Ехобаға деген қызметімізде салиқалы болайық
“Барлық жағынан игі істеріңмен үлгі көрсет. Барынша салиқалы бол” (ТИТ. 2:7).
1, 2. Не себепті көп адам маңызды жайттарға жеңіл-желпі қарайды және бұған қатысты қандай сұрақтар туындайды?
БІЗ адамзат тарихындағы ең қиын уақытта өмір сүрудеміз. Ал Ехобаны білмейтін адамдар үшін осы “ерекше қиын уақыттың” азабына төзу мүмкін емес десе де болады (Тім. 2-х. 3:1—5). Өйткені тек өздеріне сенім артатындықтан көп жағдайда олар проблемаларынан толық құтыла алмайды. Сондықтан көпшілік өмірлерін кішкене де болса қызықты етуге тырысып, бүгінде қарша борап жатқан көңіл көтеру түрлеріне бас қояды.
2 Бастарындағы тауқыметке төтеп бере алу үшін адамдар ойын-күлкіні өмірде жиі бірінші орынға қояды. Абай болмаса, мұндай көзқарас мәсіхшілерге де әсер етуі мүмкін. Бұдан қалай аулақ болуға болады? Бұл мәсіхшілер ешқашан күліп-ойнамауы керек дегенді білдіре ме? Көңіл сергіту мен жауапкершіліктерімізге қатысты мәселелерде қалай таразының басын тең ұстауға болады? Жазбаларда маңызды жайттарға жеңіл-желпі қарамауға, сөйте тұра шектен тыс салмақты болмауға көмектесетін қандай принциптер бар?
Ләззат-ермекті жақсы көретін дүниеде салиқалы болу
3, 4. Жазбалар салиқалы болудың маңыздылығын түсінуімізге қалай көмектеседі?
3 Осы дүниедегі адамдардың “ләззат-ермекті” тым жақсы көретіні айтпаса да белгілі (Тім. 2-х. 3:4). Бұл — сайран салып өмір сүру Ехобамен қарым-қатынасымызға қауіп төндіруі мүмкін деген сөз (Нақ. с. 21:17). Сондықтан Тімөтеге және Титке жазған хаттарында елші Пауылдың салиқалы болуға қатысты да кеңес бергені бекер емес. Бұл кеңеске құлақ асқанымыз осы дүниедегілер сияқты, маңызды жайттарға жеңіл-желпі қарамауға көмектеседі (Тімөтеге 1-хат 2:1, 2; Титке 2:2—8 оқы).
4 Бірнеше ғасырлар бұрын Сүлеймен патша ләззат-ермек қуудың орнына маңызды жайттар жайында ойлаудың дұрыс екенін жазған (Екк. 3:4; 7:2—4). Расында да, өмір деген қысқа, сондықтан құтқарылуға ие болуға “барынша тырысуымыз” керек (Лұқа 13:24). Бұл үшін “барынша салиқалы болуымыз” қажет (Тит. 2:7). Ал бұл мәсіхшілік өміріміздің әр саласына мұқият көңіл қоюды талап етеді.
5. Салиқалы болуды талап ететін өмірдің бір саласы қандай?
5 Мысалы, Ехоба мен Исаға еліктейтін мәсіхшілер еңбек етуге атүсті қарамайды (Жох. 5:17). Соның арқасында сенім артуға болатын еңбекқор адамдар ретінде жиі жұрттың мақтауына ие болып жатады. Әсіресе отбасының қамын жейтін отағалары аянбай тер төгеді. Өйткені адамның үй ішінің қамын ойламауы “сенімнен бас тартуымен”, яғни Ехобадан бас тартуымен, бірдей ғой! (Тім. 1-х. 5:8).
Ғибадатымызға деген салиқалы да қуанышты көзқарас
6. Ехобаға деген ғибадатымызға жеңіл-желпі қарамауымыз керектігі неден көрінеді?
6 Ехоба үшін оған дұрыс ғибадат еткеніміз аса маңызды. Мысалы, исраилдіктер таза ғибадаттан ауытқып кеткенде, мұның қайғылы салдарынан жапа шеккен (Ешуа 23:12, 13). Ал бірінші ғасырда Мәсіхтің ізбасарлары шынайы ғибадатты жалған ілімдер мен бұрыс көзқарастардан таза сақтау үшін көп күш салу керек болған (Жох. 2-х. 7—11; Аян 2:14—16). Бүгінгі күні де шынайы мәсіхшілер ғибадат мәселесіне жеңіл-желпі қарамайды (Тім. 1-х. 6:20).
7. Пауыл қызметке қалай дайындалған?
7 Уағыздау қызметі бізге зор қуаныш сыйлайды. Алайда қуанышымыздан айырылып қалмау үшін қызметіміз жайлы жақсылап ойлануымыз және оған дайындалуымыз керек. Пауыл өзі тәлім берген адамдар туралы ойланатынын көрсетіп, былай деген: “Әртүрлі адамдар арасынан, ең болмаса, кейбіреуін құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін істедім. Мен барлығын ізгі хабар үшін әрі оны өзгелерге жариялау үшін істеп жүрмін” (Қор. 1-х. 9:22, 23). Оған адамдарға рухани жағынан көмектесу ұнайтын, әрі ол тыңдаушыларының қажеттіліктерін ескеру үшін жақсылап ойланатын. Осының арқасында Пауыл оларды жігерлендіріп, Ехобаға ғибадат етуге талпындыра алған.
8. а) Өзіміз тәлім беріп жүрген адамдарға деген көзқарасымыз қандай болу керек? ә) Неге біреумен зерттеу сабағын жүргізгеніміз қуанышымызды арттыра түседі?
8 Пауыл қызметін қаншалықты маңызды деп қарастырған? Ол Ехобаға да, шындық туралы хабарды тыңдағысы келетіндерге де “құл” болуға әзір болған (Рим. 12:11; Қор. 1-х. 9:19). Біз өзгелерге Құдай Сөзінен тәлім беру міндетін алғанда, мейлі зерттеу сабағы, мәсіхшілердің кездесулері не отбасылық ғибадат болсын, сол адамдардың алдында жауапкершілік сезінеміз бе? Бәлкім, біреумен Киелі кітапты зерттеу сабағын жүргізіп тұру біз үшін тым ауыр жүк іспетті көрінер. Рас, бұл өз мүддемізді ысырып қойып, біреуге көмектесу үшін уақыт бөлуді талап етеді. Бірақ осылайша біз Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздеріне сай әрекет етеміз (Ел. іс. 20:35). Адамдарға құтқарылу жолмен жүруді үйрету зор қуанышқа бөлейді. Басқа ешбір іс бізге мұндай қуаныш сыйламайды!
9, 10. а) Салиқалы болу өзгелермен күліп-ойнап, жадырап жүруге болмайды дегенді білдіре ме? Түсіндір. ә) Ақсақалдың өзгелерді баурап тұратын жылы жүзді болуына не көмектеседі?
9 Салиқалы болу өзгелермен күліп-ойнап, жадырап жүруге болмайды дегенді білдірмейді. Иса тәлім беруге қатысты ғана емес, көңіл сергітуге және өзгелермен араласқанда уақытты пайдалы өткізуге қатысты да керемет үлгі көрсеткен (Лұқа 5:27—29; Жох. 12:1, 2). Сондай-ақ салиқалы болу үнемі тұнжырап жүру керек дегенді де білдірмейді. Иса жылы жүзді болмаса, ешкім оның жанына жуымас еді. Ал біз Исамен тіпті балалар да өздерін еркін сезінгенін білеміз (Мар. 10:13—16). Исаның осындай байсалды көзқарасына қалай еліктеуге болады?
10 Бір бауырлас: “Ол өзінен көп нәрсені талап етеді, бірақ өзгелерден ешқашан кемелділікті талап етпейді”,— деп бір ақсақалға қатысты өз лебізін білдірді. Сен туралы да осылай деуге бола ма? Өзгелерден ойға қонымды нәрселерді талап етуде тұрған ештеңе жоқ. Мысалы, ата-аналарының орынды мақсаттар қоюға және оларға қол жеткізуге көмектескені балаларға ұнайды. Сол сияқты, ақсақалдардың да бауырластарды рухани толыса түсуге талпындырғандары және мұны қалай істеуге болатынына қатысты нақты кеңестер бергендері жақсы. Бұған қоса, өзіне қатысты байыпты көзқараста болғаны ақсақалдың өзгелерді баурап тұратын жылы жүзді болуына көмектеседі (Рим. 12:3). Бір әйел бауырлас былай деді: “Мен ақсақалдың барлық нәрсені қалжыңға айналдырғанын қаламас едім. Бірақ үнемі тұнжырап жүрсе, оған бұйымтайыңды айтып барудың өзі қиын”. Басқа бір әйел бауырлас кейбір ақсақалдардың “тым салмақты болғандары соншалық — өзгелер жанына жууға қорқатынын” айтады. Бақытты Құдай Ехобаның қызметшілерінің бәрі жадырап жүрулері керек, ал ақсақалдар осындай рухтың болуына тосқауыл қоймағандары дұрыс (Тім. 1-х. 1:11).
Қауымда жауапкершіліктер алу
11. Қауымда жауапкершіліктерге “ұмтылу” нені білдіреді?
11 Пауыл қауымдағы ер адамдарды көбірек жауапкершілік алу үшін жарамды болуға шақырғанда, ешкімді өз мүддесін ойлауға талпындырғысы келмеген. Керісінше, ол: “Кімде-кім бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны”,— деп жазған (Тім. 1-х. 3:1, 4). Жауапкершіліктерге “ұмтылу” мәсіхші ер адамнан бауырластарына қызмет етуге қажетті қасиеттер дамыту үшін аянбай күш салуға деген ықылас дамытуды талап етеді. Шомылдыру рәсімінен өткеніне кем дегенде бір жыл болған, әрі Тімөтеге 1-хат 3:8—13 тармақтардағы қызмет көмекшілеріне қойылатын талаптарға сай келетін ер бауырласты қауымда жауапкершіліктер алуға ұсынуға болады. Бір ескеретін жайт — сегізінші тармақта: “Қызмет көмекшілері салиқалы болсын”,— деп анық айтылған.
12, 13. Жас ер бауырластардың жауапкершіліктер алуға қалай ұмтыла алатынын айтып бер.
12 Сен жиырмаға таяп қалған, шомылдыру рәсімінен өткен салиқалы бауырлас болсаң, қауымда жауапкершіліктерге ұмтыла аласың. Мұның бір жолы — қызметіңді жақсарту. Әртүрлі жастағы бауырластармен қызметке шыққанды ұнатасың ба? Зерттеу сабағын бастауға тырысып жүрсің бе? Кездесулерде берілген кеңестерге сай зерттеу сабағын жүргізсең, тәлім беру шеберлігін арттырасың. Бұған қоса, Ехобаның жолдарымен танысып жатқан адамға жанашырлық танытуды үйренесің. Сондай-ақ зерттеушің өмірінде өзгерістер жасау керектігін түсіне бастағанда, оған Киелі кітаптағы принциптерді қолдануға көмектесе жүріп, шыдамды әрі ілтипатты болуды үйренесің.
13 Жас ер бауырластар, қауымның егде тартқан мүшелеріне қандай көмек болса да ұсынуларыңа болады. Сондай-ақ Патшалық сарайының таза, тап-тұйнақтай болуына үлес қоса аласыңдар. Осылай қолыңнан келген көмекті ұсынып, дайындық рухын танытқаныңнан қызметіңе жеңіл-желпі қарамайтының көрінеді. Тімөте сияқты, сен де шын көңілден қауымның қажетіліктерінің қамын жеуді үйренесің (Філіпіліктерге 2:19—22 оқы).
14. Жас бауырластардың қауымда жауапкершілік алуға жарамды екені қалай “сыналады”?
14 Ақсақалдар, “жастық шаққа тән қалаулардан аулақ болуға” және басқа да маңызды қасиеттермен қоса, “әділдік, сенім, сүйіспеншілік пен татулыққа” ұмтылып жүрген жас ер бауырластарды назардан тыс қалдырмай, қауым істеріне араластырып тұрыңдар (Тім. 2-х. 2:22). Осылайша олар қауымда жауапкершілік алуға жарамды ма, жоқ па “сыналып”, “жетістіктері жұрттың бәріне анық көрінетін болады” (Тім. 1-х. 3:10; 4:15).
Қауымда және отбасында салиқалы болу
15. Тімөтеге 1-хат 5:1, 2 тармақтарға сай, өзгелерді қадірлейтінімізді қалай көрсетеміз?
15 Салиқалы болуға бауырластардың қадірін түсірмеу де кіреді. Тімөтеге берген кеңесінде Пауыл өзгелерге құрметпен қарау керек екенін айтқан (Тімөтеге 1-хат 5:1, 2 оқы). Бұл әсіресе қарсы жынысты адамдармен араласқанда маңызды. Әйүп әйелдерді, әсіресе өз жұбайын, қадірлеуге қатысты еліктеуге тұрарлық үлгі көрсеткен. Ол басқа әйелге сұқтана қараудан аулақ болу үшін саналы түрде күш салған (Әйүп 31:1). Бауырластардың қадірін түсірмеу қылымсып қырындамауды немесе өздерін біздің қасымызда ыңғайсыз сезімде қалатындай ешқандай әрекет жасамауды да білдіреді. Әсіресе қыз бен жігіт отау құру мақсатымен кездесіп жүргенде, бір-бірінің қадірін түсірмегендері маңызды. Салиқалы мәсіхші ешқашан өзгенің сезімімен ойнамайды (Нақ. с. 12:22).
16. Осы дүние мен Киелі кітаптың отағасының рөліне қатысты көзқарасында қандай айырмашылық бар?
16 Сондай-ақ біз отбасындағы Құдай орнатқан басшылық принципіне де жеңіл-желпі қарамауымыз керек. Шайтанның дүниесі отағасының рөлін күлкіге айналдырады. Көңіл-көтеру индустриясы отағасын тек мазақ етіп, қадірін түсіруге лайық кейіпкер ретінде көрсеткенді ұнатады. Ал Жазбаларда күйеуге үлкен жауапкершілік жүктелген, ол — “әйелінің басы” (Ефес. 5:23; Қор. 1-х. 11:3).
17. Отбасылық ғибадатқа өз үлесімізді қосқанымыз жауапкершіліктерімізге атүсті қарамайтынымызды қалай көрсететінін түсіндір.
17 Отағасы отбасының бар қажеттілігін қамтамасыз етуі мүмкін. Бірақ өз отбасына рухани басшылық бермесе, оған парасаттылық пен даналықтың жетіспегені (Заң. қ. 6:6, 7). Сондықтан сен қауымда жауапкершіліктер алуға ұмтылып жүрген отағасы болсаң, Тімөтеге 1-хат 3:4-те айтылғандай, “отбасына жақсы басшылық етуің” керек. Осы орайда өзіңнен: “Үй ішіндегілермен отбасылық ғибадатты жүйелі өткіземін бе?”— деп сұрауыңа болады. Әрине, әйелі күйеуінің отбасылық ғибадатты өткізуіне көмектесуі керек, бірақ кейбір отбасыларында әйелінің күйеуінен рухани басшылықты қолға алуын жалынып сұрауына тура келеді. Әр отағасы осы мәселеге қатысты өзінің көзқарасын тексергені жөн.
18. Қалай балалар салиқалы болуды үйрене алады?
18 Маңызды жайттарға жеңіл-желпі қарамауды балалар да үйренуі керек (Екк. 12:1). Бала жасы мен қабілетіне қарай үй тірлігіне қолғабыс етіп, еңбек етуді үйренудің пайдасын көрмесе, зиянын көрмейді (Ерм. з. 3:27). Мысалы, Дәуіт патша балаң кезінде кез келген бала сияқты асыр салып ойнаған. Бірақ ол балалық шағының өзінде жап-жақсы қойшы болған, өлең жазып, күй шығаруды да үйренген, әрі соның арқасында Исраил патшасының алдында қызмет еткен (Пат. 1-ж. 16:11, 12, 18—21). Ал қой бағуды үйренгенінің арқасында Исраил халқына шыдамдылықпен басшылық ете алған. Көріп отырғанымыздай, Дәуіт жас кезінде ие болған қабілеттерін кейінірек Ехобаны мадақтау үшін қолданған. Жастар, Жаратушыларыңа қызмет етуге көмектесетін әрі болашақта жауапкершіліктер алуға дайындайтын қандай қабілеттерге ие болып жатырсыңдар?
Әрқашан байсалдылық сақтайық
19, 20. Өзіңе және ғибадатыңа қатысты қандай көзқараста болуды шештің?
19 Біз әрқашан өзімізге дұрыс баға беріп, байсалды болуға тырысуымыз керек. Біз тым әділ болып көрінгіміз келмейді (Екк. 7:16). Кейде аздап қалжыңқой болғанымыз үйде, жұмыста не бауырластармен араласқанда орын алуы мүмкін ыңғайсыз жағдайларды ың-шыңсыз шешуге көмектеседі. Мысалы, отбасы мүшелері тым сыншыл болып, айрандай ұйыған үй ішіне іріткі салғылары келмейді. Қауымдағылар да өзара күліп-ойнап, жылы қарым-қатынаста болуды үйрене алады. Ал бұған бір-бірімен емін-еркін араласу, жігерлендіретіндей тәлім беру арқылы қол жеткізуге болады (Қор. 2-х. 13:10; Ефес. 4:29).
20 Біз Ехобаның заңдарын бағаламайтын дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Ехобаның қызметшілері оған мойынсұну және адал болу аса маңызды деп есептейді. Ехобаға деген қызметте салиқалық танытып жүрген осы жамағаттың қатарында болу неткен мәртебе! Ендеше өмірге және ғибадатымызға ешқашан атүсті қарамайық.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге біз осы дүниедегілер сияқты, маңызды жайттарға жеңіл-желпі қарамауымыз керек?
• Қалай қызметте қуанышты, сөйтсе де салиқалы бола аламыз?
• Жауапкершілік алуға деген көзқарасымыздан салиқалы екеніміз қалай көрінеді?
• Бауырластар мен отбасы мүшелерін қадірлеу неге маңызды екенін түсіндір.
[12-беттегі суреттер]
Отағасы үй ішінің тәндік және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек