Ғалақад мектебінің 128-сыныбы
Миссионерлер “шәкірт дайындауға” жіберілді
“ІЗГІ ХАБАРДЫ барлық ұлттарға естірту үшін кейбір мәсіхшілер отбасыларынан, туып-өскен жерлерінен жыраққа кетуге дайын тұр”. Осы сөздермен Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесінің мүшесі Дэйвид Сплэйн салтанатты кездесуді ашты.
2010 жылдың 13 наурызында 8 000-ға жуық адам Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің 128-сыныбын бітіру салтанатына жиналды. Бағдарламаны мектеп бітірушілердің 27 елден келген достары, отбасы мүшелері және басқа да қонақтары тыңдады.
“Шәкірттер үйлерінде отырған жоқ”
Кездесудің төрағасы Сплэйн бауырлас Иса Мәсіхтің “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер” деген сөздерін талқылап, бағдарламаны ашты (Матай 28:19, 20). Ол баяндамасында Исаның өз шәкірттерін халықтарға жібергеніне назар аударды. Б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамын тойлау үшін Иерусалимге Месопотамиядан, солтүстік Африкадан және Рим империясының түкпір-түкпірінен келген адамдар ізгі хабарды естіген. Сонда да “шәкірттер,— деді Сплэйн бауырлас,— түрлі халықтың адамдарын үйлерінде күтіп отыра бермей, оларға өздері барды. Нәтижесінде жердің шетіне дейін куәлік берілді” (Елшілердің істері 1:8).
“Иса шәкірттеріне жай ғана не істеу керектігін айтып қана қоймай, қалай істеуді де түсіндірді. Дұға айтыңдар дей салмай, қалай айту керектігін үйретті. Уағыздаңдар деп айтып қана қоймай, уағыздаудың жолдарын көрсетті. Жақсы тәлімгер болуға шақыра салмай, тәлім берудің жақсы әрі тиімді тәсілдерін көрсетті”,— деп айтты Сплэйн бауырлас.
Төраға мектеп бітірушілердің ата-аналарының назарын Исаның келесі уәдесіне аударды: “Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (Матай 28:20). Демек, Иса шетелде қызмет еткелі жатқан жаңа миссионерлерге де жар болып, қолдау көрсетеді. Осылайша Сплэйн бауырлас тыңдаушыларды бұған сенімді болуға шақырды.
“Мақтана беріңдер”
Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис оқушыларды “мақтана беруге” шақырды. Ол мақтанудың орынды және орынсыз түрлерін түсіндірді. Орынсыз мақтану дегенге өзімізді дәріптеу жатады. Ал орынды мақтану жайлы Қорынттықтарға 1-хат 1:31-де: “Кім мақтанғысы келсе, Жаратқан Иемізбен ғана мақтансын!”— деген жақсы сөздер бар. Әрі қарай Моррис бауырлас былай деді: “Біз Ехоба Құдайды және оның жолдарын білгенімізге мақтана аламыз. Шынында да, Ехоба куәгері деп аталып, оның есімімен жүру — сендер үшін, мен үшін де, зор мәртебе” (Еремия 9:24).
Баяндамашы Ехобаның есімін паш етудің маңыздылығына баса назар аударып, Африкада қызмет етіп жүрген бір миссионердің оқиғасын айтып берді. Ол әйелі екеуі Киелі кітапқа негізделген баяндама айтуға бара жатқан еді. Бақылау постына келгенде, бір сарбаз бауырласқа мылтығын кезеп, кім екенін сұрайды. Сонда Ғалақад мектебінде берілген кеңес есіне түскен әйелі: “Ехоба куәгері екеніңді және Киелі кітапқа негізделген баяндама айтуға бара жатқаныңды айт”,— деп құлағына сыбырлайды. Күйеуі солай деген соң, сарбаз оларды посттан өткізіп жібереді. Келесі күні ерлі-зайыптылар радиодан президенттің өз сарбаздарына миссионер деген атты жамылып, өміріне қастандық жасағалы жүргендерді табуды бұйырғанын естиді. Ерлі-зайыптылар өздерін миссионер емес, Ехоба куәгері деп таныстырғанның арқасында үлкен қиындықтан құтылғанын білді. Моррис бауырлас өзінің баяндамасын қорытындылап: “Тағайындалған жерлеріңе келгенде, мақтануды доғармаңдар. Сондағы мақтана алатындарың — Ехоба өзінің мәңгі ұлылығы үшін сендер арқылы істегелі жатқан істері”.
“Алған тапсырмаңды толық орындайсың ба?”
Басқарушы кеңестің мүшесі әрі бұрын миссионер болып қызмет еткен Джеффри Джексон бір сұрақты қарастырды. Ол мектеп бітірушілерге “Миссионер деп кімді айтамыз?” деген сұрақ қойды. Кейін ол “миссионер” деген арнайы тапсырмамен жіберілген адамды немесе топты білдіретінін латын сөзінен шыққанын түсіндірді. Ехоба куәгері болғандықтан бізге ізгі хабарды уағыздау және адамдарға рухани көмек беру ісі тапсырылды. Біз бұл істе жерге қандай тапсырмамен келгенін әрдайым жадында ұстаған Исаға еліктей аламыз. Ол римдік әмірші Понти Пилатқа: “Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім”,— деген (Жохан 18:37).
Баяндамашы мектеп бітірушілерге Киелі кітаптағы бір оқиғаның үстінен ой жүгіртуге көмектесті. Иерихон қаласын жаулап алмақ болғанда, исраилдік жауынгерлер алты күн бойы ерте тұрып, қаланы бір рет шерумен айналып шығып, қостарына қайтып жүреді. “Адами көзқараспен қарағанда,— деді баяндамашы,— мұндай әрекет ақылға қонымсыз боп көрінді. Иерихоннан сырттай бақылап тұрған сарбаздар: — Құр сандалып, не жүріс мынау,— деп ойлаған шығар”. Алайда жетінші күні исраилдіктер қаланы жеті рет айналып шығып, соңында әскери дабыл қағып, қатты айғайлады. Сонда қаланың қабырғалары құлады! (Ешуа 6:13—15, 20).
Иерихонның оқиғасынан Джексон бауырлас төрт түрлі сабақ алуға болатынымызды көрсетті. 1) Құдайға мойынсұну маңызды. Қандай да бір істі өзімізге дұрыс болып көрінген жолмен емес, Ехоба айтқан жолмен істеуіміз керек. 2) Ехобаға сену мен арқа сүйеу қажет. Иерихон қаласының қабырғасы қарудың емес, сенімнің арқасында құлады (Еврейлерге 11:30). 3) Шыдамды болу керек. Уақыты келгенде, Ехобаның батасы “сені қоршап алады” (Заңды қайталау 28:2 ЖД). 4) Еш берілмеңдер. Қандай тапсырма алғандарыңды ешқашан ұмытпаңдар. Джексон бауырлас баяндамасының соңында: “Осы жайттарды ылғи есте ұстайтын болсаңдар, тапсырмаларыңды толық орындап, Ехобаға мадақ пен даңқ әкелесіңдер”,— деді.
Бағдарламаның басқа да көңіл бұрарлық тұстары
“Киелі кітапты және оның Авторын жақсы көріңдер”. Осындай тақырыппен баяндама айтқан Құрама Штаттарындағы филиалдың комитет мүшесі Максвелл Ллойд мектеп бітірушілерге: “Киелі кітап сендер үшін тірі кітап болсын”,— деді. Содан соң оларға мынадай кеңестер берді. Үйретіп жатқандарыңды бәрі бірдей түсінеді деп күтпеңдер. Адам Киелі кітап шындықтарын жақсы түсіну үшін, қарапайым етіп үйретіңдер. Кішіпейіл болыңдар. Басқалардың алдында білімдеріңмен мақтанбаңдар. Тәлім бергенде, көрнекі мысалдар қолданыңдар. Зерттеп жүрген адамдар Киелі кітапты сүйіп оқитындарыңды көре алсын.
“Қарғаларға назар салыңдар”. Бұл тақырыпты мектептің оқытушысы және бұрын миссионер болған Майкл Бернетт ашып түсіндірді. Ол бәріміздің де кейде қатты уайымға берілетінімізді айта келе, Исаның келесі кеңесіне көңіл аударды. Иса: “Қарғаларға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да... бірақ Құдай оларды асырайды”,— деген болатын (Лұқа 12:24). Мұса Заңы бойынша, қарғалар таза емес және жеуге жарамсыз құстардың бірі болған. Одан адамдар жеркену керек еді (Леуіліктер 11:13, 15). Соған қарамастан Құдай бұл құстарды өзі асырайтын. “Қандай да бір қиыншылыққа кезіккенде,— деді Бернетт бауырлас, — қарғаларды еске алыңдар. Құдай таза емес, жеркенішті құстың қамын ойласа, таза деп қарастыратын сендердің қамдарыңды одан бетер ойлайтыны шүбәсіз”.
“Саған әділетсіздік жасаған жоқпын”. Ғалақад мектебінің тағы бір оқытушысы Марк Нумар тыңдаушыларға жүзімдікте жұмыс істеген кісілер жайлы Исаның астарлы әңгімесін түсіндірді. Әңгімедегі жұмысшылардың кейбіреулері күні бойы ауыр еңбек етті, ал басқалары бір-ақ сағат жұмыс істеді. Бірақ олардың бәрі бірдей еңбек ақы алды. Көбірек жұмыс істеген кісілер бұған наразы болып, күңкілдей бастайды. Сонда жүзімдіктің иесі: “Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?! Ендеше ақыңды ал да кете бер”,— дейді (Матай 20:13, 14). Бұдан қандай сабақ алуға болады? Ешқашан өздеріңді басқалармен салыстырмаңдар. “Салыстырудан туындайтын жағымсыз ой қуаныштан айырады,— деді Нумар бауырлас. — Ал ең сорақысы, мәртебелі қызметіңді бағалаудан қалып, ақыр соңында тағайындалған қызметіңді тастап кету қаупі туындайды”. Кейін баяндамашы мектеп бітірушілердің есіне Исаның бейнелі мағынадағы егін ору ісін басқарып жатқанын және ізбасарларын қалауынша қолдана алатынын түсіндірді. Егер Ехоба мен Иса басқаларға қосымша іс тапсыруды шешіп жатса, бұл сендерге жасалған әділетсіздік емес. Өздеріңе берілгенді бағалаңдар және ешқашан басқалар алған “еңбек ақы” үшін Ехобаның ісін тастап кетіп жүрмеңдер!
Болған оқиғалар және бауырластармен сұхбат
Сабақ пен үй тапсырмасынан бос кездері Ғалақад оқушылары Ехоба куәгерлерінің жергілікті қауымдарымен уағызға шығып жүрді. Ғалақад мектебінің оқытушысы Сэм Роберсон мектеп бітірушілердің бірнешеуінен болған оқиғаларға қатысты сұхбат алды. Мысалы, Алессандра Кирклэр есімді бауырлас баласының темекі шегетініне қатты уайымдап жүрген бір әйелмен сөйлескенін айтып берді. Келесі жолы Алессандра сол әйелге темекі шегуге қатысты мақаласы бар “Ояныңдар!” журналын алып келеді. Үйінде ешкім болмағандықтан, ол журналды қалдырып кете салады. Қайта-қайта келіп, Алессандра әйелге әйтеуір бір күні жолығады. Сонда ол бауырласты ішке шақырып, мақала үшін ризашылық білдіреді де, оған: “Құдай сынақтар арқылы мені не нәрсеге үйреткісі келеді екен деп жиі ойланатынмын”,— дейді. Бауырласымыз әйелге басымызға түскен қиындықтар Құдайдан емес екенін Киелі кітаптың көмегімен түсіндіреді (Жақып 1:13). Қазір сол әйел де, оның ұлы да Киелі кітапты зерттеп жүр.
Қызмет бөлімінен келген Мелвин Джонс Ғалақад мектебінде оқыған үш бауырластан сұхбат алды: Йон Соммеруд Албанияда, Марк Андерсон Кенияда, ал Джеймс Хиндерер Теократиялық мектептер бөлімінде қызмет етіп жүр. Үшеуі де мына жайтпен келіседі: Ғалақад мектебі оқушыларға — олар кім болса, қайда қызмет етсе де — негізгі шындықтарды ғана емес, оларды қалай қолдануды да үйретеді.
Кейін мектеп бітірушілердің атынан жүрек тебірентетін ризашылық сөздер жазылған хат оқылды. Бағдарламаның соңында Басқарушы кеңестің ең қарт мүшесі тоқсан алты жастағы Джон Барр дұға айтып, Ехобадан Ғалақад мектебінің 128-сыныбына бата сұрады.
[31-беттегі кесте/карта]
СЫНЫП ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ
Оқушылар келген елдердің саны: 8
Оқушылардың жалпы саны: 54
Ерлі-зайыпты жұптар: 27
Орташа жасы: 35,2
Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін жылдарын орташа алғанда: 19,1
Толық уақытты қызметтегі жылдарын орташа алғанда: 13,8
[Карта]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
Оқушылар тағайындалған 25 ел:
МИССИОНЕР РЕТІНДЕ ТАҒАЙЫНДАЛУ
АЛБАНИЯ
АРУБА
БОЛИВИЯ
КАМБОДЖА
КОТ-Д’ИВУАР
ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ
ЭКВАДОР
ГАНА
ГВАТЕМАЛА
ГВИНЕЯ
ГАЙАНА
ГОНДУРАС
ИНДОНЕЗИЯ
КОСОВО
ЛАТВИЯ
ЛИБЕРИЯ
МАДАГАСКАР
МОҢҒОЛИЯ
НАМИБИЯ
НИКАРАГУА
ПАРАГВАЙ
РУМЫНИЯ
РУАНДА
СЕРБИЯ
ТАЙВАНЬ
(АВСТРАЛИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ ҚАРАМАҒЫНА ТАҒАЙЫНДАЛУ)
[30-беттегі сурет]
Ғалақад мектебінің оқушылары уағызда болған оқиғаны көрсетуде
[31-беттегі сурет]
Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің 128-сыныбын бітірушілер
Қатарлар төменнен жоғары қарай нөмірленген, ал адамдардың аты-жөндері солдан оңға қарай берілген.
1) Е. Келэр; И. Остопович; С. Джейкэбсэн; М. Ариас; И. Дикман; Дж. Танака; К. Харада.
2) Л. Камачо; А. Кирклэр; С. Родригес; Б. Уорд; К. Треналоун; В. Виктория; Ф. Оксли; К. Ньюэн.
3) О. Оксли; А. Де Диос; Ш. Линдстром; Дж. Алэн; Т. Мидс; Дж. Уадингтон; Е. Виктория.
4) Х. Харада; А. Линдстром; Е. Орсини; Д. Лоуг; Т. Мисуд; С. Бержгеро; Г. Камачо; Т. Уорд.
5) В. Кирклэр; У. Ньюан; И. Кремэр; С. Буерго; Н. Титмас; К. Де Диос; А. Родригес; М. Уадингтон.
6) Дж. Дикман; К. Алэн; Р. Титмас; Ж. Ариас; Е. Бержгеро; Дж. Келэр; Ф. Остопович; Ф. Буерго.
7) К. Танака; Дж. Кремэр; Р. Джейкэбсэн; Дж. Треналоун; Ж. Лоуг; Д. Мидс; Д. Мисуд; А. Орсини.