Бірлесіп еңбектену рухани өсуге ықпал етеді
ОТБАСЫНЫҢ рухани жетістіктер жасау үшін бірлесіп еңбек еткендері өте маңызды. Ехоба алғашқы адам жұбын жаратқанда-ақ бірлесіп еңбектенудің маңыздылығын көрсетіп, Хауаны Адамға “көмекші” етіп қосқан (Жар. 2:18). Ерлі-зайыптылар бір-біріне серік болулары керек (Екк. 4:9—12). Ата-аналар мен балалар да Ехобаның алдында өз міндеттерін орындау үшін бірлесіп еңбектенулері қажет.
Отбасының ғибадаты
Барри мен Хайдидің бес баласы бар. Олар отбасы зерттеуіне әрқайсысының қатысқаны пайдалы екенін көрді. Барри былай дейді: “Отбасылық зерттеуде талқылау үшін балаларыма кішігірім тапсырмалар беремін. Мысалы, “Ояныңдар!” журналының көмегімен қандай да бір тақырыпқа түсініктеме дайындауларын сұраймын. Сонымен қатар, қызметке шығу үшін әр баламызбен жеке-жеке ұсыныс дайындаймыз”. Ал Хайди: “Бәріміз де рухани мақсаттарымыздың тізімін жасап алғанбыз. Отбасылық зерттеу кезінде арагідік оларды еске алып, жасаған жетістіктерімізді байқап отырамыз”,— дейді. Сондай-ақ белгіленген күндері кешкісін теледидар қоспай, тыныштықта отырып бәрі кітап оқуға уақыт бөледі.
Қауым кездесулері
Майк пен Дениз төрт бала өсірді. Отбасымен бірлесіп еңбектенудің олар қандай пайдасын көрді? Майк былай дейді: “Кейде жақсы жоспарларымыз іске аспай қалады, бірақ бірге жиналғанымыздың арқасында қауым кездесуіне үнемі уақтылы келетінбіз”. Дениз болса былай дейді: “Балаларымыз өскенде әрқайсының үйде атқаратын міндеті болды. Қызымыз Ким тамақ істеуге және дастархан жасауға көмектесетін”. Ұлдары Майкл: “Сейсенбі сайын кешке біздің үйде қауым кездесуі өтетін. Біз үйді кездесуге дайындап, еден жуып, орындықтар қоятынбыз”,— деп есіне алды. Ал өзге ұлдары Метью болса: “Әкем кездесу болатын күні жұмыстан ерте келіп, бізге дайындалуға көмектесетін”,— деді. Бірлесіп еңбектенулерінің нәтижесі қандай болды екен?
Күш салуға тұрарлық іс
Майк былай дейді: “1987 жылы Дениз екеуміз ізашарлық қызметті бастадық. Ол кезде үш баламыз үйде еді. Кейіннен балаларымыздың екеуі ізашар болды, ал қалған екеуі Бетел соғу құрылысына қатысты. Сондай-ақ қырық адамға өмірлерін Құдайға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өтулеріне көмектесуден зор қуаныш алдық. Отбасымызбен бірге құрылыс ісіне, тіпті шетелдегі құрылысқа қатысу мүмкіндігіне де ие болдық”.
Шынында да, отбасының бірлесіп еңбектенгені күш салуға тұрарлық іс. Отбасымен бірге атқаруға болатын тағы да басқа істерді білетін шығарсыңдар. Қызметтестік рухы отбасыларыңа рухани өсуге көмектесері сөзсіз.
[28-беттегі сурет]
Ұсынысты бір-біріңе айтып дайындалғандарың уағыздау қабілеттеріңді арттырады