Дайын болыңдар!
“Дайын болыңдар, өйткені Адам Ұлы өздерің ойламаған сағатта келеді” (МАТ. 24:44).
1, 2. а) Киелі кітапта жолбарыстың шабуылымен салыстыруға болатын қандай пайғамбарлық жазылған? ә) Иса Шайтанның дүниесін жоюға келгенде, аман қалу үшін не істеуіміз керек?
ҮНДІ жолбарыстарымен әбден “достасып” алғандай көрінетін бір атақты машықтандырушы ойын-сауықтарымен біраз жылдар бойы жұрттың көңілін көтеріп жүрді. Ол: “Аңдар саған сенім арта бастағанда, өзіңді дүниедегі ең керемет сыйға ие болғандай сезінесің”,— деді. Алайда 2003 жылы үшінші қазанда олардың арасындағы сенімнің күлі көкке ұшты: жыртқыштардың бірі, салмағы 172 килограмм ақ жолбарыс, себепсізден-себепсіз оған бас салды. Бұл қапылыста жасалған шабуыл болды, әрі машықтандырушы бұған мүлдем дайын емес еді.
2 Киелі кітапта да күтпеген жерден шабуыл жасайтын бір “жыртқыш аң” жөнінде айтылған (Аян 17:15—18 оқы). Бұл аң нені білдіреді? Ол кімге шабуыл жасайды? Жыртқыш аң Біріккен Ұлттар Ұйымы мен дүниедегі барлық үкіметтерді білдіреді. Ол жалған дінді бейнелейтін Ұлы Бабылға шабуыл жасап, қатыгездікпен жояды. Көп адамға бұл төбеден жай түскендей әсер етеді, себебі жыртқыш аң мен Ұлы Бабыл жақын достар сияқты болатын. Бірақ бұл шабуыл қашан жасалмақ? Біз оның қай күні, қай сағатта болатынын білмейміз (Мат. 24:36). Бір білетініміз — ол біз күтпеген кезде болады, әрі бұған аз уақыт қалды (Мат. 24:44; Қор. 1-х. 7:29). Сол уақыт келгенде, Иса біз үшін Жазалаушы емес, Құтқарушы болуы үшін, әрдайым дайын болғанымыздың маңызы зор (Лұқа 21:28). Киелі кітапта дайын жүргендерінің арқасында Құдайдың уәделерінің орындалғанын өз көзімен көрген оның адал қызметшілері туралы біраз мәлімет бар. Біз тарихта өмір сүрген сол кісілерді үлгі тұтамыз ба?
Нұх сияқты дайын бол
3. Нұхтың Құдайға адал қызмет етуін не қиындатты?
3 Өзі өмір сүрген заманда жер бетіндегі жағдайдың өте жаман болғанына қарамастан, Нұх дайын болғанының арқасында Құдайдың уәделерінің орындалғанын көрген. Бүлікші періштелердің адам кейпіне еніп, сұлу әйелдермен ашыналас болғанда, оның қандай қиындықтарды бастан кешіргенін көз алдыңа елестетіп көрші! Мұндай табиғи емес қатынастардан кәдімгі адамдарға ұқсамайтын “бұзақы алыптар” туылды. Олар зор күштерін өзгелерді жәбірлеу үшін қолданатын (Жар. 6:4). Жүрген жерін қиратып жүретін сол дәулердің қаншама зұлымдық жасағаны жайлы ойлашы! Осының кесірінен жер-дүниені зұлымдық жайлап, адамдардың ойлары мен мінез-құлқы әбден бұзылды. Сондықтан Әлемнің Әміршісі Ехоба зұлым адамдарды жоятын уақытты белгіледі (Жаратылыс 6:3, 5, 11, 12 оқы)a.
4, 5. Бүгіндегі жағдай қай жағынан Нұхтың заманындағыға ұқсайды?
4 Біздің күніміздегі жағдайдың Нұхтың заманындағыға ұқсас болатынын Иса алдын ала айтқан (Мат. 24:37). Мысалы, адамдардың өміріне зұлым рухтардың араласып жатқанын біз де көріп жүрміз (Аян 12:7—9, 12). Нұхтың заманында жын-перілер адам кейпіне ене алатын. Қазір бұлай ете алмағандарымен, олар жас демей, қарт демей, барлық адамдарды уысында ұстағылары келеді. Әбден бұзылған осы рухтар байқатпай адамдарды бұзықтыққа азғырып, олардың істеген зұлым, жиренішті істерінен рақат табады (Ефес. 6:11, 12).
5 Жазбаларда Ібіліс “кісі өлтіруші” әрі “өлімге ұшыратушы” ретінде суреттелген (Жох. 8:44; Евр. 2:14). Әрине, Құдай оған қалаған адамын өлтіре беруге билік бермеген. Бірақ ол адамдарға өздерін қасірет пен өлімге ұшырататын әрекеттер істете алады. Сондай-ақ адамдардың санасы мен жүрегіне жеккөрушілік және кісі өлтіруге деген бейімділік ұялатады. Мысалы, Құрама Штаттарында 142 баланың біреуі кісі өлтірушілердің құрбаны болады. Осындай мағынасыз зұлымдықтың сонша кең тарағаны Ехобаны Нұхтың заманындағыға қарағанда азырақ қызықтырады деп ойлайсың ба? Ол бұған қарап отыра бере ме?
6, 7. Нұх пен оның отбасы сенімдері мен Құдай алдындағы қорқыныштарын қалай көрсетті?
6 Уақыты келгенде, Құдай Нұхқа барлық тіршілік иелерін құртып жіберу үшін, жерге топан су қаптататынын айтты (Жар. 6:13, 17). Ехоба Нұхқа алып сандық пішіндес кеме соғуды тапсырды. Содан Нұх пен отбасы жұмысқа кірісті. Оларға мойынсұнушылық танытуға және Құдайдың соттайтын уақыты келгенде, дайын болуға не көмектесті?
7 Нық сенімдері мен Құдай алдындағы қорқыныштары оларды Құдайдың бұйрығын орындауға талпындырды (Жар. 6:22; Евр. 11:7). Нұх отағасы ретінде рухани сергек болған әрі сол замандағы бұзылған дүниенің іс-әрекетіне араласпаған (Жар. 6:9). Ол кең тараған зұлымдық пен өрескелдіктің әсеріне беріліп қалмаулары үшін отбасының сақ болу керектігін түсінген. Олар үшін күйбең тірлікке беріліп кетпеу аса маңызды еді. Өйткені Құдай оларға тапсырма берді және бүкіл отбасы бар көңілдерін соған аудару керек-тін (Жаратылыс 6:14, 18 оқы).
Нұхтың отбасы дайын болған
8. Нұхтың отбасы мүшелерінің Құдайға шын берілгені неден көрінеді?
8 Киелі кітапта отағасы болған Нұхқа баса назар аударылады, бірақ оның әйелі де, балалары мен келіндері де Ехобаның қызметшілері болған. Мұны Езекиел пайғамбар растаған. Оның айтуынша, Нұх Езекиелдің замандасы болса, Нұхтың балалары әкесінің әділдігінің арқасында құтқарыла алмас еді. Олар мойынсұну-сұнбауды өздері шеше алатын жаста болатын. Сондықтан Құдайды және оның жолдарын сүйетінін әрқайсысы өзі дәлелдеген (Езек. 14:19, 20). Отбасы Нұхтың басшылығына мойынсұнған, онымен бір сенімде болған және Құдай берген тапсырманы орындауға өзгелердің кедергі жасауына жол бермеген.
9. Бүгінде кімдер Нұхтікіндей сенім танытып жүр?
9 Дүниежүзі бойынша мәсіхші отағаларының Нұхқа еліктеу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жүргендерін көргенде, қалайша жігерленеміз десеңші! Олар бала-шағасын бағып-қағып, оқытып қана қою жеткіліксіз екенін түсінеді. Отағалары отбасыларының рухани қажеттіліктерін де қамтамасыз етуі тиіс. Осылайша жақындап келе жатқан Ехобаның күніне дайын екендерін көрсетеді.
10, 11. а) Кеменің ішінде болғанда, Нұх пен отбасының не сезінгені сөзсіз? ә) Біз өзімізге қандай сұрақ қойғанымыз дұрыс?
10 Нұх пен әйелі, балалары мен келіндері кемені 50 жылдай соқты. Құрылыс барысында олар кемені шайырмен сылау, ішіне азық-түлік жинау, жан-жануарлар кіргізу үшін кемеге мың кіріп, мың шыққан болса керек. Көз алдыңа елестетіп көрші: Ехоба белгілеген күн ақыры келіп жетті. Б. з. б. 2370 жылдың екінші айының 17-күні Нұхтың отбасы кемеге кірді де, Ехоба оның есігін жапты. Артынан жауын басталды. Бұл жай ғана нөсер емес еді. Барлық қайнар көздерден су атқылап, аспан қақпалары айқара ашылды да, зор ағын кемені ала жөнелді (Жар. 7:11, 16). Кеме ішіндегілер қауіпсіздікте еді, ал сыртта қалғандар қырылып жатты. Сонда Нұхтың отбасы не сезінді екен? Құдайға деген зор ризашылық! Сондай-ақ олардың: “Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болып, әрдайым дайын жүргеніміз қандай жақсы болған!”— деп ойлағандары да сөзсіз (Жар. 6:9). Сен де Армагеддоннан аман өтіп, солар сияқты ризашылық сезінгеніңді елестетіп көрші.
