Құдайдың тынығатын күні нені білдіреді?
“Құдай халқы үшін әлі де тынығатын Демалыс күні бар” (ЕВР. 4:9).
1, 2. Жаратылыс 2:3-тегі сөздерден қандай қорытынды жасауға болады және осы орайда қандай сұрақтар туындайды?
ЖАРАТЫЛЫС кітабының бірінші тарауында Құдай бейнелі алты күннің ішінде жерді адамзат мекендеу үшін дайындағаны жазылған. Киелі кітапта сол кезеңдердің әрқайсысының аяқталуы: “Кеш түсіп, таң атты”,— деп суреттелген (Жар. 1:5, 8, 13, 19, 23, 31). Алайда жетінші күнге қатысты былай делінген: “[Құдай] жетінші күнге оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты” (Жар. 2:3).
2 Түпнұсқада “тынықты” деген етістік нақ осы шақта жазылған. Демек, б. з. б. 1513 жылы Мұса Жаратылыс кітабын жазғанда, жетінші күн, немесе Құдайдың тынығатын “күні”, әлі жалғасып жатқан. Ол әлі де тынығуда ма? Солай болса, біз оның “демалу үшін дайындаған жеріне” кіре аламыз ба? Бұл сұрақтардың жауабын білу біз үшін аса маңызды.
Ехоба әлі де “тынығуда” ма?
3. Исаның Жохан 5:16, 17-де жазылған сөздері І ғасырда жетінші күннің әлі жалғасып жатқанын қалай көрсетеді?
3 Б. з. І ғасырында жетінші күннің әлі бітпегенін көрсететін екі дәлелді қарастырайық. Алдымен, Исаның қарсыластарына берген жауабына көңіл бөлейік. Ол Демалыс күні науқастарды айықтырғанда, мұны жұмыс істеумен бірдей деп есептеген дінбасылары наразылық білдірген. Сонда Иеміз оларға: “Әкем еңбек етуді доғарған жоқ, мен де еңбек етудемін”,— деді (Жох. 5:16, 17). Бұны қалай түсінуге болады? Басқаша айтар болсақ, оның жауабы келесідей болды: “Әкем екеуміздің атқарып жатқан жұмысымыз бір. Ол мыңдаған жылға созылатын тынығуға арналған күні еңбектенуін доғарған жоқ, ендеше менің де Демалыс күні жұмыс істеуіме болады”. Демек, Исаның айтуынша, жетінші күн, яғни Құдайдың жер бетіндегі жарату ісінен тынығатын күні, сол кезде әлі жалғасуда едіa.
4. Пауыл өз заманында жетінші күннің әлі бітпегенін қалай көрсетті?
4 Ал енді Құдайдың тынығатын күніне қатысты Пауылдың айтқан сөздеріне назар аударайық. Жаратылыс 2:2-ні келтіре отырып, ол былай деді: “Ал сенген біздер демалу үшін дайындалған жерге кіреміз” (Евр. 4:3, 4, 6, 9). Демек, жетінші күн Пауылдың күндерінде де әлі бітпеген. Сонымен, тынығатын күн қашанға дейін созылмақ?
5. Жетінші күні Ехоба не істемек еді және оның ниеті қашан толығымен жүзеге асады?
5 Бұл сұраққа жауап беру үшін жетінші күннің мақсаты неде болғанын түсінуіміз керек. Жаратылыс 2:3-те былай делінген: “[Құдай] жетінші күнге оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі”. Ехоба сол күнді ерекше етіп, жерге қатысты ниетін толықтай жүзеге асыру үшін “қасиетті деп белгіледі”. Оның ниеті бойынша, мойынсұнғыш адамдар жерді мекендеп, ондағы жаратылыстарға қамқор болу керек-тін (Жар. 1:28). Осы ниетін жүзеге асыру үшін Ехоба мен “демалыс күнінің Иесі” Иса Мәсіх әлі күнге дейін “еңбек етуде” (Мат. 12:8). Құдайдың тынығатын күні Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің соңына дейін, яғни өз ниеті толықтай жүзеге аспайынша, жалғаса бермек.
“Солар сияқты мойынсұнбай кетпеңдер”
6. Кімдердің жаман үлгісі біз үшін ескерту болып табылады?
