Ехоба — “тыныштық сыйлайтын Құдай”
“Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын!” (РИМ. 15:33).
1, 2. Жаратылыс кітабының 32, 33-тарауларында қандай жағдай суреттелген және ол немен бітті?
ИОРДАН ӨЗЕНІНІҢ шығыс жағалауымен ұштасып жатқан Ябок аңғарындағы Пенуел қаласының маңында болған оқиғаны көз алдыңа елестетіп көрші. Есау сыңары Жақыптың еліне қайтып келе жатқанын естиді. Оның тұңғыштық жолын інісіне сатып жібергеніне 20 жыл болып қалса да, інісінің бойында бауырының ашуы әлі тарқамаған болар деген үрей бар. Есау қасына 400 жігіт ертіп, Жақыпқа қарай шығады. Қантөгіс бола ма деп қорыққан Жақып ағасына қора-қораға бөліп, бас-аяғы 550-ден аса мал тарту етеді. Әрбір үйір малды айдап барған қызметшісіне бұның Есауға арнаған інісінің сый-тартуы екенін айтуды тапсырады.
2 Бауырлардың жүздесетін кезі де келіп жетті! Ағасына батылдықпен жақындап келе жатқан Жақып оған бір рет емес, жеті рет тағзым етеді. Бұдан алдын Жақып ағасының жүрегін жібіту үшін ең басты қадам жасаған еді: ол Есаудың қолынан құтқаруын сұрап Ехобаға дұға еткен. Ехоба оның үніне құлақ асты ма? Иә. Киелі кітапта: “Есау жүгіріп келіп, құшақтай алып, оны бетінен сүйді”,— делінген (Жар. 32:11—20; 33:1—4).
3. Жақып пен Есау туралы оқиғадан қандай сабақ алуға болады?
3 Бұл оқиғадан мәсіхшілер қауымының татулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар орын алса, оларды шешу үшін нақты қадамдар жасау әрі барынша күш салу керектігі көрінеді. Жақып ағасы Есауға қандай да бір жамандық жасап, кешірім сұрауы керек болғандықтан онымен татуласқысы келген жоқ. Есау тұңғыштық жолын бағаламай, бір тостақ тамаққа бола сатып жіберген еді (Жар. 25:31—34; Евр. 12:16). Ал Жақыптың не істегенінен біз бауырластарымызбен тату болуға қаншалықты тырысуымыз керектігі, сондай-ақ татулық сақтау үшін дұға ете отырып күш салсақ, Құдай батасын беретіні анық көрінеді. Киелі кітапта татуластырушы болуға талпындыратын басқа да көптеген мысалдар бар.
Ең керемет үлгі
4. Адамзатты күнә мен өлімнен құтқару үшін Құдай не істеді?
4 Татуластырушы болудың ең керемет үлгісін “тыныштық сыйлайтын Құдай” Ехоба көрсетті (Рим. 15:33). Бізді өзімен татуластыру үшін Ехобаның не істегені жөнінде ойлап көрші. Адам ата мен Хауа анадан күнәні мұра еткендіктен біз өлімге лайықпыз (Рим. 6:23). Сөйтсе де сүйіспеншілікке толы Ехоба адамзатты құтқару үшін өзінің сүйікті Ұлын жер бетіне жіберді. Ал Ұлы кемелді адам ретінде туылуға, сондай-ақ Құдайдың жауларының қолынан өлуге дайын болды (Жох. 10:17, 18). Бірақ Құдай сүйікті Ұлын қайта тірілтті және оның төгілген қанының құнын қабыл алды. Бұл құрбандық күнәларына өкінгендерді мәңгілік өлімнен құтқаратын төлем болды (Еврейлерге 9:14, 24 оқы).
5, 6. Мәсіхтің төлем құрбандығы Құдай мен күнәкар адамзаттың қарым-қатынасына қалай әсер етті?
5 Мәсіхтің төлем құрбандығы Құдай мен күнәкар адамзаттың қарым-қатынасына қалай әсер етті? Ишая 53:5-те: “Оның тартқан жазасы бізге амандық пен тыныштық әкелді. Оның жараларының арқасында біз сауықтық”,— делінген. Төлемнің арқасында мойынсұнғыш адамзат Құдаймен татуласып, оның жауы деп қарастырылмайтын болды. Осылайша “[Исаның] қанымен төленген құн арқылы азат етілуімізге, яғни күнәларымыздың кешірілуіне жол ашылды” (Ефес. 1:7).
6 Киелі кітапта “Құдай барлық нәрсенің [Мәсіхтің] бойында толық болғанын жөн көргені” айтылған. Мұның себебі — Құдайдың ниетінің орындалуында Мәсіх басты рөл атқарады. Ал Құдайдың ниеті қандай? Оның ниеті — Иса Мәсіхтің “төгілген қаны арқылы жердегі мен көктегінің бәрін өзімен татуластыру”. Ал “жердегі мен көктегілерге” не жатады? (Қолостықтарға 1:19, 20 оқы).
7. Құдаймен татуласқан “жердегі мен көктегілерге” кімдер жатады?
7 Төлем құрбандығы Құдайдың ұлдары ретінде “әділ деп жарияланған” майланған мәсіхшілерге онымен татуласуға жол ашты (Римдіктерге 5:1 оқы). Майланғандар көкте өмір сүруге үміттенетіндіктен, сондай-ақ патша әрі діни қызметкерлер ретінде “жер бетіне билік жүргізетіндіктен” “көктегілерді” білдіреді (Аян 5:10). Ал “жердегілерге” күнәларына өкінген әрі жер бетінде мәңгі өмір сүретін адамзат жатады (Заб. 36:29).
8. Бізді өзімен татуластыру үшін Ехобаның не нәрсеге барғанын білгенің сені не істеуге талпындырады?
8 Ехобаның осы керемет сыйына ризашылығын білдіріп, елші Пауыл Ефестегі майланған мәсіхшілерге былай деп жазды: “Аса мейірімді Құдай... күнәларымыздың кесірінен өлі болсақ та, біздерді тірілтіп, Мәсіхпен біріктірді. Сендер рақым көрсетілгеннің арқасында ғана құтқарылдыңдар” (Ефес. 2:4, 5). Мейлі, көкте не жерде өмір сүруге үміттенейік, бәріміз де рақым көрсеткені үшін Ехобаның алдында борыштымыз. Бізді өзімен татуластыру үшін оның не нәрсеге барғанын білгеніміз жүрегімізді ризашылыққа толтырады. Қауымда алауыздық тудыратын жағдайларға кезіксек, Ехобаның көрсеткен үлгісі жайында ой жүгірткеніміз бізді татуластырушы болуға талпындыруы тиіс.
Ыбырайым мен Ысқақтан үлгі алайық
9, 10. Ыбырайым татуластырушы екенін қалай көрсетті?
9 Ыбырайым жайлы Киелі кітапта: “Ыбырайым Ехобаға сенді, сондықтан оның алдында әділ деп танылды” және ол “Ехобаның досы” деп аталды”,— делінген (Жақ. 2:23). Оның сенімі ынтымақшылдығынан көрінетін. Мысалы, немере інісі Лут екеуінің малы көбейіп, олардың малшыларының арасында дау туғандағы жағдайды қарастырайық (Жар. 12:5; 13:7). Ағайындылардың бір-бірінен бөлінуі керектігі анық болады. Осындай қиын мәселені Ыбырайым қалай шешті екен? Ол өзінің жасы үлкендігі мен Құдаймен ерекше қатынасын алға тартпады, қайта, нағыз татуластырушы екенін көрсетті.
10 Ыбырайым інісіне: “Екеуара, сондай-ақ малшыларымыздың арасында да дау-жанжал туғызбай-ақ қояйық, ағайынды адамдармыз ғой,— деді де, мынадай ұсыныс жасады: — Бір-бірімізден бөлінейік, қалаған жеріңді таңдап ал: сен сол жақты таңдасаң, мен оң жаққа, сен оң жақты қаласаң, мен сол жаққа кетейін”. Сонда Лут өзіне ең құнарлы жерді таңдайды, ал Ыбырайым бұған еш ренжімейді (Жар. 13:8—11). Кейінірек, Лутты шапқыншылар тұтқынға алғанда, Ыбырайым дереу інісін құтқаруға шығады (Жар. 14:14—16).
11. Қалай Ыбырайым філістірлермен тату болуға тырысқан?
