‘Жаратушымды есте ұстауды’ тоқсан жыл бұрын бастадым
АЙТЫП БЕРГЕН: ЕДВИН РИДЖУЕЛЛ
БІТІМШАРТ жасалған күні, 1918 жылдың 11 қарашасында мектеп оқушыларын Ұлы соғыстың, кейіннен Бірінші дүниежүзілік соғыс деп аталған соғыстың, аяқталғанын мейрамдауға күтпеген жерден жинады. Ол кезде мен бес жаста едім және не тойланып жатқанын толық түсінбедім. Алайда әке-шешем Құдай туралы білім бергендіктен, мейрамға қатысқым келмеді. Сондықтан Құдайға дұға еттім, содан көңілім толқып кетті де, жылап жібердім. Қобалжысам да, мейрамға қатыспадым. Осы оқиғадан бері мен ‘Жаратушымды есте ұстап’ келемін (Екк. 12:1).
Отбасымыз Шотландияның Глазго қаласының маңына осы келеңсіз жағдайдан бірнеше ай бұрын ғана көшіп келген еді. Шамамен сол уақытта әкем “Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деген баяндама тыңдаған болатын. Бұл оның өмірін күрт өзгертті. Анам екеуі Киелі кітапты зерттеуге кірісті. Үйде жиі Құдай Патшалығы мен оның баталары жөнінде әңгімелесетін. Сол кезден ата-анам мені де Құдайды сүюге және оған сенім артуға үйрете бастады. Бұл үшін мен Құдайға дән ризамын (Нақ. с. 22:6).
Толық уақытты қызметімнің басталуы
Он бес жасымда жоғары оқу орнына түсуге дайын едім, алайда мен толық уақытты қызметші болғым келді. Бірақ әкем мені әлі жас деп ойлады, сондықтан бір мекемеге жұмысқа орналастым. Алайда Ехобаға толық уақытты қызмет етуді қалағаным сонша, бір күні дүниежүзілік уағыздау ісінің бақылаушысы Дж. Ф. Рутерфорд бауырласқа хат жазып жібердім. Хатымда одан жоспарым жайлы не ойлайтынын сұрадым. Рутерфорд бауырлас былай деп жауап жазып жіберді: “Егер сен жұмыс істей алатындай есейген болсаң, Иемізге де қызмет етуге дайынсың... Иемізге адал қызмет етуге бар күшіңді салатын болсаң, Ол сені жарылқайтыны сөзсіз”. 1928 жылдың 10 наурызында алған бұл хат бүкіл отбасымызды қатты жігерлендірді. Содан көп ұзамай әке-шешем, әпкем және мен толық уақытты қызметті бастап кеттік.
1931 жылы Лондондағы конгресте Рутерфорд бауырлас шетелде қызмет еткісі келетін бауырластарды жинады. Жиынға мен де бардым. Сөйтіп мені Эндрю Джек деген бауырласпен Литваның сол кездегі астанасы Каунас қаласына тағайындады. Ол кезде жасым он сегізде болатын.
Шетелде қызмет ету
Сол жылдары ауыл шаруашылығымен айналысатын Литва елі кедей болатын және ауылды жерлерде уағыздау қиын еді. Тұратын жер табу да оңай болған жоқ. Ал кейбір тұрған үйлеріміз әлі есімде. Мынадай бір жайт болды. Эндрю екеуміз бір күні түнде өзімізді жайсыз сезініп оянып кеттік. Май шам жағып қарасақ, екеуіміздің де төсегіміз бүргеге толы. Бүрге шақпаған сау жеріміз жоқ. Бір апта бойы таңертең тұрып, жақын маңдағы өзеннің салқын суына шомылып, жанымыз қалып жүрді. Алайда қызметімізді жалғастыра бердік. Көп ұзамай Киелі кітап шындығын қабылдаған бір ерлі-зайыптылар үйлерінің бір бөлмесін берді, сөйтіп пәтер мәселесі шешілді. Тар болғанымен, үйлері таза еді. Еденде жатсақ та, рахаттанып ұйықтайтын болдық!
Литвада Рим католик пен Орыс провославие шіркеулерінің ықпалы күшті еді. Киелі кітапты тек бай адамдар ғана сатып ала алатын. Біздің мақсатымыз мүмкіндігінше уағызбен кең аумақты қамтып, қызығушылық білдіргендерге көп әдебиет қалдыру болатын. Сондықтан ең алдымен қалада тұратын жер тауып алатынбыз. Содан кейін уағыздауды абайлап қала шетіндегі ауылдардан бастап, соңында қаланың өзін тез аралап шығатынбыз. Осылайша жергілікті дінбасылар шу шығарып үлгергенше, біз ісімізді бітіріп, кетіп қалатын едік.
