Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w14 15.9. 17—21 бет.
  • Ата-аналар, жақсы “шопан” болыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ата-аналар, жақсы “шопан” болыңдар
  • 2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • БАЛАЛАРЫҢДЫ ЖАҚСЫ БІЛ
  • БАЛАЛАРЫҢДЫ АС-СУДАН АЙЫРМА
  • БАЛАЛАРЫҢА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕР
  • Балаларыңызға Ехобаны сүюді үйретіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Отбасын рухани берік етіңдер
    2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Шаңырақ шаттығы (2-бөлім)
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Ата-аналар, балаларыңды сүйіспеншілікпен тәрбиелеңдер
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2014 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w14 15.9. 17—21 бет.
Ата-анасы “Күзет мұнарасы” журналына көз салып отырған жасөспірім қызына қарап тұр

Ата-аналар, жақсы “шопан” болыңдар

“Отарыңның күйін жақсы біл” (НАҚ. С. 27:23 ЖД).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

  • Қалай ата-аналар қойларын қамқорлаған шопандай бола алады?

  • Ата-аналарға балаларын рухани ас-сусыз қалдырмауға не көмектеседі?

  • Көп жастардың отбасылық ғибадатқа қатысты ойы қандай?

1, 2. а) Шопанның міндетіне не кіреді? ә) Ата-аналар қай жағынан шопанға ұқсайды?

ЕРТЕДЕГІ ИСРАИЛ шопандарының өмірі оңай болмаған. Олар ыстық демей, суық демей түзде жүретін. Отардағы малды жыртқыш аңдар мен ұры-қарылардан қорғайтын, әрбір қойды тексеріп шығып, ауырып я жарақаттанып қалғандары болса, емдейтін. Олар әсіресе буыны қатаймаған нәзік қозыларға ерекше қамқорлық ететін (Жар. 33:13).

2 Мәсіхші ата-аналардың да шопандарға тән қасиеттері болуы керек. Себебі оларға перзенттерін “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіру” жауапкершілігі жүктелген (Ефес. 6:4). Әрине, бұл — оңай шаруа емес. Мына Шайтанның дүниесі балалардың санасына неше түрлі ой салады. Бұған қоса, әрқайсысының бойында кемелсіздіктен туған бейімділіктері бар (Тім. 2-х. 2:22; Жох. 1-х. 2:16). Олай болса, ата-аналар, балаларыңа қалай көмектесе аласыңдар? Мұның үш жолын талқылап көрейік: балаларыңды жақсы біл, ас-судан айырма және бағыт-бағдар бер.

БАЛАЛАРЫҢДЫ ЖАҚСЫ БІЛ

3. Қалай ата-ана балаларын жақсы біле алады?

3 Жақсы шопан қойларының аман-сау екенін білу үшін әрқайсысын мұқият қарап шығады. Қандай да бір мағынада сен де балаларыңды осылайша тексеруіңе болады. Киелі кітапта: “Отарыңның күйін жақсы біл”,— делінген (Нақ. с. 27:23 ЖД). Бұл үшін олардың іс-әрекеттерін, ой-пікірлері мен сезімдерін білу қажет. Мұны қалай істеуге болады? Ең жақсы жолы — балаларыңмен жиі әңгімелесу.

4, 5. а) Қандай кеңестер баланың ата-анасымен ашылып сөйлесуіне көмектеседі? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Балаларың ашылып сөйлесу үшін не істеп жүрсің?

4 Кейбір ата-аналардың байқауынша, жасөспірім шаққа келген балаларды әңгімеге тарту қиын болады екен. Жеткіншектер ойлары мен сезімдерін ашып айтқылары келмеуі мүмкін. Сенің балаларың сондай болса, мұның шешімін қалай табуға болады? Ұлың не қызыңды отырғызып қойып, ұзақ та салиқалы әңгімеге тартуым керек деп ойлама. Қайта, жай кездерде әңгімелесуге тырыс (Заң. қ. 6:6, 7). Бірігіп қандай да бір іспен айналысу үшін де қам жасап көр. Мысалы, бірге серуендеуге, ойын ойнауға немесе үй тірлігімен айналысуға болады. Мұндай кездерде жасөспірімдер өздерін еркін сезінеді, әңгімелесуге де бейім келеді.

