Оқырман сауалдары
Езекиел 18:20-да: “Ұлы әкесінің кінәсін арқаламайды”,— делінсе, Мысырдан шығу 20:5-те: “Мені менсінбейтіндерді немерелері мен шөберелеріне дейін жазалаймын”,— деп жазылған. Бұл екі жазба орны бір-біріне қайшы келе ме?
Мұнда ешқандай қайшылық жоқ. Біріншісі жеке адамның жауапкершілігіне баса назар аударса, екіншісі адам қателігінің кесірінен оның ұрпағы жапа шегуі мүмкін екенін көрсетеді.
Езекиелдің 18-тарауында әр адам өз ісі үшін жауапты екеніне көңіл бөлінген. Мысалы, 4-тармақта: “Жан-дүниесі күнәға батса, сол қаза табады”,— деген сөздерді оқимыз. Ал егер адам “әділ болса және әділдік пен ақиқатты ұстанса” ше? Онда ол ‘міндетті түрде аман жүреді’ (Езек. 18:5, 9). Демек, өз ісіне жауап бере алатындай жасқа жеткеннен кейін әр адам “өз жолына орай” сотталады (Езек. 18:30).
Бұл принципті леуілік Қорахтың оқиғасынан көреміз. Исраилдіктер шөл далада келе жатқанда, Қорах жақтастарымен бірге Ехобаның өкілдері Мұса мен Һаронға қарсы бүлік шығарған болатын. Олар өздеріне берілген мәртебелі қызметті қанағат тұтпай, діни қызметкерлердің міндетіне жармасты. Өздеріне берілмеген мәртебені өзімшілдікпен иемденбек болғандары үшін, Ехоба Қорахты да, жақтастарын да өлім жазасына кесті (Ру. сан. 16:8—11, 31—33). Алайда Қорахтың ұлдары бүлікке қосылған жоқ, әрі әкелерінің күнәсі үшін жауапқа тартылмады. Олар Ехобаға адалдық танытқандарының арқасында өз өмірлерін сақтап қалды (Ру. сан. 26:10, 11).
Ал Он өсиеттің бірі болып табылатын Мысырдан шығу 20:5-тегі ескерту жайлы не деуге болады? Оның да мәнмәтініне көңіл бөлейікші. Ехоба Исраил халқымен Заң келісімін жасасты. Оның шарттарын тыңдап болған исраилдіктер бірауыздан дауыстап: “Жаратқан Иенің айтқандарының бәрін де орындаймыз!”— деді (Мыс. ш. 19:5—8). Осылайша бүкіл халық Ехобамен ерекше қарым-қатынасқа ие болды. Олай болса, Мысырдан шығу 20:5-тегі сөздер негізінен бүкіл халыққа қатысты айтылды.
Исраилдіктер Ехобаның алдында адал болып жүрген кезде, тыныштық пен мол батаға кенелетін (Леуі. 26:3—8). Ал, керісінше, Ехобадан бас тартып, жалған тәңірлерге табынып кеткенде, оның батасынан да, қорғанышынан да айырылатын. Мұның салдарынан бүкіл халық қайғы-қасірет шегетін (Би. 2:11—18). Әрине, пұтқа табынған халыққа ермей, Құдайдың алдында мінсіздігін сақтап, Ехобаның өсиеттерін ұстанған адамдар да болған (Пат. 3-ж. 19:14, 18). Халықтың күнәсі адал жандарға кесірін тигізгенімен, Ехоба оларға мейірімін төгіп отырған.
Исраилдіктер Ехобаның заңдарын бұзып, жексұрын істерге берілгені сонша — басқа халықтар да Құдайдың есімін қорлай бастады. Сонда Құдай өз халқын бабылдықтардың қолына беріп жазалады. Осы жағдайда жеке тұлғалар да, бүкіл халық та жазаға тартылды (Ерм. 52:3—11, 27). Исраилдіктердің күнәлары тым ауыр болғандықтан, оның салдарын үшінші, төртінші, бәлкім одан бергі, ұрпағы да көрді. Осылайша Мысырдан шығу 20:5-тегі сөздер орындалды.
Құдай Сөзінде отағасының жасаған қателігінен бүкіл отбасы жапа шеккен жағдайлар да жазылған. Мысалы, бас діни қызметкер Ели азғындыққа бой алдырған “сұмырай” ұлдарын діни қызметтен аластатпай, Ехобаны ашуландырды (Пат. 1-ж. 2:12—16, 22—25). Ол Құдайдан гөрі ұлдарын артық көрді. Сондықтан оның үрім-бұтағы бас діни қызметкер болу мәртебесінен айырылды. Ехобаның бұл шешімі Елидің шөпшегі Абиятар діни қызметінен аластатылған кезде іске асты (Пат. 1-ж. 2:29—36; Пат. 3-ж. 2:27). Мысырдан шығу 20:5-тегі принцип Гехезаймен болған жағдайда да көрінді. Гехезай Елішәнің көмекшісі болған. Ол дәрежесін пайдаланып, алапесінен сауыққан сириялық әскербасы Нағыманнан дүние-мүлік сұрайды. Осы әрекеті үшін Ехоба Елішә арқылы Гехезайға: “Нағыманның алапесі саған және мәңгілікке сенің ұрпағыңа көшсін”,— деп үкімін жариялады (Пат. 4-ж. 5:20—27). Сөйтіп, Гехезайдың қателігі бүкіл ұрпағына кесірін тигізді.
Ехоба Жаратушы әрі Өмір беруші болғандықтан, қандай да бір жазаны әділ әрі орынды деп шешуге барлық құқы бар. Жоғарыда келтірілген мысалдардан көретініміздей, кейде балалары ата-анасының немесе ұрпағы ата-бабасының жіберген қателіктерінің салдарынан қиындық көріп жатады. Алайда Ехоба ‘езілгендердің шағымдарын естиді’ және өзіне бет бұрған адамдарға шапағатын төгіп, қандай да бір шамада жан тыныштығын береді (Әйүп 34:28).
[29-беттегі сурет]
Қорах және оның жақтастары өз істері үшін жауапқа тартылды