Ұзаққа созылған текетірес жеңіспен аяқталды!
БҰЛ текетірес 1995 жылы басталып, 15 жылға созылды. Осыншама уақыт бойы діни сенім бостандығына қарсы шығушылар Ресейдегі шынайы мәсіхшілерге қысым көрсетумен болды. Олар Мәскеу мен басқа да жерлерде Ехоба куәгерлерінің ісін заңсыз етуге мықтап бел буған еді. Осыған қарамастан Ехоба мінсіздіктерін сақтап жүрген аяулы ресейлік бауырластарымызға жеңіс сыйлады. Енді осы текетірестің қалай басталғанын көрейік.
КӨПТЕН КҮТКЕН БОСТАНДЫҚ!
1991 жылы, Кеңес Одағы билік етіп тұрғанда, Ресейдегі Ехоба куәгерлері ресми тіркеуден өтті. Осылайша бауырластарымыз 1917 жылы айырылған діни сенім бостандығына қайта қол жеткізді. Ал Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, олар Ресей Федерациясында ресми дін ретінде тіркелді. Бұған қоса, ондаған жылдар бұрын діни қудалауға ұшыраған Куәгерлердің саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғаны мойындалды. 1993 жылы Мәскеу Әділет Министрлігі Мәскеудегі Ехоба куәгерлері қауымдастығын заңды түрде тіркеді. Сол жылы Ресейде діни сенім бостандығына кепілдік беретін жаңа Конституция қабылданды. Сонда бір бауырластың: “Мұндай бостандыққа қол жеткіземіз деп армандамаған да едік!”— дегеніне таңғалмасақ та болады. Сосын ол: “Біз бұны 50 жыл күткен едік!”— деп қосты.
Ресейдегі бауырластар осы “қолайлы” уақытты дұрыс пайдаланып, уағыз ісінде белсенді болғанының арқасында көп адам шындыққа келді (Тім. 2-х. 4:2). Бір шолушының байқауынша, сол кезде дін адамдарды қатты қызықтырған. Көп ұзамай жариялаушылар мен ізашарлардың және қауымдардың саны көбейді. 1990—1995 жылдар аралығында Мәскеудегі Куәгерлердің саны 300-ден 5000-ға дейін өсті! Ал бұл қарсыластардың мазасын қашырды. Содан 1990 жылдардың ортасында Куәгерлерге қарсы сот істері қозғалды. Осылай төрт сатыдан тұрған текетірес басталды.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІҢ ҚОЗҒАЛУЫ
Бірінші саты 1995 жылы маусым айында басталды. Орыс Православ шіркеуін жақтайтын бір топ мәскеуліктер бауырластарға қылмыс жасайды деген айып тақты. Олар мұны жұбайы не балалары Куәгер болғанына қарсы адамдардың мүддесі үшін істеп жатқандарын айтты. Содан 1996 жылы маусым айында осыған қатысты тергеу ісі басталды, бірақ ешқандай айғақ табылмады. Сөйтсе де қарсыластар қайтадан дәл сондай айып тақты. Тергеушілер тағы да айғақтар іздеді, бірақ тағылған айыптарға еш негіз таппады. Сонда да қарсыластар үшінші рет тура сондай айып тақты. Мәскеудегі Ехоба куәгерлері қайтадан тергеуге алынды, алайда тағы да прокурор қылмыстық іс қозғауға еш негіз жоқ деген тоқтамға келді. Қарсыластар төртінші рет арыз жазды, прокурор бұл жолы да еш айғақ таба алмады. Бұл аз болғандай, олар тағы тергеу жұмысын жүргізуді талап етті. Ақыр соңында 1998 жылдың 13 сәуірінде жаңа тергеуші бұл істі жапты.