11 Құдіреті шексіз Құдайға Шайтанның дүниесін жоюға қатысты уәдесін орындауға ештеңе де кедергі бола алмайды. Өзіңнен: “Құдайдың барлық уәделері бүге-шігесіне дейін әрі өзі белгілеген уақытта орындалатынына берік сенімдімін бе?”— деп сұрап көр. Ал бұған сенімді болсаң, жылдам жақындап келе жатқан “Ехобаның күнін” жадыңда ұстай отырып, оған дайын бол (Пет. 2-х. 3:12).
Мұса ұдайы сергек болған
12. Мұсаның рухани күйіне не нәрсе кері әсер етуі мүмкін еді?
12 Тағы бір мысалды қарастырып көрейік. Адами тұрғыдан қарағанда, Мұса Мысыр елінде жалғанды жалпағынан басып жүрген. Перғауынның қызының асырап алған баласы ретінде оның мәртебесі жоғары болып, не ішемін, не киемін демей, үлде мен бүлдеге оранып өмір сүрген болса керек. Бұған қоса, ол өте жоғары білім алған (Елшілердің істері 7:20—22 оқы). Сондай-ақ ол зор байлықты мұра ете алар еді.
13. Мұсаның Құдайдың уәделерінен назарын тайдырмағаны неден көрінеді?
13 Мұсаның бала күнінде ата-анасынан алған тәлімі мысырлықтар табынатын пұттардың еш пайдасыз екенін көре білуіне көмектескенге ұқсайды (Мыс. ш. 32:8). Ол Мысырдың білімі мен патша сарайының сән-салтанатының шынайы ғибадаттан бас тартуына себеп болуына жол бермеді. Мұса ата-бабасына берілген Құдайдың уәдесі жайлы терең ой жүгірткен және оның еркін орындауға дайын болуды барынша қалаған болу керек. Себебі ол исраилдіктерге: “Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие мені сендерге жіберіп отыр”,— деген ғой (Мысырдан шығу 3:15—17 оқы).
14. Мұсаның сенімі мен батылдығы қалай сыналды?
14 Шынайы Құдай Ехоба Мұса үшін мысырлықтардың жансыз пұттарындай емес, тірі Құдай болған. Ол “көзге көрінбейтін Тұлғаны көріп тұрғандай” өмір сүрді. Мұса Құдай халқының азат етілетінін білген, бірақ қашан екенін білмеген (Евр. 11:24, 25, 27). Оның мұны қатты қалағаны жәбір көріп жатқан исраилдік құлды қорғағанынан көрінді (Мыс. ш. 2:11, 12). Алайда бұл әлі Ехоба белгілеген уақыт емес еді, сондықтан оған шалғай жерде қашқын ретінде өмір сүруге тура келді. Патша сарайындағы рақат өмірден кейін, Мұсаға шөлдалада өмір сүру оңай болмағаны сөзсіз. Сөйтсе де ол Ехобаның кез келген тапсырмасын орындауға әрқашан дайын болған. Сондықтан Мадиян елінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін, Құдай оған исраилдіктерді құлдықтан босатуды тапсырды. Ол Құдайдың басшылығына мойынсұнып, Мысырға қайта оралды. Мұсаның Құдайдың тапсырмасын оның еркіне сай орындайтын уақыты енді келген еді (Мыс. ш. 3:2, 7, 8, 10). Мысырға қайта оралған Мұсаға, жер бетіндегі ең “момын адамға”, перғауынның алдына бару үшін сенім мен батылдық қажет болды (Ру. сан. 12:3). Мұса оның алдына бір рет емес, Мысыр еліне жіберілген апаттарды жариялаған сайын барды, әрі әр апатты жариялағанда, перғауынға тағы қанша рет келетінін білмеді.
15. Қиындықтарға қарамастан көктегі Әкесін даңқтаудың мүмкіндігін талмай іздеуге Мұсаны не талпындырды?
15 Бұдан кейінгі қырық жылдан астам уақытта, б. з. б. 1513 және б. з. б. 1473 жылдар аралығында, Мұса көңілді қалдыратын талай жайттарға кезікті. Сөйтсе де ол Ехобаны даңқтаудың мүмкіндігін іздеуден талмаған әрі өзге исраилдіктерді де соған шақырған (Заң. қ. 31:1—8). Неге? Өйткені ол өзінің есімінен гөрі Ехобаның есімі мен оның бүкіләлемдік билігін көбірек жақсы көрген (Мыс. ш. 32:10—13; Ру. сан. 14:11—16). Көңілді қалдыратын жайттар мен қиындықтарға қарамастан, біз де Құдайдың билігін қолдауды жалғастыра беруге тиіспіз. Бұл үшін тек Ехобаның жолдары дана, әділетті әрі жақсы екеніне сенімді болуымыз керек (Ишая 55:8—11; Ерм. 10:23). Сенде сондай сенімділік бар ма?
Сергек бол!
16, 17. Марқа 13:35—37 тармақтардағы сөздердің сен үшін қандай терең мәні бар?
16 “Сақ болыңдар! Сергек болыңдар! Өйткені белгіленген уақытты білмейсіңдер” (Мар. 13:33). Иса бұл ескертуді зұлым заманның ақыры таяп қалғанын білдіретін белгі жайында сөз қозғағанда айтқан. Марқа кітабында жазылған маңызды пайғамбарлығын Исаның қалай қорытындылағанын қарастырайық: “Сергек болыңдар! Себебі үй иесі кешке, түн ортасында, әтеш шақырғанда, әлде таң сәріде келе ме — білмейсіңдер. Ол кенеттен келіп, ұйықтап жатқанда үстеріңнен түспесін. Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!” (Мар. 13:35—37).
17 Исаның бұл шақыруы адамды ойландырмай қоймайды. Ол түнгі күзеттің төрт мезгіліне назар аударған. Күзеттің түнгі сағат үштен күн көтерілгенге дейін созылатын соңғы мезгілінде сергек болу қиынға түсетін. Соғыс стратегиясының мамандары жауды қолға түсіру үшін шабуыл жасауға ең тиімді мүмкіндік беретін әрі ең қолайлы кез олардың “ұйықтап жатқан” кезі деп есептейді. Сол сияқты, қазір осы дүние “шырт ұйқыда жатқанда”, бізге сергек болу өте қиын шығар. Алайда алдын ала айтылған осы дүниенің соңы мен құтқарылатын уақытымыз келгенде, дайын жүру үшін сергек те сақ болуымыз керектігінде күмән жоқ.
18. Ехоба куәгерлері ретінде біз қандай баға жетпес мәртебеге иеміз?
18 Жоғарыда айтылып кеткен машықтандырушы үнді жолбарысының шабуылынан аман қалды. Бірақ Киелі кітаптағы пайғамбарлыққа сай, жалған дін мен қазіргі зұлым дүниенің қалған бөлігі таяуда жасалатын шабуылдан аман қалмайды (Аян 18:4—8). Сондықтан Нұх пен оның отбасы сияқты, Құдайдың барлық қызметшілері де — жас болсын, қарт болсын — Ехобаның күні келгенде дайын болу үшін, қолдан келгеннің бәрін жасау керектігінің маңыздылығын көре білгей! Біз Құдайды құрметтеуді білмейтін дүниеде өмір сүрудеміз: бүгінде жалған діннің ұстаздары, агностиктер мен атеистер Жаратушыны қорлауда. Бірақ біз олардың әсерінен аулақ болуымыз керек. Қайта, өзіміз қарастырған мысалдарға ден қойып, “құдайлардың Құдайы” әрі аса ұлы, қуатты да қаһарлы Құдай Ехобаны қорғаудың және мадақтаудың мүмкіндігін жіберіп алмау үшін әрқашан сергек болайық! (Заң. қ. 10:17).
[Сілтеме]
a Жаратылыс 6:3-те жазылған “жүз жиырма жылға” қатысты мәліметті “Күзет мұнарасының” келесі санынан табуға болады: 15 желтоқсан 2010 жыл, 30-бет.
Естеріңде ме?
• Неге Нұх отбасының рухани қажеттіліктерін бірінші орынға қойған?
• Қай жағынан біздің күндеріміз Нұхтың заманына қатты ұқсайды?
• Неге Мұса қиындықтарға қарамастан, Ехобаның уәделерінен назарын тайдырмады?
• Киелі кітаптағы қандай пайғамбарлықтар сені сергек болуға талпындырады?
[25-беттегі сурет]
Нұх пен оның отбасы бар назарын Ехобаның тапсырмасын орындауға аударған
[26-беттегі сурет]
Құдайдың берік уәдесі Мұсаға ұдайы сергек болуға көмектескен