Бүкіл қалаға әйгілі еткен оқиғалар
1934 жылы Эндрю Каунас қаласындағы филиалға тағайындалып, менің жаңа серіктесім Джон Семпи болды. Біз есте қаларлық оқиғаларды бастан кештік. Бір күні мен шағын қаладағы бір заңгердің мекемесіне кірдім. Ондағы қызметкер кісі ашуланып, тартпасынан тапаншасын шығарды да, маған бөлмеден шығуды бұйырды. Ішімнен дұға еттім де, Киелі кітаптың: “Жәбір сөз ашу туғызар, Биязы жауап ашуды басар”,— деген сөздерін есіме түсірдім (Нақ. с. 15:1). Содан соң ілтипатпен: “Мен мұнда ізгі хабарды айту үшін достық пейілмен келген едім, ұстамдылығыңызға рақмет”,— дедім. Қызметкер тапаншаның шүріппесін босатты, ал мен жайлап кері шегініп шығып кеттім.
Джонмен кезікенімде ол да келеңсіз жағдайға тап болғанын айтып берді. Уағызда кездестірген бір әйел оған үлкен сома ақша ұрлады деп айып тағып, оны полиция бөлімшесіне алып кетіпті. Сол жерде оны шешіндіріп, тінту жүргізген. Әрине ештеңе таба алмаған. Нағыз ұры кейіннен қолға түсті.
Шағын қаладағы осы екі оқиғадан кейін шу көтеріліп, нәтижесінде бәрі біздің немен айналысып жүргенімізден хабардар болды.
Жасырын шаралар
Бізге уағыз ісіне тыйым салынған Латвияға Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер жеткізіп тұру ісі тапсырылды. Бұл қауіпті еді. Шамамен айына бір рет түнгі пойызбен Латвияға жетіп, алған әдебиеттерді қалдыратынбыз да, әрі қарай Эстонияға өтіп кететінбіз. Ол жерден көбірек әдебиеттер алып, қайтар жолда да Латвияға тастап кетіп жүрдік.
Бір жолы кеден офицері ісімізге қатысты ескерту жасады да, пойыздан түсіріп, әдебиеттерімізбен қоса бізді жоғары шенді офицердің алдына алып барды. Джон екеуіміз Ехобаға дұға етіп, көмек сұрадық. Қуанышымызға орай, әлгі офицер бастығына біздің не алып өтпек екенімізді айтпай, жай ғана: “Бұлардың тіркеуден өткізетін заттары бар”,— дей салды. Сонда біз алып өткізгіміз келгені мектеп пен коледждегілерге осы қиын-қыстау кезеңдегі оқиғаларды түсінуге көмектесетін әдебиеттер екенін айттық. Ол бізді жібере салды, сөйтіп шекарадан аман-есен өтіп кеттік.
Балтық жағалауы елдеріндегі саяси жағдай нашарлап, Куәгерлерге қарсылық күшейе түсті және Литвада да уағыздау ісіне тыйым салынды. Эндрю мен Джон елден шығарылды. Екінші дүниежүзілік соғыс қауіпі төніп, барлық Британ азаматтарына елден кетуге кеңес берілді. Мен де кетуге мәжбүр болдым.
Солтүстік Ирландияда қызмет ету мәртебесі мен алған баталарым
Ата-анам Солтүстік Ирландияға көшіп кеткен болатын. 1937 жылы мен оларға қосылдым. Соғыс үрейінің кесірінен сол елде де әдебиеттерімізге тыйым салынды, бірақ біз уағыздауды соғыс біткенше тоқтатпадық. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ісіміз кедергісіз жалғаса берді. Ашық аспан астында көпшілікке баяндама айту ісін ұйымдастырған, кейіннен миссионер ретінде Қытайда қызмет еткен тәжірибелі бауырлас Харольд Кинг бір күні маған: “Осы жексенбі күні көпшілік алдында баяндама айтамын. Келесі жексенбі күні сен айтасың”,— деді. Мұны күтпеген мен қатты састым.
Алғаш рет баяндама айтқаным әлі күнге дейін көз алдымда. Жүздеген адам жиналды. Мен жәшіктің үстінде тұрып, дыбыс күшейткіш құралсыз сөйледім. Баяндаманың соңында бір кісі келіп, қолымды алды да, өзін Билл Смит деп таныстырды. Ол жиналған жұртты байқап, не болып жатқанын білу үшін бұрылған екен. Сөйлесе келе Биллдің әкеммен Киелі кітап жайлы әңгімелескені, кейінірек әкем мен өгей шешем Дублинге көшіп кеткенде байланыстары үзіліп қалғаны белгілі болды. Біз Биллмен Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық. Нәтижесінде, Биллдің отбасының тоғыз мүшесі Ехобаға қызмет ететін болды.
Кейінірек Белфастың маңындағы бір ауылда уағыздап жүріп, бұрын Литвада тұрған орыс әйелмен сөйлестім. Әдебиеттің бірнешеуін көрсеткенімде, ол “Жаратылыс” кітабына нұсқап: “Мына кітап менде бар. Оны маған көкем берді, ол — Каунастағы университеттің профессоры”,— деді де, маған поляк тіліндегі кітапты көрсетті. Парақтарының жиегі жазуларға толы екен. Бұл кітапты көкесіне берген мен екенімді білгенде, ол қатты таңғалды (Екк. 11:1).
Солтүстік Ирландияға кетіп бара жатқанымды Джон Симпи естіп, Нелли есімді қарындасына жолығуымды өтінді. Ол Киелі кітаптағы шындыққа қызығушылық білдірген екен. Біз әпкем Конни екеуміз онымен Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық. Нелли тез рухани өсті де, өмірін Ехобаға арнады. Уақыт өте келе біз бір-бірімізді ұнатып, үйленуді шештік.
Нелли екеуіміз елу алты жыл бойы Ехобаға қызмет еттік, жүзден аса адамға Киелі кітаптағы шындықты үйрету мәртебесіне ие болдық. Біз Һармагедоннан Ехобаның жаңа дүниесіне бірге өтеміз бе деп үміттенген едік, алайда қатыгез жау — өлім 1998 жылы Неллиді алып кетті. Бұл өмірімдегі ең қатты соққы, ең зор қайғы болды.
Балтық жағалауы елдеріне қайта оралу
Неллидің өлімінен шамамен бір жылдан кейін мен керемет батаға ие болдым. Эстонияның астанасы Таллиндегі филиалдан шақыру хатын алдым. Бауырластар: “Балтық жағалауы елдерінде 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басында қызмет еткен он бауырластың көзі тірісі сен ғанасың”,— деп жазыпты. Әрі қарай олар Эстония, Латвия және Литва елдеріндегі уағыз ісінің тарихын дайындап жатқанын айтып: “Бізге келе аласың ба?”— деп өтініпті.
Сол жылдары серіктестеріммен атқарған қызмет жайлы айтып беру мен үшін қуаныш еді. Латвияда болғанымда бауырластарға алғашқы филиал ретінде қолданылған үйді және полиция таба алмаған әдебиеттер қоймасын көрсеттім. Литвада бауырластар мені бұрын ізашар болып қызмет еткен Шяуляй деген шағын қалаға алып барды. Сол жерде жиналған бауырластардың бірі маған: “Көп жыл бұрын анам екеуіміз осы қаладан үй сатып алып, көшіп келдік. Тамның төбесін жинастырып жүріп, “Құдайдың ғасырлар жоспары” және “Құдайдың арфасы” деген кітаптарды тауып алдым. Оқып шыққан соң шындықты тапқанымды түсіндім. Көп жыл бұрын сол кітаптарды таратқан адам сен болуың керек”,— деді.
Сондай-ақ мен бұрын ізашар болып қызмет еткен шағын қаладағы конгресте болдым. Мұнда 65 жыл бұрын болған конгреске 35 адам келген еді. Ал бұл жолы 1 500-ден аса адам келді. Ехобаның неткен зор батасы!
‘Құдай мені жалғыз қалдырмады’
Жақында өмірімде мүлдем күтпеген қуанышты жайт болды. Бии есімді керемет мәсіхші әйел жарым болуға келісіп, 2006 жылдың қарашасында үйлендік.
Алдағы өмірін қалай өткізуді ойлап жүрген жастарға: “Жаратушыңды жасөспірім кезеңнен есіңде ұста”,— деген кеңеске құлақ асудың даналық екенін сеніммен айта аламын. Қазір мен забур жыршысының келесі сөзіне толық қосыламын: “Уа, Құдай, жастайымнен мені үйретесің, Әлі де ғажаптарыңды паш етемін. Қартайып басымды қырау шалғанда, О, Құдайым, мені жалғыз қалдырма, Қайта, құдіретіңді жаңа ұрпаққа, Керемет істеріңді келер буындарға Жол бере көрші маған уағыздауға” (Заб. 70:17, 18).
[25-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Латвияға әдебиет жеткізу қауіпті тапсырма еді
ЭСТОНИЯ
ТАЛЛИН
Рига шығанағы
ЛАТВИЯ
РИГА
ЛИТВА
ВИЛЬНЮС
Каунас
[26-беттегі сурет]
Кітап таратушы (ізашар) қызметін он бес жасымда Шотландияда бастадым
[26-беттегі сурет]
1942 жылы Нелли екеуміздің үйленген кезіміз