6 Құдайдың ниеті Адам ата мен Хауа анаға анық етіп түсіндірілді, бірақ олар соған сай әрекет етпеді. Содан бері миллиондаған адам Құдайға мойынсұнбай келеді. Тіпті Құдай таңдап алған Исраил халқы да солай еткен. Бір көңіл қоярлық жайт — Пауыл өз заманындағы мәсіхшілерге ежелгі исраилдіктердің қателігін қайталамауды ескерткен. Ол: “Ешқайсысымыз солар сияқты мойынсұнбай кетпеуіміз үшін, демалатын сол жерге кіруге барынша тырысайық”,— деді (Евр. 4:11). Байқасаң, Пауыл мойынсұну мен демалу үшін дайындалған жерге кірудің байланысын көрсеткен. Бұның бізге қандай қатысы бар? Құдайдың ниетіне қарсы келетін қандай да бір әрекет жасасақ, сол жерге кіре алмай қалуымыз мүмкін бе? Бұл сұрақтың жауабы біз үшін маңызды екенінде дау жоқ. Бірақ бұл сұрақты талқыламас бұрын, Құдай дайындаған демалатын жерге исраилдіктердің не себепті кіре алмай қалғанын қарастырайық.
“Олар менің демалу үшін дайындаған жеріме кірмейді”
7. Ехоба исраилдіктерді не үшін Мысырдан алып шықты және олардан не күтті?
7 Ехоба б. з. б. 1513 жылы Мұсаға исраилдіктерге қатысты ниетін ашты. Ол былай деді: “Мен халқымды мысырлықтардың қол астынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды сол елден алып шығып... жері шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап алып барамын” (Мыс. ш. 3:8). Арғы аталары Ыбырайымға уәде еткендей, Ехоба исраилдіктерді Мысырдан алып шығып, өз алдына халық етті (Жар. 22:17). Сондай-ақ өзімен тығыз қарым-қатынаста болу үшін оларға заңдар берді (Ишая 48:17, 18). Құдай исраилдіктерге былай деді: “Егер айтқандарыма құлақ асып, Менің келісімімді ұстанып жүрсеңдер, барлық халықтардың ішінде сендер Менің ерекше меншігім боласыңдар” (Мыс. ш. 19:5, 6). Осылайша исраилдіктер Құдайға мойынсұнса ғана оның халқы бола алар еді.
8. Құдайға мойынсұнса, исраилдіктер қандай баталарға кенелер еді?
8 Құдайдың айтқандарына құлақ асса, исраилдіктер зор баталарға кенелер еді! Ехоба олардың егістік жерлерін, жүзімдіктері мен отарларын жарылқауды және жауларынан қорғауды уәде етті (Патшалықтар 3-жазба 10:23, 24 оқы)b. Сондай-ақ Мәсіх келгенде, олар Рим империясының езгісіндегі емес, тәуелсіз әрі өзге халықтардың бәріне Құдайға мойынсұнудың көл-көсір батаға кенелтетінін паш ететін үлгілі патшалық болар еді.
9, 10. а) Исраилдіктердің Мысырға қайта оралуды қалағандары неге дұрыс емес еді? ә) Мысырға қайта оралса, исраилдіктер Ехоба қалағандай ғибадат ете алар ма еді?
9 Исраилдіктерге қандай мәртебе берілді десеңші! Олар Ехобаның ниетіне сай әрекет етсе, өздері де, жер бетіндегі бүкіл адамдар да батаға кенелер еді (Жар. 22:18). Алайда олардың басым көпшілігі өзге елдерге үлгі болатын Құдайдың халқы болуды мәртебе деп санамады. Олар тіпті Мысырға қайта оралуды қалады! (Руларды санау 14:2—4). Ал бұлай етсе, қалай олар Құдайдың ниетіне сай, өзге елдерге үлгілі патшалық болмақ? Әрине, бола алмайтын, керісінше, қайтадан құлға айналар еді. Жалған тәңірлерге табынатын мысырлықтар болса оларға Мұса заңын орындап, Ехобаның күнәларды кешіру үшін жасаған шарасының игілігін көруге мүмкіндік бермес еді. Исраил халқы қаншалықты сыңаржақ болған десеңші! Ендеше сол бүлікшілер жайында Ехобаның былай дегені таңғалдырмайды: “Бұл ұрпақтан жеркеніп: — Айтқандарыма жүректері ешқашан мойынсұнбайды, менің жолдарымды білмейді,— дедім. Сондықтан ашуланып: — Олар менің демалу үшін дайындаған жеріме кірмейді!— деп ант еттім” (Евр. 3:10, 11; Заб. 94:10, 11).
