Оқырман сауалдары
Ехоба куәгерлері медициналық емшараларға жүгіне ме?
Иса пайғамбар: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет”,— деген (Матай 9:12). Осылайша ол медицина мамандарының көмегіне жүгіну Киелі кітапқа қайшы келмейтініне нұсқады. Сондықтан Ехоба куәгерлері дәрі-дәрмек пен емшаралардан бас тартпайды. Өйткені олар денсаулықтарының жақсы, әрі өмірлерінің ұзақ болғанын қалайды. Куәгерлердің де арасында, I ғасырдағы мәсіхші Лұқа сияқты, дәрігерлер бар (Қолостықтарға 4:14).
Алайда Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың принциптеріне қайшы келетін емшаралардан бас тартады. Мысалы, олар өздеріне қан құйдырмайды, өйткені өмірді сақтау үшін қан қолдануға Құдай пайғамбарлар арқылы тыйым салғанын біледі (Жаратылыс 9:4; Леуіліктер 17:1—14; Елшілердің істері 15:28, 29). Сондай-ақ Киелі кітап “тылсым күштердің”, немесе “сиқырлықтың” қатысы бар емшараларға жүгінуді айыптайды (Ишая 1:13 ЖД; Ғалаттықтарға 5:19—21).
Көптеген медицина мамандары Киелі кітапқа қайшы келмейтін тиімді емшараларды ұсынуда. Ехоба куәгерлерінің көбі жүгінетін осы емшаралар жиі Құдай айыптайтын ем түрлерінен әлдеқайда сапалы болып жатады.
Рас, денсаулық сақтау әдістеріне байланысты әркімнің пікірі әртүрлі. Біреуге көмектескен ем, басқа адамға шипа болмауы мүмкін. Сондықтан сырқатын тура анықтап, сапалы медициналық ем алғысы келетін адам, кейде басқа да маманның көмегіне жүгінуді жөн көреді (Нақыл сөздер 14:15).
Медициналық емшараның қандай да бір түріне Куәгерлердің көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Егер Киелі кітапта белгілі бір емшараға қатысты нақты ешқандай заң жазылмаған болса, әр мәсіхшіге өз ар-ұжданы бойынша шешім қабылдауға рұқсат берілген (Римдіктерге 14:2—4). Олай болса, әр адам ұсынылған емнің түрін жан-жақты қарастырып, оның Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданына қайшы келетін-келмейтініне көз жеткізуі керек (Ғалаттықтарға 6:5; Еврейлерге 5:14).
Куәгер шешім қабылдау керек болғанда, көше қиылысына жақындаған көлік жүргізуші сияқты қырағы болу керек. Егер ол алдыңғы көліктердің соңынан еріп, қатты жылдамдықпен қиылыстан өтіп кете берсе, жол апатына ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан ақылды жүргізуші жылдамдығын бәсеңдетіп, қиылыстан өтпес бұрын жан-жағына қарайды. Сол сияқты Куәгерлер де емшара түрін таңдауға келгенде, асығыстық жасамайды және кең тараған әдісті көз жұмып қабылдай салмайды. Қайта, ұсынылып отырған әдістерді салмақтап-саралайды және шешім қабылдамай тұрып, Киелі кітап принциптерін зерттейді.
Ехоба куәгерлері ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін және жанқиярлық рухтарын бағалайды. Сондай-ақ сырқаттан айықтыруға тырысып, қолдарынан келгенше көмек беріп жатқаны үшін зор алғыс білдіреді.