Ехоба сенің аман-есен болғаныңды қалайды
ТАРИХТАҒЫ ең үлкен апат кезінде Құдіреті шексіз Құдай өзінің ықыласына ие болған адамдардың “аман” қалуына қам жасайды (Жоел 2:32). Шындығына келгенде, Ехоба әрқашан да адамзаттың қауіп-қатерден аман болғанын қалаған. “Өмірдің қайнары” өзі болғандықтан, ол үшін әр адамның өмірі қымбат (Заб. 35:10).
Құдайдың ертедегі қызметшілері де өмірге құрметпен қараған. Жаратылыс 33:18-де Жақып пен отбасының қауіпті сапарды “аман-есен” аяқтағаны айтылған. Жақып Ехобаға арқа сүйеумен қатар, өзімен бірге болған адамдардың қауіпсіздігі үшін нақты шаралар қолданған (Жар. 32:7, 8; 33:14, 15). Киелі кітап принциптерін ұстанатын болсақ, айналамыздағылар да, өзіміз де қауіпсіз боламыз. Табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын бергенде, Патшалық сарайлар құрылысы мен басқа да құрылыс жұмыстарының кезінде сол принциптерді ұстанғанымыз маңызды.
Мұса заңындағы қауіпсіздікке қатысты нұсқаулар
Таурат заңы бойынша Құдай халқынан қауіпсіздік шараларын ұстану талап етілген. Мысалы, исраилдіктер үй соққан кезде, үйдің төбесіне айналдыра қоршау жасау керек-тін. Өйткені олар жиі үйдің төбесінде жиналғандықтан, абайсызда құлап кетулері мүмкін еді (Пат. 1-ж. 9:26; Мат. 24:17). Үй иесі қауіпсіздік шараларын ұстанбағанының кесірінен біреу зардап шегетін болса, ол Ехобаның алдында жауапты болатын (Заң. қ. 22:8).
Заңда үй жануарлары біреуге зиян келтірген кезде не істеу керектігі де жазылған. Егер өгіз біреуді сүзіп өлтірсе, мұндай жағдай қайталанбас үшін оның көзін құрту керек болған. Оның етін жеуге де, сатуға да тыйым салынғандықтан, иесі оны өлтірсе көп шығынға ұшырайтын. Ал егер иесі сүзеген екені белгілі өгізін қамап ұстамаса ше? Сол өгіз ертеңгі күні біреуді сүзіп өлтіріп қойса, өгіз де, иесі де өлім жазасына кесілетін болған. Бұл жайт үй жануарларына қатысты осы заңға атүсті қарайтын адамдарды ойландыру керек еді (Мыс. ш. 21:28, 29).
Сондай-ақ Мұса заңы адамдарды құрал-саймандарын қалай қолданатынына мұқият болуға талпындыратын. Мысалы, исраилдіктер отын жинағанда балтаны қолданған. Отын жарып жатқанда балтаның басы шығып кетіп біреуді жаралап, ол өліп кетсе, бұған кінәлі адам бас сауғалайтын қалаға қашу керек-тін. Ол бас діни қызметкер өлгенше сол жерде қалуға тиіс еді. Яғни көп жыл бойы отбасы мен туған жерінен алыста өмір сүруге мәжбүр болған. Бұл шаралар Ехобаның өмірді қасиетті санайтынын көрсеткен. Ал өмірге Ехоба сияқты қараған адам өзіне және өзгелерге қауіп төндірмес үшін, құрал-саймандарын күтіп ұстайтын (Ру. сан. 35:25; Заң. қ. 19:4—6).
Жоғарыда келтірілген заңдар Ехоба қызметшілерінің үйде де, түзде де қауіпсіздік шараларын ұстанғанын қалайтынын көрсеткен. Тіпті абайсызда болса да, біреудің өліміне не жаралануына себепкер болған адам Құдайдың алдында жауапты болатын. Ехобаның қауіпсіздікке деген көзқарасы қазір де өзгерген жоқ (Малх. 3:6). Ол адамдардың аман жүріп, өзгелерге де зиян келтірмегенін қалайды. Әсіресе шынайы ғибадатқа арналған ғимараттар соғу кезінде қауіпсіздік шараларын ұстану маңызды.
Құрылыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары
Патшалық сарайларын, Конгресс сарайлары мен Бетел үйлерін соғу мен күтіп ұстау біз үшін үлкен мәртебе. Табиғи апаттан зардап шеккендерге қол ұшын беру мүмкіндігіне де осылай қараймыз. Біз әрқашан кез келген жұмысты, тіпті қарапайым істің өзін, мұқият істегіміз келеді, ал олай етпесек, өзімізге де, өзгелерге де қауіп төнуі мүмкін (Екк. 10:9). Қауіпсіздік шараларын ұстануды әдетке айналдыру арқылы біз қауіп-қатерден аман бола аламыз.
“Жастардың мақтанары — күш қуаты, Қарттардың қадірі — ағарған шашы” (Нақ. с. 20:29). Жастардың күш-қуаты ауыр жұмыстарды атқару үшін қажет. Ал шаштарын ақ шалған қарт бауырластар мұқияттылықты талап ететін әрлеу жұмыстарын шебер атқарады. Тәжірибесі мол бұл бауырластар да жас кездерінде ауыр жұмыстарды атқарған. Егер сен жаңадан жұмысқа араласып жүрген болсаң, олардың қалай жұмыс істейтінін бақылап, нұсқауларына құлақ түр. Егер тәжірибе жинақтағың келсе, олар саған көп нәрсені, мысалы, өмірге қауіпті заттармен жұмыс істеуді және ауыр жүкті дұрыс көтеруді үйретуге дайын. Сонда сен жемісті, қауіпсіз және қуанышпен еңбек етесің.
Құрылыспен айналысатындар әрқашан мұқият болулары керек. Өйткені жағдай тез өзгеріп отырады. Мысалы, жаңа ғана жүріп өткен жеріңе қайтып оралсаң, ол шұңқыр болып жатуы мүмкін. Жұмысшылардың бірі сатыны, көпір болып жатқан ағашты немесе бояуы бар ыдысты жылжытып қоюы ықтимал. Сол себепті мұқият болмасаң зардап шегуің мүмкін. Қауіпсіздік ережелері әр жұмысшының қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жабдықтарының болуын талап етеді. Арнайы көзілдірік, бас киім және аяқ киім көп қатерден сақтайды. Бірақ шынында да қорғаныш болу үшін біз оларды жақсы күйде ұстап, үнемі киіп жүруіміз керек.
Құрал-саймандардың көбісі қарапайым болғанмен, оларды дұрыс қолдануды үйрену керек. Егер қандай да бір құралмен бұрын жұмыс істемеген болсаң, құрылыс бақылаушысына айт. Ол сенің дайындықтан өтуіңе қам жасайды. Бұл орайда мүмкіндіктерің шектеулі екенін мойындау үшін кішіпейілділік қажет. Құрылыс жүріп жатқан жерде өзіңнің және өзгенің зардап шегуін болдырмау үшін бұл өте маңызды (Нақ. с. 11:2).
Көбінесе бауырластар құлап қалып жараланады. Мінбе сатыға немесе жай сатыға шықпас бұрын, олардың берік тұрғанына және жақсы күйде екеніне көз жеткізіп ал. Егер мінбе сатының үстінде не ғимараттың төбесінде жұмыс істеп жатқан болсаң, қауіпсіздік белбеуін тағуың керек. Биік жерлерде жұмыс атқаруға қатысты қандай да бір сұрақтарың болса, бақылаушыдан сұраa.
Дүниежүзі бойынша Ехобаға қызмет ететіндердің саны көбейген сайын Патшалық сарайлар мен өзге де ғибадат ету орындарын соғу қажеттілігі артуда. Құрылыс бақылаушылары өздерінің қол астында жұмыс істеп жатқан Ехобаның бағалы қойларын қорғауға міндетті (Ишая 32:1, 2). Егер сен бауырластарға жетекшілік ету мәртебесіне ие болсаң, олардың қауіпсіздігін ойлауың керек. Біреуді ескерту керек болса, мейіріммен бірақ нақты сөйле. Жас не тәжірибесі аз бауырластардың қауіпті жерде жұмыс істеуіне жол берме. Болуы мүмкін қауіпті жағдайларды алдын ала көре біл де, жұмысшыларды соған дайында. Есіңде болсын, біздің мақсатымыз — құрылыс кезінде бақытсыздыққа жол бермеу.
