Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w10 15.5. 3—6 бет.
  • Алғашқы мәсіхшілер және Рим құдайлары

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Алғашқы мәсіхшілер және Рим құдайлары
  • 2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Империяның аумағындағы діндер
  • Римдіктердің діні
  • Императорға құлшылық ету
2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w10 15.5. 3—6 бет.

Алғашқы мәсіхшілер және Рим құдайлары

БІТҮНИЯ әміршісі Кіші Плиний Рим императоры Траянға жазған хатында былай деді: “Мәсіхшілікті ұстанатын адамдарға мынадай шара қолданамын: олардан мәсіхші ме, жоқ па, соны сұраймын. Егер мәсіхші екенін айтса, жазамен қорқытып, екінші және үшінші рет сұраймын. Сонда да мәсіхшіліктен бас тартпаса, оларды өлім жазасына кесемін”. Ал одан бас тартып, Мәсіхті қорлаған және императордың мүсіні мен өзі сот бөлмесіне алып келген пұттарға табынғандар жайлы Плиний былай деп жазды: “Мен оларды босатуды ұйғардым”.

Ертедегі мәсіхшілер императорға және әртүрлі құдайлардың мүсініне табынудан бас тартқандары үшін қудаланды. Рим империясының аумағындағы өзге діндер туралы не деуге болады? Олар қандай құдайларға табынды және римдіктер бұған қалай қарады? Рим құдайларына құрбандық шалмағандары үшін мәсіхшілер неліктен қудаланды? Бұл сұрақтардың жауабы қазіргі уақытта Ехобаға шексіз берілгендігіміз сыналатын жағдайларға кезіккенде қалай әрекет етуіміз керектігін білуге көмектеседі.

Империяның аумағындағы діндер

Рим империясының қол астындағы халықтар әр тілде сөйлеп, әртүрлі мәдениетті ұстанған және сан алуан құдайларға табынатын. Римдіктер үшін иудаизм діні оғаш көрінген болса керек. Дегенмен олар оған қарсы болмаған, қайта қорғаған. Иерусалимдегі ғибадатханада күніне екі мәрте император және Рим халқы үшін екі қошқар мен бір өгіз құрбандыққа шалынатын. Римдіктерді бұл құрбандықтардың қай құдайға немесе қанша құдайға шалынып жатқаны еш қызықтырмайтын. Олар үшін маңыздысы яһудилердің Римге адал болғандары еді.

Рим аумағында пұтқа табынушылықтың әр түрін кездестіруге болатын. Онда грек мифологиясы мен бақсы-балгерлік кең тараған еді. Шығыстың сиқыршылыққа негізделген діндері өлместікке жетуге және құдайлармен тікелей байланысуға болады деп үйрететін. Ал біздің заманымыздың басында Мысырдың құдайлары Серапис пен Исида, Сирияның балық құдайы Атаргатис және парсылардың күн құдайы Митраға табыну кең етек жайды.

Елшілердің істері кітабынан анық көрінетіндей, алғашқы мәсіхшілер пұтқа табынушылық пен сиқыршылық кең етек алған ортада өмір сүрген. Мысалы, Кипр аралының римдік әміршісі яһудилік сиқыршымен дос болды (Ел. іс. 13:6, 7). Лүстра қаласының тұрғындары Пауыл мен Барнабаны адам кейпіне енген грек құдайлары Гермес пен Зевс деп ойлап қалды (Ел. іс. 14:11—13). Філіпіде болған кезінде Пауыл сәуегейлік жасайтын бір малай қызға кезікті (Ел. іс. 16:16—18). Ал Афиныда болған кезінде елші сол жердің адамдары “құдайлардан өзгелерге қарағанда көбірек қорқатынын” (ЖД) байқады. Ол қалада Пауыл “Бейтаныс құдайға” деген жазуы бар құрбандық шалатын орынды да көрді (Ел. іс. 17:22, 23). Ефес қаласының тұрғындары болса, әйел тәңір Артемидаға сиынды (Ел. іс. 19:1, 23, 24, 34). Мальта аралында болған кезінде жылан шағып алса да, еш зиян шекпеген Пауылды ол жердің тұрғындары құдай деп атады (Ел. іс. 28:3—6). Осындай ортада өмір сүрген мәсіхшілер шынайы ғибадатты арамдайтын нәрселерге берілмес үшін сақ болулары керек еді.

Римдіктердің діні

Римдіктер өздері жаулап алған халықтардың құдайларына да теріс қарамады, өйткені оларды басқа кейіптегі өз құдайларымыз деп қабылдады. Сөйтіп олардың құлшылық ету жолына тыйым салмай, оны өздері де ұстанатын болды. Осылайша қол астындағы бағынышты халық көбейген сайын, римдіктер ұстанатын діни рәсімдердің саны да өсе берді. Олардың дінінде бір құдайға адалдық таныту талап етілмейтін. Адамдар бір уақытта бірнеше құдайға құлшылық ете беретін.

Римдіктердің басты құдайы Юпитер еді. Ол Оптимус Максимус, яғни ең жақсы да ең ұлы деп аталатын және жел, жауын, найзағайдың құдайы саналатын. Юпитердің қарындасы әрі жұбайы Юнона әйелдердің өмірінің барлық саласын қадағалайтын ай құдайы болып есептелетін. Ал қызы Минерва болса, қол өнері, кәсіп, бейнелеу өнері және соғыс құдайы саналатын.

Римдіктер олардан басқа да сан алуан құдайларға табынатын. Ларалар мен Пенаттар үй құдайлары болатын. Веста отбасына бақыт әкелетін әйел тәңір еді. Екі бетті Янус барлық бастаманың құдайы саналатын. Сондай-ақ әр кәсіптің де құдайы болатын. Римдіктер тіпті абстрактілі нәрселердің де құдайлары бар деп ойлаған. Мысалы, Пакс бейбітшіліктің, Салус денсаулықтың, Пудисития қарапайымдылық пен пәктіктің, Фидес шыншылдықтың, Виртус батылдықтың, Волюптас ләззаттың құдайы болатын. Рим қоғамы мен жеке адамдардың өмірі құдайлардың еркіне тәуелді деп есептелетін. Сондықтан қандай да бір істің нәтижелі болуы үшін дұға ету, құрбандық шалу және діни мереке өткізу арқылы өмірдің сол саласына қарайтын құдайды риза қылу керек-тін.

Римдіктер құдайлардың еркін белгілерге қарап білуге болады деп ойлайтын. Көбінесе олар құрбандыққа шалынған малдың ішкі мүшелеріне қарайтын. Өйткені малдың ішкі құрылысының күйі мен түрінен құдайлардың іске оң батасын беретін-бермейтінін білуге болады деп ойлайтын.

Біздің заманымыздан бұрынғы II ғасырдың соңында римдіктер гректердің құдайлары өздерінің басты құдайларының баламасы деп қарастыра бастады. Мысалы Зевс Юпитердің, Гера Юнонаның баламасы саналатын. Сондай-ақ римдіктер грек құдайлары туралы мифтерді де қабылдаған. Бұл — адамдарға тән кемшіліктері мен шектеулері бар құдайлар туралы аңыз әңгімелер еді. Мысалы, Зевс пенделермен және құдайлармен жыныстық қатынаста болатын және тіпті балаларды да зорлайтын құдай ретінде суреттелетін. Сол уақыттағы театрларда құдайлардың ұятсыз қылықтарын қызыға тамашалайтын адамдар олардың әрекеттерін қайталайтын.

Бұл аңыздарды көзі ашық адамдардың азғанасы ғана тура мағынада қабылдаған сияқты. Өзгелері болса оларды ойдан шығарылған әңгіме деп есептеген. Понти Пилаттың “шындық деген не?” деп сұрауына осындай жайттар себеп болған сияқты (Жох. 18:38). Бұл абсолютті шындық жоқ деп есептейтін сол кездегі оқымысты адамдардың көзқарасын білдіретін сұрақ еді.

Императорға құлшылық ету

Императорға табыну Август патша билік еткен кезде (б. з. б. 27—б. з. 14 ж.) бастау алды. Рим империясының шығысында орналасқан грек тілді провинциялардың тұрғындары ұзақ уақытқа созылған соғыстан кейін бейбітшілік орнатып, елді гүлдендірген Август патшаға өте риза болды. Олар көзге көрінетін әлдекімнің үнемі тыныштықтарын қорғауын аңсады. Сондай-ақ діни алауыздықты тыйып, адамдардың бойында елжандылық сезімін оятатын және бүкіл әлемді біріктіретін “құтқарушысы” бар жүйенің болғанын қалады. Нәтижесінде император олар үшін құдайдың орнын басты.

Август патша қоластынадағылардың Рим империясын әйел тәңір Деа Рома ретінде қарастырып, соған табынуларын талап етті. Август көзі тірі кезінде өзін құдай деп атауға жол бермегенімен, қайтыс болған соң, оның өзін де адамдар құдай деп жариялады. Осылайша шығыс провинцияларының тұрғындары империяның патриоты болып, мемлекет пен патшаларға құлшылық ете бастады. Содан басқа да провинцияларға таралған императорға табыну үрдісі Рим империясына құлшылық етудің және адалдық танытудың жолы болып қалыптасты.

Біздің заманымыздың 81—96 жылдары билік еткен Домициан өзін құдай ретінде қастерлеуді талап еткен императорлардың алғашқысы еді. Оның заманында римдіктер мәсіхшілерді яһудилерден бөлек топ ретінде қарастырып, діни нанымдарын өздеріне жат санағандықтан қудалай бастады. Елші Жохан осы Домицианның тұсында ‘Иса Мәсіхтің шынайы хабарын уағыздағаны үшін’ Патмос аралына жер аударылғанға ұқсайды (Аян 1:9).

Елші Жохан өзінің Аян кітабын тұтқында отырған кезінде жазған. Бұл кітапта ол императорға құлшылық ету белең алған Перғама қаласында өлтірілген мәсіхші Антипа туралы айтқан (Аян 2:12, 13). Сол жылдары империя үкіметі мәсіхшілерден мемлекеттік діннің рәсімдерін орындауды талап ете бастаса керек. Қандай болған күнде де, мақаланың басында үзінді келтірілген Траянға арналған хаттан көрінетіндей, б. з. 112 жылы Плиний Бітүниядағы мәсіхшілерден осындай рәсімдерді орындауды талап еткен.

Траян туындаған мәселелерді дұрыс шешкені үшін Плинийді мақтап, Рим құдайларына табынудан бас тартқан мәсіхшілер өлтірілсін деген басшылық берді. “Алайда, адам мәсіхшіліктнен бас тартса және мұнысын біздің құдайларға жалбарыну арқылы дәлелдесе, өкінгені үшін (біржолата) кешірілсін”,— деді Траян.

Римдіктер үшін қандай да бір діннің шексіз берілгендікті талап етуі түсініксіз жайт болатын. Рим құдайлары ондайды талап етпесе, неге мәсіхшілердің Құдайы талап етуі керек? Римдіктер мемлекеттің құдайларына табынуды саяси жүйені қолдаудың жолы деп түсінетін. Ал оларға құлшылық етпеу отанды сатумен тең еді. Плиний көз жеткізгендей, мәсіхшілердің басым көпшілігін пұттарға табынуға мәжбүрлеу мүмкін емес болатын. Алғашқы мәсіхшілер үшін бұлай ету Ехобаға адалдық танытпаумен бірдей еді. Сондықтан олардың көбісі императорға құлшылық еткеннен гөрі өлгенді артық көрді.

Бұл жайттар неге бізді қызықтыруы керек? Кей елдердің азаматтарынан ұлттық рәміздерді қастерлеу талап етіледі. Әрине, біз мәсіхшілер ретінде мемлекеттік билікті сыйлаймыз (Рим. 13:1). Алайда мемлекеттік рәміздерге қатысты шараларға келгенде Ехоба Құдайға шексіз берілгендік танытқымыз келеді. Сондай-ақ оның сөзіндегі “жалған тәңірлерге құлшылық етуден аулақ жүріңдер!” және “өздеріңді пұттардан сақтаңдар” деген кеңестерді ұстанамыз (Қор. 1-х. 10:14; Жох. 1-х. 5:21 Тт; Нғм. 1:2). Иса: “Құдай Иеңе ғибадат етіп, жалғыз Оған ғана қызмет ет!” деп жазылған ғой!”— деген (Лұқа 4:8). Сол себепті өзіміз ғибадат ететін Құдайға адалдығымызды сақтағаймыз!

[5-беттегі сөздер]

Шынайы мәсіхшілер Ехобаға шексіз берілгендік танытады

[3-беттегі суреттер]

Алғашқы мәсіхшілер императорға және құдайлардың бейнесіне табынудан бас тартқан

Император Домициан

Зевс

[Түпдеректер]

Emperor Domitian: Todd Bolen/Bible Places.com; Zeus: Photograph by Todd Bolen/Bible Places.com, taken at Archaeological Museum of Istanbul

[4-беттегі сурет]

Ефестегі мәсіхшілер жергілікті әйгілі әйел құдай Артемидаға құлшылық етуден бас тартты (Ел. іс. 19:23—41).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу