі бір сөз, тақырып не жазба орны талқыланған әдебиеттерді табуға көмектесетін “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішін” қалай қолдануға болатыны түсіндірілген. Қажетті басшылық пен сұрақтың жауабын іздегенде, шыдамдылық таныт. “Көмілген қазынаны” іздеп жатқандықтан, уақыт пен күшіңді аяма.
Әрине, біздің басылымдарда кейбір тақырыптар мен жазба орындары талқыланбаған. Тіпті қандай да бір тармаққа түсініктеме берілгеннің өзінде, ол сенің көкейіңде жүрген сұрақтың жауабы болмауы мүмкін. Сондай-ақ Киелі кітапта кейбір оқиғалар бүге-шігесіне дейін баяндалмағандықтан, олар сұрақ тудыруы мүмкін, әрі жауаптарын бірден табу екіталай. Мұндай кезде жауабы жоқ сұрақтарға қатысты болжам құрудан аулақ болғанымыз жөн. Өйткені бұл “тек зерттеуді талап ететін сұрақтар тудырады” әрі “Құдайдың сенімді нығайту үшін беріп жатқан нәрселеріне жатпайды” (Тім. 1-х. 1:4; Тім. 2-х. 2:23; Тит. 3:9). Жергілікті филиалдың не тіпті дүниежүзілік бас басқарманың әдебиеттерімізде талқыланбаған сұрақтарға жауап беруге құзыры жоқ. Десе де біз Киелі кітапта өмірімізге қатысты жеткілікті басшылық бар екеніне сенімді болсақ болады. Ал кейбір жайттардың айтылмай кеткені оның Авторы Ехоба Құдайға деген сеніміміздің берік екендігін көрсетуге мүмкіндік береді (“Ехобаға жақында”, 185—187 беттерін қара).
Жеке мәселеңе қатысты сұрақтардың жауаптарын іздеуге бар күшіңді салсаң да, қажетті басшылықты таппасаң, не істеуіңе болады? Ондайда рухани толысқан бауырласқа, мысалы жергілікті ақсақалдардың біріне, жолықсаң болады. Олар Киелі кітапты жақсы біледі және мәсіхшілік тәжірибесі мол. Бұл бауырластар парасаттылық таныта отырып, жеке проблемаңды шешуге көмектесе алады, өйткені өзіңді және сенің жағдайыңды жақсы біледі. Өзіңді мазалап жүрген мәселелер туралы Ехобаға дұғада егжей-тегжейлі айтып, киелі рухымен ой-санаңа дұрыс бағыт беруін сұрай бер, “себебі Жаратқан Ие даналық сыйлар, Білім мен түсінік Оның аузынан шығар” (Нақ. с. 2:6; Лұқа 11:13).