10 Мысырға қайта оралуды қалаған бұл қиқар халық рухани баталардан гөрі сондағы көкпияз, жуа, сарымсақты артық көрді (Ру. сан. 11:5). Олар алғысты білмейтін Есау іспетті, рухани мұраны, былайша айтқанда, дәмді тағамға айырбастай салды (Жар. 25:30—32; Евр. 12:16).
11. Исраилдіктердің сенімнен жұрдай болғаны Құдайдың ниетіне әсер етті ме?
11 Мысырдан шыққан исраилдіктердің сенімнен жұрдай болғанына қарамастан, Ехоба өз еркін жүзеге асыру үшін шыдамдылықпен “еңбек етуін доғармады”: ол келесі ұрпаққа назар аударды. Бұл жаңа буын әкелері сияқты емес, мойынсұнғыш болды. Олар Уәде етілген жерге кіріп, оны жаулап алыңдар деген Ехобаның бұйрығын орындады. Ешуа 24:31-де былай деп оқимыз: “[Ешуаның] барлық күндерінде және [Ешуадан] кейін өмір сүрген әрі Жаратушы Иенің Исраилге жасаған күллі істерін көрген үлкендердің барлық күндерінде Исраил Жаратушы Иеге құлшылық етті”.
12. Бүгінде Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіруге болатынын біз қайдан білеміз?
12 Алайда бұл мойынсұнғыш ұрпақтың орнына Ехобаны да, оның Исраилге жасаған істерін де білмейтін ұрпақ келді. Осылайша бүкіл Исраил Ехобаға ұнамайтын істер жасап, Бағалдарға табына бастады (Би. 2:10, 11). Ал Құдайға мойынсұнбай онымен қарым-қатынастарын бұзғандықтан Уәде етілген жер олар үшін “демалатын жер” болудан қалды. Осы жағдайға қатысты Пауыл былай деді: “Егер Ешуа оларды демалатын жерге кіргізген болса, Құдай кейінірек басқа бір күн туралы айтпас еді. Сондықтан Құдай халқы үшін әлі де тынығатын Демалыс күні бар” (Евр. 4:8, 9). Мұндағы “Құдай халқы” деген сөз мәсіхшілерге нұсқайды. Бұл Құдай демалу үшін дайындаған жерге мәсіхшілер кіре алады дегенді білдіре ме? Иә, оған барлық — яһуди және яһуди емес — мәсіхшілердің кіре алатыны даусыз.
Кейбір мәсіхшілер демалу үшін дайындалған жерге кіре алмады
13, 14. а) Мұсаның тұсында Құдай демалу үшін дайындаған жерге кіргісі келетіндерден не талап етілген? ә) Ал Пауылдың тұсында не талап етілді?
13 Пауыл Еврейлерге арналған хатын кейбір яһуди мәсіхшілер Құдайдың еркіне қарсы әрекет етіп жүргендіктен жазған (Еврейлерге 4:1 оқы). Сонда олар не істеді? Мұса заңын әрі қарай ұстана берді. Шамамен 1500 жыл бойы Құдайдың еркіне сай әрекет еткісі келетін әрбір исраилдіктен сол заңды ұстану талап етілген еді. Алайда Исаның өлімі Мұса заңының күшін жойды. Кейбір мәсіхшілер мұны мойындамай, Заңның кей талаптарын ұстана бердіc.
14 Пауыл Мұса заңынан айырылғысы келмейтін мәсіхшілерге бұрынғы құрылымның Исаның бас діни қызметкер болуымен, жаңа келісім және рухани ғибадатханамен салыстыруға да келмейтінін түсіндірді (Евр. 7:26—28; 8:7—10; 9:11, 12). Сондықтан Пауыл, сірә апта сайынғы Демалыс күнін ойда тұтса керек, Ехобаның демалу үшін дайындаған жеріне кіру мәртебесі жөнінде былай деп жазды: “Құдай халқы үшін әлі де тынығатын Демалыс күні бар. Құдай өз жұмыстарынан демалып жатқандай, оның демалу үшін дайындаған жеріне кірген адам да өз жұмыстарынан демалады” (Евр. 4:8—10). Яһуди мәсіхшілер Ехобаның ықыласына Мұса заңын орындау арқылы ие бола алмайтындарын түсінулері керек еді. Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамынан кейін Ехоба тек Иса Мәсіхке сенетіндерге ғана мейірімін түсіріп, өз ықыласына бөлейтін.
15. Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіргісі келетіндердің мойынсұнғыш болғандары неге маңызды?
15 Не себепті Мұсаның заманындағы исраилдіктер Уәде етілген жерге кіре алмады? Мойынсұнбағандықтан. Ал Пауылдың заманындағы кейбір мәсіхшілер Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне не себепті кіре алмады? Дәл сол себептен. Олар Мұса заңы өз мақсатын орындап қойғанын, әрі енді Ехобаның өз халқына басқа басшылық беріп отырғанын мойындағысы келмеді.
Бүгінде демалу үшін дайындалған жерге кіру мүмкін бе?
16, 17. а) Бүгінде Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіру үшін не істеу керек? ә) Келесі мақалада нені қарастырамыз?
16 Бүгінде құтқарылу үшін Мұса заңын орындаудың қажеті жоқ екенін бәріміз білеміз. Бұл Пауылдың рухтың жетелеуімен ефестіктерге жазған сөздерінен анық көрінеді: “Сендер осы рақымның арқасында сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдың сыйы. Сондықтан ешкім істерімнің арқасында құтқарылдым деп мақтана алмайды” (Ефес. 2:8, 9). Олай болса, Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне мәсіхшілер қалай кіре алады? Ехоба жетінші күнді, яки демалыс күнін, жерге қатысты ниетін жүзеге асыру үшін ерекше күн етті. Ехобаның демалу үшін дайындаған жеріне кіргісі келген адам оның ұйымы арқылы ашылып жатқан еркіне сай әрекет ету керек.
17 Адал да ақылды құлдың Киелі кітапқа негізделген кеңестерін елемей, тәуелсіз болуды таңдасақ, Құдайдың ашылып жатқан еркіне қарсы шығамыз. Ал бұлай етер болсақ, Ехобамен қарым-қатынасымыздың бұзылары анық. Келесі мақалада қаншалықты мойынсұнғыш екенімізді көрсететін жағдайлар туралы сөз қозғаймыз. Сондай жағдайларда қабылдаған шешімдеріміз Ехобаның демалу үшін дайындаған жеріне кірген-кірмегенімізді көрсетеді.
[Сілтемелер]
a Діни қызметкерлер мен леуіліктер Демалыс күні ғибадатханада жұмыс істегені үшін “айыпты болмаған”. Иса да ұлы рухани ғибадатхананың бас діни қызметкері ретінде өзіне тапсырылған жұмысты Демалыс күні атқарғаны үшін еш айыпталмауы керек еді (Мат. 12:5, 6).
b Патшалықтар 3-жазба 10:23, 24: “Сүлеймен патша дәулеті мен даналығы жағынан жер бетіндегі барлық патшалардан асып түсті. Сөйтіп жер бетіндегі барлық патшалар оның жүрегіне Құдай құйған даналығын есту үшін Сүлейменді көруге тәнті болып оны іздеді”.
c Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамынан кейін де яһуди мәсіхшілердің бірінің Кешірім күні құрбандық шалған-шалмағанын біз білмейміз. Егер біреу солай етсе, бұл Исаның құрбандығына деген барып тұрған сыйламағандық болар еді. Алайда Мұса заңының басқа талаптарын берік ұстанатын яһуди мәсіхшілердің болғаны анық (Ғал. 4:9—11).
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар
• Жетінші күні Ехоба не істемек еді?
• Жетінші күн әлі де жалғасып жатқанын қайдан білеміз?
• Не себепті Мұсаның заманындағы исраилдіктер және І ғасырдағы кейбір мәсіхшілер Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіре алмады?
• Бүгінде Құдайдың демалу үшін дайындаған жеріне кіру нені білдіреді?
[27-беттегі сөздер]
Ехобаның демалу үшін дайындаған жеріне кіргісі келген адам оның ұйымы арқылы ашылып жатқан еркіне сай әрекет ету керек
[26, 27-беттердегі суреттер]
Демалу үшін дайындалған жерге кіру үшін Құдай халқынан не талап етілген? Ал қазір не талап етіледі?