Құдай рухы қонған патша арқылы келетін баталарға ие бол!
“Патшаға Жаратқан Иенің Рухы қонады” (ИШАЯ 11:2).
1. Әлемдегі қиындықтарға адамдар қандай алаңдаушылық білдіруде?
АСТРОФИЗИК Стивен Хокинг 2006 жылы “Әлемнің саяси және әлеуметтік жағдайының астан-кестен болғанына, сондай-ақ қоршаған ортаның әбден бүлінгеніне қарап, адам баласы тағы 100 жыл тіршілік ете алар ма екен?” деген сұрақ қойған еді. Сондай-ақ бір саяси журналда былай делінді: “Біз жоқшылықты жоймадық, тыныштық та орнатпадық. Қайта, бәрін керісінше жасаған сияқтымыз. Бірақ тырысқан жоқпыз емес, керісінше, қолдан келгеннің бәрін істеп, коммунизм мен нарықтық экономиканы, Ұлттар лигасы мен ядролық соғысты болдырмау саясатын құрдық. Одан қалса, енді қайтып соғыспаудың жолын білеміз деген сеніммен соғысты тоқтату үшін тым көп соғыстық”.
2. Ехоба жердің заңды Билеушісі екендігін жақында қалай көрсетеді?
2 Осы сынды пікірлер Ехобаның қызметшілерін еш таңғалдырмайды. Киелі кітапта адамның өз-өзіне басшылық етуге жаратылмағаны айтылған (Ерм. 10:23). Ехоба ғана — біздің заңды Билеушіміз. Сондықтан ол біз үшін нормалар орнатуға, өмірде көздеуіміз керек мақсатты белгілеуге, әрі соларға жету үшін бізге басшылық беруге құқылы. Оның үстіне, жақында ол осы билігін қолданып, сәтсіздікке ұшыраған адами үкіметтерді құлатып, бүкіләлемдік билігіне қарсы шыққан адамдарды жояды. Өйткені олар күнәнің, кемелсіздіктің және “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” Шайтанның” құлы болып қалуды шешті (Қор. 2-х. 4:4).
3. Ишая Мәсіхке қатысты қандай пайғамбарлық айтты?
3 Ехобаның билігі сүйіспеншілікке толы екені Жұмақ орнаған жаңа дүниеде Мәсіхтің Патшалығы арқылы көрінетін болады (Дан. 7:13, 14). Мәсіх Патшаға қатысты Ишая келесідей пайғамбарлық айтқан: “Кесілген ағаштың түбірі мен тамырынан жас өскін өсіп шығады. Сол сияқты Есей ұлы Дәуіттің патшалық биліктен айырылған әулетінен шығатын бір ұрпақ күндердің күнінде қайтадан патшалық құрады. Осы патшаға Жаратқан Иенің Рухы қонып, Оған даналық пен парасат, ақыл-кеңес пен құдірет, білік пен Құдайды терең қастерлеуді дарытады” (Ишая 11:1, 2). Құдайдың киелі рухы Есейдің әулетінен шыққан ұрпақты — Иса Мәсіхті — адамзаттың үстінен билік етуге қалай қабілетті етті? Оның билігі қандай баталар әкеледі? Оларға ие болу үшін біз не істеуіміз қажет?
Құдай Исаны билік етуге қабілетті етті
4—6. Иса қандай маңызды білімнің арқасында дана әрі жанашыр Патша, Сотшы және Бас діни қызметкер бола алады?
4 Ехоба өзіне мойынсұнатын адамзаттың шынымен де дана әрі жанашыр Патшаның, Бас діни қызметкердің және Сотшының басқаруымен кемелділікке қол жеткізгенін қалады. Сондықтан да Құдай Иса Мәсіхті таңдап, оны киелі рухы арқылы маңызды жауапкершілікті атқаруға қабілетті етті. Қазір Құдай тапсырған істі Иса кемелді түрде атқаратынына сенімді болуымыздың кейбір себептерін қарастырайық.
5 Иса Құдайды жақын танып білген. Әкесін қасында миллиардтаған жыл болған жалғыз Ұлынан артық ешкім танып білген емес. Сол уақыт ішінде Исаның Ехобаны жан-жақты танып білгені сонша, Киелі кітапта оны “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” деп атаған (Қол. 1:15 сілт.). Исаның өзі де: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— деген (Жох. 14:9).
6 Иса — күллі жаратылысты, оның ішінде адамзатты да, жан-жақты әрі түбегейлі білетін Ехобадан кейінгі тұлға. Қолостықтарға 1:16, 17-де: “Көктегі, жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты... бәрі де Мәсіх арқылы және Мәсіх үшін жаратылған. Бүкіл әлем жаратылмай тұрғанда-ақ Ол бар болатын”,— деп жазылған. Бір сәт ойланып көрші, Құдайдың “шебер жұмысшысы” (ЖД) ретінде Иса басқа жаратылыстардың бәрін жаратуға қатысқан. Сол себепті ол ғаламдағының бәрін бүге-шігесіне дейін, титтей субатомдық бөлшектерден күрделі әрі таңғажайып адам миына дейін, жақсы біледі. Иса, шынымен де, даналықтың бейнесі болып табылады (Нақ. с. 8:12, 22, 30, 31).
7, 8. Құдай рухы Исаға қызметінде қалай көмектесті?
7 Исаны Құдай киелі рухымен майлады. “Жаратқан Ие Маған Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға Ізгі хабар жеткізуге тағайындап, тұтқындарға босатылып, соқырларға көре алатындарын жар салуға жіберді. Мені езілгендерді қанаудан азат етуге және Жаратқан Иенің кешірім беретін мейірімділік жылын жариялауға да жіберді”,— деді Иса (Лұқа 4:18, 19). Шомылдыру рәсімінен өткенде, Исаға қонған киелі рух оған көктегі өмірінде үйреніп білгендерін, соның ішінде өзін Мәсіх ретінде жерге жіберудегі Құдайдың еркін, түгел есіне түсірді (Ишая 42:1; Лұқа 3:21, 22; Жохан 12:50 оқы).
8 Киелі рух қонғандықтан және тәні мен санасы кемелді болғандықтан, Иса тарихтағы ең ұлы адам ғана емес, ең ұлы Ұстаз да болды. Тыңдаушылары оның “тәліміне қатты қайран қалған” болатын (Мат. 7:28). Өйткені Иса адамзат қиыншылықтарының түптамыры күнә, кемелсіздік және Құдай жайлы білімнің жоқтығы екенін көрсете білді. Бұған қоса ол адамның нағыз болмысын көре біліп, соған сай әрекет ете алды (Мат. 9:4; Жох. 1:47).
9. Исаның жердегі қызметі жайлы ой жүгірткенің оның жақсы Билеуші болатынына деген сенімділігіңді қалай арттыра түседі?
9 Иса адам болып өмір сүрді. Адами өмірді басынан өткізгені және кемелсіз адамдармен тығыз араласқаны Исаға Патша болуға қажетті қасиеттер дамытуына көмектесті. Елші Пауыл былай деді: “Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиіс еді. Осылай Мәсіх Құдайға қызмет ететін қайырымды да адал Бас діни қызметкер болып, өз жанын халқының күнәларының құнын өтеу үшін құрбандыққа қиды. Өзі азап шегіп ауыр сынаққа төзген Ол сынақтан өтіп жатқан бізге де көмектесе алады” (Евр. 2:17, 18). Иса “сынақтан өткендіктен”, сыналып жатқан адамдарға жаны ашыды. Оның жанашырлығы жердегі қызметі кезінде айқын көрініс тапты. Ауру-сырқау, жаны жаралы, жәбір көрген адамдар, тіпті балалар да оған еш қысылмастан жақындай алды (Мар. 5:22—24, 38—42; 10:14—16). Құдай жайлы көбірек білгісі келгендер әрі момын адамдар оған жақын жүруге тырысты. Ал “жүректерінде Құдайға деген сүйіспеншілігі жоқ” өзімшіл, менмен адамдар оны мойындамады, жек көрді, тіпті оған қарсы шықты (Жох. 5:40—42; 11:47—53).
10. Иса адамзатқа деген сүйіспеншілігін қандай керемет жолмен көрсетті?
10 Иса біз үшін өз өмірін қиды. Исаның біз үшін жанын қиғаны одан басқа жақсы билеуші жоқ екендігінің бірден-бір дәлелі деуге болады (Забур 39:7—11 оқы). “Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі”,— деді ол (Жох. 15:13). Кемелсіз адами билеушілер жиі қол астындағылардың еңбегін пайдаланып, шалқып өмір сүрсе, Иса, керісінше, күллі адамзат үшін өз өмірін қиған (Мат. 20:28).
Төлемнің игілігін көре алуымыз үшін Исаға билік берілді
11. Неліктен Исаға төлемімізді Өтеуші ретінде толықтай сенім арта аламыз?