11 Енді Ыбырайымның Қанахан жерінде філістірлермен қалай тату болуға тырысқанын қарастырып көрейік. Філістірлер Ыбырайымның қызметшілері қазған Бер-Шебадағы құдықты “күшпен тартып алады”. Немере інісін төрт патшаның қолынан босатып алуға қаймықпаған Ыбырайым бұл жағдайда не істейді екен? Ол құдығын күшпен қайтарып алудың орнына, үндемей қоя салады. Біраз уақыт өте філістірлердің патшасы бейбіт келісім жасасу үшін Ыбырайымға келеді. Ұрпақтарына жақсы қараймын деп патшаға ант берген соң ғана, Ыбырайым құдық жөнінде сөз қозғайды. Бұл жайтты білмегендіктен төбесінен жай түскендей болған патша құдықты қайтарып бергізеді. Ал Ыбырайым болса өзі жатжерлік ретінде тұрып жатқан елде көршілерімен тату-тәтті өмір кеше береді (Жар. 21:22—31, 34).
12, 13. а) Қалай Ысқақ әкесінің үлгісіне еліктеді? ә) Қалай Ехоба ынтымақшылдығы үшін Ысқақты жарылқады?
12 Ыбырайымның баласы Ысқақ та әкесі сияқты ынтымақшыл болған. Бұл оның філістірлердің жасаған әрекетін қалай қабылдағанынан көрінеді. Аштық жайлағандықтан Ысқақ бүкіл үй ішімен Негевтегі Беэр-Лахай-Рой деген шөлді аймақтан солтүстігіндегі філістірлердің әлдеқайда құнарлы жері Герарға көшеді. Сол жерде Ехобаның батасына ие болып, мол астық жинайды, мал-жайы да көбейеді. Бұны көрген філістірлердің бойын қызғаныш билейді. Ысқақтың Ыбырайым сияқты байығанын қаламаған олар әкесі қаздырған құдықтардың барлығын көміп тастайды. Ақыр соңында філістірлердің патшасы Ысқаққа: “Біздің жақтан көшіп кет”,— дейді. Ымырашыл Ысқақ бұған көнеді (Жар. 24:62; 26:1, 12—17).
13 Шалғайрақ жерге көшкен Ысқақ малшыларына басқа бір құдық қаздырады. Бірақ філістір малшылары: “Бұл біздің су”,— дейді. Ысқақ та әкесі сияқты, құдыққа бола таласпайды. Бұның орнына, қызметшілеріне тағы бір құдық қаздырады. Філістірлер бұл құдық үшін де дауласады. Тыныштық сақтау үшін Ысқақ бүкіл үй ішімен одан да алыстау жерге көшеді. Сол аймақта қызметшілері тағы бір құдық қазып, Ысқақ оны Рехобот деп атайды. Уақыт өте келе ол анағұрлым құнарлы Бер-Шеба аймағына көшеді. Сол жерде Ехоба оған батасын төгеді, әрі былай деп уәде береді: “Қорықпа, әрдайым сені көз алдымда ұстап жарылқаймын. Қызметшім Ыбырайым үшін сенің ұрпағыңды өте көп етемін” (Жар. 26:17—25).
14. Філістірлердің патшасы бейбіт келісім жасасу үшін келгенде, Ысқақ ынтымақшыл екенін қалай көрсетті?
14 Әрине, қызметшілері қазған құдықтың бәрін Ысқақтың тартып алуға күші жетер еді. Бұл філістірлер патшасы нөкерлерімен онымен бейбіт келісім жасасу үшін Бер-Шебаға келіп: “Біз Жаратқан Иенің сені көз алдында ұстайтынын анық көріп тұрмыз”,— дегенінен көрінеді. Алайда Ысқақ татулық сақтау үшін бірнеше рет көшуге дайын болған. Бұл жолы да ол ынтымақшыл екенін көрсетті. Жазбаларда былай делінген: “Ысқақ оларға қонақасы беріп, барлығы ішіп-жеді. Ертеңіне ерте тұрып, әрқайсысы бір-біріне ант берді. Ысқақ оларды шығарып салып, жылы жүзбен қоштасты” (Жар. 26:26—31).
Жүсіптен үлгі алайық
15. Жүсіптің ағалары неге онымен жылы сөйлей алмайтын күйге жеткен еді?
15 Ысқақтың ұлы Жақып жақсы адам болып өседі. Жоғарыда қарастырғанымыздай, Жақып ағасы Есаумен татуласуға барынша тырысқан. Оған әкесі Ысқақтың үлгісі әсер еткенінде сөз жоқ. Ал оның ұлдары жөнінде не деуге болады? Жақып 12 ұлының ішінде Жүсіпті ерекше жақсы көрген. Жүсіп тілалғыш, әкесін өте сыйлайтын әрі оның мүддесін ойлайтын бала болған (Жар. 37:2, 14). Алайда ағаларының бойын қызғаныш билегені сонша — олар Жүсіппен жылы сөйлей алмайтын күйге жетеді. Содан інілерін қатты жек көріп кетіп, оны сатып жібереді де, әкелерін баласы жыртқыш аңға жем болды дегенге сендіреді (Жар. 37:4, 28, 31—33).
16, 17. Жүсіп ынтымақшыл екенін қалай көрсетті?
16 Ехоба Жүсіпті жарылқады. Уақыт өте ол Мысырда перғауыннан кейін екінші адам болады. Елді жайлаған аштық ағаларын Жүсіптің алдына келуге мәжбүр еткенде, олар Мысырдың беделді адамдарындай киінген інілерін танымай да қалады (Жар. 42:5—7). Міне, енді Жүсіпке қатыгездіктерін алдыларына келтіріп, өзі және әкесі үшін бауырларынан ақысын алудың ең қолайлы сәті туды! Алайда ол ағаларымен татуласуға тырысты. Қылықтарына өкінетіндерін анық көрген соң, оларға өзінің кім екенін ашып, былай деді: “Енді ештеңені уайымдамаңдар, мені осында сатып жібердік деп өздеріңді кінәламаңдар! Өйткені Құдайдың Өзі мені осы жерге өмірлеріңді сақтап қалу үшін сендерден бұрын жіберді”. Сосын, Жүсіп барлық ағаларының беттерінен сүйіп, құшақтап жылады (Жар. 45:1, 5, 15).
17 Әкелері Жақып көз жұмғаннан кейін, ағалары енді Жүсіп кек алатын шығар деп қорқып, бұл жөнінде оның өзіне айтты. Бұны естігенде, Жүсіп “жылап қоя берді”, сосын, оларға мынаны айтты: “Қорықпаңдар, мен сендерге де, балаларыңа да қамқор боламын”. Ынтымақшыл Жүсіп “жылы сөйлесіп, ағаларының көңілдерін орнықтырды” (Жар. 50:15—21).
“Бізге тәлім болсын деп жазылған”
18, 19. а) Өзіміз қарастырған мысалдардан қандай сабақ алдың? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
18 Пауыл: “Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз”,— деп жазды (Рим. 15:4). Қалай біз тек Ехобаның ең керемет үлгісінен ғана емес, Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және Жүсіптің үлгілерінен де сабақ аламыз?
19 Күнәкар адамзатты өзімен татуластыру үшін Ехобаның не істегені жөнінде ой жүгірткеніміз бізді татулыққа ұмтылуға талпындырады. Ал Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және Жүсіптің үлгісінен ата-аналардың ынтымақшыл болғаны балаларына қалай әсер ететіні көрінеді. Сондай-ақ бұдан татулыққа ұмтылатындарды Ехобаның жарылқайтынын байқаймыз. Олай болса, Пауылдың Ехобаны “тыныштық сыйлайтын Құдай” дегені әбден орынды (Римдіктерге 15:33; 16:20 оқы). Келесі мақалада Пауылдың татулыққа ұмтылуымыз керектігіне баса назар аударуының себебін және қалай татуластырушы бола алатынымызды қарастырамыз.
Не білдіңдер?
• Жақып ағасы Есаумен кездесерде, онымен татуласу үшін не істеді?
• Адамзатты өзімен татуластыру үшін Ехобаның не істегенін білгеніміз бізді не нәрсеге талпындырады?
• Ынтымақшыл Ыбырайым, Ысқақ, Жақып және Жүсіптің үлгісінен қандай сабақ алдың?
[23-беттегі суреттер]
Есаумен татуласу үшін Жақыптың жасаған ең басты қадамы қандай?