Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 15.4. 29—32 бет.
  • Қойшы болудың қуанышы

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қойшы болудың қуанышы
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Қойшы мен қойлар
  • Рухани бағушы
  • Ерекше оқиға
  • Қойшының қызы
  • Гүлмира екеуміздің қызметіміз
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 15.4. 29—32 бет.

Қойшы болудың қуанышы

Айтып берген: Алымбек Бекманов

Мен үш жасымнан қой баға бастадым, әрі бұл істі қатты жақсы көріп кеттім. Ал он жеті жасымда жап-жақсы қойшы болып алдым. Кейінірек қой бағудың өзге бір түрін, рухани бағушы болуды, үйрендім. Рухани бағушы болғаным маған әлдеқайда зор қуаныш әкелгені жайлы әңгімелеп берейін.

МЕН 1972 жылы көп балалы қырғыз отбасында дүниеге келдім. Біз Ыстықкөлдің жағалауындағы Шырпықты деген ауылда тұрдық. Қырғызстанға келгендердің көбісі айдын шалқар Ыстықкөлге соқпай қайтпайды. Қазір әйелім Гүлмирамен бірге Қырғызстанның астанасы Бішкекте тұрамын. Бұл қала менің туып-өскен жерімнен 200 шақырымдай қашықтықта орналасқан.

Қойшы мен қойлар

Бала кезімде көктемде қойларды биік таудың қойнауындағы жайлауға айдап апаратынбыз. Бұл үшін 3000 метрден аса биіктікке бірнеше күн бойы жоғары көтерілуге тура келетін. Кейбір қойшылар жайлауға тезірек жету үшін төте жолмен жүретін. Бірақ мұндай жол шатқалдар мен құздардың бойында жататындықтан, артта қалған қойлар кейде жарақаттанып, тіпті мерт болып кететін.

Бұл жолдың тағы бір қауіптілігі — кенеттен отарға қасқыр шауып, бөлінген қойларды жарып кетуі мүмкін еді. Сондықтан менің ағам (әкемнің ағасы) қосымша бір не бірнеше күн жүру керек болса да, жеңіл әрі қауіпсіздеу жолды таңдайтын. Кейде шыдамым жетпей, қойды тез айдағым келсе, ол: “Алымбек, өзіңді емес, қойларды ойла”,— деп мені тоқтататын.

Түнде қойларды қорғау үшін арнайы қора тұрғызатынбыз. Кейбір қойшылар көбірек ұйықтағанды жақсы көргендіктен, қойларды өріске күн арқан бойы көтеріле шығарады. Қойлар енді жайыла бергенде, күн шыжып кетеді. Сонда қойлар бірінің артына бірі тығылып, бастарын салбыратып, әрең демалып тұрады. Шөп отауға шамалары келмей қалғандықтан, әлсіреп, арықтап кетеді. Ал ағам болса күн шықпай тұрып таңғы сағат төртте тұратын да, қойларын шөбі шүйгін жайылымға айдап апаратын. Таңғы салқын ауада олар жақсылап жайылып алатын. Жұрттың “қойына қарап, қойшысын танисың” дейтіні бекер емес.

Қойлардың оты қанып, жусап жатқан кезі — оларды дәрілеуге ең қолайлы сәт. Ең жаманы, олардың кіндігіне шыбын тышып кететін. Сонда құрттаған кіндіктері іріңдеп, ісіп кететін. Мұны дер кезінде байқамаса, ауруы асқынған қой отардан қашып кетіп, ит-құсқа жем болуы мүмкін еді. Сондықтан біз күн сайын тексеріп, дәрілеп тұратынбыз. Бұған көп күш пен уақыт кеткенімен, қойларымыз қоңды да сап-сау болатын.

Өрістен оралған қойларды күнде кешке қораға тар есіктен үш-төртеуден кіргізіп, түгендейтінбіз. Бұл оңай шаруа емес еді. Сөйтсе де санауға шебер болып алғанымыз сонша — отарымызда жүздеген қой болса да, 15—20 минуттың ішінде 800-дей басты санап шығатынбыз.

Егер қойдың басы кем болып шықса, тіпті бір қозы жоғалса да, ағам қолына мылтығын алып, жаңбыр құйып тұрғанына не тас қараңғы болғанына қарамай іздеп шығатын. Ол жыртқыш аңдарды үркіту үшін дауыстап айғайлайтын. Ал иесінің даусын естіп, өзін қауіпсіз сезінген қойды елестетіп көрші!

Біз әр қойдың мінезіне қарап ат қоятынбыз. Отарда кейбір қойлар жуас болса, басқалары қыңыр келеді. Қыңырлары қойшының көзін ала бере, бет алған жағына кетіп қалады. Кейде басқа қойлар соларға еріп кетеді. Мұндайда қойшы оларды түзетіп, үйретуге тырысады. Мысалы, жайылымға шығармай, қорада жалғыз қалдырып кетеді. Кейбіреулері түзеліп, қойшының айдауына көнеді. Ал қыңырлығынан қайтпағандары қазаннан бір-ақ табылады.

Рухани бағушы

1989 жылы мен шығыс күресімен (ушу) айналысып, оны жақсы меңгеріп алдым. Ал келесі жылы Ресейге әскерге шақырылдым. Әскерде жүргенімде, шығыс күресімен айналысқан жолдастарым қылмыстық топ құрып алыпты. Үйге оралғанымда, олар маған: “Бізге қосылсаң, жерді жалпағынан басып жүресің”,— деп уәде етті. Бірақ дәл сол кездері мен Ехоба куәгерлерін кездестірген едім.

Куәгерлер менің бала кезімнен көкейімде жүрген сұрақтарыма жауап берді. Бұлардың бірі “Неге адамдар өледі?” деген сұрақ еді. Әңгіме барысында адамдар Адам атаның күнә жасағанының салдарынан өлетінін түсіндім (Рим. 5:12). Сондай-ақ Киелі кітаптан шынайы Құдай Ехоба өзінің Ұлы Исаны Құтқарушы ретінде жібергенін және оларға сенген әркім күнәдан арылатынын білдім. Құдайдың адамзатқа қатысты бастапқы ниетіне сай, жердегі жұмақта мәңгі өмір сүре алатынымызды білгенде қатты қуандым (Заб. 36:11, 29; 82:19; Жох. 3:16, 36; 17:1—5; Аян 21:3, 4).

Куәгерлердің Жазбаларға сүйеніп берген жауаптары анық та түсінікті болғаны сондай — мен: “Бұл шынымен осылай болу керек!”— деп айғайлап жібердім. Енді ескі жолдастарыммен араласқым келмеді. Олар болса мені араларына қайтаруға бірнеше рет тырысып бақты. Бірақ Киелі кітаптағы шындықты біліп, өмірде қолдануға деген ықыласым зор болғандықтан, олардың азғыруына қарсы тұра алдым. Кейіннен мен рухани бағушы болдым.

Сол уақыттары анама ауылдағы аты шулы бір емші әйел келіп жүрді. Бірде үйге келсем, ол анамды қарап жатыр екен. Ол менде де осындай қасиет бар екенін, сондықтан мешітке барып, тұмар алуымды айтты. Сосын: “Тұмар сені барлық пәле-жаладан сақтайды. Саған өзгелерді емдейтін қасиет бітеді”,— деді.

Келесі күні менімен Киелі кітапты зерттеп жүрген Куәгерлерге барып, әлгі емші жайлы айтып бердім. Олар бақсы-балгерліктің жындармен байланысы бар екенін, сондықтан Ехоба Құдай ондай нәрселерді жек көретінін маған Киелі кітаптан көрсетіп берді (Заң. қ. 18:9—13). Осыдан кейін жындар мазалап, бірнеше түн бойы ұйықтай алмай жүрдім. Алайда Куәгерлер Ехобаның еркіне сай дұға етуді үйреткен соң, түнде шошымайтын болдым. Сонда шынайы Бағушы Ехобаны тапқаныма менің көзім жетті.

Мен көптеген забур жырларын жазған Дәуіттің де жас кезінде қой баққанын білдім. Ол Ехобаны “менің Бағушым” деп атаған. Оның сезімдері маған аса жақын болып кетті (Заб. 22:1—6). Сондай-ақ “Ұлы бағушы” аталған Исаға да еліктегім келді (Евр. 13:20). Сөйтіп, 1993 жылдың басында Бішкекте өткен конгресте Ехобаға бағышталғанымның белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өттім.

Ерекше оқиға

Туған-туыстарым мен көршілерімді қосқанда барлығы 70 шақты адам Киелі кітапты зерттеу үшін бірге жиналып жүрдік. Ауыл кеңесінің төрағасы болған бір туысым шындыққа қатты қызықты. Ол жаңа сеніміміз жайлы айтып бере алуымыз үшін, үлкен жиын ұйымдастырып беретінін айтты. Алайда жергілікті дінбасылары ауылдағылардың қолтығына су бүркіп, уағыз ісіне қарсылық көрсетуге қайрай бастады. Олар осы жиынды пайдаланып, жұртты бізге айдап салуды көздеді.

Белгіленген күні біздің ауыл мен көрші үш ауылдан келгендерді алғанда, 1000-ға жуық адам жиналды. Куәгерлерден бірнеше адам келіп, біреуі Киелі кітапқа негізделген сенім-нанымдарымызды түсіндіре бастады. Бірақ бес минут өтер-өтпей, бір кісі жанжал шығару үшін қитұрқы сұрақтар қоя жөнелді. Артынан жұрт та жала жауып, сес көрсетіп, бізге тарпа бас салуға бар еді.

Сол кезде Киелі кітапты енді зерттей бастаған бір ағам бізді қорғамақ болды. Оның мінезі шатақ болғандықтан, бәрі одан қорқатын. Ағам сескенбестен жұрт пен біздің арамызда тұрып алды. Сонда бізге ешкім тиісе алмай, аман-есен қайтып кеттік. Кейінгі жылдары сол жиында болғандардың біразы шындықты қабылдады. Бүгінде ауылымызда 1000 шақты адам тұрса, олардың 50-ден астамы Ехоба куәгері.

Қойшының қызы

1993 жылы шілдеде Мәскеуде өткен үлкен конгрестен бірнеше ай бұрын, мен Гүлмира есімді қырғыз бауырласпен таныстым. Оның ата-анасы да қой баққан екен. 1988 жылы Кеңес Одағы кезінде Куәгерлердің ісіне әлі де тыйым салынып тұрғанда, Гүлмираның анасы Ақсамай деген Куәгермен Киелі кітапты зерттей бастапты. Ақсамай қырғыздардың арасынан шындыққа келген ең алғашқы Куәгер болатын. Ол 1970 жылдары шомылдыру рәсімінен өткен.

Көп ұзамай Гүлмира да анасына қосылып, Ақсамай бауырласпен Киелі кітапты зерттейді. 1990 жылы екеуі де шомылдыру рәсімінен өтеді. Ол көп кешікпей ізашар ретінде толық уақытты қызметті бастайды.

Танысқаннан кейінгі екі жылда Гүлмираны анда-санда ғана көріп тұрдым, өйткені одан 160 шақырымдай жерде тұратынмын. Онымен жақынырақ танысуды ұйғарып, 1995 жылдың наурызында үйіне іздеп бардым. Оның келесі күні 5633-тен астам шақырымдағы сонау Ресейдегі филиалға қызмет етуге кетіп бара жатқанын естіп, абдырап қалдым.

Сол жылы мен толық уақытты қызметті бастадым. Ол кезде қырғыз тілінде ешқандай әдебиет болмағандықтан, орыс тілін үйренуіме тура келді. Гүлмирамен үш жыл қатарынан хат жазысып тұрдық. Рухани ойлармен бөлісе алу үшін Киелі кітаптан бірдей тарауларды оқуға келістік. Сол жылдары мен Балықшы қаласында ең алғашқы қырғыз тіліндегі қауымда қызмет етіп жүрдім.

Гүлмира екеуміздің қызметіміз

1998 жылы Гүлмира Қырғызстанға демалысқа келгенде, екеуміз үйлендік. Мен де Ресейдегі филиалға шақырылдым. Орыс тілін үйренгенім қандай жақсы болған! Кейінірек Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді қырғыз тіліне аударатын топқа тағайындалдым. Жаңа міндетімді атқарып кете алуым үшін, Ехобадан даналық пен шыдамдылық сұрап дұға еттім. Сүйікті жарым Гүлмираның да көмегі зор болды.

2004 жылы біздің аударма тобымыз Бішкекке көшті. Мен Қырғызстандағы Ехоба куәгерлерінің ісіне басшылық ететін комитеттің мүшесі болып тағайындалдым. Ол кезде қырғыз тілінде 7, ал орыс тілінде 30-дан астам қауым болатын. Ал қазір қырғыз тіліндегі қауымның саны 20-дан асады, сондай-ақ көп топтар бар, яғни Қырғызстандағы 4800-дей Куәгердің шамамен 40% құрайды.

Қызметімізге қажет болғандықтан, Гүлмира екеуміз ағылшын тілін үйренуді шештік. 2008 жылы біз Құрама Штаттарындағы Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасына шақырылдық. Онда мен өз елдерінде уағыз ісіне басшылық ететіндерге арналған арнайы мектепте оқыдым.

Осы білім жұбайым екеумізге қырғыз еліне рухани жағынан көмектесуге көп пайдасын тигізуде. Біз Ехобаның нағыз қамқор Бағушы екеніне өз өмірімізде көз жеткіздік. Мен Киелі кітаптағы: “Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын. Ол мені жасыл жайлауға жаяды, Тұнық суға жетелеп апарады. Ием жаныма күш дарытады... Ол мені тура жолмен жетелейді” деген забур жырының растығына өзім куә болдым дей аламын (Заб. 22:1—3).

[31-беттегі сурет]

Өрістегі қойларымыз

[31-беттегі сурет]

Күнде кешке қойларды түгендейтінбіз

[32-беттегі сурет]

Гүлмира екеуміз

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу