Қиын-қыстау заманда “жүрек пәктігін” сақтаңдар
ИТАЛИЯ Шіркеуінің діни қызметкерлерінің азғындығы төңірегінде туындаған дау-жанжалға қатысты түсініктемеде: “Құлықтылық тазалықтың бүгінде Шіркеу үшін үлкен проблема екенінде дау жоқ”,— деп жазды католик журналисі Витторио Мессори. “Шіркеу қызметкерлеріне неке құруға рұқсат берілгенімен, проблема шешіле қоймайды, себебі жанжалдың 80 пайызы гомосексуалдық қатынастың, яғни еркектер мен балаларды анайы жыныстық қатынасқа азғырудың, себебінен туындап отыр” (“La Stampa”).
Зұлымдықтың белең алғаны осы дүниенің “соңғы дәуірінде” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді (Тім. 2-х. 3:1—5). Жаңалықтардан көріп жүргеніміздей, моральдың құлдырауы жай адамдарға ғана емес, Құдайдың қызметшілеріміз деп жүргендерге де кері әсер етуде. Бұзылған әрі ластанған жүректері оларды небір жексұрын істерге итермелеуде (Ефес. 2:2). Сондықтан Исаның бізді “жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, өтірік, жамандау” сияқты істерден сақтандыруы бекер емес (Мат. 15:19). Ехоба Құдай өз қызметшілерінің “жүрек пәктігін” сүйгенін қалайды (Нақ. с. 22:11). Олай болса, осы қиын-қыстау заманда мәсіхшілер жүректерін қалай таза сақтай алады?
“Жүрек пәктігі” деген нені білдіреді?
Киелі кітапта “жүрек” сөзі жиі бейнелі мағынада қолданылады. Бір сөздікке сай, Киелі кітаптағы бұл термин “адамның түпкі болмысына” және “Құдайдың назары түсетін, онымен қарым-қатынасқа негіз болатын, әрі моральдық нормаларды ұстануда шешуші қызмет атқаратын адамның негізгі болмысына” нұсқайды. Жүрек біздің шынайы жан-дүниемізді бейнелейді. Демек, Ехоба өз қызметшілерінің осындай жүректерін тексереді және бағалайды (Пет. 1-х. 3:4).
Киелі кітапта “пәк” және “таза” деген сөздер тікелей мағынада қолданылады. Сонымен қатар бұл сөз бүлінбеген, дақ түспеген, бұзылмаған моральдық және діни жайттарға да қатысты айтылады. Иса Таудағы уағызында: “Жүректері пәк тазалар бақытты”,— деген. Бұл жерде ол жан-дүниесі таза адамдар жайлы айтқан (Мат. 5:8). Мұндай адамдар не таза болса, соны ұнатады, қалайды және соған қол жеткізуге талпынады. Олар Ехобаны жан-тәнімен, шын жүректен, таза әрі ризашылыққа толы пейілмен сүйеді (Лұқа 10:27). Сенің де осындай мағынада таза болуды қалайтының сөзсіз.
“Жүрек пәктігін” сақтауды не қиындатады?
Ехобаның қызметшілерінің “қолы” ғана емес, “жүрегі” де таза болу керек (Заб. 23:3, 4). Алайда жүректі пәк-таза сақтау күннен-күнге қиындап барады. Шайтан мен оның қол астындағы дүние, әрі кемелсіз тәніміз бізге қатты қысым көрсетіп, Ехобадан аластатуға тырысып бағуда. Бұл қысымға қарсы тұру үшін “жүрек пәктігін” жақсы көру және оны сақтап қалуда белді бекем буу өте маңызды. Ал бұл, өз кезегінде, бізге қорғаныш береді әрі Құдайдың досы болып қалуға көмектеседі. Сонымен, жүрегімізді таза сақтау үшін не істеу керек?
Еврейлерге 3:12-де: “Бауырластар, сақ болыңдар: ешқайсың жүректеріңді қасарыстырып сенбей, мәңгі тірі Құдайдан безіп кетіп жүрмеңдер!”— деген ескерту жазылған. Құдайға деген сенімімізден айырылсақ, “жүрек пәктігін” сақтай алмаймыз. Сенімімізге Шайтан Ібіліс тарататын қандай көзқарастар кері әсер етуі мүмкін? Бұл — эволюция теориясы, моральдық және діни релятивизм, яғни жалпыға ортақ норма жоқ деген идеология, сондай-ақ Киелі кітаптың Құдай рухымен жазылғанын сынға салатын пікірлер. Біз мұндай қауіпті көзқарастардың ықпалына берілмеуіміз керек (Қол. 2:8). Оларға қарсы тұрудың бірден бір жолы — Киелі кітапты күнделікті оқып, терең ой жүгірту. Осыдан келетін білім біздің Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді және ризашылығымызды арттырады. Жаңсақ пікірлерден аулақ жүріп, Ехобаға деген сенімнен айырылғымыз келмесе, көкейімізде сүйіспеншілік пен ризашылықтың болғаны өте маңызды. Сонда жүрегімізді де пәк таза сақтай аламыз (Тім. 1-х. 1:3—5).
Тәндік құмарлықтармен күрес
Жүрек пәктігін сақтауда қиындық тудыратын тағы бір жайт — тәндік құмарлықтар мен дүниеқоңыздық (Жох. 1-х. 2:15, 16). Ақшақұмарлық, баюға ұмтылу не дүние жинау жүректі бұзады. Ал бұзылған жүрек мәсіхшіні Құдай еркіне қарсы әрекеттер жасауға итермелуі мүмкін. Өкінішке қарай, жұмыста арамдық жасауға не алдауға, ақшаға не өзіне тиесілі емес заттарға қол сұғуға дейін барып қалғандар баршылық (Тім. 1-х. 6:9, 10).
Ал егер Ехобаның алдында жағымды қорқыныш дамытсақ, әділдікті сүйсек және ар-ұжданды таза сақтауға белді бекем бусақ, “жүрек пәктігін” сүйетінімізді көрсетеміз. Мұндай сүйіспеншілік бізді “барлық жағдайда да адал жүруге” талпындырады (Евр. 13:18). Адал әрі шыншыл ісімізбен адамдарға жақсы куәлік береміз. Мысалы, Италияның бір компаниясында қоғамдық көліктің жүргізушісі болып жұмыс істейтін Эмилио есімді Ехоба куәгерін алайық. Ол жұмыс кезінде ішінде 470 евросы (680 АҚШ доллары) бар әмиянды тауып алып, басқарушысына берді де, әмиян иесіне қайтарылды. Бауырластың мұндай әрекеті қызметтестерін қатты таңғалдырды, тіпті кейбіреулері Киелі кітапты білгісі келіп, зерттеу сабағын бастады. Нәтижесінде, екі отбасынан жеті адам шындықты қабылдады. Осы оқиғадан пәк-таза жүректен шыққан адал іс басқаларды Құдайды мадақтауға талпындыруы мүмкін екенін көреміз (Тит. 2:10).
Мәсіхшінің пәк-таза жүрегіне кері әсер етуі мүмкін тағы бір жайт — адамдардың жыныстық қатынасқа деген бұзылған, азғын көзқарастары. Көпшіліктің некеге дейін немесе некеден тыс жыныстық қатынасқа баруды және гомосексуализмді қалыпты жағдай деп қарастырғаны мәсіхшіге әсер етіп, жүрегін бұзуы ықтимал. Азғындыққа берілген адам күнәсін жасырып, екі жақты өмір кешуі мүмкін. Әрине, мұндай адамның жүрегін таза дей алмайсың.
Габриель он бес жасында шомылдыру рәсімінен өтіп, бірден ізашарлық қызметті бастайды. Бірақ уақыт өте жаман ортаға түсіп, түнгі клубтарға баруды шығарды (Заб. 25:4). Бұл жүрісі ақырында азғындыққа апарды. Соңында екі жақты өмір сүргені үшін мәсіхшілер қауымынан шығарылды. Ехобаның бұл түзету шарасы оған терең ойлануға түрткі болды. Габриель былай деп есіне алады: “Бұрын атүсті қараған істерге мұқият ден қоя бастадым. Киелі кітапты күнделікті оқып, Ехобаның ойын жақсы түсінуге тырыстым және ұйымның әдебиеттерін тыңғылықты зерттедім. Нәтижесінде, жеке зерттеудің сонша пайдалы әрі қанағат беретініне, сондай-ақ Киелі кітапты оқу мен ыстық дұғаның адам бойына зор күш дарытатынына көзім жетті”. Осындай қадамдардың арқасында Габриель азғын өмірін өзгертіп, Ехобамен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіре алды.
Қазір Габриель әйелі екеуі ізашар ретінде қызмет етіп жүр. Оның басынан өткен жағдайдан Киелі кітапты және “адал да ақылды құл” табы шығарып жатқан әдебиеттерді зерттеудің жүректі таза сақтауға және азғындықтан арылуға көмектесетінін көреміз (Мат. 24:45; Заб. 142:10).
Сынақ кезінде “жүрек пәктігін” сақтай аламыз
Қарсыластардың тарапынан көрсетілген қысым, күнкөріс қиындықтары мен ауыр сырқат Құдайдың қызметшілерінің ұнжырғасын түсіреді. Кейде жағымсыз ойлар да маза бермей қинауы мүмкін. Дәуіт патшаның өзі осындай сезімді басынан өткізіп: “Көңілім жабырқаңқы, рухым түсті, Қорқыныштан менің үрейім ұшты”,— деген (Заб. 142:4). Мұндай күйді жеңуге не көмектеседі? Дәуіт Құдайдың өз қызметшілеріне қалай қарағаны мен өзін қалай азат еткенін есіне алған. Сондай-ақ Ехобаның өз есімін ақтау үшін істеген ұлы істері жайлы ойланып-толғанған, Құдайдың жасағандарына терең ден қойған (Заб. 142:5). Біз де Жаратушымыз жайлы және оның біз үшін істеген әрі істеп жатқан игіліктері туралы терең ойланатын болсақ, сынақ кезінде еңсемізді көтеріп жүре аламыз.
Егер бізге әділетсіздік жасалса, не жасалды деп ойласақ, жүрегіміз қатуланып кетуі мүмкін. Болған жайт туралы ойлай берсек, бауырласымыз жайлы жағымсыз сезімдеріміз өрши түседі. Өзгелерден оқшауланып, ешкіммен араласпай, тіпті басқаларға көңіл бөлмей қоюымыз мүмкін. Бұлай еткеніміз ‘жүрек пәктігіне’ ие болуды қалайтынымызды көрсетер ме еді? Пәк жүрекке ие болуды қалайтынымыз өзгелермен қарым-қатынасымыздан, әсіресе келіспеушілік туындағанда, өзімізді қалай ұстайтынымыздан көрініп тұрады.
Әбден бүлініп, күннен-күнге құлықтылық нормалары аяқ асты болып бара жатқан мына дүниеде ‘жүрек пәктігіне’ ұмтылған шынайы мәсіхшілер ерекшеленіп тұрады. Өміріміздің жақсы жаққа өзгеріп жатқаны Құдайдың еркін орындаудан келетін жан тыныштығының арқасында. Оның үстіне, ‘жүрегі пәктерді’ сүйетін Жаратушымыз Ехобамен жақын достық қарым-қатынасқа ие болудың рақатын көрудеміз (Заб. 72:1). Біз бақытты адамдардың қатарында боламыз, өйткені ‘жүректері пәк тазалар’, Иса уәде еткендей, ‘Құдайды көретін болады’, яғни Құдайдың бар игілігінің куәсі болады (Мат. 5:8).