5 Балаң сонда да ашыла қоймаса ше? Онда басқа бір амалын табуға тырысып көр. Мысалы, қызыңнан: “Күнің қалай өтті?”— деп сұраудан гөрі, өзіңнің күнің қалай өткенін айтып берсең, ол да өзі жайлы айтқысы келетін шығар. Ал қандай да бір мәселеге қатысты ойын білгің келсе ше? Сұрақты тікелей өзіне қатыстырып қоймай, бұл жайлы құрбысы не ойлайтынын сұрасаң болады. Сосын: “Сен оған қандай кеңес берер едің?”— деп сұрап көр.

6. Бала үшін уақыт табу мен оны тыңдауға ықыласты болу деген нені білдіреді?

6 Балаларың ашылып сөйлессін десең, олар үшін уақыт табатыныңды әрі тыңдауға ықыласты екеніңді көрсет. Ата-анасының оған көңіл бөлуге ешқашан қолы тимейтіндей болып көрінсе, жеткіншек тұйық мінезді болып кетуі мүмкін. Ал оларды тыңдауға ықыласты болу жайлы не деуге болады? Бұл үшін балаға: “Не болса да, кез келген уақытта маған айт”,— деп қана қою жеткіліксіз. Жасөспірім оның айтқандарын маңызсыз санап не, керісінше, түймедейді түйедей етіп жібермейтініңді білу керек. Көптеген ата-ана осы жағынан жақсы үлгі көрсетеді. Он тоғыз жасар Кайла былай дейді: “Мен әкеме бәрін айта аламын. Ол менің сөзімді бөлмейді, айыптамайды да, жай ғана тыңдайды. Ал артынан керемет кеңес береді. Әрқашан солай етеді”.

7. а) Қыз не жігітпен жүру туралы әңгімелескенде, ата-аналар қалай байсалды бола алады? ә) Қалай ата-аналар, өздері аңдамай, баласын ызаландыруы мүмкін?

7 Кейде баламен ашық сөйлесу оңай бола бермейтін тақырыптарды, мысалы қыз не жігітпен жүру туралы, талқылау керек кездер болады. Мұндайда ескерту жасауға тым көп көңіл бөлсек, мәселенің өзіне қатысты балаға дұрыс бағыт беруді ұмыт қалдыруымыз мүмкін. Мысалы, сен дәмханаға бардың делік. Мәзірді алып қарасаң, тамақтан уланып қалмауға қатысты ескертулер ғана жазылыпты. Сол жерден тамақтанар ма едің? Басқа бір дәмхана іздесең керек. Балаң кеңес сұрап келгенде, “мәзірің” тек ескертулерден тұратын болса, ол да солай етуі мүмкін (Қолостықтарға 3:21 оқы). Сондықтан таразының басын тең ұстауға тырыс. Эмили деген жас бауырлас былай дейді: “Жігітпен жүру жөнінде сөйлескенімізде, ата-анам оны бір жаман нәрсе етіп көрсетпейді. Қайта, біреумен жақын танысып, өмірлік жар табудың қуанышы туралы көбірек айтады. Осының арқасында бұл тақырыпқа олармен еркін сөйлесе аламын. Кіммен достасып жүрсем де, бұны олардан жасырғым келмейді”.

8, 9. а) Баланың сөзін бөлмей тыңдаудың қандай пайдасы бар? ә) Балаларыңды шыдаммен тыңдаудың қандай нәтижесін көрдің?

8 Кайланың сөздерінен көрінетіндей, баланы шыдамдылықпен тыңдаған маңызды (Жақып 1:19 оқы). Катя деген жалғызбасты ана былай деп мойындады: “Бұрын қызымды тыңдап отыруға шыдамым жетпейтін. Сөзін бөліп жібере беретінмін. Әдетте мен қатты шаршап тұратынмын не жай ғана мазаламағанын қалайтынмын. Бірақ мен өзгерген едім, қызым да өзгерді. Ол әлдеқайда ашыла түсті”.

Әкесі жасөспірім қызын тыңдап отыр

Сөзін тыңдап, балаңды жақсы біл (3—9 абзацтарды қара)

9 Жасөспірім қызы бар Рональд деген отағасы да осыған ұқсас жағдайда болған. “Қызым мектептегі бір балаға ғашық болып қалғанын айтқанда, бастапқыда мен қатты ашуландым,— дейді отағасы.— Бірақ Ехобаның өз қызметшілеріне шыдамды әрі байсалдылықпен қарайтыны туралы ой жүгірткен соң, қызыма кеңес бермес бұрын, өз сезімдерін жеткізуге мүмкіндік бергенім дұрыс болар деп ойладым. Солай еткеніме сондай қуаныштымын! Өйткені мен алғаш рет қызымның не сезінетінін түсіндім. Ол сөзін аяқтаған соң, мейіріммен сөйлеу маған әлдеқайда жеңіл болды. Бір қызығы, ол менің кеңесімді бірден қабылдады. Қызым шын жүректен көзқарасын өзгерткісі келетінін айтты”. Баламен жиі-жиі әңгімелесіп тұрсаңдар, олардың не ойлап, не сезінетінін түсіну оңай болады. Осының арқасында өмірде жасаған шешімдеріне өз үлестеріңді қоса аласыңдарa.

БАЛАЛАРЫҢДЫ АС-СУДАН АЙЫРМА

10, 11. Балаңның шындық жолынан ауытқып кетпеуіне сен қалай көмектесе аласың?

10 Жақсы шопан кез келген қойдың отардан адасып кетуі мүмкін екенін біледі. Қой отардан шеткерірек жайылып жүріп, бірте-бірте одан мүлдем алыстап кетуі мүмкін. Бала да жаман ортаға не зиянды көңіл көтеру түрлеріне елігіп, бірте-бірте шындық жолынан ауытқи бастауы мүмкін (Нақ. с. 13:20). Қалай бұның алдын алуға болады?

11 Тәлім бергенде, баланың осал тұстарын байқасаң, бірден әрекет ет. Оған бойындағы жақсы қасиеттерді дамыта түсуіне көмектес (Пет. 2-х. 1:5—8). Бұның ең тиімді жолы — отбасылық ғибадат өткізетін кездерді қолдану. Бұған қатысты “Біздің патшалық қызметіміздің” 2008 жыл, қазан айындағы санында былай делінді: “Әрбір отағасы отбасылық зерттеуді мағыналы әрі жүйелі түрде өткізу керек. Бұл олардың Ехобаның алдындағы жауапкершілігі болып табылады”. Балаларыңа тәлім беру үшін, осы уақытты тиімді қолданып жүрсің бе? Рухани күйлерінің қамын ойлап жүргеніңді балаларыңның жоғары бағалайтынына сенімді бол (Мат. 5:3; Філіп. 1:10).

Ата-анасы қызымен бірге отбасылық ғибадат кешін өткізуде

Рухани ас-судан айырма (10—12 абзацтарды қара)

12. а) Жүйелі өткізілетін отбасылық ғибадаттың жастар үшін қандай пайдасы бар? (“Оларға бұл ұнайды” қоршауын да қара.) ә) Сен отбасылық ғибадаттың қандай пайдасын көріп жүрсің?

12 Карисса деген жасөспірімнің отбасылық ғибадаттың пайдасы туралы айтқан сөзіне көңіл бөлейікші: “Мен төрт көзіміз түгел отырып әңгімелескенді жақсы көремін. Мұндай кездерде ара-қатынасымыз жақындай түсіп, ұмытылмас сәттерді бастан өткіземіз. Әкем отбасылық ғибадатты үзбей өткізеді. Оның бұған жеңіл-желпі қарамайтыны рухымды нығайтып, мені де сондай көзқараста болуға талпындырады. Осындай көзқарасы үшін мен оны әке әрі үй ішіміздің рухани басшысы ретінде сыйлай түстім”. Ал Бритни деген бойжеткен: “Отбасылық ғибадаттың арқасында ата-анаммен қарым-қатынасым нығайды. Сол арқылы олардың мені не мазалайтынын білгісі келетінін, қамымды ойлайтынын түсіндім. Отбасылық ғибадат біздің іргесі берік, ынтымақты отбасы болуымызға көмектесті”,— деп өз лебізін білдірді. Иә, балаларыңды ас-судан айырмау, атап айтқанда, отбасылық ғибадатты жүйелі өткізу — жақсы “шопан” болудың бірден-бір жолыb.

БАЛАЛАРЫҢА БАҒЫТ-БАҒДАР БЕР

13. Баланы Ехобаға қызмет етуге не талпындыруы мүмкін?

13 Жақсы шопанның отарына бағыт-бағдар беретін, қорғайтын таяғы болады. Шопан таяғын, ең алдымен, отарын “құнарлы жайылымға” бастап апару үшін қолданады (Езек. 34:13, 14). Ата-аналар, сендердің де басты рухани мақсаттарың сондай емес пе? Сендер Ехобаға қызмет ету үшін балаларыңа бағыт-бағдар бергілерің келеді. Олардың: “Сенің еркіңді орындауға құштармын, Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың”,— деп жазған забур жыршысындай сезімде болғанын қалайсыңдар (Заб. 39:9). Бойларында осындай ризашылық дамытқан жастар өмірлерін Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтеді. Әрине, бұл үшін олар өздері шешім қабылдай алатындай болу керек. Сондай-ақ Ехобаға қызмет етуді шын көңілден қалаулары керек.

14, 15. а) Ата-аналардың мақсаты қандай болу керек? ә) Жеткіншек шындық жолында жүргеніне не себепті күмәндануы мүмкін?

14 Балаларың рухани қадамдар жасамай жатқандай немесе шындық жолында жүргеніне күмәнданатындай көрінсе ше? Онда жүректеріне Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілік пен оның бар игілігіне деген ризашылық ұялатуға тырыс (Аян 4:11). Сонда олар өздерін дайын сезінгенде, Ехобаға қызмет етуге қатысты жеке шешім қабылдай алады.

15 Ал балаларың шындық жолында жүргендеріне күмәндана бастаса ше? Қалай оларға бағыт-бағдар бересің? Ехобаға қызмет ету ең керемет өмір жолы екенін әрі баянды бақытқа жеткізетінін қалай түсіндіресің? Күмәндануларына шындығында не себеп болғанын анықтап алуға тырыс. Мысалы, ұлың Киелі кітап ілімдерінің дұрыстығына шынымен күмәндана ма? Әлде жай ғана құрдастарының алдында нанымдарын қорғауға сенімділігі жетпей ме? Қызың Құдайдың талаптары пайдалы екеніне шынымен күмән келтіре ме? Әлде жай ғана өзін жалғыз не құрдастарынан шеттетіліп қалғандай сезіне ме?

Отбасы уағыздау қызметінде

Жолдарына бағыт-бағдар бер (13—18 абзацтарды қара)

16, 17. Баланың Ехобамен жеке қарым-қатынасы болуына ата-аналар қалай көмектесе алады?

16 Себебі қандай болмасын, сен балаңның кез келген күмәнінің түбіне балта шабуына көмектесе аласың. Мұны қалай істеуге болады? Біраз ата-аналар ұл не қызының көңіліндегісін сарқып алудың тиімді екенін байқаған. Ол үшін мынадай сұрақтар қоюға болады: “Мәсіхші болу қиын ба, оңай ма? Сеніңше, мәсіхші болудың қандай пайдасы бар? Ал қиындықтары қандай? Қиындығынан қазіргі және болашақтағы пайдасы асып түсе ме? Қай жағынан?” Әрине, бұл сұрақтарды баланың ызасын келтіретіндей емес, өз сөзіңмен жұмсақ етіп айтқаның жақсы. Әңгіме барысында Марқа 10:29, 30-тармақтарды да талқылауға болады. Балалардың кейбірі мәсіхші болудың қиындықтары мен пайдасын параққа екі қатар етіп тізіп шығуды дұрыс көретін шығар. Бұл баланың қандай қиындықтарға кезігіп жүргенін анықтап, олардың шешімін табуға көмектеседі. Әдетте біз Киелі кітапты зерттеп жүрген адаммен “Киелі кітап үйретеді”, “Құдайдың сүйіспеншілігі” кітаптарын зерттейміз. Ендеше оларды өз баламызбен де зерттеу маңызды емес пе? Сен солай етіп жүрсің бе?

17 Уақыт өте келе балаң кімге қызмет ететінін өзі шешу керек болады. Сенің сенімің өзінен-өзі оның бойына сіңеді деп ойлама. Баланың Ехобамен жеке қарым-қатынасы болуы тиіс (Нақ. с. 3:1, 2). Бұл оған қиынға соғып жатса, неге бәрін басынан бастап көрмеске? Оған мынадай сұрақтар жөнінде ойлануға көмектес: “Неге мен Құдайдың бар екеніне сенемін? Оның менің қамымды ойлайтыны неден көрінеді? Ехобаның талаптары мен үшін шынымен пайдалы екеніне неге сенімдімін?” Балаңа шыдамдылықпен бағыт-бағдар беру арқылы жақсы шопан екеніңді көрсет. Ехобаға қызмет ету ең керемет өмір жолы екеніне көз жеткізуіне көмектесc (Рим. 12:2).

18. Ата-аналар Ұлы Бағушы Ехобаға қалай еліктей алады?

18 Шынайы мәсіхшілердің бәрі Ұлы Бағушы Ехобаға еліктегісі келеді (Ефес. 5:1; Пет. 1-х. 2:25). Ата-аналар, сендер әсіресе өз отарларыңдағы қойларды — аяулы балаларыңды — жақсы білуге тиіссіңдер. Сондай-ақ оларды Ехобаның батасына кенелтетін өмір жолына бағыттау үшін қолдан келгеннің бәрін істеулерің керек. Олай болса, балаларыңды шындық жолында берік тұратындай етіп тәрбиелей беріңдер!

a “Күзет мұнарасы”, 2008 жыл 1 қазан, 18—20 беттерді қара.

b “Отбасымен бірге ғибадат ету құтқарылу үшін маңызды!” мақаласын қара (“Күзет мұнарасы” 2009 жыл 15 қазан, 29—31 беттер).

c Қосымша мәліметті “Күзет мұнарасы” 2012 жыл 1 сәуір, 22—25 беттерден қара.

ОЛАРҒА БҰЛ ҰНАЙДЫ

Отбасылық ғибадаттың пайдасын көріп жүрген екі жас бауырластың шын көңілден айтқан сөздеріне назар аударайық:

“Отбасылық ғибадат кешінің арқасында Ехобаға да, отбасыңа да жақын бола түсесің. Өзіңнің қандай адам екеніңді және рухани күйіңнің қандай екені туралы көп нәрсе білесің, қай жағынан жақсаруың керектігін түсінесің”.

“Отбасылық ғибадатта жайбарақат отырып өз ойыңды ашық айта аласың. Біз үшін бұл кез — күйбең тірліктің уайымын ысырып қойып, бар зейінді рухани күйімізге аударатын уақыт. Бір кездері бізде мұндай нәрсе жоқ еді, ал қазір бар. Бұл — нағыз бата!”

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу