Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w11 15.4. 13—17 бет.
  • Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін
  • 2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Шешім қабылдаудың не қажеті бар?
  • Шешім қабылдау неге қиын?
  • Дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін алты қадам
  • Өзгелерді Құдайға мадақ әкелетін шешімдер қабылдауға үйрет
  • Сенім танытып, дана шешім қабылдаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Қалай дұрыс шешім қабылдауға болады?
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Жеке шешімдерді ақылмен қабылда
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Әркім өз жүгін өзі көтереді”
    2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w11 15.4. 13—17 бет.

Қабылдаған шешімдерің Құдайға мадақ әкелсін

“Есті қадамын байқап басар” (НАҚ. С. 14:15).

1, 2. а) Шешім қабылдағанда ең алдымен не жайында ойлауымыз керек? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

БІЗ мұны күніне талай рет істейміз. Олардың көбісі өмірімізге әсер ете бермейді, ал кейбірі қатты әсер етеді. Бұл не? Қабылдаған шешімдеріміз. Мейлі, маңызды не онша маңызды емес шешімдер қабылдайық, біз ең алдымен олардың Құдайға мадақ әкелгенін ойлаймыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:31 оқы).

2 Сен үшін шешім қабылдау оңай ма, қиын ба? Егер рухани толыса түскіміз келсе, жаман мен жақсыны айыра білуіміз керек. Сондай-ақ шешімдеріміз өзгенің емес, өз ұстанымдарымызға негізделуі тиіс (Рим. 12:1, 2; Евр. 5:14). Дұрыс шешім қабылдауды үйренуге қандай келелі себептер бар? Неге кейде шешім қабылдау қиын болады? Қабылдаған шешімдеріміз Құдайға мадақ әкелетініне сенімді болу үшін не істеуге болады?

Шешім қабылдаудың не қажеті бар?

3. Шешім қабылдағанда ненің кедергі болуына жол бермеуіміз керек?

3 Киелі кітаптың талаптарын ұстануға келгенде екіойлы болсақ, сыныптастарымыз не әріптестеріміз біз туралы нанымдарына нық сенбейтін, оңай ықпал етуге болатын адам деген ойға келуі мүмкін. Олар өтірік айтып, алдап не ұрлық жасап алып, сосын, өздеріне қосылуға не істерін бүркемелеуге итермелеу арқылы бізді “көпшілікке еруге” талпындыруы мүмкін (Мыс. ш. 23:2). Алайда Құдайға мадақ әкелетіндей шешім қабылдай алатын адам қорыққандықтан не өзгелерге ұнағысы келгендіктен Киелі кітапқа сәйкес машықталған ар-ұжданына қарсы әрекет етпейді (Рим. 13:5).

4. Неге басқалар біз үшін шешім қабылдағысы келуі мүмкін?

4 Кейде біз үшін өзгелер шешім қабылдағысы келеді, бірақ олардың бәрі бірдей бізге жамандық ойламайды. Достарымыз көмектескісі келіп, кеңестеріне құлақ асқанымызды қалайтын шығар. Үй ішіндегілеріміз бізді уайымдайды. Сондықтан олардан бөлек тұратын болсақ та, бізге маңызды шешімдер қабылдау керек болғанда, мұндайда шет қалмауымыз керек деп ойлауы мүмкін. Мысалыға, ем қабылдау мәселесін алайық. Киелі кітапта қанға қатысты нақты нұсқау берілген (Ел. іс. 15:28, 29). Бірақ басқа жағдайларда мәселе анық болмай, белгілі бір ем-домға келісу-келіспеуге қатысты жеке шешім қабылдау талап етілетін кездер боладыa. Ал жақындарымыздың бұл емге қатысты өз көзқарасы бар шығар. Алайда мұндай жағдайда Құдайға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен әрбір мәсіхші өз жауапкершілігінің “жүгін өзі көтеруі” керек (Ғал. 6:4, 5). Біз адамның алдында жақсатты болуды емес, ең алдымен, Құдайдың алдында ар-ұжданымыздың таза болғанын қалаймыз (Тім. 1-х. 1:5).

5. Қалай біз сенімнен айырылып қалудан аулақ бола аламыз?

5 Екіойлы болу өте қауіпті. Шәкірт Жақып екіойлы адамның “барлық ісінде тұрақсыз” екенін айтқан (Жақ. 1:8). Ол ескексіз қайықпен дауылды теңізге шыққан адам сияқты, өзгелердің тұрақсыз ойларына ереді. Мұндай адамның “апатқа ұшырап”, сенімнен айырылып қалуы оп-оңай, сосын, ол басына түскен бақытсыздығы үшін өзгені кінәлауы мүмкін (Тім. 1-х. 1:19). Бұдан қалай аулақ бола аламыз? Біз “сенімімізді берік сақтауымыз” керек (Қолостықтарға 2:6, 7 оқы). Ал бұл үшін Құдай Сөзіне деген сенімімізді көрсететін шешімдер қабылдауды үйренуіміз қажет (Тім. 2-х. 3:14—17). Бұған не кедергі жасауы мүмкін?

Шешім қабылдау неге қиын?

6. Қорқыныш бізге қалай әсер етуі мүмкін?

6 Қорқыныш адамды бұғаулап тастайды. Шешім қабылдағанда да адам қателік жасап қоюдан, оны жүзеге асыра алмай қалудан не өзгелердің алдында ақымақ болып көрінуден қорқуы мүмкін. Бұл түсінікті де: кім бұрыс шешім қабылдағанының кесірінен зардап шеккісі не ұятқа қалғысы келеді дейсің. Алайда Құдайға және оның Сөзіне деген сүйіспеншілік қорқынышқа бой алдырмауымызға көмектеседі. Қалайша? Сүйіспеншілік бізді маңызды шешім қабылдамас бұрын Құдай Сөзіне және соған негізделген әдебиеттерге жүгінуге талпындырады. Осының арқасында көптеген қателіктерден аулақ боламыз. Неліктен бұлай дейміз? Өйткені Киелі кітап “Ақылы толмағанға ақыл беріп, Жастарға білім, саналылық сыйлай” алады (Нақ. с. 1:4).

7. Дәуіт патшаның мысалынан не нәрсеге үйренеміз?

7 Біз әрқашан дұрыс шешім қабылдай аламыз ба? Жоқ. Өйткені қателік жасамайтын адам болмайды (Рим. 3:23). Мысалы, Дәуіт патша дана да адал адам болған. Десе де кейде ол өзіне де, өзгелерге де кесірін тигізген бұрыс шешімдер қабылдаған (Пат. 2-ж. 12:9—12). Соған қарамастан ол Құдайдың ықыласына ие болатындай дұрыс шешімдерді мүлдем қабылдай алмаймын деп ойламаған (Пат. 3-ж. 15:4, 5). Ехобаның кемшіліктерімізге түсінікпен қарап, күнәларымызды кешіретінін есте ұстайтын болсақ, біз де Дәуіт сияқты, қателіктерімізге қарамай, шешім қабылдаудан қашпаймыз. Өйткені Ехоба өзін жақсы көретін және мойынсұнатын адамды әрқашан қолдайды (Заб. 50:1—6, 9—12).

8. Елші Пауылдың некеге қатысты айтқандарынан не нәрсеге үйренуге болады?

8 Шешім қабылдаудың жүгін қалай жеңілдетуге болады? Кейде бірнеше дұрыс шешімнің болуы мүмкін екенін түсінгеніміз жақсы. Елші Пауылдың некеге қатысты қалай ой жүгірткенін қарастырайық. Киелі рухтың жетелеуімен ол былай деп жазды: “Ал егер пәк қыз не жігіт құштарлық сезімін жүгендей алмайтындай сезінсе, әрі албырт шақтан өткен болса, өз қалауына сай некелессін. Бұл — күнә емес. Ондайлар некеге тұрсын. Ал кімде-кім некеге тұруды қажет деп таппағандықтан және өз-өзіне ие бола алатындықтан, салтбасты болып қалуды шешсе әрі жүрегіндегі осы шешіміне берік болса, дұрыс істейді” (Қор. 1-х. 7:36—38). Пауыл салтбасты болуға кеңес берген, бірақ бұдан басқа да дұрыс шешім қабылдауға болатын.

9. Қабылдаған шешімдерімізге өзгелер қалай қарайтынын ескеруіміз керек пе? Түсіндір.

9 Қабылдаған шешімдерімізге өзгелер қалай қарайтынын ескеруіміз керек пе? Қандай да бір шамада ескеруіміз керек. Пұттарға құрбан етілгендей болып көрінетін тағамға қатысты Пауылдың не айтқанына көңіл бөлші. Ол шешімнің өзі қате болмаса да, ар-ұжданы әлсіз адамға кері әсер етуі мүмкін екенін білген. Пауыл қандай тоқтамға келді екен? Ол былай деп жазды: “Жейтін тамағым бауырласымды сүріндірсе, оны сүріндірмеу үшін бұдан былай ешқашан ет жемеймін” (Қор. 1-х. 8:4—13). Біз де қабылдаған шешімдеріміздің өзгелерге қалай әсер ететінін ескеруіміз керек. Сөйтсе де, ең алдымен, бізді шешімдеріміздің Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететіні қызықтырады (Римдіктерге 14:1—4 оқы). Құдайға мадақ әкелетін шешімдер қабылдауға Киелі кітаптағы қандай принциптер көмектеседі?

Дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін алты қадам

10, 11. а) Отбасы мүшелері өздеріне тым сенімді болудан қалай аулақ бола алады? ә) Қауымға қатысты шешімдер қабылдағанда, ақсақалдар нені есте ұстаулары керек?

10 Өзіңе тым сенімді болудан аулақ бол. Қандай да бір әрекетті жасамас бұрын өзімізден: “Осылай етуге қақым бар ма?”— деп сұрағанымыз дұрыс. Сүлеймен патша: “Менмендікке масқара серік, Кішіпейілге даналық серік”,— деп жазған (Нақ. с. 11:2).

11 Ата-аналары қандай да бір мәселелерге қатысты балаларының шешім қабылдауына рұқсат етуі мүмкін. Бірақ балалары бар билік қолдарына берілді деп ойламаулары керек (Қол. 3:20). Отбасында әйелдердің де белгілі шамада билігі бар, әйтсе де олар үй ішінің басшысы отағасы екенін ұмытпайды (Нақ. с. 1:8; 31:10—18; Ефес. 5:23). Отағалары да биліктерінің шексіз емес, қайта, Мәсіхке бағынышты екендерін түсінеді (Қор. 1-х. 11:3). Ақсақалдар қауымға қатысты шешімдер қабылдайды. Алайда олар Құдай Сөзінде “жазылғандарды ғана ұстанып”, одан артыққа бармайды (Қор. 1-х. 4:6). Сондай-ақ адал құлдың нұсқауларын берік ұстанады (Мат. 24:45—47). Егер кішіпейілділік танытып, қақымыз бар жайттарға ғана қатысты шешім қабылдайтын болсақ, өзімізді де, өзгені де көптеген уайым мен қайғыдан сақтаймыз.

12. а) Неге біз ізденіс жүргізуіміз керек? ә) Мұны қалай істеуге болатынын түсіндір.

12 Ізден. Сүлеймен: “Ұқыптының ой-ниеті дәулетке бастар, Тым асыққан тапшылыққа ұшырар”,— деген (Нақ. с. 21:5). Саған іскерлік ұсыныс жасалды делік. Біріншіден, сезіміңнің жетегіне ерме. Жасалған ұсынысқа қатысты мүмкіндігінше көп мәлімет жина, осындай істерден хабары бар адаммен ақылдас және Киелі кітаптағы принциптерді зертте (Нақ. с. 20:18). Ізденісіңнің нәтижесін қорытындылау үшін ұсыныстың пайдалы жақтары мен кері әсер ететін жақтарының тізімін жаса. Шешім қабылдамас бұрын “шығыныңды есепте” (Лұқа 14:28). Қабылдаған шешіміңнің табысыңа ғана емес, Құдаймен қарым-қатынасыңа әсер етуі мүмкін екенін де назардан тыс қалдырма. Ізденіс жүргізу уақыт пен күшті талап етеді. Бірақ осының арқасында кейіннен бармақ тістеп қалатындай шешім қабылдаудан аулақ боласың.

13. а) Жақып 1:5-тегі сөздер бізді не нәрсеге сендіреді? ә) Даналық сұрап дұға еткеніміз бізге қалай көмектеседі?

13 Даналық сұрап дұға ет. Құдайдың көмегіне жүгінсек қана, шешімдеріміз оған мадақ әкеледі. Шәкірт Жақып былай деген: “Қайсыбіреуіңе даналық жетпей жатса, жомарттықпен әрі еш жазғырмай-ақ бере салатын Құдайдан сұрай берсін, сонда оған беріледі” (Жақ. 1:5). Шешім қабылдау үшін Құдайдың даналығына мұқтаж екенімізді мойындауда тұрған еш оғаштық жоқ (Нақ. с. 3:5, 6). Өз ақыл-санамызға ғана сүйенсек, шалыс қадам жасап қоюымыз оп-оңай. Ал даналық сұрап дұға етсек және Құдай Сөзіндегі принциптерді зерттесек, өзімізді қандай да бір әрекетке талпындырып отырған шынайы ниетімізді түсінуге киелі рухтың көмектесуіне жол береміз (Евр. 4:12; Жақып 1:22—25 оқы).

14. Неге уақытты соза беруден аулақ болуымыз керек?

14 Бір тоқтамға кел. Бұл қадамды жасауға асықпа. Алдымен ізден, даналық сұрап дұға ет. Ақылды адам “қадамын байқап басу” үшін уақытын аямайды (Нақ. с. 14:15). Алайда уақытты тым созбаған да дұрыс. Уақытты соза беретін адам сыныққа сылтау іздеп, шешім қабылдауды кейінге ысыра береді (Нақ. с. 22:13). Бірақ ол бәрібір шешім қабылдаған болып есептеледі, өйткені, былайша айтқанда, өз өмірін біреудің қолына тапсыруды шешеді.

15, 16. Қабылдаған шешімімізге сай әрекет ету үшін не істеу керек?

15 Қабылдаған шешіміңе сай әрекет ет. Қабылдаған шешімімізге сай әрекет етіп, оны жүзеге асыруға тырыспасақ, еңбегіміз зая кетеді. Сүлеймен “қолымыздан келетін істерді атқару” үшін барынша күш салуымыз керектігін айтқан (Екк. 9:10). Шешімімізге сай әрекет ету үшін өзгерістер жасауға дайын болуымыз керек. Мысалы, бір жариялаушы ізашар болуды шешуі мүмкін. Ол шешімін жүзеге асыра ала ма? Осы дүниелік жұмыс пен көңіл сергітуге тым көп көңіл бөліп, уақытын ұрлауына жол бермесе, жүзеге асыра алуы әбден мүмкін.

16 Қабылдаған дұрыс шешімдерімізді жүзеге асыру оңай бола бермейді. Неге? Себебі “бүкіл дүние Шайтанның билігінде” (Жох. 1-х. 5:19). Біз “осы дүниені билеп-төстеп отырған әкімдерге қарсы, яғни көктегі зұлым рухтарға қарсы күресуіміз” керек (Ефес. 6:12). Елші Пауыл мен шәкірт Яһуда Құдайға мадақ әкелуді қалайтындарға аянбай күресуге тура келетініне нұсқаған (Тім. 1-х. 6:12; Яһд. 3).

17. Қабылдаған шешімдерімізге қатысты Ехоба бізден не күтеді?

