Жастарға Жаратушыны есте ұстауға көмектесетін құрал
ДАНА патша Сүлеймен осыдан 3 000 жыл бұрын: “Өз Жаратушыңды жасөспірім кезеңіңнен есіңде ұста”, — деп айтқан (Екк. 12:1). Бүгінде мәсіхші жастарға Жаратушыны есте ұстауға көмектесетін құрал бар. Бұл — “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабының 2-томы. Біз оны 2008 жылы өткен “Бізді Құдай рухы жетелейді” атты облыстық конгресте алған болатынбыз.
Кітаптың алғашқы бетінде Басқарушы кеңестің жастарға арнап жазған хаты келтіріледі. Хатта бауырластар былай дейді: “Осы кітап сендерге күнделікті өмірде кезігіп жатқан қысымшылық пен азғыруларға төтеп беруге және Құдайға ұнамды шешімдер қабылдауға көмектессін деп шын жүректен дұға етеміз”.
Ата-аналар балаларын Иеміздің тәлімі мен нұсқауын беріп, тәрбиелейді (Ефес. 6:4). Алайда жасөспірім шақта да балалардың көбісі өздеріне сенімсіз болып, басшылыққа мұқтаж екендерін сезінеді. Сен де жасөспірімді тәрбиелеп жатсаң, оған жаңа кітаптың толық пайдасын көруге қалай көмектесуіңе болады? Төменде бірнеше кеңестер берілген.
▪ Өзіңнің жеке кітабың болсын және онымен жақсылап танысып шық. Бұл жай ғана оқып шығуды білдірмейді. Кітаптың рухын түсінуге тырыс. Оның мақсаты — жастарға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру ғана емес, байыппен ойлануға үйрету (Евр. 5:14). Сондай-ақ онда дұрыс нәрсені қалай ұстануға болатынына қатысты пайдалы кеңестер берілген. Мысалы, “Жаман ортаның әсеріне қалай берілмеуге болады?” деп аталатын 15-тарау жастарды “жоқ” деп жауап беруге ғана емес, сонымен қатар әр адамға “қалай жауап беру керек екеніне” үйретеді. Әр тарауда Киелі кітаптың принциптеріне сай әрекет етудің жоспары және ақылға қонымды етіп жауап берудің жолдары көрсетіледі (Қол. 4:6).
▪ Кітаптың ой-пікірді ашық білдіруге мүмкіндік беретін тұстарын қолдан. Кітаптың бұл тұстары жастарға арналғанымен, ата-ана да, орынды болса, жеке кітабына өз ойларын жаза аладыa. Мысалы, 16-бетте романтикалық қарым-қатынасты қашан бастауға болатынына қатысты екі сұрақты қарастырғанда, балаңның жасында бұған қалай қарағаныңды есіңе түсір. Бәлкім, бұл сұрақтарға жауап ретінде жастық шағыңдағы пікіріңді жазарсың. Содан соң өзіңнен былай деп сұрауыңа болады: “Жылдар өте романтикалық қарым-қатынасқа қатысты менің көзқарасым өзгерді ме? Содан бері мен нені түсіндім? Баламның санасына мұны қалай құя аламын?”
▪ Жасөспірім ұл-қызыңның жеке өмірі бар екенін ескер. Кітаптың арнайы тұстары балаға ой-ниетін жазбаша түрде білдіруге немесе ойлануға талпындыратындай етіп құрылған. Ата-ананың мақсаты — баланың кітабын ашып көру емес, жан дүниесін көре білу. 3-беттегі “Ата-ананың назарына” деген бөлімде мынадай ой айтылған: “Жасөспірім ұл-қыздарың ой-пікірлерін ашық жазулары үшін кітаптарын рұқсатсыз ашып қарамаңдар. Бәлкім, баланың өзі кейінірек не жазғанын ашық айтып берер”.
Бұл кітап отбасымен бірге Киелі кітапты зерттеуге көмектеседі
“Жастардың сауалдары” кітабының 2-томы отбасылық ғибадат кезінде қолданатын керемет құрал болып табылады. Алайда онда әр абзацқа сұрақ берілмеген. Олай болса, бұл кітапты зерттеу кезінде қалай қолдана аласыңдар? Ата-ана отбасылық зерттеуді балаларға әлдеқайда пайдалы болатын әдіспен өткізе алады.
Мысалы, 132, 133-беттердегі “Қысымшылыққа кезіккенде әрекет етудің жолы” деген қоршауды қарастыра отырып, кейбір ата-аналар балаларымен бірге көріністер ұйымдастыруы мүмкін. Қоршауда бірнеше сұрақтар келтірілген. Бірінші сұрақ ұл-қыздарыңа өздері үшін ең қиын сынақты анықтауға көмектеседі. Екінші сұраққа қарап, қысымшылыққа қай жерде кезігіп қалулары мүмкін екендігін ойлана алады. Сосын, қысымшылыққа беріліп қалса, салдары қандай болатынын немесе оған төтеп берсе, қандай жетістіктерге жететіндері жайлы ой-жүгірте алады. Сондай-ақ сынаққа кезіккенде не айтып, не істеуге болатынының үш жолын талқылауға болады. Ұл-қызыңа өздері қаймықпай әрі сенімділікпен айта алатын жауаптарды ойлап табуға көмектес (Заб. 118:46).
Бұл кітап пікір алысуға көмектеседі
“Жастардың сауалдары” кітабы жасөспірімдерді ата-аналарымен пікір алысып тұруға талпындырады. Мысалы, 63, 64-беттерде “Әкеммен не шешеммен жыныстық қатынас жайлы қалай әңгімелесуіме болады?” және 189-бетте “Ата-анаңмен сөйлес!” деген қоршауларда ата-анасымен әңгімені қалай бастауға болатынына қатысты қажетті кеңестер беріледі. Он үш жасар бір қыз былай деп жазды: “Осы кітаптың арқасында мен әке-шешеме ойымдағыны айта алдым, тіпті не істеп қойғанымды да айтуға қорықпадым”.
Бұл кітап пікір алысуға тағы басқалай көмектеседі. Әрбір тараудың соңында “Сен қалай ойлайсың?” деген қоршау келтірілген. Оны қысқаша шолып қана қоймай, отбасымен бірге талқылауға болады. Сондай-ақ әр тараудың аяқ жағында “Әрекет етудің жоспары” деп аталатын қоршау бар. Жастар бұл қоршауларға оқып-білгендерін іс-жүзінде қалай қолданатындарын жаза алады. Қоршаудағы “Осы мәселеге қатысты әке-шешеме қоятын сұрақтарым” деген соңғы сөйлем жастарды ата-анасынан құнды кеңес алуға талпындырады.
Жүректеріне жеткізіңдер!
Ата-ананың мақсаты — баланың жүрегіне жол табу. “Жастардың сауалдары” кітабы осы мақсатқа қол жеткізуге көмектеседі. Бір әкенің осы кітаптың арқасында өз қызымен жақсы пікір алысқанын қарастырып көрейік.
“Қызым Ребекка екеумізге ұнайтын бірнеше жер бар. Біз сол жаққа жаяу, кейде велосипедпен не көлікпен барып, серуендейміз. Байқауымша, осылай таза ауада жүріп серуендеген кезде қызым ашылып сөйлей бастайды.
Сөйтіп, біз кітаптағы Басқарушы кеңестің хаты және “Ата-ананың назарына” деген нұсқауларды қарастыра бастадық. Мен қызымның, 3-беттегі мәліметте айтылғандай, кітабына өз ойларын еркін жазғанын қаладым. Сондай-ақ оның не жазғанын көру үшін кітабын ашып, қарамауды ұйғардым.
Мен Ребеккаға қарастырғысы келген тарауларын таңдатқызып, өзі қалайтын тәртіппен талқылауды ұсындым. Ол бірінші кезекте “Компьютер ойындарын ойнауға бола ма?” деген тарауды таңдады. Ребекка мұндай таңдау жасайды деп ойламадым. Алайда мұның себебі бар еді: араласатын достары қатыгездікке толы компьютерлік ойындарды ойнайды екен. Бұндай ойындар зорлық-зомбылық пен балағат сөздерге толы болады деп ойламаппын. Осының бәрі 251-беттегі “Әрекет етудің жоспары” деген қоршауды талқылағанда белгілі болды. Сондай-ақ осы қоршаудың көмегімен Ребекка достары ойын ойнауға шақырғанда, оларға қалай жауап беруге болатынын білді.
Осы жағдайда Ребекка кітабына жазған ойларын жасырмай, маған ашық айтып берді. Зерттеу барысында айтар әңгімеміз үзілген жоқ. Біз кітапты кезектесіп оқыдық, сосын, қызым тараудағы суреттерге және қоршаулардағы кеңестерге қатысты түсініктеме беріп, бөліскісі келген ойларын да айтып отырды. Осылай әңгімелесуіміздің арқасында қызыма оның жасында болғанда, өзім өмірге қалай қарағанымды айтып бере алдым. Сосын, ол да менімен өзінің өмірге деген көзқарасымен бөлісті. Содан бері қызым маған бәрін айтқысы кеп тұрады!”
Көп ата-ана осы кітап басылып шығарылғанда, қатты қуанғаны сөзсіз. Басқарушы кеңестегі бауырластар “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабының 2-томы сендердің отбасыларыңа Құдайдың батасын әкеледі деп үміттенеді. Ол бәрімізге, әсіресе қымбатты жастарымызға, киелі рухпен өмір сүруге көмектесе бергей! (Ғал. 5:16).
[Сілтеме]
a Жеке пікірді жазуға талпындыратын кейбір кестелер жасөспірімдерге ғана емес, әртүрлі жастағы адамдарға да арналған. Мысалы, 221-беттегі “Ашуыңды жүгенде” деп аталатын қоршаудың өзіңе де, ұл-қызыңа да көмегі тиеді. Сондай-ақ 132, 133-беттердегі “Қысымшылыққа кезіккенде әрекет етудің жолы”, 163-беттегі “Бір айда жұмсайтын қаражатым” және 314-беттегі “Алдыма қойған мақсаттарым” деген қоршаулардың да көмегі зор.
[30-беттегі қоршау]
Жастарымыздың пікірі
“Бұл кітаптың бір жақсы жері — оны оқығанда, қалам алып, ой жүгіртіп отырасың. Кітапта жеке күнделігіңнің болғаны мақсаттарың жайлы оңашада қалып ойлануға мүмкіндік береді” (Никола).
“Өзгелер, тіпті игі ниетпен айтатындар да, мені жігітпен жүруге итермелейтін. Осы кітаптың бірінші бөлімі адамдар маған не айтпасын, жігітпен кездесуге әлі дайын емес екеніме көзімді жеткізді” (Катрина).
“Шомылдыру рәсімінен өтуді ойланып жүрсің бе?” деген қоршау өзімнің осы шешіміме жауапкершілікпен қарауға талпындырды. Сондай-ақ тереңірек зерттеуге және ұдайы дұға етуге қозғау салды” (Эшли).
“Ата-анам мені бала кезімнен мәсіхшілік жолды ұстануға үйретіп келсе де, “Жастардың сауалдары” кітабының арқасында осы жолмен қалай жүруім керектігін білдім. Сондай-ақ бұл кітап ата-анаммен ашық пікір алысуға көмектесті” (Замира).
[31-беттегі сурет]
Ата-аналар, осы кітаппен жақсылап танысып шыққандарың дұрыс
[32-беттегі сурет]
Балаңның жүрегіне жол табуды мақсат ет