Сүйіспеншіліктің рөлі
Патшалық сарайлары мен өзге де ғибадат орындарының құрылысы барысында қауіпті жұмыстар да атқарылады. Сол себепті бұл іске атсалысатындар абай болу керек. Киелі кітап принциптері мен құрылысқа қатысты басшылықты ұстанғанымыз және парасаттылық танытқанымыз бізді де өзгелерді де қауіп-қатерден сақтайды.
Бізді қауіпсіздік шараларын сақтауға талпындыратын не? Әрине, сүйіспеншілік! Ехобаға деген сүйіспеншілік өмірді бағалауға талпындырады. Ал адамдарға деген сүйіспеншілік оларға зиян келтіруі мүмкін нәрселерге атүсті қараудан сақтайды (Мат. 22:37—39). Олай болса, құрылыс алаңында еңбектеніп жүрген бауырластардың аман-есен болулары үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық.
[Сілтеме]
a 30-беттегі “Сатыны пайдаланғандағы қауіпсіздік шаралары” деген қоршауды қара.
[30-беттегі қоршау/сурет]
Сатыны пайдаланғандағы қауіпсіздік шаралары
Өткен жылдың ішінде Құрама Штаттарда 160 мыңнан астам жұмысшы сатыдан құлап жараланған және 150 адам қаза тапқан. Қай елде тұрмасаң да және қай жерде жұмыс істемесең де төмендегі нұсқаулар сатыны дұрыс қолдануға көмектеседі.
◇ Сынық сатыны пайдаланба және жөндеуге тырыспа. Ондай сатылар жойылу керек.
◇ Әр сатының көтеретін салмағы болады. Сондықтан пайдаланғың келетін сатының өзіңді және құрал-саймандарыңды көтеретініне көз жеткізіп ал.
◇ Сатыны жазық әрі қатты жерге орналастыр. Оны мінбесаты не басқа да қозғалмалы нәрселердің үстіне орнатпа.
◇ Көтерілгенде де, түскенде де саты алдыңғы жағыңда болу керек.
◇ Саты қандай болмасын, оның үстіңгі екі баспалдағына отырушы не тұрушы болма.
◇ Үйдің не басқа бір нәрсенің төбесіне шығып-түсетін болсаң, саты ол нәрседен, кем дегенде, бір метр биік болсын. Саты тайып кетпеу үшін астыңғы жағын байлап қою немесе түбіне ағаш қағып қою керек. Егер бұлай ету мүмкін болмаса, біреуге ұстатып қой. Саты жылжып кетпеу үшін бас жағын бір нәрсеге байлап қой.
◇ Сатыны тіреуіш ретінде пайдаланба.
◇ Биікте жұмыс істеп жатып, қолыңды не аяғыңды қатты созатын болсаң, сатымен бірге құлап кетуің мүмкін. Мұндай қауіптің алдын алу үшін сатыны жылжытып отыруға ерінбе.
◇ Егер жабық тұрған есіктің алдында жұмыс істеу керек болса, ескерту жазып, есікке іл және оны кілттеп қой. Есікті кілттеу мүмкін болмаса, оның қасында адамдарды ескертіп тұратын біреу болсын.
◇ Арнайы жасалған болмаса, бір сатыда екі адам тұрып жұмыс істемеңдерb.
[Сілтеме]
b Сатыны пайдалануға қатысты қосымша кеңестерді “Ояныңдар” (ор.) журналының 1999 жылғы 8 тамыздағы санының 22—24 беттерінен таба аласың.
[29-беттегі сурет]
Мұса заңы үйдің төбесіне айналдыра қоршау жасалуын талап еткен