17 Шешімдеріңді қайта қарастырып, қажет болса, өзгерістер жаса. Барлық нәрсе тура өзіміз жоспарлағандай бола бермейді. Бәріміз де “уақыт пен жағдайдың орайлас келуіне” тәуелдіміз (Екк. 9:11). Сөйтсе де Ехоба бізден, қиындықтарға кезігуіміз мүмкін екеніне қарамай, кейбір шешімдерімізге берік болады деп күтеді. Мысалы, адам өмірін Ехобаға бағыштаса не неке антын берсе, оның бұл шешімі өзгермейді. Сондықтан Ехоба бізден осындай шешімдерінен айнымайды деп күтеді (Забур 14:1, 2, 4 оқы). Әйткенмен қабылдаған шешімдеріміздің бәрі бірдей мұндай жауапкершілік жүктемейді. Есті адам арагідік шешімдерін қайта қарастырып отырады. Ол көкіректік не қыңырлықтың қандай да бір өзгерістер жасауына немесе шешімінен мүлдем бас тартуына кедергі болуына жол бермейді (Нақ. с. 16:18). Ол, ең алдымен, өмір салтының әрқашан Құдайға мадақ әкелгенін ойлайды.

Өзгелерді Құдайға мадақ әкелетін шешімдер қабылдауға үйрет

18. Ата-аналардың балаларын жақсы шешім қабылдауға қалай үйретуіне болады?

18 Ата-аналар балаларына Құдайға мадақ әкелетіндей шешім қабылдауды үйрету үшін көп нәрсе істей алады. Жақсы үлгі көрсету — ең жақсы тәлім (Лұқа 6:40). Орынды болған жерде, ата-аналар кезінде белгілі бір жайтқа қатысты өздерінің қалай шешім қабылдағандарын айтып беруіне болады. Бәлкім, кейбір жайттарға қатысты балаларының өздеріне шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, жақсы шешім қабылдаса, оларды мақтауларына болатын шығар. Ал бала бұрыс шешім қабылдаса ше? Ата-анасы ә дегеннен оны жамандықтан қорғағысы келер, бірақ бұлай ету әрқашан бала үшін пайдалы бола бермейді. Мысалы, ата-анасы баласына көлік жүргізушісінің куәлігін алуына рұқсат етті делік. Ал ол жол ережесін бұзып, айыппұл төлеуі керек болды. Ата-анасының оны төлей салуына да болады. Алайда айыппұлды төлеу үшін баланың өзіне жұмыс істеу қажет болса, ол қолымен істегенді мойнымен көтеруді үйренсе керек (Рим. 13:4).

19. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға нені үйретуіміз керек және мұны қалай істеуге болады?

19 Иса шәкірттеріне өзгелерге тәлім беруді тапсырған (Мат. 28:20). Киелі кітапты зерттеп жүрген адамға үйрету керек маңызды жайттардың бірі — дұрыс шешім қабылдай білу. Бұл істе жемісті болу үшін, зерттеушінің қалай әрекет етуі керектігін айтып беруден аулақ болған дұрыс. Мұның орнына Киелі кітаптағы принциптер туралы ой жүгіртуді үйреткеніміз әлдеқайда жақсы емес пе? Себебі “әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз” ғой (Рим. 14:12). Сондықтан Құдайға мадақ әкелетіндей шешімдер қабылдауға бәрімізде де келелі себеп бар.

[Сілтеме]

a Бұл тақырып 2006 жылдың қараша айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 3—6 беттеріндегі “Мен қан фракциялары мен өз қаным қолданылатын емшараларға қалай қараймын?” деген қосымшада талқыланады.

Қалай жауап берер едіңдер?

• Неге біз шешім қабылдауды үйренуіміз керек?

• Қорқыныш бізге қалай әсер етеді және одан қалай арылуға болады?

• Шешімдеріміз Құдайға мадақ әкелетіндей болу үшін қандай алты қадамды жасауға болады?

[16-беттегі сурет/қоршау]

Дұрыс шешім қабылдауға көмектесетін қадамдар

1 Өзіңе тым сенімді болудан аулақ бол

2 Ізден

3 Даналық сұрап дұға ет

4 Бір тоқтамға кел

5 Қабылдаған шешіміңе сай әрекет ет

6 Қайта қарастыр және өзгерістер жаса

[15-беттегі сурет]

Екіойлы болу ескексіз қайықпен дауылды теңізге шығумен тең

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу