Сүйіспеншілікке толы мейірімділік тілімізді дұрыс қолдануға талпындырғай!
“Аузынан шыққан сөзі — нағыз даналық, Берген тәлімі — мейірімді жақсылық [сүйіспеншілікке толы мейірімділік ЖД]” (НАҚ. С. 31:26).
1, 2. а) Ехобаның қызметшілері қандай қасиет танытуға шақырылады? ә) Бұл мақалада не талқыланады?
ЕЖЕЛДЕ өмір сүрген Лемуил патшаға анасы маңызды ақыл-кеңестер берген. Ол жақсы әйелдің қандай қасиетке ие болуы керектігі жөнінде де айтқан еді. Ол: “Аузынан шыққан сөзі — нағыз даналық, берген тәлімі — мейірімді жақсылық”,— деген болатынa (Нақ. с. 31:1, 10, 26). Дана әйелдер ғана емес, Ехобаға ұнамды болғысы келетін адамдардың бәрі сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытулары керек (Нақыл сөздер 19:22 оқы). Барлық шынайы мәсіхшілердің сөйлеген сөзінен сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің лебі есіп тұруы қажет.
2 Сүйіспеншілікке толы мейірімділік деген не? Оны кімге танытуымыз керек? Сөйлеген сөзімізден сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің лебі есіп тұруына не көмектеседі? Бұлай еткеніміз отбасы мүшелерімен және бауырластарымызбен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
Мейірімділік танытуға айнымас сүйіспеншілік қозғау салады
3, 4. а) Сүйіспеншілікке толы мейірімділік деген не? ә) Сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің кәдімгі мейірімділіктен немесе адамгершіліктен қандай айырмашылығы бар?
3 Сүйіспеншілікке толы мейірімділік деген тіркестің өзінен көрініп тұрғандай, ол сүйіспеншілік және мейірімділік сияқты қасиеттермен байланысты. Мұндағы мейірімділік өзгелердің игілігі үшін әрекет ету және жағымды сөздер айту арқылы оларға шынайы қызығушылық танытуды білдіреді. Ал сүйіспеншілік туралы не деуге болады? Оның да маңызы зор, өйткені басқалардың игілігін ойлауға осы қасиет талпындыру керек. Алайда түпнұсқа тілдегі сүйіспеншілікке толы мейірімділік қасиеті тек сүйіспеншілік қозғау салған мейірімділікті білдірмейді. Сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытуға әлдекімге, өз мақсатыңа жетпейінше, шын жүректен әрі адалдықпен мейірімділік таныту жатады.
4 Сонымен қатар сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің кәдімгі мейрімділіктен тағы бір айырмашылығы бар. Адамдардың арасындағы кәдімгі мейірімділік немесе адамгершілік тіпті танымайтын кісілерге де көрсетіледі. Мысалы, елші Пауыл және 275 адам кеме апатына ұшырағанда, оларға өздері танымайтын Мальта аралының тұрғындары адамгершілік танытқан болатын (Ел. іс. 27:37—28:2). Ал сүйіспеншілікке толы мейірімділік болса таныс адамдардың бір-біріне айнымас сүйіспеншілік танытуын білдіредіb. Кендіктер “Мысырдан көшіп шығып келе жатқан” исраилдіктерге қатысты осылай еткен болатын (Пат. 1-ж. 15:6).
Ой жүгірту мен дұғаның маңыздылығы
5. Тілімізді қалай тізгіндей аламыз?
5 Сөйлеу мәнерімізде сүйісеншілікке толы мейірімділік таныту оңай шаруа емес. Тілге қатысты шәкірт Жақып былай деп жазды: “Адамдардың ешқайсысы да өз тілін бағындыра алмайды. Тіл — бағынуға көнбейтін жаман нәрсе, кісі өлтіретін уға толы” (Жақ. 3:8). Осы бағындыру қиын дене мүшесін тізгіндеуге не көмектеседі? Мұны Исаның дін мұғалімдеріне айтқан сөздерінен көруге болады. Ол: “Жан дүниең неге толса, ауызың соны айтар”,— деген (Мат. 12:34). Сүйіспеншілікке толы мейірімділік тілімізді дұрыс қолдануға талпындыру үшін, бұл қасиетті жүрегімізге, яғни жан-дүниемізге ұялатуымыз керек. Ал қазір ой жүгірту мен дұға етудің осы мақсатқа қол жеткізуге қалай көмектесетінін қарастырайық.
6. Біз неге Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі жөнінде ризашылықпен ой жүгіртуіміз керек?
6 Киелі кітапта Ехоба Құдайдың “сүйіспеншілігі берік” делінген (Мыс. ш. 34:6). “Жер мейіріміңе толы, о, Жаратқан”,— деп шырқады забур жыршысы (Заб. 118:64). Жазбаларда Ехоба өзінің қызметшілеріне қалай сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытатыны туралы мәлімет көптеп кездеседі. Ехобаның ‘ұлы істері жөнінде’ ризашылықпен ой жүгіртуге уақыт бөлгеніміз бойымызда осы қасиетті дамытуға деген ықылас оятады (Забур 76:13 оқы).
7, 8. а) Ехоба Лутқа және оның отбасына қалай сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытты? ә) Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне кенелген Дәуіт сезімін қалай білдірді?
7 Мысалы, Ехоба Ыбырайымның немере інісі Лут тұрған Содом қаласын жоймақ болғанда, оны отбасымен бірге қалай құтқарғанын қарастырайықшы. Ол қала жойылатын уақыт таяп қалғанда, періштелер Лутты отбасын алып, қашуға асықтырған болатын. “Лут әлі де қобалжып тұрғанда, періштелер оны, әйелін, екі қызын қолдарынан ұстап далаға сүйрей жөнеліп, қаланың сыртына шыққанда ғана қоя берді. Себебі Жаратқан Иенің оларға рақымы түскен болатын”,— деп жазылған Киелі кітапта. Ехобаның осы әрекетінің үстінен ой жүгірткенде, жүрегіміз тебіренбей қоймайды. Сондай-ақ бұл Құдайдың сүйіспеншілікке толы мейірімділігінің көрінісі екенімен келісетін шығармыз (Жар. 19:16, 19).
8 “[Құдай] бар күнәларымды кешіріп, дерттерімнің бәрін сауықтырады”,— деп жырлаған ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіттің жағдайын да қарастырайық. Барсабиямен жасаған күнәсі кешірілгеніне Дәуіт өте риза болған болса керек! Ол Ехобаны мадақтап: “Жаратқанның Өзін терең сыйлағандарға Жаудыратын рақымы сонша мол!”— деп жырлады (Заб. 102:3, 11). Жазбалардағы осы және басқа да үзінділерді қарастырғанымыз жүрегімізді ризашылыққа толтырып, Ехобаны сүйіспеншілікке толы мейірімділігі үшін мадақтауға талпындырады. Жүрегіміз ризашылыққа қаншалықты толса, соншалықты Құдайға еліктеуге тырысамыз (Ефес. 5:1).
9. Ехобаның қызметшілері үшін күнделікті өмірде сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытуға қандай маңызды себеп бар?
9 Жазбалардағы мысалдардан көрінетіндей, Ехоба сүйіспеншілікке толы мейірімділігін немесе айнымас сүйіспеншілігін, өзімен қарым-қатынас дамытып, ықыласына ие болғандарға көрсетеді. Ал тірі Құдаймен тығыз қарым-қатынас дамытпағандар жөнінде не деуге болады? Ехоба оларға қатал болып, мейірімсіздік таныта ма? Әрине, жоқ. Лұқа 6:35-те: “Ол [Ехоба] тіпті рақмет айтуды білмейтіндер мен жамандарға да мейірімді”,— делінген. “Ол жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін бірдей түсіріп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбырды бірдей жауғызады” (Мат. 5:45). Шындықты біліп, соған сай өмір сүрмес бұрын, Құдай бізге кәдімгі мейірімділік танытты. Ал оған ғибадат еткен кезде Ехоба бізге айнымас сүйіспеншілігін, яғни мызғымас сүйіспеншілікке толы мейірімділігін төгеді (Ишая 54:10 оқы). Біз бұл үшін қаншалықты ризамыз десеңші! Сөйлеу мәнерімізде және өмірдің басқа да салаларында сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытуымызға негіз болатын қандай керемет жайт!
10. Неліктен дұға сүйіспеншілікке толы мейірімділік дамыту үшін таптырмас көмек болып табылады?
10 Сүйіспеншілікке толы мейірімділік дамытуда дұға ету мүмкіндігі таптырмас көмек болып табылады. Өйткені бұл қасиеттің құрамдас бөліктері — сүйіспеншілік пен мейірімділік — Ехобаның киелі рухының жемісі (Ғал. 5:22). Киелі рух бізді жетелеуіне мүмкіндік беретін болсақ, жүрегімізге сүйіспеншілікке толы мейірімділікті ұялата аламыз. Ехобаның киелі рухына қол жеткізудің ең қарапайым жолы — оны өтініп дұға ету (Лұқа 11:13). Құдай рухын өтініп үнемі дұға еткеніміз және оның басшылығына құлақ асқанымыз өте маңызды. Иә, сөйлеу мәнерімізден сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің лебі есіп тұрғанын қаласақ, ой жүгіртіп, дұға еткеніміздің маңызы зор.
Некедегі сүйіспеншілікке толы мейірімділік
11. а) Ехоба күйеулер әйелдеріне сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытады деп күтетінін қайдан білеміз? ә) Сүйіспеншілікке толы мейірімділік күйеулерге тілін игеруге қалай көмектеседі?
11 Елші Пауыл күйеулерді былай деп шақырған: “Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” (Ефес. 5:25). Сондай-ақ Пауыл Ехобаның Адам мен Хауаға не айтқанын ефестіктердің естеріне салып, былай деді: “Еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады” (Ефес. 5:31). Иә, Ехоба күйеулердің әйелдеріне сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытып, оларға адал болғандарын қалайтыны күмәнсіз. Сөйлеу мәнерінде айнымас сүйіспеншілік танытатын күйеу елдің көзінше әйелінің кемшіліктерін айтпайды немесе оның қадірін түсірмейді. Ол қуанышпен әйелін мақтайды (Нақ. с. 31:28). Егер қандай да бір себептермен түсініспеушілік туындаса, сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытатын күйеу әйелін кемсітетін сөз айтудан аулақ болады.
12. Қалайша әйелдің сөйлеу мәнерінен сүйіспеншілікке толы мейірімділік көрініп тұрады?
12 Сүйіспеншілікке толы мейірімділік әйелді де тілін игеруге талпындыруы қажет. Оның сөйлеу мәнеріне осы дүниенің рухы әсер етпеу керек. Ол ‘күйеуін құрметтей’ отырып, өзгелердің алдында күйеуімен жағымды мәнерде сөйлеседі және оған құрметпен қарайтын адамдардың алдында оның беделі өсе түсуіне жағдай жасайды (Ефес. 5:33). Балаларының алдында әкесінің қадірін түсіргісі келмегендіктен, олардың көзінше күйеуінің шешімдеріне немесе көзқарасына қарсылық білдірмейді. Ол өз ойын еріне оңашада айтады. Киелі кітапта: “Ақылды әйел үйін өркендетер”, — делінген (Нақ. с. 14:1). Осындай әйелдің отауы отбасындағылардың бәрі үшін жанға жайлы айлақ болып табылады.
13. Сүйіспеншілікке толы мейірімділікті қандай жағдайда танытқанымыз жөн және мұны қалай істей аламыз?
13 Үйде оңаша қалған кезде де, ерлі-зайыптылардың өзара әңгімесінен бір-бірін құрметтейтіні көрініп тұруы керек. “Ал мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық”,— деді елші Пауыл. Сонан соң былай деп қосты: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер... Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді” (Қол. 3:8, 12—14). Үйде үнемі жағымды сөздер еститін бала бақытты болып өседі және ата-анасына еліктеуге барынша тырысады.
14. Отағалары өзінің қамқорлығына берілгендерді жұбату үшін тілін қалай қолдана алады?
14 Забур жыршысы Ехобаға былай деген: “Мейірімің Маған ұдайы жұбаныш бола берсін” (Заб. 118:76). Ехоба өз халқына нұсқаулар мен басшылық беру арқылы керемет түрде жұбаныш сыйлайды (Заб. 118:105). Отағалары Ехобаға еліктеп, сөйлеу қабілетін өз қамқорлығына берілген отбасы мүшелеріне жұбаныш беру үшін қалай қолдана алады? Олар мұны Киелі кітапқа негізделген басшылық беру және жігерлендіру арқылы істейді. Осы салада отбасылық ғибадат кешінің маңызы зор (Нақ. с. 24:4).
Бауырластарға айнымас сүйіспеншілік көрсетіңдер
15. Ақсақалдар мен қауымдағы өзге де рухани толысқан бауырластар тілдерін қауымдағыларды қорғау үшін қалай қолдана алады?
15 “Рақым мен шындығың мені қорғасын лайым”,— деп өтінді Дәуіт патша (Заб. 39:12). Ақсақалдар мен қауымдағы өзге де рухани толысқан мәсіхшілер осы салада Ехобаға қалай еліктей алады? Жазбаларға негізделіп сөйлегеніміз, сүйіспеншілікке толы мейірімділік таныту болып табылады (Нақ. с. 17:17).
16, 17. Қалай тілімізді дұрыс қолдану арқылы сүйіспеншілікке толы мейірімділік таныта аламыз?
16 Егер әлдебір мәсіхшінің Киелі кітап принциптеріне қайшы әрекетін байқасақ, не істеуіміз керек? Сүйіспеншілікке толы мейірімділік оны түзетуге талпындыруы керек емес пе? (Заб. 140:5). Егер бауырласымыздың ауыр күнә жасағанын білсек, айнымас сүйіспеншілігіміз оны ‘қауым жетекшілерін шақыруға’ талпындыруға қозғау болады. Сөйтіп, ақсақалдар оның ‘маңдайына Жаратқан Иенің атынан май жағып, үстіне қолдарын жайып сиынады’ (Жақ. 5:14). Ал ол ақсақалдарға барып, күнәсін мойындамаса, біздің де үндемей қоя салғанымыз сүйіспеншілікке де, мейірімділікке де жатпас еді. Арамызда біреудің еңсесі түсуі, жалғызсырауы, өзін түкке тұрғысыз сезінуі не көңілі құлазып жүруі мүмкін. Мұндай кезде бойымызда сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің бар екенін көрсетудің керемет жолы “жаны күйзелгендерді жұбату” болып табылады (Сал. 1-х. 5:14 ЖД).
17 Құдай жаулары бауырластар туралы өсек таратса, не істеуіміз керек? Бауырластарымыздың мінсіздігіне шек келтірудің орнына, оған назар аудармағанымыз дұрыс. Немесе айып тағуға негіз бар екеніне толықтай сенімді ме, жоқ па — соны сұрауымыз қажет. Егер олар зұлым ниетпен бауырластарымыздың мекенжайын білгісі келсе, бауырластарға деген айнымас сүйіспеншілігіміз жауларымызға еш мәлімет бермеуге талпындырады (Нақ. с. 18:24).
Адам ‘әділдік пен берік мейірім жолынан шын өмір табады’
18, 19. Бауырластармен қарым-қатынасымызда неліктен сүйіспеншілікке толы мейірімділіктен айнымауымыз керек?
18 Бауырластарымызбен қарым-қатынасымызда айнымас сүйіспеншілік танытуымыз керек. Тіпті қиын жағдайға тап болсақ та, сөзімізден сүйіспеншілікке толы мейірімділікке ие екеніміз көрініп тұруы қажет. Исраил ұлдарының сүйіспеншілікке толы мейірімділіктері “әп-сәтте сейілетін шөпке түскен шық сияқты” болғанда, Ехоба оларға наразылығын білдірді (Ошия 6:4, 6). Ал үнемі сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытатын болсақ, Ехобаға ұнамды боламыз. Мұндай адамдарды Ехоба қалай жарылқамақ?
19 Нақыл сөздер 21:21-де былай делінген: “Әділдік пен берік мейірім жолынан шын өмір, әділет, құрмет табады жан”. Мұндай адам ие болатын баталардың ішінде шын өмір болады. Бұл — қысқа мерзімді емес, шексіз өмір. Ехоба ондай адамға ‘шынайы өмірді берік ұстануға’ көмектеседі (Тім. 1-х. 6:12, 19). Олай болса, “бір-бірімізге сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытайық” (Зәк. 7:9 ЖД).
[Сілтемелер]
a Түпнұсқа тілдегі сүйіспеншілікке толы мейірімділік деген сөз қазақша Киелі кітапта мейірімді жақсылық, берік мейірім, сүйіспеншілік және рақым деп аударылған. Сол себепті бұл мақалада келтірілетін жазба орындарындағы осы сөздер сүйіспеншілікке толы мейірімділік деген тіркестің баламасы болып табылады.
b Сүйіспеншілікке толы мейірімділіктің адалдық, сүйіспеншілік және мейірімділік сияқты қасиеттерден айырмашылығы жайында көбірек мәлімет алу үшін 2002 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 тамыздағы санының 8, 9, 14, 15-беттерін қарауға болады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Сүйіспеншілікке толы мейірімділік дегеніміз не?
• Сөйлеу мәнерімізде сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытуға не көмектеседі?
• Ерлі-зайыптылар өзара әңгімелескенде қалай айнымас сүйіспеншілік таныта алады?
• Бауырластармен қарым-қатынасымызда сүйіспеншілікке толы мейірімділікке ие екенімізді қалай көрсете аламыз?
[23-беттегі сурет]
Дәуіт сүйіспеншілікке толы мейірімділігі үшін Ехобаны дәріптеген
[24-беттегі сурет]
Отбасылық ғибадат кешін үзбей өткізіп тұрасың ба?