“Алайда бұдан кейін бір таңғаларлық жайт орын алды”,— деді сол істерге қатысқан заңгер. Бесінші тергеуді жүргізген прокуратура өкілі Ехоба куәгерлерінің қылмыстық іс жасағанына ешқандай айғақ таппағанын мойындаса да, қарсыластарымызға бізге қарсы азаматтық талап қоюды ұсынды. Ол Мәскеудегі Ехоба куәгерлері қауымдастығы мемлекеттік және халықаралық заңды бұзды дегенге меңзеді. Осылайша Мәскеудің солтүстік әкімшілік округінің прокуроры бауырластарға қарсы азаматтық іс қозғадыa. Сөйтіп, 1998 жылдың 29 қыркүйегінде Мәскеудің Головинский аудандық соты бұл істі қарастыруға кірісті. Текетірестің екінші сатысы басталды.
КИЕЛІ КІТАП СОТ ЗАЛЫНДА
Мәскеудің солтүстігіндегі шағын сот залында прокурор Татьяна Кондратьева 1997 жылы қабылданған заңды қолданып (ал оған сай тек православ, ислам, иудаизм және буддизм дәстүрлі дін болып табылады) шабуылын бастадыb. Негізінен, бұл заң басқа діндердің заңды тіркеуден өтуін қиындатады. Сондай-ақ сол заңға сай, жеккөрушілік тудыратын діндерді жабуға болады. Осы заңға сүйенген прокурор Ехоба куәгерлері басқа діндерге жеккөрушілік оятады және отбасыларын ойран етеді деген жалған айып тағып, олардың жабылуы тиіс екенін айтты.
Сонда бауырластарды қорғаған заңгер Мәскеу қауымында бұл заңды бұзған адамдардың аты-жөнін атауды сұрады. Прокурор бірде-бір есімді атай алмады. Алайда Ехоба куәгерлерінің әдебиеттері дінаралық жеккөрушілік сезімін оятатынын айтты. Сөзін дәлелдемек болып, ол “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарынан үзінділер келтірді (жоғарыда көрсетілген). Бұл әдебиеттер қалай жеккөрушілік оятады деген сұраққа ол: “Ехоба куәгерлері өздерінің дінін ғана шынайы деп есептейді ”,— деп жауап берді.
Бір заңгер бауырласымыз судья мен прокурорға бір-бір Киелі кітаптан беріп, Ефестіктерге 4:5-тегі: “Ие де біреу, сенім де біреу, шомылдыру рәсімі де біреу”,— деген сөздерді оқыды. Көп ұзамай судья, прокурор және заңгер Жохан 17:18 және Жақып 1:27 сияқты тармақтарды талқылап жатты. Судья: “Бұл тармақтар адамда діни жеккөрушілік оята ма?”— деп сұрады. Прокурор Киелі кітаптан хабардар болмағандықтан бұл сұраққа жауап беруге құзырлы емес екенін айтты. Сонда заңгер Орыс Православ шіркеуінің Ехоба куәгерлерін қатты сынға алған әдебиеттерін көрсетіп: “Ал мұндағы сөздер заңға қайшы ма?”— деп сұрады. Прокурор болса: “Бұл мәселеде менің ойым маңызды емес, өйткені діннен хабарым жоқ”,— деді.
ЕШ АЙҒАҚСЫЗ АЙЫП
Прокурор Куәгерлер отбасыларын бұзады деген айып таға отырып, олардың Исаның туылған күні сияқты мейрамдарды тойламайтынын алға тартты. Алайда кейінірек ол Ресей заңы ел азаматтарынан бұл мейрамды тойлауды талап етпейтінін мойындады. Ресейдегі Ехоба куәгерлерін қоса алғанда, барлық ресейліктер мұны өздері шешеді. Сондай-ақ прокурор ұйымға “балалардың дұрыс демалып, көңіл көтеруіне мүмкіндік бермейді” деген айып тақты. Бірақ заңгердің сұрағына жауап бергенде, Куәгерлердің отбасында өскен балалармен ешқашан сөйлеспегенін мойындады. Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне барған-бармағанын сұраған заңгерге ол: “Бұны қажет деп таппадым”,— деп жауап берді.
Прокуратура психиатрия профессорын сарапшы куә ретінде ұсынды. Ол біздің әдебиеттерімізді оқу адамның психикасын бұзатынына сендіргісі келді. Заңгер профессордың жазбаша сараптамасының Мәскеу Патриархиясы дайындаған құжатымен бірдей екенін айтқанда, ол сол құжаттан еш өзгеріссіз біраз үзінділер келтіргенін мойындады. Сондай-ақ сұрақтар қою барысында, оның бірде-бір Куәгерді емдемегені анықталды. Сотта куә болған тағы бір психиатрия профессоры болса Куәгерлердің психикасы бұзылған-бұзылмағанын анықтау үшін Мәскеудегі 100-ден аса Куәгермен танысып, араласып көрген екен. Ол бұл топтың ақыл-санасында еш ауытқу жоқ екенін, сондай-ақ Куәгер болғаннан бастап, олардың өзге дін өкілдеріне анағұрлым төзімді бола бастағанын айтты.
ЖЕҢІС, БІРАҚ ТОЛЫҚ ЕМЕС
1999 жылдың 12 наурызында судья бес академикті Ехоба куәгерлерінің әдебиеттеріне сараптама жасауға тағайындады да, сот ісін уақытша доғарды. Ал бұл кезде Ресей Федерациясының Әділет Министрлігі бір топ академиктерге әдебиеттерімізге сараптама жасуды тапсырып қойған еді. 1999 жылдың 15 сәуірінде Министрліктің тапсыруымен олар әдебиеттерімізден зиянды ештеңе таппағанын мәлімдеді. Осылайша 1999 жылдың 29 сәуірінде Ехоба куәгерлері Әділет Министрлігінде қайтадан тіркеуден өтті. Осыған қарамастан Мәскеу соты әдебиеттерімізге сараптама жасайтын басқа топтың құрылуын талап етті. Бұл өте қызық жағдай болды: бір жағынан, Ресейдің Әділет Министрлігі Ехоба куәгерлерін заңға сай әрекет ететін дін ретінде тіркеуден өткізсе, екінші жағынан, Мәскеудің Әділет Департаменті заң бұзды деп, тергеу ісін жүргізіп жатты!
Екі жылға жуық уақыттан соң сот ісі қайта басталды да, 2001 жылдың 23 ақпанында судья Елена Прохорычева өз кесімін айтты. Өзі тағайындаған топтың сараптама жұмысын қарастырғаннан кейін, ол: “Мәскеудегі Ехоба куәгерлері бірлестігін таратуға және істеріне тыйым салуға еш негіз жоқ”,— деді. Ақырында, бауырластарымызға жабылған жаланың бәрі жоққа шығарылды! Алайда прокурор бұл кесіммен келіспей, Мәскеудің қалалық сотына арыз жазды. Үш айдан кейін, 2001 жылдың 30 наурызында, қалалық сот Прохорычеваның шешімін жоққа шығарып, сол прокурор, бірақ басқа судьяның жетекшілігімен істі қайта қозғауды тапсырды. Осылайша текетірестің үшінші сатысы басталды.
ЖЕҢІЛІС, БІРАҚ ТОЛЫҚ ЕМЕС
2001 жылдың 30 қазанында сот ісі қайта басталдыc. Судья Вера Дубинская болды. Ехоба куәгерлеріне прокурор Кондратьева қайтадан өзге дін өкілдеріне өшпенділік оятады деген айып тақты. Бірақ сосын Ехоба куәгерлері бірлестігінің ісіне тыйым салынғаны Мәскеудегі Куәгерлердің құқын қорғау үшін жасалғанын айтты. Сонда прокурор ұсынған “қорғанышқа” мұқтаж емес екендері айтылған хатқа Мәскеудегі бүкіл 10 000 Куәгер бірден қол қойып, сотқа жолдады.
Прокурордың айтуынша, Куәгерлердің бұрыс істерін дәлелдеу үшін айғақ келтірудің қажеті жоқ еді. Себебі сот ісі олардың іс-әрекеттеріне емес, әдебиеттері мен нанымдарына қатысты қозғалған. Сондықтан ол Орыс Православ шіркеуінен куә ретінде біреуді шақыратынын айтты. Оның бұл сөздерінен Куәгерлердің ісіне тыйым салынуын дінбасылары қалап отырғаны анық көрінді. Сөйтіп, 2003 жылдың 22 мамырында судья қайтадан Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерін зерттейтін бір топ сарапшы тағайындады.
2004 жылдың 17 ақпанында сарапшылардың қорытындысын қарастыру үшін сот мәжілісі болды. Олардың қорытындысына сай, біздің әдебиеттеріміз оқырмандарды “отбасы мен некені нығайтуға” талпындырады, әрі дінаралық жеккөрушілік оятады деген айып “еш негізсіз”. Мұнымен басқа ғалымдар да келісті. Дін тарихының профессорына: “Ехоба куәгерлері неге уағыздайды?”— деген сұрақ қойылғанда, ол былай деп жауап берді: “Мәсіхшілер уағыздауға міндетті. Інжілде осылай делінген, әрі Мәсіх өз шәкірттеріне “барып, барлық жерлерде уағыздаңдар” деген тапсырма берген”. Осының бәріне қарамастан, 2004 жылдың 26 наурызында судья Мәскеудегі Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салды. 2004 жылдың 16 маусымында Мәскеудің қалалық соты бұл шешімді қолдадыd. Сонда көп жылдар бойы шындықта жүрген бір бауырлас: “Кеңес Одағының кезінде орыстар атеист болуы керек еді, ал қазір православ болуы керек”,— деді.
Істеріне тыйым салынғанын бауырластар қалай қабылдады? Олар ежелде өмір сүрген Нехемия іспетті әрекет етті. Құдай халқының жаулары Иерусалим қабырғасын қалпына келтіруге кедергі жасағысы келгенде, Нехемия мен халық ешқандай қарсылықтың басты істерінен алаңдатуына жол бермей, жұмысты бар ынталарымен жалғастыра берген (Нех. 4:1—6). Мәскеудегі бауырластар да қарсыластарының өздерін уағыздау ісінен алаңдатуына жол бермеді (Пет. 1-х. 4:12, 16). Олар Ехобаның қолдап отырғанына сенімді еді, сондықтан ұзаққа созылған текетірестің төртінші сатысына дайын болды.
ҚАРСЫЛЫҚТЫҢ КӨБЕЮІ
2004 жылдың 25 тамызында бауырластар Кремльге, сол кездегі Ресей президенті Владимир Путинге, хат жолдады. Олар 315 000 адам қол қойған 76 бөлімнен тұратын бұл хатта салынған тыйымға қатысты өз ойларын білдірді. Сол екі арада Орыс Православ шіркеуі дінбасыларының шынайы ниеттері ашылды. Мәскеу Патриархиясының бір мүшесі: “Біз Ехоба куәгерлерінің ісіне барынша қарсымыз!”— деді. Ислам дінбасы болса бұл тыйымның салынғаны “маңызды әрі керемет жетістік” екенін айтты.
Ехоба куәгерлеріне тағылған жалған айыптарға иланып, оларға тарпа бас салатындар да болды. Мәскеуде уағыздау қызметінде жүрген кейбір Куәгерлерді ұрып-соғып, тебетіндер де табылды. Мысалы, қатты ашулы кісі бір әйел бауырласты көп қабатты үйден айдап шығады, сосын, артынан қуып жетіп, бар пәрменімен теуіп жібереді. Құлап түсіп, басын ұрып алған бауырластың ауруханада емделуіне тура келді. Бірақ полицейлер әлгі кісіге қарсы еш шара қолданбады. Ал кейбір Куәгерлерді полицейлер ұстап, саусақ таңбасын алып, суретке түсіріп, түні бойы қамап қойған. Сондай-ақ Куәгерлерге кездесулер өткізетін жайларды жалға беріп жүргендерге қоқан-лоқы көрсетілді. Артынша көптеген қауымдар жиналатын жерлерінен айырылды. Сондықтан төрт залдан тұратын бір Патшалық сарайы кешенінде қырық қауым жиналуға мәжбүр болды. Сол жерде жиналатын бір қауым көпшілікке арналған кездесуді таңғы сағат жеті жарымда өткізетін. Бұған қатысты аралаушы бақылаушы: “Кездесуге келу үшін жариялаушылар сағат бесте тұратын, сөйтсе де олар бір жылдан аса уақыт бойы оған қуана келіп жүрді”,— деді.
“КУӘЛІК ЕТУ” ҮШІН
Мәскеудегі Куәгерлердің ісіне салынған тыйымның заңсыз екенін көрсету үшін заңгерлеріміз 2004 жылы желтоқсан айында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа арыз жазды (6-беттегі “Ресейдің кесімі Францияда қайта қаралды” деген қоршауды қара). Алты жылдан кейін, 2010 жылы 10 маусымда, Еуропалық Сот Ехоба куәгерлерін толықтай ақтадыe! Сот бізге тағылған айыптың бәрін мұқият тексеріп, оларды еш негізсіз деп тапты. Сонымен қатар Ресей үкіметін Куәгерлерге қатысты құқықбұзушылықтарды доғарып, оның салдарын, мүмкіндігінше, толықтай жоюға міндеттеді (8-беттегі “Еуропалық Соттың кесімі” деген қоршауды қара).
Еуропалық Сот Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенция Ехоба куәгерлерінің ісін қорғауы тиіс екеніне қатысты қаулы шығарды. Бұл қаулының күші тек Ресейге ғана емес, Еуропа Кеңесінің мүшесі болып табылатын 46 елдің бәріне жүреді. Мұндай қаулының қабылданғаны көптеген судьялар, заң шығарушылар, сондай-ақ адам құқығын зерттейтін дүниенің төрт бұрышындағы басқа да мамандарға қызықты болмақ. Не себепті? Өйткені Еуропалық Сот бұл қаулыны бұған дейін Ехоба куәгерлерінің мүддесіне шешілген сегіз іске сүйеніп қабылдады. Сондай-ақ ол Аргентина, Біріккен Корольдік, Жапония, Испания, Канада, Құрама Штаттар, Оңтүстік Африка және Ресейдің Жоғарғы Соттарында Ехоба куәгерлерінің мүддесіне шешілген тоғыз істі ескерді. Енді бүкіл дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері соттың бұл қаулысын өз сенімдері мен істерін қорғау үшін қолдана алады.
Иса шәкірттеріне былай деді: “Менің шәкіртім болғандарың үшін сендерді билеушілер мен патшалардың алдына сүйреп апарады. Осылайша оларға да, басқа ұлттарға да куәлік ете аласыңдар” (Мат. 10:18). Он бес жылға созылған заңи күрес бауырластарымызға Ехобаның есімі туралы Мәскеуде және басқа жерлерде куәлік етуге мүмкіндік берді. Тергеулер, сот істері мен халықаралық соттың шешімі — осының бәрі Куәгерлердің көпшілікке танымал болуына және “ізгі хабардың таралуына септігін тигізді” (Філіп. 1:12). Бүгінде Мәскеудегі Куәгерлер уағыздағанда, үй иелері жиі: “Сендердің істеріңе тыйым салынған жоқ па еді?”— деп сұрап жатады. Осы сұрақтың арқасында бауырластар сеніміміз жайлы жақсылап куәлік бере алады. Шынында да, Патшалықты уағыздауымызға ешкім де, ештеңе де кедергі бола алмайтыны айдан анық. Ехоба Құдайымыз біздің Ресейдегі аяулы әрі батыл бауырластарымызға әрі қарай да батасын төгіп, қолдай беруін дұғамызда сұраймыз.
[Сілтемелер]
a Бұл іс 1998 жылдың 20 сәуірінде қозғалды. Ал екі аптадан кейін 5 мамырда Ресей Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияның шарттарын ратификациялады.
b “Бұл заң Ресейдегі дәрежесін қызғыштай қорғаған және Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынуын көксеген Православ шіркеуінің қатты қысымымен қабылданған болатын” (“Ассошиэйтед Пресс” 1999 жыл, 25 маусым).
c Бір қызығы — Ресей үкіметі Ехоба куәгерлерінің Кеңес Одағының кезінде діни қудалауға ұшырағанын бұдан он жыл бұрын дәл осы күні ресми түрде мойындаған еді.
d Бұл шешім Мәскеудегі қауымдардың заңды тіркеуінің күшін жойды. Осылайша қарсыластар ондағы бауырластардың қызметін тоқтатамыз деп үміттенді.
e 2010 жылдың 22 қарашасында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Соттың Жоғарғы Палатасын құрайтын бес судья Ресейдің істі қайта қарастыруға қатысты берген арызын қабылдамады. Осылайша 2010 жылы 10 маусымда Еуропалық Соттың қаулысы қайта қарастырылуға жатпайтыны және міндетті түрде орындалу керектігі анық болды.
[6-беттегі қоршау/сурет]
Ресейдің кесімі Францияда қайта қаралды
1996 жылы 28 ақпанда Ресей үкіметі Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияға қол қойды (1998 жылы 5 мамырда Ресейде сол Конвенция ратификацияланды). Бұл келісімшартқа қол қоюымен Ресей үкіметі өз азаматтарының келесідей жайттарға құқылы екенін жариялады:
“әрбір адамның діни сенім бостандығына құқығы бар; бұл құқыққа өз дінін өзгерту, өз дініне сену, діни және дәстүрлі ғұрыптарды үйрену және орындау бостандығына құқық жатады” 9-бап.
“әрбір адамның өз пікірін білдіру бостандығына құқығы бар. Бұл құқыққа өз пікірін ұстану және ақпарат пен идеяларды алу және тарату бостандығына құқық жатады” 10-бап.
“әрбір адамның бейбіт жиналыстар бостандығына құқығы бар” 11-бап.
Осы келісімшарттың бұзылуының кесірінен әлдекім не қандай да бір ұйым жапа шексе әрі жергілікті құқық қорғау органдарының барлығына жүгініп көрген болса, Францияның Страсбург қаласындағы (жоғарыда көрсетілген) Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа жүгіне алады. Сот 47 судьядан құралған, бұл сан Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияға қатысушы мемлекеттер санына тең. Осы мемлекеттер Сот шешімдерін орындауға міндетті.
[8-беттегі қоршау]
Еуропалық Соттың кесімі
Төменде Сот шешімінен бірнеше үзінді келтірілген.
Ехоба куәгерлеріне тағылған айыптардың бірі — олар отбасыларды ойран етеді. Сот басқа тұжырымға келді:
“Келіспеушіліктің себебі — сенуші емес отбасы мүшелерінің сенуші туысының өз дініне сену және оны ұстану бостандығын мойындағысы және құрметтегісі келмейтіндігінде” 111-абз.
Сондай-ақ Сот “сана сезімге ықпал жасалғанына” еш дәлел жоқ екенін былай деп түсіндірді:
“Сот мынаны көңіл қоюға тұрарлық жайт деп есептейді: [Ресей] соттары осындай жолдармен ар-ождан бостандығына деген құқы бұзылған бірде-бір адамның аты-жөнін келтірмеді” 129-абз.
Келесі айып: Ехоба куәгерлері қан құюдан бас тартуымен денсаулықтарына қауіп төндіреді. Еуропалық Сот бұл айыпты жоққа шығарып, былай деді:
“Адам белгілі бір емшараны қабылдауға не одан бас тартуға яки емнің басқа түрін таңдауға құқылы. Бұл өзін-өзі билеу және басқарудың маңызды принциптері болып табылады. Мысалы, құқықтық қабілеті бар кәмелетке толған адамның ота жасатуға не қандай да бір емшара түріне келісу-келіспеуге еркі бар болғаны сияқты, қан құюға қатысты да тап солай” 136-абз.