Құдайға жақында
Шын өкініп, кешірім іздеген жүрек
БӘРІМІЗ де көп күнә жасаймыз. Жасаған күнәмызға қанша өкінсек те, “Құдай кешірім сұрап айтқан дұғамды ести ме?”, “Ол мені кешірер ме екен?” деген сұрақтар бізді мазалауы мүмкін. Киелі кітап жанымызға жай беретін мынадай шындықты ашады: Ехоба Құдай күнәларымызға көз жұмбаса да, шын жүректен өкінген адамды кешіруге дайын. Мұны ежелгі Исраилдің патшасы Дәуітпен болған жағдай растайды. Бұл оқиға Патшалықтар туралы 2-жазбаның 12-тарауында баяндалады.
Мына жағдайды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Дәуіт патша Барсабия есімді әйелмен азғындық жасап, ауыр күнәға батты. Өзінің күнәсін жасыру амалы жүзеге аспағанда, ол Барсабияның күйеуін өлтіртуді шешеді. Кейін күнәсі туралы ешкімге тіс жармай, айлар бойы түк болмағандай жүре берді. Алайда бұл жайт Құдайдың көзінен таса қалмады. Ол Дәуіт патшаның күнәсін көрді. Сонымен қатар оның өкінуге сыңай танытпағанын да байқады (Нақыл сөздер 17:3). Сонда Ехоба Құдай не істеді?
Ехоба Құдай Дәуіт патшаға Натан пайғамбарды жібереді (1-тармақ). Киелі рухтың басшылығымен Натан пайғамбар дұрыс сөздер таңдау керектігін ескеріп, патшамен ілтипаттылық таныта отырып сөйлеседі. Сонымен, ол Дәуіт патшаға өзін-өзі алдап жүргенін және ауыр күнә жасағанын қалай түсіндірді екен?
Дәуіт патша ақтала алмас үшін, оның бұрын қойшы болғанын білген Натан пайғамбар жүрегіне әсер ететіндей бір оқиға айтып береді. Ол оқиға екі адам туралы еді, олардың бірі бай, екіншісі кедей болатын. Бай кісінің “малы көп” еді, ал кедейдің бір ғана кішкентай қозысы бар-тын. Бай кісі қонақ шақырып, ет асады. Алайда өз отарынан қой алудың орнына, кедейдің жалғыз қозысын тартып алады. Дәуіт патша бұл оқиғаны болған жағдай деп ойлап қалса керек. Ашуға мінген ол: “Мұны істеген адам өлімге лайық!”— дейді. Дәуіт патша мұның себебін бай кісі кедейге мейірімсіз болды деп түсіндірдіa (2—6 тармақтар).
Натан пайғамбар бұл әңгімесімен көздеген мақсатына жетті. Дәуіт патша бай кісіге қатысты айтқан сөздерімен өз-өзіне үкім шығарды. Натан пайғамбар оған: “Сол адам өзіңсің!”— деп кесіп айтты (7-тармақ). Ол Құдайдың атынан сөйлегендіктен, Дәуіт патшаның іс-әрекетін Құдай өзіне қарсы жасалған деп қабылдағаны анық. Құдайдың заңдарын бұзуымен Дәуіт патша Заң берушінің өзін сыйламағанын көрсетті. “Мені елемей, сөзімді жерге тастадың”,— деді Құдай (10-тармақ). Жүрегіне тікендей қадалған бұл сөздерден кейін Дәуіт: “Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым”,— деп күнәсін мойындады. Натан пайғамбар Дәуіт патшаның күнәсі кешірілгенін, бірақ ол істеген ісінің ауыр салдарын көретінін айтты (13, 14-тармақтар).
Күнәсі әшкереленгеннен кейін Дәуіт патша Киелі кітабымыздағы 50-ші Забур 50 жырын жазды. Бұл жырда Дәуіт патша жүрегіндегісін жайып салып, күнәсіна қатты өкінгендігін паш етті. Жасаған күнәларымен Дәуіт патша Ехоба Құдайдың заңдарын елемей кетті. Бірақ күнәсіна өкінген ол Ехоба Құдайдың қаншалықты кешірімшіл екеніне көзі жеткені сонша, ол: “Шын өкініп, бағынған жүрекке Сен теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием”,— деп жазды (Забур 50:19). Осы сөздер Ехоба Құдайдан рақым іздеп, шын жүректен өкінген адамға жігер берерлік ең күшті сөздердің бірі деуге болады.
[Сілтеме]
a Ертеде қонаққа қозы сою қонақжайлылықтың белгісі еді. Алайда қозыны ұрлап алса, жаза ретінде ұры оның иесіне төрт еселеп қайтаратын (Мысырдан шығу 22:1). Дәуіттің ойынша, әлгі бай кісінің қозыны тартып алғаны қатыгездік еді. Бәлкім, қозы болашақта кедейді сүтпен және жүнмен қамтамасыз етіп, одан бір қора қой тарауы да мүмкін еді.