Қуануға бізде себеп бар
ЕХОБАНЫҢ жаратылыстарының бәрі — титімдей тірі жасушадан бастап, шоғырлар мен аса ірі шоғырларға топталған ғаламат галактикаларға дейін — керемет тәртіппен орналасқан. Бұған таңғалмасақ та болады, себебі Жаратушымыз “тәртіпсіздіктің Құдайы емес” (Қор. 1-х. 14:33). Сондай-ақ Құдай өз халқының ғибадат ету жолын да керемет етіп ұйымдастырған. Бұл үшін Ехобаның не істегенін көрейік. Ол таңдау еркіндігі бар әрі таза ғибадатқа біріккен жүз миллиондаған саналы жаратылыстардың бәрін, яғни адамдар мен періштелерді, бүкіләлемдік бір ұйымға біріктіріп отыр. Неткен ғажап!
Ежелгі Исраилде Ехобаның ғибадатханасы мен ол тағайындаған патшалар тұрған Иерусалим қаласы Құдай ұйымының жердегі бөлігінің бейнесі болған. Бабыл тұтқындығында болған исраилдік бір кісі қасиетті қалаға деген сезімін былай білдірген: “Иерусалимді есімде сақтамасам, Оны шаттығымның шыңы деп санамасам, Онда тілім көмейіме жабысып қалсын!” (Заб. 136:6).
Сенің де Құдайдың қазіргі ұйымына деген көзқарасың осындай ма? Сен үшін Ехобаға оның дүниежүзілік ұйымымен бірге ғибадат етуден артық қуаныш бар ма? Балаларың Құдай ұйымының жердегі бөлігінің тарихын және оның қалай әрекет ететінін түсіне ме? Олар Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бауырластығының бір мүшесі екендерін түсініп, мұны бағалай ма? (Пет. 1-х. 2:17). Олай болса, отбасыларың Ехобаның ұйымына деген ризашылығын арттыру үшін, неге төмендегі ұсыныстарды отбасылық ғибадат кешінде қарастырмасқа?
“Ерте кездегі істер туралы” айтып бер
Исраилдік отбасылары жыл сайын Құтқарылу мейрамын тойлауға жиналатын. Осы мейрам ендірілгенде, Мұса халыққа мынадай нұсқау берген: “Болашақта балаларың сендерден: “Бұның мағынасы қандай?” деп сұраса, оларға мынаны айтыңдар: “Жаратқан Ие бізді құлдықтың құрсауы Мысырдан Өзінің құдіретті қолымен азат етіп алды” (Мыс. ш. 13:14). Ехобаның исраилдіктерге жасаған істері ешқашан ұмытылмай, тарихта қалу керек еді. Көптеген исраилдік отағалары Мұсаның нұсқауына құлақ асқаны шүбәсіз. Біраз ұрпақ өткен соң, бір исраилдік: “Құдайым, біз өз құлағымызбен естіген едік, әкелеріміздің заманында, сонау ерте кезде Сен жасаған істер туралы бізге әкелеріміз айтқан болатын”,— деп дұға еткен (Заб. 43:2 Тт).
Ехоба куәгерлерінің соңғы 100 жылдық не сол шамадағы тарихы бүгінгі жастар үшін де “ерте кездегі істер” болып көрінуі мүмкін. Алайда балаларыңа сол оқиғалар құрғақ әңгіме болмауы үшін не істей аласың? Бұл үшін кейбір ата-аналар “Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды”, “Жылнама” кітаптарын, журналдардағы өмірбаяндарды, басқа да теократиялық тарих жайындағы мәліметтерді, соның ішінде Құдай халқының қазіргі замандағы тарихы жайлы жаңа DVD-ді, қолданады. Бұрынғы Кеңес Одағы мен нацистік Германияда бауырластардың қалай қуғын-сүргін көргені жайлы бейнефильмдер отбасыларын сынақ кезінде Ехобаға арқа сүйеуге үйретеді. Ендеше, неліктен осындай мәліметтерді де отбасылық ғибадат кешінде қарастырмасқа? Бұл балаларыңның мінсіздігі сыналғанда, сенімдерінде нық тұруға көмектеседі.
Алайда тарих туралы әңгіме жастарды тез жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан балаларың да атсалыссын. Мысалы, балаңа өзіне қызықты болған елді таңдап алып, сол елдің теократиялық тарихын зерттеп, сосын, білген кейбір жайттарды отбасымен бөлісуді тапсырсаң болады. Қауымдарыңда ұзақ жылдан бері адал қызмет етіп келе жатқан бауырластар бар шығар. Бір отбасылық ғибадат кешіне соларды шақырсаңдар болады. Бәлкім, қызың не ұлың олардан сұхбат алып, бастарынан өткен оқиғаларды айтып беруін сұрар. Я болмаса балаларыңа теократиялық тарихтағы маңызды жайттарды, мәселен, соғылып жатқан филиалдың, халықаралық конгрестің, үйме-үй уағыздағанда қолданылған патефонның суретін салдырарсың.
Қалай “әр мүше өз міндетін атқаратынын” біліп ал
Елші Пауыл мәсіхшілер қауымын біртұтас денемен салыстырып, былай деген: “Дененің барлық мүшесі өзара үйлесе бірігіп, әртүрлі қажетті буындар арқылы бірлесе әрекет етеді. Әр мүшесі өз міндетін дұрыс атқарғанда, дене өсіп, сүйіспеншіліктің көмегімен нығая түседі” (Ефес. 4:16). Адамның дене мүшелері қалай жұмыс істейтіні жайлы білгенде, Жаратушымызға деген ризашылығымыз бен құрметіміз арта түседі. Тап солай, дүниежүзілік қауымдардың қалай әрекет ететінін қарастырғанда, “Құдай даналығының әр алуан қырын” көріп, таңғаламыз (Ефес. 3:10).
Ехоба өз ұйымының, көктегі бөлігін қоса алғанда, қалай әрекет ететінін көрсетеді. Мысалы, ол аянды, алдымен, Иса Мәсіхке бергенін, “Иса болса оны періштесін жіберіп, құлы Жоханға белгілер арқылы көрсеткенін” айтқан (Аян 1:1, 2). Құдай өз ұйымының көзге көрінбейтін бөлігі қалай әрекет ететінін ашса, онда ұйымының жердегі бөлігінің “әр мүшесі өз міндетін” қалай атқаратынын түсінгенімізді де қалайды емес пе?
Мысалы, жуырда қауымдарыңа аудандық бақылаушы келетін болса, неге отбасымен бірге олардың міндеттері мен қызметтегі баталары жайлы қарастырмасқа? Олар әрбірімізге қалай көмектеседі? Сондай-ақ келесідей сұрақтарды да талқылауға болады: Неге қызметіміз жайлы есеп беру маңызды? Құдайдың ұйымы қалай қаржыландырылады? Басқарушы кеңес қалай ұйымдасқан және олар рухани ас-суды қалай дайындайды?
Ехобаның халқы қалай ұйымдасқанын түсінсек, мұның, кем дегенде, үш пайдасын көреміз: біздің игілігіміз үшін ауыр еңбектеніп жүрген бауырластарға ризашылығымыз арта түседі (Сал. 1-х. 5:12, 13); жауапты бауырластардың басшылығына мойынсұнуға талпынамыз (Ел. іс. 16:4, 5); басшылықты қолға алғандардың әрбір шешімі мен жасаған шаралары Жазбаларға негізделгенін көргенде, оларға деген сеніміміз арта түседі (Евр. 13:7).
“Қамалдарына назар аударыңдар”
“Сионға жақындап барыңдар, Шаһарды айналып шығыңдар, Барлық мұнараларын санаңдар, Қамалдарына назар аударыңдар, [“кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін” Тт] Сарайларын да қарап шығыңдар” (Заб. 47:13, 14). Бұл жерде забур жыршысы исраилдіктерді Иерусалимді жақыннан көруге шақырған. Осы қасиетті қалаға жыл сайынғы мейрамдарға сапар шегіп, оның зәулім ғибадатханасын көрген исраилдік отбасыларының саналарында қандай құнды естелік қалғанын елестетіп көрші. Бұл оларды көргендерін “кейінгі ұрпаққа жеткізуге” талпындырғаны анық.
Мысалы, Сүлейменнің тамаша билігі мен асқан даналығы туралы сөздерге алғашында күмәнмен қараған Сәба патшайымын еске түсірші. Естігендерінің бәрі шындық екеніне оның көзін не жеткізді? Ол: “Келіп, өз көзіммен көргенге дейін сол сөздерге сенбеген едім”,— деген (Шеж. 2-ж. 9:6). Расында да, “өз көзімізбен көрген” нәрсе бізге қатты әсер етеді.
Балаларыңа Ехобаның ұйымындағы керемет істерді “өз көздерімен” көруге қалай көмектесе аласың? Жақын жерде Ехоба куәгерлерінің филиалы болса, оған баруға тырысыңдар. Мәселен, Мэнди мен Бетани Бетелден 1500 шақырым жерде туып өскен. Алыс болғанына қарамастан, әке-шешесі оларды бала кездерінде жиі Бетелге экскурсияға апаратын. Олар былай дейді: “Бетелге барғанға дейін біз ол жерді қатал және тек егде жастағыларға арналған деп ойлайтынбыз. Бірақ онда Ехобаға аянбай әрі қуанышпен қызмет етіп жүрген жастарды кездестірдік. Ехобаның ұйымының аясы өзіміз тұрған кішкене аумақпен ғана шектелмейтінін көрдік, сондай-ақ Бетелге әр барғанда, рухани күш-жігер алып қайтатынбыз”. Құдай ұйымын жақыннан көргені Мэнди мен Бетаниді ізашарлық қызметті бастауға талпындырды, олар тіпті Бетелге уақытша ерікті қызметшілер ретінде шақырылды.
Бізде Ехобаның ұйымын “көрудің” тағы бір мүмкіндігі бар. Мұндай мүмкіндік ежелгі Исраил халқында болмаған. Соңғы жылдары біздер Құдай ұйымының әртүрлі қырын көрсететін “Ехоба куәгерлері. Ізгі хабарды жариялау үшін ұйымдасқан”, “Дүниежүзілік бауырластығымыз”, “Жердің шетіне дейін”, “Құдай тәлімінің арқасында біріккендер” сияқты бейнетаспалар мен DVD дискілерді алдық. Бетелдіктердің, зардап шеккендерге көмектесушілердің, миссионерлердің, конгресс ұйымдастыратын және дайындайтын бауырластардың ауыр еңбегін көргенде, өздеріңнің де, балаларыңның да дүниежүзілік бауырластығымызға деген ризашылығы арта түсері сөзсіз.
Ізгі хабарды уағыздау ісінде және жергілікті бауырластарға қолдау көрсетуде Құдай халқының әрбір қауымы маңызды рөл атқаратыны рас. Алайда отбасыңмен бірге “дүниежүзіндегі барлық бауырластар” жайлы ойлануға уақыт табыңдар. Бұл өздеріңе де, балаларыңа да “сенімде берік болуға” әрі қуануға себеп бар екенін көруге көмектеседі (Пет. 1-х. 5:9).
[18-беттегі қоршау/сурет]
Құдай ұйымы. Зерттеуге тұрарлық тақырыптар
Бізде Ехобаның ұйымының тарихы мен оның қалай әрекет ететіні жайлы көбірек білуге көмектесетін мәліметтер жетіп-артылады. Бұл орайда келесі сұрақтардың көмегі тиер:
☞ Бүгінгі аралаушы бақылаушылардың қызметі қалай басталған? (“Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” (ор.) 222—228 беттер).
☞ 1941 жылы болған теократиялық конгрестегі “Балалар күні” несімен елеулі болды? (“Ехоба куәгерлері Құдай Патшалығын жариялайды” (ор.) 86—88 беттер).
☞ Басқарушы кеңес шешімді қалай қабылдайды? (“Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік ету” (ор.) 108—114 беттер).