Құлағы естімейтін бауырластарыңды бағалаңдар!
ҚАЗІРГІ кездегі Құдай халқын рухани бауырластардан құралған үлкен отбасы деуге болады. Оның тарихы сонау Әбіл, Нұх, Мұса, Ыбырайым, Сара, Самсон, Рахаб, Самуил, Дәуіт сияқты адал адамдардың заманынан бері жалғасып келеді. Бұл отбасында құлағы естімейтін бауырластар көп. Мысалы, Монғолияда алғашқы Ехоба куәгері болғандар — құлағы естімейтін ерлі-зайыпты. Ал құлағы естімейтін ресейлік бауырластардың адалдығының арқасында Еуропаның адам құқығын қорғау сотында жеңіске қол жеткізілді.
“Адал да ақылды құлдың” басшылығымен қазір ым тілінде әдебиеттер шығарылуда және қауым кездесулері мен конгрестер ұйымдастырылуда (Мат. 24:45 ЖД). Құлағы естімейтін бауырластар бұл шараның зор игілігін көрудеa. Ал ым тілінде әдебиеттер мен қауым кездесулер болмай тұрғанда естімейтін адамдар қалай Құдай туралы білім алып, рухани өскенін білесіңдер ме? Сендер естімейтін адамдарға қалай көмектесе аласыңдар?
Ым тілінде әдебиеттер мен кездесулер болмағанда
Жасы үлкен естімейтін бауырластардан Құдай туралы шындықты қалай білгенін сұрап көріңдерші. Олар сендерге алғаш рет Құдайдың есімі бар екенін білгенде қандай сезімде болғанын әрі бұл олардың өмірін қалай өзгерткенін әңгімелеп берер. Киелі кітап шындығын тереңірек түсінуге көмектескен ым тіліндегі бейне бағдарламалар немесе DVD дискілер шықпай тұрған жылдары осы жалғыз ғана шындық оларға қалай күш бергенін айтып бере алады. Ым тілінде кездесулер өткізілмеген не аударылмаған кезде болған жағдай да естерінде шығар. Кейбір бауырластар оларға кездесуде айтылып жатқандарды қағазға жазып, түсінуге көмектескен. Құлағы естімейтін бір бауырлас жеті жыл бойы, ым тіліне аударатын адам табылғанша, Киелі кітап шындықтарымен осындай жолмен танысқан.
Құлағы естімейтін егде Куәгерлер кезінде “еститін” танапта қызмет еткен. Олар бір қолына қарапайым ұсыныс жазылған қағазды, екіншісіне “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарының соңғы санын алып жүріп уағыздаған. Басылымдағы мәліметті жақсы түсіне алмағандықтан, құлағы естімейтін басқа адаммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізу олар үшін қиын болған. Кейде адамдар оларды түсінбегендіктен рухани шындықтар жайлы көбірек сөйлесе алмағандарына қапа болатын. Ехобаны шын жүректен жақсы көре тұра, қандай да бір мәселені дұрыс түсінгендеріне күмәнданып, сенімділікпен әрекет ете алмай, қатты қиналған кездері де болған.
Біздің қымбатты бауырластарымыз осыншама кедергіге қарамай Құдай алдындағы мінсіздіктерін берік сақтап қалды (Әйүп 2:3). Олар Ехобаны шыдамдылықпен күтті (Заб. 36:7). Сондықтан қазір өздері күткеннен әдеқайда мол батаға кенелуде.
Естімейтін бір бауырлас өзінің отағасы ретіндегі міндетін атқаруға қалай тырысқанын қарастырайық. Ым тілінде бейне жазбалар шықпай тұрғанда да ол отбасылық зерттеуді өткізген. Оның ұлы былай деп есіне алды: “Әкеме отбасылық зерттеуді өткізу ылғи қиынға соғатын, себебі талқылайтын мәліметтің бәрі қағазға басылған әдебиеттерде еді. Ол жиі мәтінді толық түсінбейтін. Оның үстіне, біз, отбасындағы балалар, жағдайды қиындата түсетінбіз. Себебі әкеміздің дұрыс түсіндірмеген жерін түзетуге дайын тұратынбыз. Осының бәріне қарамай ол отбасылық зерттеуді үзбей өткізді. Ағылшын тілін жақсы түсінбегендіктен кейде ыңғайсыз жағдайға тап болса да, ол біздің Ехоба туралы білім алғанымызды әлдеқайда маңызды деп есептеді”.
Жетпіс жастағы құлағы естімейтін, көзі көрмейтін Ричард есімді бауырластың да мысалын қарастырайық. Ол Бруклинде (Нью-Иорк, АҚШ) тұрады. Ричард қауым кездесулеріне үзбей келуімен танымал. Кездесу өтетін жерге ол метромен өзі жетеді. Қай жерде түсу керектігін анықтау үшін аялдамаларды санап отырады. Бір жолы қыста қатты боран соғып, қауым кездесуі өткізілмейтін болғандықтан, бауырластардың бәріне хабар беріледі. Бірақ қандай да бір себеппен бұл хабар Ричардқа жетпей қалады. Бауырластар мұны білгенде Ричардты іздеуге кіріседі. Ақыр соңында оны Патшалық сарайының алдында есіктің ашылуын күтіп тұрған жерінен табады. Осындай боранда үйден неге шыққанын сұрағанда, ол: “Ехобаны жақсы көрген соң келдім”,— дейді.
Олар үшін не істей аласыңдар?
Сен тұратын аймақта естімейтін адамдар кездесе ме? Олармен пікір алысу үшін ым тілінде бірнеше ым-ишарат үйрене аласың ба? Құлағы естімейтіндер әдетте ым тілін үйреніп жүргендерге өте мейірімді әрі сабырлы. Қызмет кезінде не өз шаруаңмен жүргенде құлағы естімейтін адамды кездестіріп қалуың мүмкін. Сондай кезде не істей аласың? Ишарат жасап, белгі көрсетіп, жазып не сурет салып сөйлесуге тырыс. Ол шындыққа қызығушылық білдірмеген күнде де, ым тілінде сөйлейтін бауырластың біріне сондай адамды кездестіргенің жайлы хабарла. Бәлкім өз тілінде ұсынылған хабарға ол көбірек ден қояр.
Бәлкім сен ым тілін үйреніп әрі ым тілді қауымға барып жүрген шығарсың. Бұл тілді жақсырақ меңгеру үшін не істегенің жөн? Қауымда еститін бауырластар болса, олармен де ым тілінде сөйлесуге тырыс. Бұл саған сол тілде ойлауға көмектеседі. Кейде дауыстап сөйлеп кеткің келер. Алайда тіл үйреніп жүрген кез келген адамның жатық сөйлеуі үшін біраз тер төгуіне тура келетінін ұмытпа.
Ым тілінде сөйлеуге барынша күш салу арқылы естімейтін бауырластарға сүйіспеншілік пен құрмет көрсетеміз. Олар күн сайын жұмыста не мектепте кездестіретін адамдарды түсіне алмағандықтан қатты қапаланады. “Айналамдағы адамдар күнде сөйлеседі,— дейді бір бауырлас.— Жиі көңілім құлазып, жалғызсыраймын, тіпті ашуланып кетемін. Не сезінетінімді сөз тауып жеткізе де алмаймын”. Естімейтін бауырластар үшін біздің кездесулеріміз рухани ас-су алатын және бауырластармен пікір алысатын, жанға жайлы орта болуы керек (Жох. 13:34, 35).
Еститін қауыммен бірге кездесу өткізетін ым тілді шағын топтар жайлы да айта кеткен дұрыс. Кездесудің бағдарламасы ым тіліне аударылады. Айтылып жатқандарды жақсырақ түсіну үшін олар мінбеге жақын жерде отырады. Осылайша баяндамашыны да, аудармашыны да олар еш кедергісіз көре алады. Тәжірибеден байқалғандай, қауымның басқа мүшелері мұндай шараға тез үйреніп, бағдарламаны алаңдамай тыңдайды. Ым тіліне аударылатын конгрестер де осылай өткізіледі. Естімейтін адамдарға мәліметті ым тіліне аударып, мағыналы әрі табиғи етіп жеткізу үшін көп еңбектеніп жүрген бауырластар шын жүректен мақтауға лайық.
Сенің қауымыңа ым тілді топ тіркелген немесе кездесу бағдарламасы естімейтін шағын топқа аударылатын шығар. Онда естімейтін бауырластарға қалай жеке көңіл бөле аласың? Оларды қонаққа шақыр. Мүмкін болса бірнеше ым-ишаратты жаттап ал. Қолымнан келмейді деп пікір алысудан тартынба. Сонда сөйлесудің жолын табасың, әрі осылайша сүйіспеншілік танытудан есте қаларлық қуанышты сәттерді бастан кешесің (Жох. 1-х. 4:8). Естімейтін бауырластардың бізбен бөлісері көп. Олар әңгімелесуге әуес, өте қырағы және әзілқой. Ата-анасы естімейтін бір бауырлас: “Менің бар өмірім естімейтін адамдардың арасында өтті, әрі олардан алғанымның құнын ешқашан өтей алмаймын. Шынында да, естімейтін бауырластардан көп нәрсе үйренуге болады”,— дейді.
Ехоба өзінің адал қызметшілерін, құлағы естімейтіндерін де, жақсы көреді. Олардың сенім мен табандылық танытқан үлгісі Ехобаның ұйымының тарихын байытуда. Олай болса, естімейтін бауырластарымызды бағалайық!
[Сілтеме]
a “Күзет мұнарасының” 2009 жылының 15 тамызындағы “Ехоба өзінің жарқын жүзінің нұрын төгуде” деген мақаланы қараңдар.
[31-беттегі сурет]
Патшалық туралы хабар құлағы естімейтін адамға ым тілінде жеткізілсе, әлдеқайда әсерлі болады
[32-беттегі суреттер]
Қауым кездесулеріміз естімейтін бауырластар үшін рухани күш-жігер беретін орта болуы керек