Сен Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кірдің бе?
“Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті” (ЕВР. 4:12).
1. Бүгінде біз Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне қалай кіре аламыз және неге бұл оңай болмауы мүмкін?
АЛДЫҢҒЫ мақаладан білгеніміздей, Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіргіміз келсе, оның еркіне сай әрекет етуіміз керек. Бұлай деу оңай, бірақ істеу қиын болуы мүмкін. Мысалы, бізге ұнайтын нәрсені Ехобаның құптамайтынын білгенде, алғашында мұнымен келіспейтін шығармыз. Бұл біздің “мойынсұнуға дайын” болуды әлі де үйрене түсуіміз керектігін көрсетеді (Жақ. 3:17). Осы мақалада Құдайдың еркіне мойынсұнуға қаншалықты дайын екеніміз сыналуы мүмкін бірнеше жағдайды қарастырамыз.
2, 3. Құдайдың көз алдында қалаулы болу үшін нені жалғастыра беруіміз керек?
2 Саған Киелі кітапқа негізделген кеңесті қабылдау оңай ма? Жазбалардан біз Құдайдың “барлық халықтан қалаулыларды” жинап алғысы келетінін білеміз (Нағ. 2:7 ЖД). Шындықты алғаш рет естігенде, көбіміз “қалаулы” болмағанымыз рас. Алайда Құдайға және оның сүйікті Ұлына деген сүйіспеншілігіміз өмірімізде үлкен өзгерістер жасап, бұрыс көзқарастар мен жаман әдеттерден арылуға талпындырды. Біз талай дұға етіп, көп күш салғаннан кейін мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өтуге лайық болдық (Қолостықтарға 1:9, 10 оқы).
3 Бірақ кемелсіздікпен күресіміз мұнымен аяқталған жоқ. Бұл күрес әлі жалғасуда және кемелділікке жетпейінше, жалғаса бермек. Десе де солай ете берсек әрі Құдайдың көз алдында қалаулы болуға деген шешімімізден айнымасақ, Ехобаның жарылқайтынына сенімді бола аламыз.
Кеңес берілген кезде
4. Жазбаларға негізделген кеңес қандай үш жолмен берілуі мүмкін?
4 Бойымыздағы кемшіліктен арылу үшін, алдымен, оны анықтап алғанымыз жөн. Бұған Патшалық сарайында айтылған жан-дүниемізді тексеруге қозғау салатын баяндама не әдебиеттеріміздегі ой жүгіртуге талпындыратын мақала көмектесуі мүмкін. Ал баяндаманың мәнін түсінбесек не мақаладағы кеңесті өзімізге қатысы бар деп қабылдамасақ, Ехоба кемшілігімізді бауырласымыз арқылы көрсететін болар (Ғалаттықтарға 6:1 оқы).
5. Біреу бізге кеңес бергенде, мұны қалай қабылдауымыз мүмкін және неге ақсақалдар бізге көмектесуге тырыса берулері керек?
5 Кемелсіз адамның берген кеңесін, ол қаншалықты ілтипаттылық пен сүйіспеншілік танытса да, қабылдау оңай емес. Әйтсе де Ғалаттықтарға 6:1-де жазылғандай, Ехоба рухани толысқан адамдарға өзгелерді жұмсақтықпен түзетуді, дәлірек айтқанда, түзетуге тырысып көруді тапсырған. Осындайда кеңесті қабылдасақ, Құдайдың көз алдында қалаулы бола түсеміз. Көңіл қоярлық бір жайт — дұға еткен кездерде кемелсіз екенімізді мойындау оңай. Алайда біреу қандай да бір қателігіміз бар екенін айтса, әдетте біз оны аса маңызды емес деп қарастыруға, өзімізді ақтауға, кеңес берген адамның ниетіне күмәндануға не оның қалай берілгеніне ренжуге бейімбіз (Пат. 4-ж. 5:11). Отбасы мүшесінің қандай да бір іс-әрекеті, сырт көрінісіміз, қалай көңіл көтеретініміз не жеке гигиена сияқты, жанымызға қатты бататын жайттарға қатысты кеңес берілгенде, бұлқан-талқан болып, өзіміздің де, кеңес берген адамның да көңілін түсіретін шығармыз. Алайда ашуымыз басылғанда, кеңестің орынды екенімен келісіп жатамыз.
6. Құдай сөзі “жүректегі ой-ниетті” қалай аян етеді?
6 Осы мақала негізделген тармақ Құдайдың сөзінің “әсері күшті” екенін есімізге салады. Шынында да, Құдай сөзінің адамды өзгерте алатын құдіреті бар. Ол бізге шомылдыру рәсімінен өтуге лайық болу үшін қажетті өзгерістер жасауға қалай көмектессе, қазір де солай көмектесе алады. Аталмыш тармақта Пауыл Құдай сөзінің “бойымызға терең еніп, тіпті жан мен рухты, буын мен жұлынды айыратынын, әрі жүректегі ой-ниетті аян ететінін” айтқан (Евр. 4:12). Басқаша айтар болсақ, Құдайдың бізден не күтетінін білгенде, мұны қалай қабылдайтынымыз шынайы болмысымызды аян етеді. Сыртымыз (“жан”) бен ішіміздің (“рух”) өзара сай келмейтін кездері бола ма? (Матай 23:27, 28 оқы). Келесі жағдайларда сен қалай әрекет етер едің?
Ехобаның ұйымымен бірге алға баса бер
7, 8. а) Кейбір яһуди мәсіхшілердің Мұса заңын ұстануды доғармағандарының себебі неде болуы мүмкін? ә) Олар Құдайдың ниетіне қарсы әрекет жасады деуге қандай негіз бар?
7 Көбіміз Нақыл сөздер 4:18-дегі мына сөздерді жатқа білеміз: “Әділдің жолы таң шапағы іспетті, Тал түс болғанша жарқырай түседі”. Демек, жүріс-тұрысымыз уақыт өте келе жақсарады, Құдайдың ниетіне байланысты түсінігіміз де бірте-бірте артады.
8 Алдыңғы мақалада қарастырғанымыздай, бірінші ғасырда яһуди мәсіхшілердің біразы Мұса заңын ұстануды доғармаған (Ел. іс. 21:20). Пауыл мәсіхшілердің бұдан былай Заңды ұстануға міндетті емес екендерін жақсылап түсіндіргеніне қарамай, кейбіреулер құлақ аспады (Қол. 2:13—15). Бәлкім, олар Заңның, ең болмағанда, кей талаптарын ұстанғандары қудаланудан сақтайды деп ойласа керек. Бірақ Пауыл оларға Құдайдың ниетіне қарсы шығуларын қоймайынша, оның демалу үшін дайындаған жеріне кіре алмайтынын анық түсіндірдіa (Евр. 4:1, 2, 6; Еврейлерге 4:11 оқы). Яһуди мәсіхшілер Ехобаның ықыласына ие болу үшін мынаны мойындаулары керек еді: бірте-бірте ашылып жатқан ниетіне сай, ол енді өз халқына басқа басшылық беруде.
9. Ілімдерге қатысты қандай да бір өзгерістер жасалса, мұны қалай қабылдауымыз керек?
9 Бүгінде Киелі кітаптың кейбір ілімдеріне қатысты қандай да бір өзгерістер жасалып жатады. Бұл бізге кері әсер етпей, қайта, адал да ақылды құл табына деген сенімділігімізді арттыруы керек. Құл табының өкілдері шындықтың қандай да бір тұсын анығырақ немесе өзгеше түсіндіру қажет екенін байқаса, жұрт сынайды деп өзгеріс енгізуден қорықпайды. Олар үшін Құдайдың ниетіне сай әрекет ету әлдеқайда маңызды. Осындай жағдайларда сен қалай әрекет етесің? (Лұқа 5:39 оқы).
10, 11. Кейбіреулердің қызметтің жаңа тәсілдерін қалай қабылдағанынан қандай сабақ алуға болады?
10 Тағы бір мысалды қарастырып көрейік. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында сөзге шешен кейбір бауырластар сахнадан баяндама айту уағыздаудың ең жақсы жолы деп ойлаған. Оларға адамдардың өздерін тамсана тыңдап, қолпаштағаны майдай жағатын. Алайда кейінірек Ехобаның нені қалайтыны белгілі болды: оның қызметшілері үйден-үйге жүру сияқты, уағыздың әртүрлі тәсілдерін қолданулары керек еді. Кейбір керемет баяндамашылар бұндай өзгерісті қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Сырттай олар Ехобаға адал, рухани толысқан болып көрінетін. Алайда уағыздау қызметіне қатысты Құдайдың ниеті анық ашылғанда, олардың ойлары мен пиғылдары айқын болды. Ехоба оларға батасын бермеді. Ақырында, олар ұйымнан кетіп қалды (Мат. 10:1—6; Ел. іс. 5:42; 20:20).
11 Ұйымда қалған адал бауырластар үшін ел алдында уағыздау оңай болған жоқ. Көбісі үшін бұл әсіресе бастапқыда қиын болды. Алайда олар бұған мойынсұнды. Уақыт өте келе бұл өзгеріске үйреніп, Ехоба оларға ағыл-тегіл батасын берді. Адал да ақылды құл қызметтің өзімізге таныс емес түріне қатысуды ұсынса, сен мұны қалай қабылдайсың?
Жақын адамымыз ұйымды тастап кетсе
12, 13. а) Неге Ехоба күнәсіна өкінбейтін адамды қауымнан шығаруды талап етеді? ә) Кейбір мәсіхші ата-аналар қандай ауыр сынаққа кезігуі мүмкін?
12 Құдайдың ықыласына ие болу үшін тәндік, өнегелік және рухани жағынан таза болуымыз керектігімен, сірә, бәріміз де келісерміз (Титке 2:14 оқы). Бірақ кейде осы орайда адалдығымыз қатты сыналуы мүмкін. Мысалы, үлгілі мәсіхші ерлі-зайыптының жалғыз ұлы Ехобамен және ата-анасымен қарым-қатынасынан гөрі, “күнәдан уақытша рақат алуды” артық көріп, шындықтан кетіп қалды делік (Евр. 11:25).
13 Бұл ата-ананың жанына қатты батары сөзсіз! Әрине, олар қауымнан шығарылған адамдарға қатысты Киелі кітаптың келесі сөздерін жақсы біледі: “Бауырлас деп аталғанмен, азғын, ашкөз, пұтқа табынушы, ғайбатшыл, маскүнем не тонаушы болып жүрген адаммен араласуды доғарыңдар, тіпті дастарқандас та болмаңдар” (Қор. 1-х. 5:11, 13). Сондай-ақ олар мұндағы “адам” деген сөздің өздерімен бірге тұрмайтын отбасы мүшесін де білдіретінін түсінеді. Бірақ олар баласын өте жақсы көреді! Сезімнің жетегінде кетсе, олар: “Баламызбен мүлдем араласпай қойсақ, оның Ехобаға қайта оралуына қалай көмектесеміз? Қайта, үнемі хабарласып тұрғанымыздың пайдасы тиеді емес пе?”— деп тұжырымдауы мүмкінb.
14, 15. Қауымнан шығарылған баланың ата-анасы қандай маңызды шешім қабылдау керек?
14 Мұндай ата-аналарға біздің жанымыз ашиды. Бірақ олардың баласы бұл шешімді өзі қабылдады ғой. Ол ата-анасымен, бауырластармен жақсы қарым-қатынасын мәсіхшілерге жат өмірге айырбастады. Ата-анасы баласы үшін шешім қабылдай алмайды. Сондықтан өздерін дәрменсіз сезінетіні түсінікті.
15 Сол аяулы бауырластар Ехобаның нақты басшылығын ұстана ма, әлде балаларымен үзбей араласып тұруға келелі себебіміз бар деп есептей ме? Ата-аналар не істеуді шешкенде, Ехобаның сезімін ескергені жөн. Олар Ехобаның мақсаты — өз ұйымын таза сақтау, сондай-ақ, мүмкін болса, күнәкарды есін жиюға талпындыру екенін есте ұстаулары керек. Ехобаның осы мақсатын қолдайтынын олар қалай көрсете алады?
16, 17. Һаронның басына түскен жағдайдан не нәрсеге үйренеміз?
16 Мұсаның ағасы Һаронның қандай ауыр жағдайға тап болғанын қарастырып көрейік. Бұл оның Надаб пен Әбиһу деген екі ұлына қатысты еді. Ехобаның алдына рұқсат етілмеген от салып әкелгені үшін олар жер құшқанда, Һаронның қандай сезімде болғанын елестетіп көрші! Енді Һарон мен әйелі балаларын көре де, олармен сөйлесе де алмайтын. Бірақ Һаронның жағдайын одан бетер ауырлатқан тағы бір жайт бар еді: Ехоба Һарон мен оның адал ұлдарына өздері де, бүкіл халық та оның қаһарына ұшырамау үшін, тілазар туыстарын жоқтамаулары керек екенін қатаң ескертті (Леу. 10:1—6). Бұл бұйрықтың мәні айқын: біз туыстарымызды Ехобадан артық жақсы көрмеуіміз керек.
17 Бүгінде Ехоба заңдарын бұзған адамдарды бірден жазаламайды. Жасаған әділетсіз істеріне өкінуге сүйіспеншілікпен мүмкіндік береді. Ал өкінбеген күнәкардың ата-анасы оның бұйрығына мойынсұнбай, қауымнан шығарылған ұлы не қызымен араласып тұруға келелі себебіміз бар деп есептесе, Ехоба не сезінеді?
18, 19. Ехобаның қауымнан шығарылғандарға қатысты берген басшылығын ұстанатындар қандай баталарға ие болады?
18 Кезінде қауымнан шығарылғандардың көбісі достары мен туыстарының Ехобаның бұйрығына мойынсұнғандары естерін жиюға көмектескенін айтады. Ақсақалдар бір қыз бауырласты қауымға қайта қабылдауды ұсынғанда, оның өмірін өзгертуге, қандай да бір шамада, ағасының Ехобаға адал болып, Жазбалардағы басшылықты берік ұстанғаны түрткі болғанын жазды.
19 Бұдан қандай қорытынды жасауымыз керек? Жазбаларға негізделген кеңесті қабылдаудан бас тартуға деген бейімділікпен күресуге тиіспіз. Сондай-ақ Ехобаның басшылығын ұстанғанымыз әрқашан біздің пайдамызға асатынына толықтай сенімді болуымыз керек.
“Құдайдың сөзі тірі”
20. Еврейлерге 4:12-ні қандай екі мағынада түсінуге болады? (Сілтемені қараңдар).
20 Пауыл “Құдайдың сөзі тірі” екенін айтқанда, Киелі кітапқа нұсқамағанc. Мәнмәтіннен оның Құдайдың уәдесі жөнінде айтқанын байқауға болады. Пауыл Құдайдың әрқашан сөзінде тұратыны жайлы айтқысы келген. Мұны Ехобаның келесі сөздері растайды: “Менің аузымнан шыққан сөзім... Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта... көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады” (Ишая 55:11). Сондықтан Құдайдың уәделері біз қалағандай жылдам орындалмаса, шыдамды болуымыз керек. Өз ниетін жүзеге асыру үшін Ехобаның әлі де “еңбек етіп” жатқанына сенімді бола аламыз (Жох. 5:17).
21. Еврейлерге 4:12-дегі сөздер көп жылдар бойы Ехобаға қызмет етіп жүрген бауырластарға қалай жігер береді?
21 “Ұлы жамағаттың” көптеген мүшелері ондаған жылдар бойы Ехобаға адал қызмет етуде (Аян 7:9). Олар біз қартайғанша жаңа дүние келіп қалады деп ойлаған болар. Бірақ үміттері ақталмағанына қарамастан, ұнжырғалары түскен жоқ (Заб. 91:15). Себебі олар Құдайдың сөзі тірі екенін әрі Ехоба уәдесін орындау үшін “еңбек етіп” жатқанын біледі. Ехоба үшін ниетінің орындалғаны өте маңызды, бұның біз үшін де маңызды болғаны оған қуаныш сыйлайды. Қазіргі жетінші күні Ехоба өз ниетін міндетті түрде жүзеге асырады, әрі ол қызметшілерінің өзін қолдайтынын біледі. Ал сен Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кірдің бе?
[Сілтемелер]
a Яһуди басшыларының көбі Мұса заңын бүге-шігесіне дейін ұстанатын, бірақ Мәсіх келгенде, оны қабылдамады. Осылайша олар Құдайдың ниетіне қарсы әрекет етті.
c Бүгінде Құдай бізбен өмірімізге әсер ететін құдіреті бар жазбаша Сөзі арқылы сөйлеседі. Демек, Пауылдың Еврейлерге 4:12-дегі сөздерін кең мағынада Киелі кітапқа қатысты да қолдануға болады.
Естеріңде ме?
• Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіру үшін не істеуіміз қажет?
• Құдайдың ниетінің Жазбаларға негізделген кеңесті қабылдауға деген біздің ықыласымызбен қандай байланысы бар?
• Қандай жағдайларда Жазбаларға негізделген басшылыққа мойынсұну қиын, алайда оған мойынсұнғанымыз неге маңызды?
• Еврейлерге 4:12-ні қандай екі мағынада түсінуге болады?
[31-беттегі сурет]
Бұндай жағдай ата-ананың жанына қатты батады!