11 Төлем құрбандығының игілігін көруіміз үшін Исаға Бас діни қызметкер ретінде билік берілгені қаншалықты орынды десеңші! Жердегі қызметі барысында Иса мыңжылдық билігі кезінде төлемімізді Өтеуші ретінде жасайтын кереметтерін алдын ала көрсетті. Адалдық сақтасақ, сол баталардың рақатын көретін боламыз. Иса ауруларды сауықтырды, өлгендерді қайта тірілтті, мыңдаған адамды тамақтандырды, тіпті табиғи күштерді бағындыра алды (Мат. 8:26; 14:14—21; Лұқа 7:14, 15). Ол бұларды билігі мен күшін көрсету үшін емес, адамдарға жаны ашып, сүйгендіктен істеді. Алапеспен ауырған кісі қасына келіп, сауықтыруын сұрағанда, Иса оған: “Қалаймын, құлантаза сауығып кет!”— деп айтқан (Мар. 1:40, 41). Мыңжылдық билігі кезінде осындай жанашырлықты Иса бүкіл адамзатқа көрсететін болады.
12. Ишая 11:9-дағы пайғамбарлық қалай орындалады?
12 Мәсіх өзімен бірге билік етушілердің көмегімен 2 000 жыл бұрын бастаған рухани білім беру ісін жалғастыратын болады. Осылайша Ишая 11:9-дағы: “Теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иені жақыннан танып [“Ехоба туралы білім алып”, ЖД], қастерлеген адамдарға солай толы болады!”— деген пайғамбарлық орындалады. Бұл білімге о баста Адам атаға тапсырылғандай, жер мен ондағы сан алуан тіршілік иелерін күтіп қарауға қатысты нұсқаулардың да жататыны анық. Мыңжылдық биліктің соңына таман Жаратылыс 1:28-де айтылған Құдайдың әуел бастағы ниеті жүзеге асып, адамдар төлем құрбандығының игілігін толықтай көретін болады.
Соттауға билік берілді
13. Иса әділдікті сүйетінін қалай көрсетті?
13 Иса — “Құдайдың тірілер мен өлілерді соттауға тағайындаған Кісісі” (Ел. іс. 10:42). Исаның әділ жолдан ешқашан таймайтынын және ақиқат пен адалдықты берік ұстануға белін бекем буғанын білу неткен жұбаныш! (Ишая 11:5). Ол ашкөз, екіжүзді және зұлым адамдарды жек көріп, біреудің қайғысына қатыгездікпен қарағандарды айыптаған (Мат. 23:1—8, 25—28; Мар. 3:5). Сондай-ақ ол “адам баласының көңіліндегісін толық білгендіктен”, бет-жүзге қарап алданып қалмайтынын көрсеткен (Жох. 2:25).
14. Иса әділдікті сүйетінін қазір қалай көрсетуде және қандай сұрақтарға көңіл бөлгеніміз дұрыс?
14 Тарихтағы ең елеулі іске — дүние жүзінде жүріп жатқан уағыздау мен тәлім беру ісіне — бақылау жүргізуімен Иса әділдікті сүйетінін көрсетуде. Құдай бұл іс жеткілікті түрде атқарылды деп таппайынша, оған ешбір адам, адами үкімет, зұлым рух бөгет бола алмайды. Сондықтан Һар-Магедоннан кейін әлемде әділдік салтанат құратынына толығымен сенімді бола аламыз (Ишая 11:4; Матай 16:27 оқы). Келесі сұрақтарға көңіл бөлші: Мен қызметте адамдарға Иса сияқты көзқарас танытамын ба? Денсаулығым нашар немесе мүмкіндігім шектеулі болса да, Ехобаға өзімде бардың ең жақсысын беріп жүрмін бе? Бұл сұрақтардың үстінен ой жүгірту бәріміз үшін маңызды.
15. Нені есте ұстағанымыз Құдайға өзіміздегінің ең жақсысын беруге талпындырады?
15 Жан-тәнімізбен қызмет етуге уағыз ісі Ехобанікі екенін есте ұстағанымыз көмектеседі. Өйткені бұл оның бұйрығы, әрі ол өзінің Ұлы арқылы басшылық беруде және оны атқарып жүргендерді киелі рухымен нығайтуда. Сен Құдаймен және киелі рух қонған Исамен қызметтесу мәртебесін бағалайсың ба? Жеті миллионнан астам адамды — олардың көбісі “діни даярлықтан өтпеген, қарапайым адамдар” болса да — Патшалық туралы ізгі хабарды 236 елде жариялауға Ехоба талпындырмағанда басқа кім талпындыра алады?! (Ел. іс. 4:13).
Мәсіх арқылы келетін баталарға ие бол!
16. Жаратылыс 22:18-дегі сөздерге сай, Құдайдың батасына кімдер ие болады?
16 Ехоба Ыбырайымға: “Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің”,— деді (Жар. 22:18). Бұл сөздер Құдай және оның Ұлымен қызметтесуді бағалайтын адамдар Ұрпақ, яғни Мәсіх, әкелетін баталарға кенелетініне сенімді бола алатындарын көрсетеді. Сондықтан олар осы баталарды назарларында ұстай отырып, Құдайға қызметтерін белсене атқарып жүр.
17, 18. Заңды қайталау 28:2-де Ехобаның қандай уәдесі жазылған және оның бізге қандай қатысы бар?
17 Ыбырайымның үрім-бұтағына, яғни Исраил халқына, Құдай бірде былай деп айтқан болатын: “Егер Жаратушы Иенің, өз Құдайыңның айтқандарын тыңдайтын болсаң, осы баталардың барлығы саған тиеді және сен үшін орындалатын болады” (Заң. қ. 28:2). Бұл Құдайдың бүгінгі қызметшілеріне де қатысты. Егер Ехобаның баталарына ие болғың келсе, оның “айтқандарын тыңдауың” қажет. Сонда “осы баталардың барлығы саған тиеді және сен үшін орындалатын болады”. Олай болса, мұндағы “тыңдау” деген сөзге не жатады?
18 “Тыңдау” дегенге Киелі кітапта айтылғандарға және Құдай беріп жатқан рухани ас-суға мұқият ден қою жатады (Мат. 24:45). Сонымен қатар бұған Құдай мен оның Ұлына мойынсұну да кіреді. Иса: “Маған: “Мырза, Ие!” дейтін әркім емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Оның Патшалығына кіре алады”,— деген (Мат. 7:21). Сондай-ақ Құдайды тыңдауға оның жерде орнатқан тәртібіне, мәсіхшілер қауымындағы “сый ретінде берілген адамдарға” (ЖД), яғни ақсақалдарға, дайындықпен мойынсұну жатады (Ефес. 4:8).
19. Баталарға ие болуымыздың тағы бір жолы қандай?
19 “Сый ретінде берілген адамдарға” бүкіл мәсіхшілер қауымының атынан әрекет ететін Басқарушы кеңестің мүшелері де кіреді (Ел. іс. 15:2, 6). Алдағы ауыр азапта қалай сотталатынымыз Мәсіхтің осы рухани бауырларына танытқан көзқарасымызға байланысты болмақ (Мат. 25:34—40). Олай болса, баталарға ие болуымыздың тағы бір жолы — Құдайдың киелі рухпен майланған қызметшілерін адалдықпен қолдау.
20. а) “Сый ретіндегі адамдардың” басты жауапкершілігі қандай? ә) Бұл бауырластарды бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?
20 “Сый ретінде берілген адамдарға” киелі рухпен тағайындалған адамдардың бәрі — Филиал комитетінің мүшелері, аралаушы бақылаушылар және қауым ақсақалдары жатады (Ел. іс. 20:28). Осы бауырластардың басты жауапкершілігі — Құдай халқын “сенімі жағынан және Құдай Ұлы туралы тура білімі жағынан... бірлікке жеткенге дейін, сондай-ақ Мәсіхтің кемеліне сай келетін ересек адам болғанға дейін” нығайту (Ефес. 4:13 ЖД). Алайда олар біз сияқты кемелсіз. Сонда да олардың сүйіспеншілікке толы қамқорлығын ризашылықпен қабыл алатын болсақ, баталарға кенелетініміз сөзсіз (Евр. 13:7, 17).
21. Неліктен Құдайдың Ұлына мойынсұну маңызды?
21 Жақында Мәсіх Шайтанның зұлым дүниесіне қарсы шығады. Осы жағдай орын алғанда, біздің өміріміз Исаның қолында болады. Өйткені Құдай оған “өте үлкен тобырды” “өмір суының бұлақтарына” алып баруға билік берген (Аян 7:9, 16, 17). Олай болса, Ехобаның киелі рухы қонған патшаға ризашылықпен әрі дайындықпен мойынсұну үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік.
Келесі жазба орындарынан не білдіңдер?
[17-беттегі сурет]
Исаның жанашырлығы Жайырдың қызын тірілткенде айқын көрінді
[18-беттегі суреттер]
Иса тарихтағы ең елеулі уағыздау мен тәлім беру ісіне бақылау жүргізуде