Балаларың қалай жауап берер еді?
АТА-АНАЛАРДЫҢ ЕСІНЕ: 2010 жылдың 15 қаңтар айындағы “Күзет мұнарасының” 16—20 беттерінде балаларыңмен бірге жаттығу керектігі жайында айтқан едік. Ал мына мақаладан кішкентай балаларыңды мектептегі қиындықтарға дайындауға көмектесетін кеңестер табуға болады. Мүмкін, отбасылық ғибадат кешінде осы жаттығуларды қолданғыларың келер.
ЕХОБА КУӘГЕРІ болып табылатын балалар көптеген қиындықтарға кезігіп жатады. Сыныптастары олардан әнұран айту, туған күн тойлау, мейрамдарға дайындалу сияқты істерге неге қатыспайтындарын жиі сұрап жатады. Егер ұл-қызыңа осындай сұрақтар қойса, ол не деп жауап берер еді?
Кейбір мәсіхші балалар жай ғана: “Маған бұлай істеуге болмайды. Бұл менің дініме қайшы”,— деп айтады. Бұл балалар сенімдерінде берік тұрғандары үшін мақтауға тұрарлық. Осындай жауаптан кейін сыныптастары оларды сұрақтың астына алмайтын да шығар. Алайда Киелі кітап нанымдарымызды “түсіндіруді сұраған кез келген адамға жауап беруге әрдайым дайын болуға” шақырады (Пет. 1-х. 3:15). Бұл тек “маған бұлай істеуге болмайды” деп қоя салуды білдірмейді. Тіпті біреулері бізбен келіспеген күнде де, өзгелері біздің мұндай шешімдеріміздің себебін білгілері келер.
Көптеген жас Куәгерлер “Ұлы Ұстаздан үйрен” сияқты басылымдарды қолданып, сыныптастарына Жазбалардағы кейбір оқиғаларды айтып берген. Мұндай оқиғалар Куәгер балалардың неге қандай да бір істерге қатысып-қатыспайтынын сыныптастарына түсіндіруге көмектесуі ықтимал. Кейбір оқушылар Киелі кітап әңгімелерін ұйып тыңдайды, осылайша көптеген Киелі кітап зерттеу сабақтары басталған. Басқаларына Киелі кітаптың қандай да бір оқиғасын басынан аяғына дейін тыңдау қызық емес болуы мүмкін. Оның үстіне, кейбір әңгімелерді толық түсіндірмесе, мектеп жасындағы балаға оны түсіну тым қиын болып жатады. Он бір жасар Минхиді құрбысы туған күніне шақырғанда, ол: “Негізінен, Киелі кітапта туған күнді тойлау керек деп жазылмаған. Тіпті шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия біреудің туған күнінде өлтірілген болатын”,— деді. Алайда Минхидің айтуынша, оның берген жауабын құрбысы түсінбей қалғандай болды.
Сондай-ақ кейде біздің басылымдағы суретті көрсетуге немесе бір оқиғаны оқып беруге болады. Ал егер мектепте діни басылымдарды оқушыларға таратуға тыйым салынса ше? Балалар басылымдарды қолданбай-ақ тиімді куәлік бере ала ма? Балаларың сенімдерін қорғап сөйлеулері үшін, оларға қалай көмектесе аласыңдар?
Балаларыңмен бірге жаттығыңдар
Үйде баламен бірге жаттығудың көмегі зор. Жаттығу барысында ата-анасы сыныптастың рөлін ойнаса болады. Баласы сенімін қорғағанда, ата-анасы оны күш салғаны үшін мақтап, жауабын қалай жақсартуға болатынын және неліктен осылай еткен дұрыс екенін айтқысы келер. Мысалы, оларға құрдастары түсінетіндей сөздер қолдануды ұсынуға болады. Тоғыз жасар Джошуа сыныптастарының “ар-ұждан” немесе “адалдық” сияқты сөздерді түсінбейтінін айтады. Сондықтан ол түсініктірек сөздерді қолдануға тырысады (Қор. 1-х. 14:9).
Кейбір мектеп жасындағы балалар қойған сұрақтарына егер ұзын сонар жауап берілсе, тыңдағылары келмейді. Жауапты аяғына дейін тыңдаулары үшін, жас Куәгерлер сыныптастарын әңгімеге тартып, олармен пікір алысуларына болады. Он жастағы Ханьюль есімді қыз былай дейді: “Менің сыныптастарым тыңдап отырғаннан гөрі, әңгімелесуді ұнатады”. Әңгіме-дүкен құру үшін сұрақтар қойып, өзгелердің ойын мұқият тыңдау керек.
Төменде келтірілген диалогтардан мәсіхші балалардың сыныптастарымен қалай пікір алысуларына болатыны көрінеді. Бұл диалогтарды жаттап алудың қажеті жоқ, өйткені балалардың бәрі бірдей емес және әр жағдайда әртүрлі жауап беру қажет болуы мүмкін. Сол себептен жас Куәгерлер диалогтардың мәнін ойда ұстап, жағдайларына және сыныптастарына бейімдеп, ойларын өз сөздерімен жеткізулері керек. Мектепке баратын балаларың болса, бұл диалогтарды қолданып олармен жаттыққандарың жөн.
Балаларға тәлім беру уақыт пен ерен еңбекті талап етеді. Мәсіхші ата-аналар Киелі кітаптағы принциптерді балаларының жүрегіне ұялатып, соларға сай өмір сүруге талпындырғысы келеді (Заң. қ. 6:7; Тім. 2-х. 3:14).
Кезекті отбасылық ғибадат кешінде балаларыңмен қоршауда келтірілген диалогтарды қолданып жаттығыңдар. Мұның қаншалықты тиімді болатынына назар аударыңдар. Жаттығудың мақсаты диалогтың сөздерін жаттап алуда емес екенін есте ұстаңдар. Қандай да бір жағдайды алып, бір-екі рет жаттығуға болады. Жауаптарыңды өзгерте отырып балаларыңның әр жағдайға қалай бейімделетінін байқап көріңдер. Осылай балаларыңа нанымдары неге негізделгенін парасаттылық және ілтипаттылық таныта отырып түсіндіруге көмектесіңдер. Уақыт өте келе балаларыңды сыныптастары, мұғалімдері және көршілерінің алдында сенімдерін қорғауға үйретуге болады.
[4, 5-беттегі қоршау/сурет]
ТУҒАН КҮН ТОЙЛАУ
Арай: Сәлем, Серік! Сені отырысқа шақырайын деп едім.
Серік: Шақырғаның үшін рақмет. Ненің құрметіне жиналамыз?
Арай: Туған күнімді атап өтпекшімін. Бұл күшті отырыс болады!
Серік: Кешірші, мен бара алмаймын. Өйткені мен туған күн тойламаймын.
Арай: Неге тойламайсың?! Мен туылғанда әке-шешем қатты қуанған.
Серік: Мен туылғанда да солай болған. Бірақ сол себептен туған күнімді жыл сайын тойлау керек деп ойламаймын. Туған күнде барша адам туған күннің иесіне көңіл бөледі. Алайда Құдайға көбірек көңіл аударылу керек емес пе? Ол бізге өмір бергендіктен бар мадаққа сол лайық емес пе?
Арай: Сонда туған күнімді тойламауым керек пе?
Серік: Арай, оны өзің шешесің. Бірақ ойлап көрші. Адам өз туған күнінде көп сыйлық алғанды ұнатады, алайда Киелі кітап алғаннан гөрі берген бақытты дейді. Өзімізге көп көңіл аудармай Құдайға ризашылық білдірген, өзгелердің қамын ойлап, жақсылық жасаған дұрыс емес пе?
Арай: Мен бұл жайлы ешқашан ойланбаппын. Сонда саған әке-шешең ешқашан сыйлық бермей ме?
Серік: Әрине, береді. Бірақ олар бұл үшін менің туылған күнімді күтіп жүрмейді. Олар қалаған кезінде сыйлықтар береді. Айтпақшы, сен туған күн тойлаудың қайдан бастау алғанын білгің келе ме?
Арай: Иә, білгім келеді. Айтып берші.
Серік: Жарайды, онда бұрынғы заманда болған туған күн жайлы бір оқиғаны ертең айтып беремін.
ӘНҰРАН АЙТУ
Гүлнар: Айгүл, сен неге сыныппен бірге әнұран айтпайсың?
Айгүл: Сұрағың өте орынды. Бірақ алдымен өзің айтшы, сен неге әнұран айтасың?
Гүлнар: Себебі мен елімді мақтан тұтамын.
Айгүл: Әрине, бұл елде тұрып жатқаныма мен де қуанамын. Әйтсе де, мен бір елді өзге бір елден артық деп санамаймын.
Гүлнар: Ал мен болсам, өз елімді бәрінен де артық көремін!
Айгүл: Мен бәріне де Құдайдың көзімен қарауға тырысамын. Киелі жазбаларда Құдайдың ешкімді алаламайтыны жазылған. Ол барлық ұлттың адамдарын жақсы көреді. Міне, сондықтан да мен әнұран айтпаймын.
Гүлнар: Мұндай көзқарасты ұстанатын адамды алғаш рет көріп тұрмын!
Айгүл: Білесің бе, бұндай көзқарасты жалғыз мен ғана ұстанбаймын. Киелі жазбаларда дәл осындай көзқарасты ұстанған жастар жайында жазылған. Оларды мемлекеттік бейнеге тағзым етуге мәжбүрлеген. Алайда олар өлім жазасына кесілерін білсе де, тағзым етуден бас тартқан.
Гүлнар: Рас па? Бұл жайлы мен мүлдем естіген емеспін.
Айгүл: Қаласаң, үлкен үзілісте осы жайында айтып берейін.
МЕКТЕП ПРЕЗИДЕНТІН САЙЛАУ
Нұрлан: Мұрат, кім мектеп президенті болуға лайық деп ойлайсың? Қайсысына дауыс бересің?
Мұрат: Мен ешкімге де дауыс бермеймін.
Нұрлан: Неге?
Мұрат: Өйткені ең жақсы басшыға дауыс беріп қойғанмын. Ехоба куәгері ретінде мен Иса пайғамбардың жолымен жүруді уәде еттім. Сондықтан да басқа басшыға дауыс бере алмаймын. Ал неліктен оны ең керемет басшы деп санайтынымды білгің келе ме?
Нұрлан: Жоқ, білгім келмейді.
Мұрат: Жарайды, егер білгің келіп жатса, қуана-қуана түсіндіріп беремін.
[Сурет]
“Сәлем! Мен сені отырысқа шақырайын деп едім”.
[3-беттегі сурет]
“Сен неге әнұран айтпайсың?”