Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
НЕГЕ кезінде көп әйел алған және Ехоба куәгерлерін қудалаған адам кейіннен өзі Куәгер болуды шешті? Шіркеудің діни қызметкерін сенімін өзгертуге не талпындырды? Балалық шағында көп қиындық көріп, өзін жек көрген әйелге толыққанды өмір сүруге және Құдайға жақындауға не көмектесті? Ал хэви-металды сүйіп тыңдаған адамға Құдайға қызмет етуге не түрткі болды? Өздері жайлы бүкпесіз айтқан әңгімелерінен осы сұрақтардың жауабын біле аласыз.
“Мен жақсы күйеу бола түстім”. РИГОБАР УЕТО
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1941
ЕЛІ: БЕНИН
КӨП ӘЙЕЛ АЛҒАН, ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТКЕН
ӨТКЕН ӨМІРІМ:
Мен Бениннің Котону қаласында туып өстім. Католик болғанмен шіркеуге анда-санда ғана баратынмын. Мен тұрған жерде көп әйел алуға заң рұқсат беретіндіктен, католиктердің көбісінің бірнеше әйелі болатын. Менің де төрт әйелім бар еді.
1970 жылы кенеттен төңкеріс басталып кеткенде, мұның елімізге көп пайдасы тиер деп ойладым. Сондықтан төңкеріске барынша қолдау көрсетіп, саясатқа араластым. Төңкерісті жақтаушылар саяси бейтараптықты сақтағандары үшін Ехоба куәгерлерін жақтырмайтын. Куәгерлерді қудалағандардың арасында мен де бар едім. 1976 жылы миссионерлерді елімізден қуып шыққан соң, енді олар ешқашан оралып келмейтініне сенімді болдым.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Елдегі төңкеріс 1990 жылы өз мәресіне жетті. Бір таңғалғаным, Ехоба куәгерлерінің миссионерлері елімізге қайта оралды. Сонда мен: “Құдай осы адамдарды қолдап жатқан шығар”,— деп ойлай бастадым. Сол кездері басқа жұмысқа тұрдым. Бір әріптесім Куәгер екен. Ол еш кідірместен өз нанымдарымен бөлісіп, Киелі кітаптан Ехоба Құдайдың сүйіспеншілігі мен әділдігін көрсететін тармақтарды оқып берді (Заңды қайталау 32:4; Жоханның 1-хаты 4:8). Құдайдың осы қасиеттері маған қатты ұнады. Ехоба жайлы көбірек білгім келгендіктен Киелі кітапты зерттеуге келістім.
Көп ұзамай Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне бара бастадым. Нәсілі мен әлеуметтік жағдайына қарамай, олардың барлық адамға шынайы сүйіспеншілік танытатыны мені қайран қалдырды. Куәгерлермен көбірек араласқан сайын, Иса пайғамбардың нағыз шәкірттері осылар екеніне көзім жете түсті (Жохан 13:35).
Ехобаға қызмет ету үшін алдымен католик шіркеуінен шығуым керектігін түсіндім. Алайда сөзге қалудан қорыққандықтан бұлай ету қиынға соқты. Ұзақ уақыт өткеннен кейін, Ехобаның берген батылдығының арқасында шіркеуден біржола кеттім.
Маған тағы бір үлкен өзгеріс жасау керек еді. Киелі кітапты зерттеу барысында Құдайдың көп әйел алуға қарсы екенін білдім (Жаратылыс 2:18—24; Матай 19:4—6). Оның көзінде мен тек бірінші әйеліммен ғана тұруым керек-тін. Сондықтан алғашқы некемді заңдастырдым да, басқа әйелдерімнің жағдайын жасап, қош айтыстым. Уақыт өте келе олардың екеуі Ехоба куәгері болды.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Жұбайым католик болғанмен менің Ехобаға қызмет етуге деген шешіміме құрметпен қарайды. Екеуіміз де менің жақсы күйеу бола түскенімді байқадық.
Саясат арқылы қоғамды жақсарта түсемін деп ойлайтынмын, алайда бұл тырысқанымнан түк шықпады. Тек Құдай патшалығы ғана адамзаттың қиындықтарын шеше алатынын түсіндім (Матай 6:9, 10). Бақытты өмір сүрудің жолын көрсеткені үшін мен Ехоба Құдайға дән ризамын.
“Қажетті өзгерістерді жасау оңайға соққан жоқ”. АЛЕКС ЛАМОС СИЛЬВА
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1977
ЕЛІ: БРАЗИЛИЯ
ШІРКЕУДІҢ ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРІ БОЛҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ:
Мен Сан-Паулудың маңындағы Иту қаласының шет жағында туып-өстім. Қаланың бұл аймағы қылмыстық істерімен аты шыққан еді.
Мен қатыгездік пен азғындыққа белшеден батқан адам болатынмын. Бұған қоса есірткі сатумен де айналыстым. Алайда уақыт өте келе бұл өмір салтым мені я түрмеге, я молаға апаратынын түсініп, ақылға келдім. Содан шіркеуге бара бастадым. Ақыр аяғында шіркеудің діни қызметкері болдым.
Шіркеуде атқарған қызметім арқылы адамдарға шынымен көмектесе аламын деп ойлайтынмын. Тіпті жергілікті радиодан діни бағдарламаларды жүргізіп, танымал бола бастадым. Алайда уақыт өте келе шіркеу өз сенушілерінің қамын ойлауды былай қойғанда, Құдайды қастерлеуден мүлдем ада екенін түсіне бастадым. Шіркеудің бар көздегені ақша табу сияқты көрінді. Содан, ол жерден біржола кетуді шештім.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанымда, олардың басқа діндерден ерекшеленетінін бірден байқадым. Мені келесі екі жайт таңғалдырды: біріншісі, Ехоба куәгерлері Құдай мен жақындарына деген сүйіспеншіліктері жайлы айтып қана қоймай, оны іс жүзінде де көрсетеді. Екіншісі, олар саясат пен соғысқа араласпайды (Ишая 2:4). Осы екі нәрсе менің шынайы дінді — мәңгі өмірге жеткізетін тар жолды — тапқаныма көзімді жеткізді (Матай 7:13, 14).
Құдайға ұнамды болу үшін өмірімде үлкен өзгерістер жасауым керектігін түсіндім. Мысалы, отбасыма көбірек көңіл бөлуім қажет еді. Сондай-ақ кішіпейіл бола түсуім керек-тін. Қажетті өзгерістерді жасау оңайға соққан жоқ, алайда Ехобаның көмегімен бұл қолымнан келді. Жұбайым өзгергенімді көріп қатты қуанды. Киелі кітапты зерттеуді менен бұрын бастаған ол көп жетістіктерге қол жеткізе бастады. Көп ұзамай екеуіміз Ехоба куәгері болуды шештік. Сөйтіп, бір күнде шомылдыру рәсімінен өттік.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Әйелім екеуіміз үш баламызға Ехобаға жақындай түсуге көмектесуден көп қуаныш табамыз. Біз бірлігі жарасқан бақытты отбасымыз. Киелі кітаптағы шындықты ашып, өзіне жақындатып тартқаны үшін Ехобаға шексіз ризамын. Оның Сөзі расында да адамның өмірін өзгерте алады. Менің өмірім — соның бірден бір дәлелі.
“Мойнымнан ауыр жүк түсіп, толыққанды өмір сүре бастадым”. ВИКТОРИЯ ТОНГ
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1957
ЕЛІ: АВСТРАЛИЯ
КІШКЕНТАЙ КЕЗІНДЕ КӨП ҚИЫНДЫҚ КӨРГЕН
ӨТКЕН ӨМІРІМ:
Мен Жаңа Оңтүстік Уэльстегі Ньюкасл қаласында туып-өстім. Отбасымыздағы жеті баланың тұңғышымын. Әке-шешем қатыгез адамдар болатын. Оның үстіне, әкем көп ішетін. Анам маған дөрекі сөйлеп, қол көтеретін. Ол менің сорлы бейшара екенімді әрі тозақта жанып қиналатынымды қайта-қайта айтып, үрейімді ұшыратын.
Анам үсті-басымды көгертіп тастайтындықтан, жиі сабақтан қалуыма тура келетін. Үкімет әке-шешемді мені тәрбиелеу құқығынан айырып, 11 жасымда интернатқа алып кетті, ал кейіннен монастырьға орналастырды. 14-ке толғанымда монастырьдан қашып кеттім. Үйге оралғым келмегендіктен, Сиднейдің шетіндегі Кингс Крос көшесінде күнелттім.
Өзім қожа, өзім би болғандықтан, есірткі, ішімдік пен порнографияға әуестеніп, жезөкшелікпен айналыстым. Бірде зәремді ұшырған жағдайға тап болдым. Сол уақыттары бір түнгі клуб иесінің пәтерінде тұратынмын. Бір күні кешке үйге екі ер кісі келді. Үйдің иесі менен жатын бөлмеге бара тұруымды өтінді, бірақ олардың әңгімесі маған естіліп тұрды. Клуб иесі мені бұл кісілерге сатпақшы болыпты. Олар мені жүк таситын кемемен жасырын түрде Жапонияға апарып, түнгі барда жұмыс істеткізбекші екен. Мен зәре-құтым қалмай балконнан секіріп түстім де, көмек сұрап жүгіре жөнелдім.
Жолда басқа қаладан келген бір ер кісіні кездестіріп, ақша береді деген үмітпен жағдайымды айтып түсіндірдім. Ол мені жуынып-шайынып, тамақтанып алуым үшін өзі тоқтаған үйге шақырды. Мен сол үйде біржола қалдым. Ал бір жылдан кейін екеуіміз үйлендік.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүргенімде, бойымды сан алуан сезімдер билейтін. Мысалы, зұлымдық атаулының Шайтаннан бастау алатынын білгенде, ызаланып кеттім. Өйткені жастайымнан қайғы-қасірет Құдайдан келеді деп құлағыма құйып отыратын. Өмір бақи тозақтан қорқып келгендіктен, Құдайдың адамдарды осылай жазаламайтынын білгенім мен үшін үлкен жұбаныш болды.
Куәгерлердің әрдайым Киелі кітапқа жүгініп шешім қабылдайтыны маған қатты әсер етті. Шынында да, олар сенімдерін іс жүзінде көрсете білетін адамдар екен. Мен мінезі қиын адам болатынмын, алайда не айтып, не істесем де, Куәгерлер маған сүйіспеншілік пен құрмет көрсететін.
Мен үшін ең қиыны бойымды билеген түкке тұрғысыз сезімімен күресу еді. Өзімді жек көргенім сонша, бұл сезімнен Ехоба куәгері болғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы арыла алмадым. Мен Ехобаны жақсы көретінмін, алайда оның мен сияқты адамды жақсы көруі екіталай деп ойлайтынмын.
Шомылдыру рәсімінен кейін он бес жыл өткен соң, баяндамадағы бір ой көзқарасымды өзгертуге түрткі болды. Ехоба куәгерлерінің кездесулері өтетін Патшалық сарайында баяндамашы Жақып 1:23, 24-тегі сөздерді келтірді. Ол жерде Құдай Сөзі айнамен салыстырылып, сол айнадан өзімізге Құдайдың көзқарасымен қарай алатынымыз жазылған. Сонда мен: “Ехобаның маған деген көзқарасы менікінен өзгеше болғаны ма?”— деп ойлана бастадым. Басында бұл жаңа ойды қабылдау маған қиынға соғатын, өйткені Ехобаның мені жақсы көре алмайтынына әлі де сенімді едім.
Бірер күннен кейін Киелі кітаптан өмірімді күрт өзгерткен сөздерді оқыдым. Бұл Ишая 1:18-дегі Ехоба Құдайдың: “Келіңдер, мәселелеріңді талқылап, шындығына жетейік! Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қар сияқты аппақ қылмақпын”,— деген сөздері еді. Сонда Ехоба: “Кел, Вики, мәселеңді талқылайық. Мен сені жақсы білемін, күнәларыңды да білемін. Жүрегіңде не бар екенін де білемін. Мен сені жақсы көремін”,— деп, жеке өзіме айтып жатқандай болды.
Сол түні көз ілмей шықтым. Ехобаның мені жақсы көретініне әлі де күмәнім бар еді. Бір уақытта Исаның төлем құрбандығы жайлы ойлана бастадым. Кенеттен Ехобаның маған ұзақ уақыттан бері шыдамдылық танытып, жақсы көретінін түрлі жолдармен көрсетіп келгенін түсіндім. Ал мен болсам оған: “Сенің сүйіспеншілігің маған жететіндей соншалықты зор емес. Ұлыңның құрбандығы да күнәларымды жабуға жетпейді”,— деп жатқандай едім. Осылайша төлем құрбандығын Ехобаның өзіне қайтарып бергендей болдым. Бірақ ақырында оның осы керемет сыйы жайлы ой жүгіртіп, Ехобаның мені жақсы көретінін сезіндім.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Мойнымнан ауыр жүк түсіп, толыққанды өмір сүре бастадым. Некеміз нығайды әрі бастан өткерген оқиғаларды өзгелерге айтып, көмек көрсете алатыныма қуанамын. Мен Ехобаға барынша жақындай түстім.
“Бұл менің дұғама жауап болды”. СЕРГЕЙ БОТАНКИН
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1974
ЕЛІ: РЕСЕЙ
ХЭВИ-МЕТАЛДЫ СҮЙІП ТЫҢДАҒАН
ӨТКЕН ӨМІРІМ:
Мен атақты композитор Петр Ильич Чайковскийдің кіндік қаны тамған жер Воткинск қаласында дүниеге келдім. Отбасымыздың тұрмысы нашар еді. Әкемнің жақсы қасиеттері көп болатын, алайда ол ішкілікке салынып, отбасымыздың шырқын бұзатын.
Мектепте нашар оқыдым, ал жылдар өткен сайын өзімді өзгелерден кем санай бастадым. Содан тұйықталып, өзгелерге күмәнмен қарайтын болдым. Мектепке бару мен үшін азаптың азабы еді. Айталық, басқа кезде қиналмай-ақ айтып беретін оп-оңай нәрселерді тақтаға шыққанда түсіндіре алмай қалатынмын. Ал сегізінші сыныпты бітіргенімде, мінездемемде “Сөздік қоры аз, өз ойын еркін айтып жеткізе алмайды” деген сөздер жазылды. Бұл менің мысымды басып, өзімді одан бетер түкке тұрғысыз сезінуіме түрткі болды. Осыдан кейін мен өмірдің мәні жайлы ойлана бастадым.
Жасөспірім кезімде ішімдікке үйір бола бастадым. Алғашында қандай да бір жеңілдік сезінетінмін. Алайда тым көп ішкен кездері ар-ұжданым мазалайтын. Өмірім мағынасыз болып кетті. Бұрынғыдан да қатты күйзеліп, бірнеше күн үйден шықпай қоятынмын. Содан өз-өзіме қол жұмсау жайлы ойлана бастадым.
20 жасқа келгенде өзіме жаңа, бірақ уақытша алданыш таптым. Көңіліме дем берген хэви-метал әуендері еді. Олар бойыма күш-қуат беретін. Бұған әуес басқа да тыңдармандарды іздей бастадым. Шашымды өсіріп, құлағымды тесіп, пір тұтқан музыканттарым сияқты киіне бастадым. Бірте-бірте ашушаң әрі дөрекі болып кетіп, отбасыммен жиі жанжалдасатын болдым.
Хэви-метал бағытындағы әуендер көңілімді орнықтырады деп ойлаған едім, алайда бұлай болмай шықты. Халім тіптен нашарлай түсті. Ал ұнатып жүрген жұлдыздар жайлы жағымсыз нәрселерді естігенде, олардан мүлдем көңілім қалды.
Содан тағы да өзіме қол жұмсау жайлы ойлана бастадым, бірақ бұл жолы шындап кіріспек едім. Мені тоқтатқан жалғыз нәрсе анамның жүрегін қан жылататыным еді. Ол мені қатты жақсы көретін әрі мен дегенде ішкен асын жерге қоятын. Өзімді жолайрықта тұрғандай сезініп, қатты қиналдым: әрі қарай өмір сүрудің еш мәнісін көрмедім, алайда өмірмен де қош айтыса алмадым.
Көңіліме алданыш іздеп, орыс классиктерінің туындыларын оқи бастадым. Шіркеуде қызмет еткен кейіпкер жайлы бір оқиға күтпеген жерден менің де бойымда Құдайға және адамдарға жақсылық жасауға деген құлшынысымды оятты. Бұрын-соңды ешқашан дұға етпесем де, Құдайға көңілімдегіні ақтарып, өмірімді қалай мағыналы ете алатынымды сұрадым. Дұға етіп жатқанымда керемет бір жантыныштығына бөлендім. Осыдан кейін орын алған жайттар тіптен керемет болды. Екі сағаттан кейін бір Ехоба куәгері есігімді қағып, Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынды. Құдайдың дұғама осылай жауап бергеніне еш күмәнім болмады. Бұл менің бақытты өмірге алғаш қадам басқан күнім еді.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Қиын болғанына қарамастан, хэви-металмен байланысы бар барлық заттарымды лақтырып жібердім. Алайда оның әуендері ұзақ уақыт бойы ойымнан шықпай қойды. Кетіп бара жатып әуенді естіп қалсам, өткен өмірім бірден есіме түсетін. Мен осы жағымсыз ойларды жүрек пен санама ұялап жатқан игі нәрселермен еш араластырғым келмеді. Сондықтан осындай жерлерді айналып өтуге тырысатынмын. Өткен өмірім есіме түсіп кеткен кездері Құдайға жалбарынып дұға айтатынмын. Сонда көңілімде “адам ақылынан асқан тыныштық” орнайтын (Філіпіліктерге 4:7).
Киелі кітапты зерттеп жүргенімде әр мәсіхшінің өз сенімімен бөлісу жауапкершілігі бар екенін білдім (Матай 28:19, 20). Алайда мен бұлай ете алмайтыныма сенімді болдым. Әйтсе де үйренген нәрселерім маған көп қуаныш әкеліп, жантыныштығына бөлейтін. Мен бұл шындықтарды өзгелердің де естуі керектігін түсіндім. Сондықтан қорыққаныма қарамастан, білгендерімді басқаларға айта бастадым. Бір таңғалғаным, өзгелерге Киелі кітап жайлы айтқаным өз-өзіме деген сенімділігімді нығайтып, жаңа нанымдарымның жүрегімде терең тамыр жаюына көмектесті.
МАҒАН ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Қазір менің бақытты отбасым бар. Әпкем мен анамды қоса алғанда, бірнеше адамға Киелі кітап жайлы білуге көмектескеніме қатты қуанамын. Құдайға қызмет етіп, өзгелерге ол жайлы білім алуға көмектесіп жатқаным өмірімді мән-мағынаға толтырды.